Мемлекет тек тыныштық пен ынтымақтастықта дамиды. Осы орайда еліміздің татулығы мен бірлігін нығайту...
«Бір атаның балалары»: Татар этносы
Қазақта үлкен бір жазушы бар. Есім-сойы – Мұхтар Мағауин. Көптеген шығармалардың авторы. Оның қазақ ұлтына сіңірген еңбегі толассыз. Әр шығармасы оқырман жадында мөрленіп қалған. Қандай тақырып төңірегінде қалам тербесе де, сол тақырыптың ауқымын кеңейтіп, адамзаттық деңгейде ойлануға итермелейді. Жазушының қандай да бір шығармасына үңіледі екенбіз, көз алдымызда тарих тіріліп, болашақ тіл қата бастайды. «Шыңғысханды» жандандырып, «Қыпшақ Аруын» қиялыңыздың сыртына шығарып, өнер арқылы осы әлемге алып келе алатын жазушының қаламының қарымы жайлы үздіксіз сөз қозғауымыз мүмкін. Біз бүгін Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесіне басқа қырынан тоқталуды мақсат тұттық. Ондағы ойымыз жазушының қиын-қыстау кезеңдегі қазақ ұлтының кең жүрегіне күллі әлемді сыйғызған ерлігі жайлы, сол бір кезеңдердегі «Бір атаның балаларының» бүгінгі хәл-ахуалы жайлы айту болып отыр.
Сөзіміз анық әрі дәлелді болуы үшін шығарманың өзінен үзінді келтіре кетейік: «Стройдың басында тұрған екеу – қазақ балалары, үлкені сегізде, кішісі алтыда, мынаусы - Нартай, анау – Ертай, екеуі ағайынды. Бұлардан соң татар баласы, аты – Рәшит, жетіде. Көзі сығырайған, жалпақ бет, тақыр бас қара – қыз бала, қалмақ, я дүнген, жасы алтыда. Қасындағысының аты Яков, тоғызда, қолағаштай мұрнына қарағанда жойыт тәрізді, бірақ документте орыс деп жазылған; қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз әрі мылқау. Ең соңындағы – жаңа алдымен шыққан қасқа, жетіде. Сіздерден жасыратын несі бар, тегі неміс».
Міне, біздің ендігі қозғайтын тақырыбымыз да үзіндіде көрсетілген қазақ жеріне түрлі тарихи себептер мен факторлардың нәтижесінде қоныс аударған ұлт өкілдері жайлы жеке-жеке сөз болмақ. Яғни, олар қазіргі Қазақстанда мекендейтін татар, дүнген, еврей, орыс, неміс этностарына тоқталамыз. Сонымен сериялы мақаламыздың бірінші бөлімі –Татар этносы.
Татар этносы – түбі бір түркі ұлысына тиесілі ұлттардың бірі. Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының байырғы тұрғындары. Татарлардың жалпы саны жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар оларды бөліп (Қазан Татарлары, Қырым Татарлары, Сібір Татарлары, ноғайбақтар, т.б.) қарастырса, қалғандары оларды біртұтас ұлт санайды. Дүние жүзіндегі Татарлардың жалпы саны 8 млн. шамасында, ал кейбір татар ғалымдарының пікірінше 15 млн-ға жуық. 2002 жылғы санақ бойынша Ресейде 5,6 млн., оның ішінде Татарстанда 1,9 млн-нан астам, Башқортостанда 1,2 млн. татарлар тұрады. Бұған қоса татар диаспорасы Орталық Азия елдері Қазақстан мен Өзбекстанда және Түркияда, Батыс Еуропа елдерінде, т.б. жерлерде тұрады.
ҚР статистика комитетінің мәліметтері бойынша 2009 жылғы халық санағы, татарлардың этникалық құрамы 204229 адамды құрайды. (Қазақстан халқының 1,3%), оның 152449-ы қала халқы, 51780-і ауыл тұрғындары, ерлер - 45,3%, әйелдер - 54,7%.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 200 000-нан астам татар ұлтының өкілдері өмір сүруде. Сөзімізге дәлел болуы үшін жоғарыда аталған Ұлттық статистика бюросын басшылыққа ала отырып, 2010-2017 жылдары аралығындағы Қазақстан халық санағының нәтижесі бойынша татар диаспорасы халқы санының динамикасын инфографика түрінде көрсеткенді жөн санадық.
Инфографикадан көріп тұрғанымыздай, 2010 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда тұратын татар этносының саны 203 994 болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 202 542-ге дейін төмендеген. Мұнымен қоса, елімізде тұратын татар диаспорасы халқы санының ең жоғарғы көрсеткіші 1989 жылы тіркелгенін де айта кетуіміз керек. Түбі бір түркі халқының Қазақстандағы ең көп шоғырланған елді-мекені солтүстік аймақтары мен Алматы облысы. Сонымен қатар Қазақстанның басқа да өңірлерінде татарлардың жеткілікті дәрежеде қоныстанған. Сонымен солтүстік аймақтары мен Алматы облысындағы татар этносының саны һәм динамикасы жайлы төмендегідей кесте жасауға мүмкіндік туды.
2021 жыл басына Алматы облысы бойынша татарлардың саны – 12 254. Облыс аудандарында және қаласында көрсеткіш төмендегідей:
2020 жыл басына Солтүстік Қазақстан облысы бойынша татарлардың саны – 11 906.
2021 жылдың басына Батыс Қазақстан облысы бойынша татарлардың саны -8284.
Татарлардың Қазақстан жеріне қоныс аудару кезеңдері
Тарихи мәліметтерге сүйене отырып, Қазақстанға қоныс татар халқының аударуының өзіндік саяси, экономикалық, тарихи себептерге ие екенін айта аламыз. Ең алғаш қоныс аударып келгендер легі патша Грозныйдың Қазанды талқандағаннан соң XVI ғасырда барлық татар жанұялары мен татар хандығы жазаланудан қорғану мақсатында Сібірге, шығысқа, Қазақстан мен өзге де оңтүстік өлкелерге жол тартқанынан туындаған. Демек татарлардың Волга жағалауынан Сібірге, Оралға, Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға қоныс аударуының негізгі толқыны XVI ғ. ІІ жартысында басталған болатын.
Татарлар алдымен қазіргі Орал, ол кездегі Жайық қаласына қоныстана бастады. Өткен ғасырдың аяғында татар тұрғындардың Орал қаласындағы саны біршама болатын. Бұған Оралқаласындағы татар медресе мен тектептердің, мешіттердің, кварталдарының өте көп болуы айғақ. Патшалық үкімет өзге өлкелер мен облыстарға қоныстануларына рұқсат берген уақытта, татарлар Семей, Петропавл қалаларына көше бастады. Онан біраз уақыт өтіп Әулиеата(Тараз), Көкшетау, Ақмола(Астана), Атбасар, Павлодар және басқа да қалаларда татар ұлты тұрғындарының үлкен топтары шоғырлана бастады.
Верный(Алматы) бекінісі 1854 жылы салынды. Мұнан көп уақыт өтпей бұл маңға татар саударгерлері мен көпестері келе бастады. Келесі онжылдықта татар мешіттері мен мектептері салынды. XVIII ғасырда сауданың жандануымен байланысты, тұрақты сауда орындары, кейіннен қазақ ауылдарының өзінде молдалары бар мешіттер салына бастаған.
Ал ХІХ ғасырда татар кәсіпкерлері мен көпестерінің елімізге келуі тіптен өсті. Сол уақыттағы атақты татар саудагер-көпестерінің арасында Семейлік аға-інілі Мусиндер, әкелі-балалы Каиповтар, Верныйдан И. Габделжаппаров, Габдельвалиевтерді ерекше атауға болады. Ал Гульшад және Хамидулла Бекметовтар Балқашта «Гульшадский» аталып кеткен күміс-қорғасын заводын салған.
Мұның барлығы қазақтар мен татарлардың ішінара байланыстары мен өзара түсіністіктерінің онан әрі дамып, жетілуіне себеп болдын. Елбасы, Н. Ә. Назарбаев атап айтқандай, қазақ және татар халқын «бұрыннан тек қана мәдени ортақтық емес, нақты әрі дәлелді экономикалық өмірлері де байланыстырып келген.»
Қазақ жеріндегі татар мәдениеті
Қазақстанға татарлармен бірге театр өнері де келді. Петрапавл қаласында 1918 жылы татар әртістерінің бір топ әуесқойлары сахналық қойылым қойған болатын. Ал Семейде «Мәдәният» ағартушы-мәдени татарлардың қоғамы театр труппасын да құрады. Дәл сол жерде кейінірек қазақтардың да әуесқой театр тобы құрылды. Осындай театр топтары, яғни труппалары кейіннен Атбасар, Орал, Павлодар, Қостанай және т.с.с қалалармен өлкелерде пайда болды. Верныйда 1913 жылы бірінші қойылымды Г. Камалдың «Беренче театр» шығармасымен халық қойылым тамашалады. Рабиға және Зайнап Ғабитовалардың үйінде «Шимбә» әдеби-мәдени үйірмесі де ашылған.
Татар руханиятының, әдебиеті мен өнерінің, мәдениетінің көрнекті өкілдері елімізде туып өскен. Оған мысал, Ғалим Ақчурин, Акрам Ғалимов, Ахмад Уразаев-Курмаши, Г. Тоқайдың досы, атақты педагог Ғабдулла Ғыйсмати және т.б.
Қазіргі таңда Қазақстанда татар мәдениеті мен тілін насихаттайтын жексенбілік мектептер мен татар өнер мектебі бар. 2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде, Қазан Федералды Университетінің «Каюм Насыри Институты» ғылыми-білім беру орталығы, сондай-ақ Алматы мен Қарағандыда білім орталықтары құрылды. Әр этномәдени бірлестікте музыкалық және хореографиялық топтар жұмыс істейді.
Мұнымен қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Қазақстан татарлары мен башқұрттарының қауымдастығы» мен «Идель» татар және татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы заңды түрде өз қызметін атқаруда.
ҚР Татар-башқұрт Ассоциациясының құрылуы
2017 жылы конференция барысында Қазақстан Республикасы татарлары мен башқұрттарының қауымдастығы мен «Қазақстанның «Идель» татар және татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталықтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі біріктірілді. Жаңадан құрылған ұйым - татарлар мен башқұрттардың қазақстандық конгресі құрамына республиканың 16 аймағынан жұмыс істейтін 28 этномәдени орталық кірді.
Ұйымның бас кеңсесі Нұр-Сұлтанда орналасқан, басшысы Тауфик Каримов. «Идел» татар және татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталықтарының қауымдастығы Алматы қаласында, Төле би көшесі, 35 үйде орналасқан (Уәлиханов көшесінің қиылысы).
Ұйымның мақсаты - ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету және қазақ халқының бірлігін нығайту, татар және башқұрт халықтарының тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау және дамыту, олардың тарихи отандарымен мәдени және экономикалық байланыстарды дамыту.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы татар халқының көрнекті қайраткерлері
Егемен еліміздің тарихында өзге халықтардың көптеген атақты ұл-қыздарын кездестіре аламыз. Соның ішінде, әлбетте, татар халқының да. Мысалы, революция қайраткерлері деп Сабыржан Ғаююасов, Бари Шегабутдинов, Карим Сутюшев, Осман Абдрашитов және тағы басқа да көптеген тұлғаларды атай аламыз.
Қазақстан ғылымының қалыптасуында да татар халқының өкілдері һзіндік орынға ие. Мұнай химиясы төңірегінде С. Р. Рафиков, ал ядролық физиканың қалыптасуында Ш. Ш. Ибрагимов еңбек сіңірді. Оташы-хирургтер Р. З. Исмагилов және А. Н. Сызғанов, микробиолог А. Н. Илялетденов, офтальмолог Г. А. Ульданов, геолог С. Ш. Сайфуллин, математик В. М. Амирбаев, хтитк Д. З. Сиражетдинов, физиктер К. М. Салихов пен К. А. Валиев, филолог Х. Ш. Махмудов сынды аса ірі тұлғалар бар.
Бүгінгі таңда елімізде татар халқынан шамамен 30 ғылым доктарлары, профессорлар, оның ішінде экономист Р. Г. Алимов, философ Р. А. Клещеева-Хафизова, филолог Р. А. Абузяров, биолог Р. А. Гареев, тарихшы В. З. Галиев және басқа да ғалымдар еңбек етіп келеді.
Қазақстанда көптеген шығармашыл татар тұлғалардың таланттары барша қырынан дамыған. Оған мысал, қазақ кәсіби музыкасының негізін қалап, дамытушылардың бірі Латиф Хамиди, Муслим және Ришат Абдуллиндер – ағайынды әншілер, Фуат Мансуров – дирижер, Ренат Саламатов та танымал, кәсіпқой дирижер, Бахтияр Табеев, Камиль Шаяхметов сынды танымал суретшілерді де ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қандай салада болмасын, еліміздегі татар ұлтының өкілдері өздероінің қандай екенін түрлі қырларымен танытып, Қазақстан руханияты үшін айтулы қызметтер атқарып келеді. Қазақстанның мақсатқа ұмтылу мен белсенді өмірге болған көзқарасы мен ұстанымдары татар халқының да түрлі жетістіктерге қол жеткізуіне жағдай жасап бере алғаны баршаға аян. Осындай сенімге лайық бола білген кез келген ұлт шексіз құрмет пен ілтипатқа лайық.
Жомарт Жылкелдіұлы