*** Ошаған келіп етекке оралса, Айтамын не деп кімге сын? Ошағанның да жазығы жоқ қой, Жырамен өзім...
Дархан Мыңбай. Тіл, аударма және біз
Кежегесі кейін тартқандар мен пиғылы бұзықтардың қылығын есепке алмасақ, қоғам өмірінде мемлекеттік тілді дамытуға деген ниет пен талпынысты сезіне бастағанымыз ақиқат. Әрине, бәріне көңіл тоғайтпасақ та, жаңа буын санасында игі құбылыстар жүріп жатқаны аян. Енді бұл үрдіске жер-жерде, мекеме-мекемеде, бар ортада үздіксіз, тиянақты дем беру - жаңаруға мүдделі мемлекет пен қоғам міндеті. Халық үніне құлақ асуға тиіс билік пен саналы жұртшылық өкілдері осы өзекті мәселеде дау-дамайсыз, кеуде қақпай-ақ көп нәтижеге қол жеткізе алады деп ойлаймыз.
Мәселен, жалпыға бірдей заңның орындалуын қадағалайтын орындар, мекемелер тілге қатысты жұмыстарын бүгінгі күннің талабына сай жаңаша, науқаншылыққа салмай ұйымдастырғаны жөн. Мұндай тың қадамды ешкім елеусіз қалдырмайды. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту жолында басқа да маңызды ортақ міндеттер жетерлік.
Айталық, елімізде халықаралық деңгейде ауқымды жиындар ұйымдастырылып, шет елдерден ресми, бейресми меймандар келіп-кетіп жатады. Келіссөздер мен жиналыстардың тиімді өтуі коммуникация тілінің (жұмыс тілдерінің) деңгейі мен абыройын көрсетуге де байланысты. Шындығын айтсақ, жауапты министрліктер мен ведомстволар көп жағдайда тілмаш іздеп әуреге түседі. Тіпті олар мамандарды көрші елдерден шақыртуға мәжбүр болатынын байқап та жүрміз.
Ал еліміздің жетекші жоғары оқу орындары тәуелсіздік жылдарының бастапқы кезеңінен-ақ «аударма ісі» мамандарын даярлауға кіріскенін білеміз. Бүгінде 40-тан астам университет пен институтымыз «аударма ісі» мамандарын әзірлейді екен.
Бұл мемлекеттің осы салаға біршама қаржы жұмсап отырғанын көрсетеді. Енді сол мамандардың сапасына, білім бағдарламасына, тағылымдамасына, жұмысқа орналасуына, тәжірибесі мен табысына сараптама жүргізілді ме?
«Төте аудармашы» (ағылшын-қазақ, француз-қазақ, неміс-қазақ, испан-қазақ, латын-қазақ т.б.) сынды сирек мамандарды әзірлеу қашан жүзеге асады?
Дипломды аудармашылар қай тілден қандай тілге аударады? Елімізде, соның ішінде өңірлерде қанша аудармашы маман бар және олар қандай мекемеде қызмет жасайды?..
Тәуелсіздік жылдары елге оралған қандастардың мәдени-интеллектуалдық бөлігі ішінде қытай, моңғол, парсы тілінен тікелей қазақша аударатын азаматтар көрінді. Бұл – аса зор байлық. Бірақ осы азаматтардың алды – сексен, соңы алпыс жасқа жуықтапты. Осы рухани әлеуетті сабақтастықта дамыту да, жүйелі қолдау да – елдік мәселе. Олар өткен тарихымызды түгендеу мен түпнұсқа тарихи құжаттарды аударуда айрықша жұмыстар атқарды. Кезінде ҚазМУ-де басталған Лениншіл Рүстемов пен Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІНІҢ парсы және араб тілдерінен маман даярлау жобасы да біршама жеміс берді. 90-жылдардан бастап Түркияда оқыған жас толқын да қазақ-түрік аударма ісіне серпін берді.
Дей тұрғанмен, алдағы болашақта басымдыққа ие елдер мен тілдер бойынша аудармашы даярлаудың кешенді жоспарын Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрліні бірлесіп әзірлегені дұрыс деп есептейміз. «Әлемдік 100 жаңа оқулықты аудару» жобасы жаңаша жалғасқаны абзал.
Кез келген саланы дамыту жүйелі жоспарланса, оң нәтиже берері сөзсіз. Бұл сұраныс пен жауапкершілікті қатар арттырады.
Бүгінде дәстүрлі тәржіме саласы практикалық-қолданбалы аяда ғана өмір сүріп жатқаны ойландырады. Оның теориясы, ғылыми ізденістері қозғалмай жатқандай көрінеді. Несін жасырайық, қазір орысша мәтіндерді сапалы аудару ісінде әлі де зейнет жасындағы сауатты аға толқынға сенеміз. БАҚ-тағы аудармаға сын айтушылар мұның елеулі себебін журналистика мамандығында тіл-әдебиет пәндері (курстарын) мүлдем алынып тасталғандығынан көреді. Бұл да – ойланатын мәселе.
Иә, аудармашы – өте жауапты, мемлекеттік маңызы бар мамандық. Оның қадірі бүгін де, болашақта да арта бермек. Сондай-ақ, қазір мемлекеттік тілдің коммуникациялық мүмкіндігін арттыратын ілеспе аударманың да ахуалы ойландырады. Осы кәсіппен айналысып жүргендердің білімін жетілдіру ісін де жоғары деңгейде үйлестірген жөн.
Осы күні, өкінішке қарай, көп адам «аударма» деген ұғымды ІТ бағдарламаларындағы «гугл-перевод» деңгейінде түсінеді. Сондықтан сапа сын көтермейді. Аудару барысында түпнұсқадағы мағынадан ауытқып, сөздерді сірестіру әлі де тоқтамай келеді...
Біздіңше, аталған саланы дамыту, цифрлық бағдарлама әзірлеу бұл іске кәсіби аудармашылар, ғалымдар кіріскенде ғана түзелері анық. Елімізді цифрландыруда мемлекеттік тілдегі жаңа аударма терминдердің бірыңғай, бірізді стандарты бекімейінше әр компания, әр мекеме қалауынша пайдаланып, қазақ тілді қолданушы орта бітпес дау-шарға килігуі мүмкін.
Жалпы, мемлекеттік тілді орнықтыруда ала-құлалық болмауға тиіс. Сондықтан
аса жауапты істе асықпау да және кешікпеу де маңызды. Қоғамда мемлекеттік тілге қатысты көп сұрақ туындамауы үшін әр жылдағы жоспар мен атқарылған жұмыс БАҚ-та, әлеуметтік желіде насихатталуы қажет.
Әуелі ана тіліңді, сонан соң өзге тілдерді білу – әділеттілік пен өркениетті үйлесімділіктің белгісі.