Астанада Достық үйінде Аналар және Ақсақалдар кеңестері, «Ассамблея жастары» РҚБ филиалы...
Алматы – татулық пен ынтымақ қаласы
Жуырда Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің кезекті республикалық форумы болып өтті. Аталмыш форум «Қазақстан халқының өмір сапасын арттырудағы Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі» атты тақырыпта болған еді. Оқырман қауымды Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сол форумдағы сөйлеген сөзімен таныстыра кеткенді жөн көрдік. Ол өз баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласы бойынша жағдайына жан-жақты тоқталып, атқарылып жатқан іс-шаралар мен келешектегі істелер келелі жоспарлардың басын ашқан еді.
Қазіргі таңда Алматы қаласында этномәдени бірлестіктердің 19 республикалық және 37 қалалық кеңсесі орналасқан көрінеді. Олар өз тараптарынан әртүрлі этностардың салт-дәстүрі, тілі мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосып келеді. Соның арқасында жалпыхалықтық бірлікті нығайтуға ықпал жасап отыр. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша 10 этникалық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Тарата кетсек: «Ахыска» түрік халықаралық газеті, «Коре Ильбо» корей республикалық газеті, «Уйгур Авази» газеті, сондай-ақ, «Азия сегодня», «Казачий курьер», «Жийна Курд», «Силк роуд тудей», «Deutsche Allgemeine Zeitung» неміс газеттерімен қатар, «Алматинский курье», «Полоний» журналы және «Тәңритағ» ұйғыр ойын-сауық телеканалы жұмыс істейді.
Ал, мәдениет саласына келер болсақ, Алматы қаласында үш ұлттық театр өнер көрсетуде: Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры және Республикалық неміс драма театры. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер аясында: вокальдық топ пен бишілер ансамблінен тұратын жиырма жеті шығармашылық ұжым құрылған. Атап өтетін болсақ, олар: «Родина» кәріс халық хоры, «Бидульги», «Бахар» және тағы басқалары.
Ортақ шаңырақ астындағы әр ұлт пен ұлыс өкілдері өз тілдерінде сөйлеп, ата салттарын сақтап, өздеріне тән дәстүрлі діндерін ұстанып келеді. Осы этникалық алуантүрлілік пен мультимәдени орта - қаланың тыныс-тіршілігімен қайшылықсыз астасып, біртұтас өмір салтын өрнектеген.
Бүгінгі таңдағы Қоғамдық келісім Кеңесінің алдыға қойған келелі мәселесі: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында аталған стратегиялық тапсырмаларды өміршең ету өзекті болып тұр. Ол дегеніңіз, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын көтеру болып табылады. Осы орайда Ашық диалог алаңы - сол қордаланған сұрақтарға жауап беріп, шешімін табатын бір де бір өтімді тәсіл екені күмәнсіз. Әрине, бұл жүйелі жұмысты талап етеді. Қалай дегенмен де оның көздегені – халықтың табысын көтеріп, әлеуметтік мәселелерді шешу екені даусыз.
Осы тұрғыда еліміздің Президенті: «Біздің ортақ мақсатымыз – азаматтарымыздың конструктивтік талаптарына шұғыл және әсерлі мән беретін «Тыңдайтын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру болып табылады. Осындай қоғам мен билік арасындағы Ашық диалог алаңы арқылы ғана, заманауи геосаяси контекстке сай, толыққанды мемлекет құра аламыз» деген сөзі көп нәрсені аңғартады.
Осы бағытқа бет алатын қадамдар, қазіргі таңда айқындалған. Және де сол жобаларды іске асырылуда.
Қоғамды толғандырған мәселелер бойынша нақтылы жоспар жасалған. Оларға: әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік шаралары, білім және медицина саласының дамуы кіреді.
Осы форум аясында Алматы қаласының стратегиялық бағдарын - дінаралық және этносаралық өзара түсіністік Орталығының негізі деп қарау ұсынылды. Ары қарай этносаралық татулық пен дінаралық өзара түсіністікті күшейте отырып, барлық этникалық топтардың тілі мен мәдениетінің өркендеуіне жағдай жасап, сонымен қатар, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуын қамтамасыз етіп, үкіметтік емес ұйымдардың беделі де арта түсуі қажет екені тілге тиек етілді.
Сонымен қатар, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлт бірлігі – оның әралуандығында» деген сөзін қаперде ұстай отырып, форумның жұмысы азаматтық қоғамның дамуына әсерлі нәтиже беретіндей қадамдар жасалуы тиістігін ерекше атап өтті.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің бүгінгі таңдағы заманауи әдістемелері мен өзге де азаматтық бастамаларды әзірлеуге көрнекті үлес қосатынына сенімділік білдіретін оптимистік нотада - Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев сөзін қорытындылаған болатын-ды.
Заман Төлеуов