Бірінші атам - Бауыржан Момышұлы. Баукең өзіне ұнамаса да, шындықты айтып кетті. Ал, біз олай ете ал...
Әлемдегі тарихы күмәнді 5 ескерткіш
Әдетте, небір көрікті жерлерді тамашалап жүрген кезде жиһан кезбелері гидтің аузынан шыққан сөздің бәріне уыздай ұйыйды. Алайда, тарихи ескерткіштер мен архитектуралық дүниелер көп жағдайда әншейін көзалдау ғана болып шығады. Бұл шолуда түпнұсқасы күдік тудыратын бірнеше әйгілі жерлер жайлы әңгімелемекпіз.
Стоунхендж
Стоунхендж - Ұлыбританиядағы мегалитикалық тас құрылым. Фото: civilka.ru.
Стоунхендж ежелгі сәулет өнерінің бірден бір маңызды ескерткіші болып табылады. Кейбіреулер мұны астрологиялық күнтізбе деп санаса, ал тағы біреулері - друидтің киелі жері деп, енді біреулер үшін - бұл әлдебір тылсым күштің мекені сияқты. Ағылып келіп жататын ондаған мың туристерге осы тастардың қанша ғасырлық тарихын жырлаған гидтер, 1958 жылы Стоунхенджтің реконструкциядан өткені жайлы әлденеге тіс жармайды.
1958 жылғы Стоунхендж реконструкциясы. | Фото: supercoolpics.com.
1958 жылғы Стоунхендж реконструкциясы. |Фото: supercoolpics.com.
1958 жылғы Стоунхендж реконструкциясы. |Фото: ribalych.ru.
Жарты ғасыр бұрын ежелгі ескерткішті қалыпына келтіру мақсатында көлемді жұмыс атқарылды. Алайда, обалы не керек, Стоунхенджті із жүзінде қайта салып шықты десе де болғандай. Құлаған тастарды олар өз қалауларынша реттеп орналастырды. Заманауи техника мен бетонды пайдаланды. Осының бәрін есепке алсақ, Стоунхенджді - ежелгі адамдардың мекен-жайы деп атауға ешқандай негіз жоқ.
Иисус Христостың мәйіті жай тапқан жер
Иерусалимдегіі Қасиетті Ие табыты храмы. |Фото: myday.net.ua.
Иисус Христос, Иерусалимдегі қазіргі кезде Қасиетті Ие табыты храмы тұрған тұста жерленгенін екінің бірі біледі. Дейтұрғанмен бұл тұжырыммен келіспейтіндер де баршылық.
Сринагара (Үндістан) қаласында қасиетті Юз Асафтың кесенесі бар. Ахмадишы мұсылмандар оны Иисус Христосқа балайды. Олардың пайымдауынша Иисус крестке керілген кезде жан тапсырмаған. Оны табытқа салған соң, үш күн өткеннен кейін есін жиып, шығысқа жаққа сапарлап кеткен.
Иисус Христостың Жапониядағы болжамды моласы. |Фото: idominewss.com.
Кейбіреулер ортақолды фильмге сюжет боларлық мынадай болжамдар ұсынады. Голгофадағы азап шеккен Иисус емес, оның бауыры-мыс. Ал Құтқарушының өзі Иерусалимнен кетіп, Жапониядан бір-ақ шығады. Ол сол жерде отбасын құрып, 106 жасқа дейін ғұмыр сүрген көрінеді. Жапонның Синго ауылы тұрғындарының ұлттық киімдерінде Давид жұлдызы таңбаланған. Сондай-ақ осы өңірдегі шыр етіп дүниеге келген әр нәрестенің маңдайына крест таңбасын сызады екен. Ал Иисус Христостың өзі осы ауылдың іргесіндегі зиратта жерленіпті-мыс.
Кардиффтік алып
1869 жылғы қазан айындағы Кардиффтік алыпты жер құшағынан аршып алған кез. |Фото: antropogenez.ru.
1869 жылы 16 қазанда Кардифф елді мекенінде (АҚШ, Нью-Йорк штаты) құдық қазып жатқан екі жұмысшы, тұрқы үш метрлік, тасқа айналған адам денесін табады. Бұл табысты сенсация деп жария етеді. Алыпты өз көздерімен көруге ынтыққандар жан-жақтан ағылады. Осы жердің иесі Уильям Ньюэлл деген пысық, келушілерден ақы ала бастады.
Табылған статуяның бойы 3,2 метрді құрады. | Фото: chert-poberi.ru.
Біраз уақыт өткен соң Ньюэлл, үш метрлік алыптың әншейін елді алдаған көзбояу екенін мойындайды. Оның Джордж Халл деген бауыры аталмыш статуяны гипстен жасап, байырғы библиялық заманда осы жерді алыптар мекен етті деп, әңгімелеуші діндарды - мазақ еткен қылапаты болып шықты. Статуя жұмысшылар «кездейсоқ» қазып алғанша жер қойнында бір жыл жатады. Бір қызығы, археологтар бұның жалған жәдігер екенін қолма-қол анықтайды. Алайда, бұл жаңалықтың сенсацияға айналып, алуан түрлі пікір туындауына тілшілер үлкен үлес қосты.
Кенсингтондық руникалық тас
Кенсингтондық руникалық тас. | Фото: supercoolpics.com.
1898 жылы Кенсингтон қаласының тұрғыны, американдық швед тумасы Улоф Эман учаскесін бұта, ағаштан тазалап жүріп, көне жазу қашалған тас тауып алады. Бұндай олжаны тексерген зерттеушілер тастағы жазудың – скандинавиялық руна екенін анықтайды. Сонымен қатар тас тақтада «1362» деген дата қашалыпты. Аталмыш тасты небір көрмелерге апарады.
Біраз жылдан соң, Уолтер Гран деген біреу, тастағы жазу бұдан 10-15 жыл бұрын ғана жазылған және оны тасқа тырнап түсірген өзінің әкесі мен оның жолдасы екенін баяндайды. Бұндай мойындау - жарылған бомбадан кем түспеді. Ғалымдар таңбаларды қайтадан зерттеуге мәжбүр болды. ХХ ғасырда тақтай тасқа мұқият сараптамадан өткізіледі. Сөйтіп бұның расында жалған нәрсе екені дәлелденеді.
Верондағы Джульеттаның үйі
Верондағы Джульеттаның балконы. |Фото: vdvgazeta.ru.
Веронға табаны тиген туристердің ең алдымен тамашалауға ынтығатын орны – Шекспирдің атақты трагедиясындағы сормаңдай ғашық қыз Джульеттаның үйі еді. Бұл шығарманың сюжеті автордың қиялы ғана екені ешкімді алаңдатпайды. Тамашалауға келген әр адам: Ромеоның Джульеттаға өрмелемекші «балконын» аса бір ілтипатпен қызықтайды.
Дайындаған З. Самалбекұлы