Мағжан Жұмабаев. Бала (әңгіме)

АУДАРМА
1089
Всеволод Ивановтан

(аударма)

І

Монғол жері ашулы, аш, жүдеу аңға ұқсайды. Тасы да аң, суы да аң, жазаласа, елбеңдеген көбелегі де аң. Оның да есі-дерті қыбын тауып шағып алу.

Ал монғол адамының жүрегі, құлық-мінезі қандай екені мәлім емес. Аң терісін киім қылып жамылып жүреді деседі. Қытайға ұқсайды деседі. Орыстан аулақ кетіп, Нұрқұй шөлінің ар жағына барып, тұра бастаған деседі. Жазаласа, Қытайдан, Үндістаннан әрі өтіп, бір белгісіз, ылғи жаз болып тұратын мәңгі жасыл тағы далаға кетеді-міс деп те аңыз қылысады.

Монғол жеріне Ертіс бойының орысы да келген, қазағы да келген. Казак-орыс соғысынан қашып көшіп келгендер. Қазақтың жүрегінің қандай екені мәлім, кептірген қарын сықылды. Түкке тұрмайды. Бер жағынан қарасаң, ар жағындағы нәрсенің бәрі көрінеді. Ақкөңіл, аңқау ел ғой. Қазақ монғол жеріне асықпай- саспай, малын айдап, қатын, бала-шағасын, ауру-сырқауын бәрін артып көшіп келген.
Орыстар, орыс болғанда, ылғи алпамсадай, еңгезердей мұжықтар, өздері қалап келген емес. Оларды ақтар қуып келген. Жолшыбай тау-тасқа нашарлары өліп-қырылып, ылғи ірілері іріктеліп қалған, мал-жандары, қора-қопсысы, барлық мүлкі ақтардың қолында қалып, жазғытұрым желігетін қасқырдай зығырлары қайнап, мұжықтар қостарының ішінде жатып даланы ойлайтын, Ертісті сағынатын.
Мұжықтар елу шамалы. Бастықтары – Семей Селиванов деген. Бұл отряд Селиванов жолдастың қызыл гвардия от- ряды деп аталатын.
Мұжықтардың іштері пысты.
Қия құзды шыңыраулы тауларда ақтар қуып келе жатқанда көңілдерінде таудай қауіп болып, іш пысуға мұрша жоқ еді. Шөлге шығып алған соң, қауіп-қатер сейіліп, іш пысуға айналды.
Мынау монғол даласы Ертіс даласына ұқсауын ұсайды- ау: құм, тырбиған тікен, көшкен бұлты жоқ, тұнжырап төніп тұрған көк. Бірақ мұның бәрі жат, өз даласындай емес, жайқалған егіні жоқ тағы дала.
Әсіресе қатын жоқтығы қиын болды.
Түн сайын мұжықтар әйел туралы неше түрлі была- пыт әңгімені сапыратын, ал шыдауға тіпті қиын болған шақтарда аттарын ерттеп мініп алып, ауылдың сыртында жүрген қазақ қатындарын аулайтын.
Қазақ қатындары орыстарды көргеннен-ақ шалқалап жата кететін. Көздерін тарс жұмып алып тырп етпей жата- тын қазақ қатынымен жақындық қылу мұжықтарға көңілді емес, малмен жақындық сықылды болатын.
Қазақтың еркектері мұжықтардан қорқып, шөлдің ішіне қарай көше беретін. Орысты көрсе, айқай-ұйқай болып, мылтықтарын оқтайтын, бірақ атпайтын, шамасы, ата білмесе керек.

ІІ

Отрядтың карташысы Афанас Петрович Турбашев бала сықылды жылауық адам еді, беті де дәл баланың бетіндей: бір уыс, бір қылтанақ жоқ, жып-жылмағай, май жаққан қалаштай қызыл шырайлы жылтыр бет. Бірақ аяғы түйенің сирағындай серейген ұзын, ұзын да болса сіңірлі, шалымды аяқ.
Афанас Петрович атқа мінгенде айбынды болып кетуші еді. Мойны ішіне кіріп, жауырыны күжірейіп, шүйдесі шығып, ашулы, айбарлы болып көрінетін.
Троица кезінде отряд үш адамды – Селиванов, Афанас Петрович және Древесин деген үшеуін – даланы кезіп шапқылық шалғын іздеуге жіберді.
Жан-жақтың бәрі теңіздей толқыған сағым.
Жоғарыдан, көктен жерге ыстық жел құйылып тұр. Жердің ыстық лебі аспанға атып тұр. Адамның да, аттың да денесі күйіп, кезеріп қатып қалған. Өз денесі қара тастай өзіне ауыр.
Селиванов қырылдап:
– Биыл шапқылық шалғын қандай екен?– деді.
Екі жолдасы Селивановтың Ертіс бойын айтып келе жатқанын атамай-ақ білді.
Селдір сақалды үш мұжық сөйлеспей келе жатыр. Даланың шөбін жеп қойған күн олардың даусын да жеп қойғандай, үндеспейді. Шанышқы, қармақтан балықтың денесіне түскен жарадай көздері ғана жыртияды.
Афанас Петрович қана жыламсырағандай болып:
– Апырай, биыл онда да құрғақшылық па екен?– деді.
Дауысы жылап тұр, беті бүлк еткен жоқ, бірақ Афанас Петровичтің астында шөлдеп, босаңсып келе жатқан аттың тостағандай екі көзі мөлт-мөлт етіп жасқа толып келеді.

Осылай киік салған сүрлеумен шұбап шөлде үш партизан келе жатты.

Жан-жақ буалдырланып, бықсып, тұншығып жатқан құмдар, құм сасыған тыншу жел адамның кірмеген жерін қоймай келеді. Тер бұрқ ете түсейін деп-ақ келеді-ау, бірақ күйіп кезерген теріден өтіп сыртқа шыға алмайды.
Кешке жақын бір ойпат жерден шыға бергенде, Селиванов батысқа қарап қолын сілтеп:
– Біреу келе жатыр-ау,– деді.
Шынында көз ұшында, құм белдің үстінде қызғылт шаң көрінеді.
– Қазақ шығар.

Древесин мен Афанас Петрович таласа кетті.
Древесин: «Жоқ, қазақ болмайды, қазақ Селиванов жатқан сай маңына жақын жүрмейді», – деді.
Афанас Петрович: «Сөз жоқ, қазақ, мынау қазақтың шаңы, қою шаң»,– деді.
Қызғылт шаң жақындап келген соң, үшеуі де:
– Жоқ, жат адамдар...– десті.
Иелерінің даусынан аттар алдында жау бар екенін сезді. Үйренген аттар құлақтарын жымитып қалды...
Сирақтары сырықтай сорайып арық аттардың бүйтіп дөңкиіп жата қалулары өздеріне де ерсі көрінген шығар. Ұялғаннан ба екен, кім білсін, тостаған көздерін тарс жұмып, ентігіп, демдерін жиі-жиі алып жатыр.
Селиванов пен қазынашы Афанас Петрович баттауықтың шетінде қатар жатыр. Афанас Петрович мұрны пыс- пыс етіп жылап жатыр. Қатерлі уақытта қорықпасын деп, Селиванов Афанас Петровичті ылғи өзімен қатар жатқызушы еді. Қазынашының балаша кемсеңдеп жылауы Селивановқа қызық көрінуші еді.
Сүрлеумен келе жатқан қызыл шаң сұйыла берді. Арбаның тарсылы естілді, арбаға жегілген аттардың будақтаған шаңға ұсап желбіреген қара жалы көрінеді. Селиванов:
– Орыс...– деді. Кейін жатқан Древесинді шақырды.
Тоқыма жаңа қорапта екі адам отыр, бастарында қызыл жиекті картоздары бар. Шаңнан беттері көрінбейді. Қызыл жиек картоздары сары шаңның ішінде өздері жүзіп келе жатқан сықылды. Қорапта сорайып мылтық көрінеді. Қамшымен ат айдаған қол керіліп-керіліп кетеді. Древесин ойлап тұрып:
– Офицерлер ғой...
Бір жұмыспен шыққан шығар. Экс- педиция...– деді де, ауызды қисайтып, көзді қысып қалып:
– Біз бұларды әкесіне көрістірейік...– деді.
Арба келе жатыр. Құйрығымен шаң бұрқыратып ізін жауып тастап отыратын түлкідей арба өзінің ізін шаңмен жауып келеді. Афанас Петрович жыламсырап:
– Өлтіріп керегі жоқ қой, жігіттер... Тұтқын қып алу дұрыс қой,– деді.
– Өз жаның аяулы емес қой, шамасы... – деп Селиванов ызбар көрсетті. Сөйтті де, түйме ағытқандай үн шығармай мылтықтың құлағын ашты.
– Бұл жылайтын жер емес...– деп, Селиванов сөзді шорт кесті.
Бұлардың әсіресе жынын келтірген нәрсе мынау болды: мұжықтарды өздері қырып тастайтындай болып, екі офицердің сопиып екеуден-екеу шығуын қарашы...
Бір офицер орнынан тұра келіп, жан-жаққа қаранды. Жөнді ештеңе көре алмады. Шаң сарғайтқан шөптерді сабап жортып жүрген кешкі қызыл жел. Баттауықта малдың өлексесіне ұсаған екі қара көрінеді. Арба да, дөңгелектер де, адамдар да, олардың ойлары да қызғылт шаңның ішінде... Мылтық атылды. Екі картоз біріне бірі қақтығып, қорапқа топ ете түсті. Қиып жібергендей делбеге сылқ ете түсті... Аттар ытып кетті, ала жөнелді. Ұзамады, қара суға түсіп, ақ көбіктері бұрқырап, бұлшық еттері дірілдеп тоқтай қалды.

– Өлді ғой...– деді Афанас Петрович.

Мұжықтар келді. Қарады.

Қызыл жиекті картоз киген екеу өліпті. Екеуі біріне-бірі сүйеніп отыр. Шешкен құлапарадай бастары артқа қарай былқ-сылқ етіп жатыр. Екеудің біреуі – әйел, шашы тарқатылып кеткен. Шаңмен шашының жартысы сары, жартысы қара болып көрінеді. Тар күрте көйлегінің астынан екі емшегі бұлтиып тұр. Древесин:

– Өзі айыпты, картоз кимеу керек еді. Қатын екенін білсек, өлтірер ме едік... Бізге керектің бірі қатын ғой...– деді.

Афанас Петрович:

– Ту!.. Сен итсің! Буржуйсың!.. Сенде түк адамшылық жоқ!– деп бажылдап қоя берді.
– Тоқтаңдар,– деді Селиванов,– біз адам талайтын ұры емеспіз, мынау халық мүлкін алайық, қағаз берші.

Тоқыма қораптың ішіндегі «халық» мүлкін жазып жатқанда, қораптың алдынан, көзленің астынан бір бала шықты. Орыстың сары бас баласы. Қоңыр көрпенің бір бұрышын құйтымдай қолына қысып апты. Емшек еміп жүрген бөбек. Кемсеңдеп жылайын деп ыңырсып жатыр. Афанас Петрович балаға төніп түсіп:

– Ә... Қарашы... Бұл өзінше сөйлегені-ау...– деп әукелеңдеп жүр.

Қатынды қапыда өлтіргендеріне тағы өкіністі. Қатынның киіміне тиген жоқ. Еркектің үстіндегі киімін сыпырып алып, тырдай жалаңаш анадай құмға апарып тыға салды.


ІІІ


Қайтқанда Афанас Петрович арбада келе жатты. Қолында бала. Теңселіп, баланы әлдилеп, қоңырлатып:

Бұлбұл, бұлбұл, бұлбұлтай,
Шырылдайды бозторғай.
Бұлбұлтайым сайрауы-ай...–

деп бұлбұлтайға басып келеді. Афанас Петровичтің туған ауылы – Лебяжье. Малы, қора-қопсысы, қатын-баласы есіне түсіп, солқылдап жылап келеді.

Бала да жылап келеді.

Күн күйдірген сұйық, сырғанауық құмдар ысылдап, күрсініп, күңіренгендей, бұлар да жылағандай, монғолдың аласа, шыдыр аттарына мінген екі партизан жортып келеді. Бұлардың беттерін де күн жеп қойған, жандарын да күн жеп қойған.

Сүрлеудің екі беті күн тұншықтырған тырбық жусан. Жусан құм сықылды ұсақ, көзге ілінбейді. Құм жусан сықылды ұсақ, ащы.

Әй, иненің көзіндей сығырайған сүрлеулер-ай!

Әй, ащы құмдар-ай!

Әй, қайғылы аңға ұқсаған монғолдың жері-ай!
Қосқа келген соң, офицерлер мүлкін қарасты. Кітаптар, темекі салған қалтадағы бір жарқыраған саймандар. Біреуінің үш ұзын аяғы бар, төрт бұрышты бір мыс қобди. Партизандар келді, қарады, ұстап қарады, көтеріп салмақтап қарады. Партизандардан қой майының иісі мүңкіп тұр. Жұмыс жоқ болған соң, тек ет жей берген. Киімдері бәрі май. Бұлардың ішінде томпақ бетті, еріндері қаймыжықтай Дон казак-орыстары да бар. Ұзын қара шашты, қарасұр, ізбес кендерінен келгендер де бар. Бәрінің аяқтары доғадай қисық. Бәрі де сөйлегенде қырылдап тамақтан сөйлейді. Афанас Петрович үш аяқты мыс қобдиды көтеріп алды да:
– Телескоп – деді.
Көзді жұмып жіберіп: – Жақсы телескоп. Бірнеше миллион тұрады. Жігіттер телескоппен Айды қарап, Айда алтын тауларын тапқан ғой. Жуып әуре бола- тын емес, ұн сықылды тап-таза алтын дейді, үйіліп жатқан. Тек қабыңа сала бер...
Қала көрген бір жігіт қарқылдап күліп:
– Өй, айуанның суайтын-ай!..– деді.
Афанас Петрович ашуланып қалды:
– Мен суайт па? Мен өтірік айтам ба? Өй, оңбаған сасық! Өй...
Темекіні бөлісіп алып, саймандарды Афанас Петровичке берді. Қазынашы ғой, реті келсе, қазаққа бір нәрсеге айыр- бастар,– десті.
Афанас Петрович саймандарды баланың алдына жайып салып:
– Ойна!..– деді. Бала қарамайды, шырылдай береді.
Олай да, былай да қойып қарады, өзі қара суға түсті, жоқ, бала уанбайды. Аспазшылар ас әкелді. Май, ботқа, сорпа исі аңқып кетті. Етіктерінің қонышынан Семейдің жалпақ қасығын суырып алысты. Қос тұрған жер тапталып, тақыр болып қалды. Бұлардың жатқан жері шұңғыл сай еді. Қарауылшы анадай белде ат үстінде тұрып айқай салып тұр:
– Маған қашан?.. Қарным ашты... Менің орныма біреуің келіңдер!
Тамақ жеп болғаннан кейін естеріне түсті: «Ойбай, балаға ас беру керек қой». Бала бір тынбай шырылдап жатыр. Афанас Петрович нан шайнап аузына салып, сілекейін ағызып, баланың сілекейі шұбырып тұрған құйтымдай аузына салды. Өзі ернін балпылдатып:
– Пи, пи, пи... Әйде, жұт, күшік, жұт...– дейді.
Бала ернін жұмып, теріс қарайды. Ерні жұмулы: «м-м-м» деп мыңқылдап, мұрнымен жылайды. Мұжықтар жиналып, баланы қоршап тұр. Бірінің басы- нан бірі үңіліп балаға қарайды. Бәрінде де үн жоқ. Күн ыстық, қой майынан еріндері де, беттері де жылт- жылт етеді. Көйлектері ағытылған. Бәрі жалаң аяқ. Аяқтары монғолдың сары құмындай сарғылт. Біреуі:
– Сорпа берсе қайтер еді?– деді. Сорпа суытысты. Афанас Петрович саусағын сорпаға малып, баланың аузына апарды. Майлы сорпа баланың ернінен сорғалап, қызыл көйлегі мен көрпесіне ағып жатыр. Жоқ, сорпа да сұрамайды.
– Бұдан күшік ақылды. Күшік саусақтан сорады...
– Е, ол ит баласы, мынау адам баласы ғой...
– Па, шіркін, тауып айттың-ау...
Отрядта сиыр жоқ, бие бар екен, бие сүтін бермек болысады. «Тағы да, жарамас. Балаға бие сүті жақпас, ауырып қалар!» – деседі. Бәрі екеу-үшеу болып арбаларының арасына тарады. Бәрінің әңгімесі – баланың жайы. Афанас Петрович ана арбадан мына арбаға жүгіріп елбелеңдеп жүр. Үстіндегі шапаны да жыртық, сығырайған екі көзі де жыртық. Дауысы шырылдаған баланың даусындай. «Енді мен не қылам»,– деп анау нәрестенің өзі жүгіріп жүрген сықылды.
– Не қыламыз, ә? Іштеңе ішпейді ғой. Бірдеңе қылу керек қой!..
Еңгезердей елу мұжық бармақтай бөбекті не қылуға білмей, салдары суға кетті.
– Қатын болмаса, еркек бала асырай ала ма?!
– Әрине.
– Қатынның қолынан, бәлкім, бір қойды тік көтеру келмес...
Селиванов сход жиды да, айтты:
– Христиан баласын малдың төліндей көріне көзге өлтіруіміз жарамайды. Әкесі буржуй шығар, балада не кінә бар?! Мұжықтар мақұлдай түсті:
– Иә, балада не кінә болсын.
Древесин қарқылдай күлді:
– Асыраңдар, асыраңдар, өскен соң Айға ұшып барар. Алтын тауларына...
Мұжықтар күлмеді. Афанас Петрович жұдырығын түйіп, шырылдап қоя берді:
– Иттің иті екенсің!..
Сол арада Афанас Петрович тұрған жерін тепкілеп- тепкілеп жіберіп, қос қолды ербеңдетіп бұлғап-бұлғап жіберіп, шырылдап кеп қалды:
– Сиыр, сиыр керек бұған. Сиыр... Мұжықтар бәрі шу ете түсті:
– Иә, сиыр болмаса, өледі...
– Қалай да сиыр табу керек!
– Сиыр болмаса, ұшбаққа ұшуы хақ...
Афанас Петрович қайратқа мініп, қажырланған іспетте болып:
– Жігіттер, мен сиыр әкелуге барамын...– деді.
Қалжыңқой Древесин:
– Ертіске, Лебяжьеге баратын шығарсың...
– Ертіске барудың түк қажеті жоқ, езбе қырт! Мен қазаққа барамын!
– Сиырды телескопқа айырбастап аласың ғой?.. Афанас Петрович жұдырығын ала ұмтылып:
– Әй, иттің баласы, шошқасың сен. Адамзаттың провокаторысың сен. Тұмсықтан беріп жіберейін бе?– деп, булығып шиқылдап қалды.
Екеуі бірін бірі күтіп, кезектесіп боқтаспай, бажыл боқтасқа кіріскен соң, жиылыстың бастығы Селиванов:
– Болар!..– деп, екеуін тоқтатты.
Дауысқа салып, Древесин, Афанас Петрович, тағы бір үш адам қазақ ауылына барып, сиыр қуып келсін деп жиылыс қаулы қылды. «Реті келсе, екеу қуып келсін. Бесеу болса да, көптік қылмайды. Ет те таусылған көрінеді ғой...»,– десті. Барымташылар мылтықтарын қанжығаларына байлап, алыстан қазақ деп айтсын деп, бастарына түлкі тымағын киіп, жолға шықты. Қалғандары: «Құдай қолтықтасын!..»– деп қалысты. Баланы көрпеге орап, арбаның астына көлеңкеге жатқызысты. Баланың жанына отырғызған бір бала жігіт, бір жағынан, баланы ойнату үшін, екіншіден, өзі қызық көріп, анадай ырбиып-тырбиып тұрған жусандарға наган, мылтықтан әлсін-әлсін тарс-тарс еткізіп атып отыр.

ІV

Әй, монғолдың көңілсіз құмдары-ай!..

Қадалып жердің бетін тырнап тұрған, күн күйдірген көк тастар-ай!..
Орыстар ылғи құммен келе жатыр. Түн. Құмнан күйік иісі, жусан иісі шығады. Ауылдың иттері мылқау қараңғылыққа қарап қасқырға үріп жатыр. Қасқырлар қараңғы түнде қалаға қарап ұлиды. Қырғын болып, қан сасып жатқан қалаға қарап ұлиды. Қазақтар қырғыннан қашқан.
– Малымызды қырмай, аман алып қалар ма екенбіз?..– дескен.
Жасыл түсті қамашау қараңғылық құмдардың үстінде қанатын жайып, қалықтап тұрғандай. Құмдар қараңғылықты әрең-әрең ұстап тұрғандай. Қараңғылық қазір қанатын қағып батысқа қарай қалықтап кететіндей. Ауылдан тезектің иісі, айранның иісі келеді. Жерошақ біткеннің айналасында бықсыған отқа үңіліп, аш-жалаңаш қазақтың балалары отыр. Балалардың жанында қабырғалары ырсиып, тұмсықтары сорайып иттер тұр. Үйлері шөмелеге салған шөп сықылды. Ауылдың арты көл, қалың қамыс. Орыстар қамыстың ішінде тұрып ауылға, жерошақтың басына қарай батырлатып атып-атып жіберді. Жер-дүние жаңғырығып кетті. Қазақтар киіз үйден атып шығысты. Үрейлері ұшып:
– Ойбай, ойбай, ақ орыс па, қызыл орыс па?..
Ойбай!– деген айқай-шу естілді.
Еркектері жалма-жан байлауда тұрған аттарына мінді. Ауылдың қотаны дүрсілге толды. Дала дүрсілге толды. Қамыстар жаңғырығып, қыр үйрегіндей қырылдап:
– Ақ, ақ...– десіп қалды.
Бір ақсақалды адам шаба жөнелгенде, жерошақтың ба- сында атынан ауып түсіп, қазанда қайнап тұрған сүтке басы көміліп кетіп, құлындай даусы құраққа шығып, домалап ол қалды. Оның жанында бір сабалақ жүнді төбет ыстық сүтке қорқа-қорқа тұмсығын тығып жатыр. Байлауда тұрған аттар шұрқырап қоя берді. Қорада тұрған қой қасқыр тигендей ерсілі-қарсылы жөңкіліп, дүркіреп, астан-кестен болды. Сиырлар пысылдап, дереу жиналып қалып, өкіріп қоя берді. Арсыз Древесин күліп:
– Е, біз айғыр ма екенбіз?
Біріңнен түсіп, біріңе...– деп қарқылдап күледі.
Древесин сопақ құтысына сүт құйып алды да, қамшысын үйіріп, үйдің жанына бұзауларын қосып сиырды айдап келді. Байлаудан босанған бұзаулар шешесінің жұмсақ желінін тұмсығымен нұқып-нұқып, ернімен емшекті қысып алып, жалма-жан солпылдатып еміп жатыр.
– Бейшаралар аш қой!..
Сөйтіп, Древесин сиырларды қуып кетті. Афанас Петрович ауылды бір айналып шығып, енді кетейін деп ыңғайланғанда, сап етіп есіне еміздік түсті: – Ойбай, сайтан-ай, еміздікті ұмытып кетіппіз ғой! Еміздік керек қой. Афанас Петрович енді үй-үйді кезіп еміздік іздеуге кірісті. Біткен үйде от жоқ, қараңғы. Афанас Петрович жерошақтан шаланы алып, ұшқынын шашыратып жарқ- жұрқ еткізіп, өзі түтіннен жөтеле-жөтеле, үй-үйді кезіп еміздік іздеп жүр. Бір қолында – жарқ-жұрқ еткен шала, бір қолында – алтыатар. Еміздік табылмады. Үй сайын текемет, сырмақтың үстінде беттерін жаулықтарының етегімен жауып, шалқасынан сұлқ болып бейшара қазақ қатындары жатыр. Бала-шаға у-шу. Афанас Петрович ашуланып, бір үйде жас келіншекке:
– Еміздік тауып бер, ит, еміздік, еміздік!..– деп жекіріп айқай салды. Жас келіншек жылап қоя берді. Жалма-жан пай камзолының түймесін ағытып, көйлегін көтере бастады...
– Не керек? Ал, ал... Жанында киіз үстінде шоқпыт бірдеңеге оралған жас баласы шырылдап жылап жатыр. Келіншек көйлегін көтеріңкіреп, екі аяғын ыңғайлай бастады...
– Ал, ал... Сол арада Афанас Петрович келіншектің емшегіне қолды салып қалып, қуанып ысқырып жіберді:
– Уа, емшегі қандай!
– Не керек? Не?..
– Керек-керек білмейді, әйда, жүр!– деп, Афанас Петро- вич келіншекті сүйреп ала жөнелді. Шала қолынан түсіп кетті, үйдің іші қап-қараңғы болды. Далаға алып шығып, келіншекті алдына алды, сөйтіп, Селивановтың қосына тартып берді. Әлсін-әлсін келіншектің емшегін ұстап, қысып-қысып қояды. Афанас Петрович қосқа жақындай бергенде-ақ:
– Таптым, жігіттер. Шырағым, мен табамын ғой...– деді.
Осыны айтқанда, Афанас Петровичтің қуанғаннан екі көзі жасаурап тұр еді.

V

Қосқа келіп түскен соң бір-ақ білінді: келіншек қолтығына қысып баласын ала келіпті. Афанас Петрович түнде мұны байқамапты. Мұжықтар:
– Мейлі. Сүт екеуіне де жетеді. Сиыр да бар, қатын да бар, еңгезердей қатын ғой...– десті. Қазақ келіншек тірі жанға сөз қатпай, ылғи ызбармен тұрады. Екі бала қос ішінде текемет үстінде жатыр. Біреуі – сары бас, біреуі – қара домалақ бала. Екеуі ән қосып шырылдайды. Бір жетіден кейін жалпы жиналыс болғанда, Афанас Петрович айтты:
– Жолдастар! Бір сұмдық бар, сұмдық! Мынау салдақы қазақ қатын екі баланы тең емізбейді екен. Емшегін әуел өз баласына беріп қақтап алады екен де, біздің балаға сарқынын ғана береді екен. Мен көріп қалдым.
Мұжықтар жиналып келіп қарады. Балалар кәдімгі бала, біреуі – сары бас, біреуі – қара домалақ. Бірақ орыс бала қазақ баладан нашарлау сықылды көрінді. Афанас Петрович екі қанатты жайып жіберіп:
– Мен бұған Васька деп ат қойып едім. Мына қарашы... Алда, салдақы-ай...– деп, елбеңдеп болып жүр. Древесин мойнын мыжырайтып, күліп:
– Әй, Васька, әй, шыр жұқпапты ғой...– деді.
Мұжықтар бір таяқты алып, арбаның көтерулі тұрған жетегіне көлденең асып байлап қойды. Безбеннің арқауындай болып, таяқтың екі басы тең тұрды. Таяқтың екі басына екі баланы асты. Жөргекке оралып, қыл арқанмен таяққа асылған екі бала ән қосып шырылдап тұр. Балалардан бала иісі шығады. Қазақ келіншек арбаның жанында тұр, не екенін білмейді, жылай береді. Мұжықтар үндеспей қарап тұр. Селиванов:

– Жібер!– деді. Афанас Петрович таяқтан қолын тартып қалды. Орыс баласы сопаң етіп жоғары шыға келді. Афанас Петрович қалшылдап, булығып:
– Қара ауыз күшік-ай, жалғыз ішіп семірген екен ғой!..– деді.
Жерден қойдың бір қу басын алып, орыс бала жаққа салды. Екі бала теңелді. Мұжықтар гуілдесе бастады:
– Мынау салдақы өзінің баласын біздің баладан бір бастың салмағындай артық емізіпті ғой!..
– Оны қашанғы аңдып отырарсың!..
– Мынау салдақы қанішер екен!..
– Екі баланы тең еміз деп, емізген сайын аңдып отыра алмаймыз ғой.
– Мұжықтардың тоқтағаны осы болды.
– Иә, аңдып отыруға болмайды.
Біреу: – Қайтсін, ішінен шыққан шұбар жылан ғой...– дей беріп еді, Афанас Петрович жерді тепкілеп, шиқылдап қоя берді:
– Өзің не оттап тұрсың? Қара домалақ қазақ бала үшін біздің орыс өлсін дейсің бе?!
Мұжықтар Васькаға қарады. Балапанша бүрісіп, аяқ- қолы шидей болып, шашы үрпиіп сары бас бала жатыр. Мұжықтар үн-түн жоқ, не қылуға білмей, салы суға кеткендей болып тұр.
Сөйтіп тұрғанда, Селиванов Афанас Петровичке айтты:
– Сен оны... Нет... Өлтір... Қазақ баланы айтам. Қазақ орасан қырғын көрген ел емес қой...
Бір баланы аяп қайтеміз?! Мұжықтар Васькаға қарасты да, үндемей тарасты. Афанас Петрович қазақ баланы қолына алып, бір жыртық қапқа орады. Шешесі дауыс қылып, ұлып қоя берді. Афанас Петрович аса батырмай, келіншекті ауызға бір қойып, қазақ баланы қырға қарай алып жөнелді...

VІ

Екі күннен кейін мұжықтар қатын отырған қостың алдына жиналысып, ептеп басып, бірінің сыртынан бірі мойнын созып, қостың ішіне қарап тұрды. Қостың ішінде қазақ келіншек сары баланы емізіп отыр. Қазақ келіншектің жүзінде тұрмыстың не сұмдығына болса да көнгендік көрініп тұр. Көзі қысық көз, сұлының дәніне ұқсайды. Үстінде пай камзолы бар, аяғында кестелі мәсісі бар. Бала томпиған бетін емшекке шап-шап еткізіп, быртиған қолымен камзолдың жағасын шиыршықтап ұстап алып, тырбиған аяғын шолтаңдатып, емшек еміп жатыр. Мұжықтар даланы басына көтеріп қарқылдап күліп қарап тұр. Афанас Петрович балаға елжіреп қарап, жыламсыраған дауыспен:

– А, Васька қалай-қалай емеді?! – деп қояды.

Қостың сыртында монғолдың ұшы-қиыры жоқ даласы далиып жатыр. Далиған дала жылжып жүріп, бір жаққа кетіп бара жатқандай.

Ашулы, аш, жүдеу, қайғылы аңға ұсаған далиған монғол даласының қайда жүріп бара жатқанын кім білсін.

author

Мағжан Жұмабаев

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...