Ықылас ОжайұлыЖаңа әуенді тыңдайтын жаңа құлақ, мылқау болып келген ақиқатты тыңдайтын жаңа ар керек...
Ел біле бермейтін ежелгі 15 қала
Помпей, Мачу-Пикчу және Ангкор-Ват – қалаларының аттарын мектеп оқушылары да жақсы біледі, интернетте жүздеген фотосуреттері де бар, және жиһанкездердің көбісі сол өңірге баруға аса құмар. Бірақ жұмыр жердің бетінде олар сияқты танымалдыққа ие емес, өзге де керемет орындар баршылық. Біздің бүгінгі шолуымызда: қазіргі таңдағы аса қызығушылыққа ие болған - бұдан мыңдаған жылдар бұрын іргетасы қаланған он бес қала туралы айтпақпыз.
1. Карфаген
Карфаген, қазіргі Тунис жерінде орналасқан, біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта іргетасын финикиялықтар қалаған қала. Жағалауға орналасқан жайлы жағдайына орай, ол қала тез өркендеп, төңірегіне ықпалы арта түседі. Өкінішке қарай, римдіктер тарапынан бақталастық туындап, біздің дәуірімізге дейінгі 146 жылы римдіктердің өктем күшіне шыдамай Карфаген құлап, жермен жексен етілді.
2. Сьюдад-Пердида
Қазіргі атауы Сьюдад-Пердида, мағынасы «Жоғалған қала» деп аударылады. Бұл мекенді Колумбияда Буритака немесе Теюна сияқты қосалқы атаулары арқылы біледі. Біздің дәуірімізге дейінгі 800 жылы тұрғызылған бұл қала - инктердің Мачу-Пикчу қаласынан 650 жылға көне. 1972 жылы аталмыш қала кездейсоқ табылды. Болжам бойынша бұл қалада 8000 жуық адам тұрған.
3. Троя
Көпшілік Трояны Гомердің «Илиада» поэмасы немесе голливуд фильмдері арқылы біледі. Негізінде бұл – қазіргі Түркияның солтүстік-батысындағы көне қоныс болып саналады. Ежелгі қазба жұмыстары біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдыққа сайса, троян соғысы біздің дәуірімізге дейінгі он үшінші ғасырда болған.
4. Скара Брей
Скара-Брей - Шотландиядағы Оркней атты аса ірі аралда табылған, неолит дәуіріне жататын қоныс. Ол, Англиядағы Стоунхендж бен Египет пирамидаларынан да көне. Мың жыл көлемінде, 1850 жылға дейін, теңізден соққан қатты дауыл тас мекеннің бетін шайып кеткенше, шөгінді жыныстардың астында жасырын жатты. Скара-Брейді біздің дәуірімізге дейінгі 3180 жылмен 2500 жылдары аралығында қоныстанған.
5. Мемфис
Америкалық Теннеси штатының қазіргі замандағы қаласымен аттас болғанымен, Мемфис Египеттің тұңғыш астанасы болып, мыңдаған жылдар бойы Египеттің басты қаласы санатында тұрды.
Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең әдемі, ең танымал 7 театр
Аңызға сүйенсек, король Менес бұл қаланы біздің дәуірімізге дейінгі 3100 жылы салған көрінеді. Сонымен Мемфис, біздің дәуірімізге дейінгі оныншы ғасырда, ел астанасын Фиваға ауыстырғанына қарамастан - ірі қала ретіндегі маңызын жоғалтпады.
6. Караль
Мына суретте Караль қаласы перулік шөлейттің жалғасы сияқты сұрықсыз көріністі елестетеді. Ал іс жүзінде бұл - Норте Чико.мәдениетінен қалған аса ірі қаланың қалдығы. Караль солтүстік және Оңтүстік Америкадағы ең ескі қала болып саналып, онда біздің дәуірімізге дейінгі 2600 жылдан 2000 жылға дейінгі кезеңде тұрғындар пайда болған. Каральда үш мыңға тарта адам тұрған.
7. Вавилон
Келесі қала туралы нақты дәйектерден гөрі, аңыз басым. Вавилон – Евфрат өзенінің жағасында орналасқан (қазіргі Ирак территориясы), ежелгі Месопотамиядағы ірі қала. Вавилон Аккаданың қасиетті және 200 000 аса тұрғыны бар алғашқы көне қаласы болып саналды. Бастапқыда Вавилон біздің дәуірімізге дейінгі 2300 жылы ірге тасы қаланып, сол заманның осы аймақтағы көрнекті рөл атқарған қаласы болып тарихта қалды. Көне жазбаларда ең алдымен: көздің жауын алған гүлдері мен ғажайып аспалы бақтары сияқты қаланың сән-салтанаты ерекше аталады
8. Таксила
Пакистанның солтүстік-батысында орналасқан Таксила қаласы мәдени тұрғыда көптеген өзгеріске ұшыраған. Бұл, көне қала гандхар деген үндінің ежелгі халқының астанасы болған. Біздің дәуірімізге дейінгі 518 жылғы парсылар патшасы Ұлы Дарийдің жаулау тарихында алғаш рет қала аты аталады. Тегі, бесінші ғасырда Таксиланы ғұндар тып-типыл етіп, жердің бетінен жоқ қылды. Қирандылар арасында үндіс, будда және грек ғибадатханаларының жұрнақтары сақталған.
9. Тимгад
Алжирдегі рим колониясын император Траян өзінің әпкесі мен ата-анасының құрметіне орай біздің дәуіріміздегі жүзінші жылы қалыптастырған. Қазіргі жатқан қала қирандыларында римдіктердің қала салудағы осы кезге дейін пайдаланып келе жатқан перпендикулярлық әдістері айқын аңғарылады. Он бес мың тұрғыны бар, төрт жүз жыл бойы бейбіт өмір кешіп келіп, кейін арабтар басып алған соң, тыныштықтан айырылды. Содан бірте-бірте қаланы құм басып, мүлдем көзден таса болды. Тек, 1881 жылы ғана оны қайтадан тапты.
10. Мохенджо-Даро
Пакистанның Инда алқабындағы бұл қала әлемдегі тұңғыш қалалық орталық болып саналады. Ол, біздің дәуірімзіге дейінгі 2600 жылы салынып, алты жүз жыл көлемінде гүлдену үстінде болды.
Оқи отырыңыз:Әлемге әйгілі опера әншілері (фото, видео)
Белгісіз себептерге байланысты тоғыз жүз жыл өткен соң, елі босып, қаңырап қалды. Қайтадан 1922 жылы табылды. Содан бергі жүргізілген қазба жұмыстары кезінде көптеген артефактермен қатар ежелгі технологиялық жетістіктердің дәлелдері ашылды. Мохенджо-Даро дегеніміз тіке айтқанда - «өлілер төбесі» деген мағына береді.
11. Ұлы Зимбабве
Ұлы (немесе Алып) Зимбабве – қазіргі Зимбабвенің территориясындағы ежелгі оңтүстік африкалық қаланың тас қирандылар кешені. Ұлы Зимбабве, банту ұлысы ата-бабаларының табыну орталығы болып табылады. Қабырғасы біздің дәуірімізге дейінгі он екінші ғасырда көтеріліп, үш жүз жыл мөлшерінде құрылыс жүргізіледі. Қаланың қатты дамыған тұсында 18 000 жуық адам тұрған.
12. Хатра
Ирактағы ежелгі Хатра қаласы араб корольдігінің алғашқы астанасы болған. Қала қамалының биік, қалың қабырғасы римдіктердің шабуылына төтеп бере алды.
Оқи отырыңыз: Әлемдегі тарихы күмәнді 5 ескерткіш
Парфян патшалығы тұсында гүлденген Хатра сауда және діндер орталығына айналып, ирандық Сасанидтер әулетінің шапқыншылығына ұшыраған тұста - жұқанасы да қалмады. Қала архитектурасынан грек, рим және шығыс дәстүрінің нобайы байқалады.
13. Санчи
Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырдан, 1200 жылды қоса алғанда, Санчи қаласын салуға мың жылға жуық уақыт кетіпті. 1300 жылдары қаланы жұрты тастап кетеді. Оған себеп: буддизмнің Индиядағы ықпалының әлсіреуі болған сияқты. Қорытындысында ежелгі қаланы джунгли жұтып, тек 1818 жылы британдық офицер үстінен түседі.
14. Хаттуса
Хаттуса біздің дәуірімзге дейінгі он жетінші ғасырда хеттер империясының астанасы болған (қазіргі Түркияның территориясы). Мөлшермен, осы Шығыс Жерортатеңізі өңіріндегі қола дәуіріне қатысты өзге де қалалар сияқты, алты жүз жыл өткен соң, ол да жер бетінен жоғалады. Археологиялық куәліктердің мәліметі бойынша тұрғындары хеттер империясы құлаған соң, қаланы бірте-бірте тастап, ақырында мүлдем қаңыратады.
15. Чан-Чан
Чан-Чан – қазіргі Перу территориясында орналасқан Оңтүстік Америкадағы Колумбаға дейінгі ірі қала. Оны біздің дәуіріміздегі 850 жылы Чиму ұлысының өкілдері салған. 1470 жылға дейін, инктер империясы жаулап алғанша, Чан-Чанда 30 000 жуық адам тұрған.
Дайындаған З. Самалбекұлы