Түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың соңғы романы «Оба түндері&raqu...
Пол Берман. Адамзаттың тағдырын ойлағанда
(Моральдің тарихы немесе тарихтағы мораль)
Біз адамзатты тапжылтпай уысында ұстап отырған әмбебап, табиғи заңдылықтар жүйесі бар деп айта аламыз ба? Ондай заңдылықтар бар болса, неге бізді көрсоқырлық пен шексіз қаналудың түнегінен алып шығып, шынайы адами бостандық пен гүлденудің патшалығына бастамайды? Жалпы өзі адамзаттың тағдыры ортақ па? Оның ішкі өзегі прогресс дейтіні рас па? Қала берді осы сұрақтардың бәріне дәлелді түрде «иә» деп жауап берген ХІХ ғасырдағы кемел философтар туралы не айтуға болады?
Біздің заманымыздың ойшылдары өткен буынның тәжірибесіне сүйене отырып, сол тәжірибені ой сүзгісінен өткізуге тырысып-ақ жүр. Ағылшын тілінде жарық көрген, ХІХ ғасырдағы адамзаттың ортақ тағдыры туралы түсінікті аяусыз сынға алатын маңызды да мазмұнды еңбектің бірі - Карл Поппердің «Ашық қоғам және оның жаулары» атты қос томдығы шығар. Бұл кітапта автор адамзаттың ортақ тағдыры туралы идеяны құптаған Платоннан Георг Фридрих Гегельге дейінгі философтарға кәрін төгеді. Поппердің ең күшті аргументі кітаптың жазылған уақытында тұрғандай - 1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Бір жағында - адамзаттың ортақ тағдырына байланысты ұсынылған Гегель теориясына нәсілшіл, ұлтшыл өң берген әсіре ұлтшылдар; екінші жағында - осы теорияны солшыл ыңғайға салған КСРО мен либералдық демократияның одағы. Мұндай жағдайда бостандыққа қауіп сол бостандықтың салтанат құратынына шексіз сенген жандардан келетіні айдан анық еді.
Бұл енді ілгеріде болған жағдаят. Әйткенмен, соңғы жиырма жыл да адамзатқа сабақ үйретуден танған жоқ. Тәрізі сол жаңа, жағымды да жағымсыз сабақтар да ортақ тағдырымыз туралы байырғы сұрақтарға жауап бере алады-ау: реттеліп отыратын нарық жүйесі ғана экономикалық гүлденуге алып келетіні белгілі болды; ондай нарық Солтүстік Еуропа мен Солтүстік Азияда ғана емес, Шығыс Азияда да, барлық жерде де гүлдене алады. Тек бір жүйе - либералдық демократия ғана күшті де тұрақты үкіметтерді жасақтауға мүмкіндік береді. Авторитарлық билеушілер - олар мейлі қабағынан қар жауған конфуцийшілер, карибтік өлермен коммунистер болсын, әсіре ұлтшыл демагогтар, диктаторлар болсын, сақалды теократтар мен жалған демократияшыл клептократтар болсын - билік басында әлі де отыра берер. Жер бетіндегі меңіреу бір түкпірде 1943 жыл жалғаса берер. Бірақ мына гәп айқын - авторитарлық жүйеде тұрақты немесе сенімді бір нәрсе жасау мүмкін емес. Соңғы онжылдықтың өзі барлық либералдық қауымдастықтардың бір бағытта дамуға бет алғанын әрі бағыттың нәтижесі біркелкі екенін көрсетіп берді. Әрине, бұл жерде ұлттық ерекшеліктеріне қарай ішінара айырмашылықтардың да болатынын жоққа шығармау керек. Барлық либералдық мемлекеттерде жеке адамның бостандығына, әйел теңдігіне баса назар аударылып отыр, этникалық, діни алшақтықтарға деген төзімділік күшейіп келеді, отбасылық өмірге көзқарас өзгерді. Мұның бәрі либералдық қоғамда жеке адамның бостандығы әрқашан биік тұратынын айғақтаса керек. Бірақ, кінәраттар да жоқ емес қой. Ендеше, XIX ғасыр ойшылдарын алаңдатқан сауалдар бүгінгі таңда да өзекті мәселеге айналуы кәдік. Олай екен, бізге де адамзат дамуының әмбебап заңдылықтары мен прогресс жайлы бас қатыруға тура келетін шығар? Қазіргі уақытта біз дәл осы кепті киіп отырғандаймыз.
XIX ғасырда адамзаттың ортақ прогресс теориясы бірнеше бағытта дамыды. Соның үшеуіне тоқталайық. Біріншісіне бүкіләлемдік тарих пен саясат теориясын түзіп, жаhандық философиялық жүйені жасаған Гегель мен Огюст Конттың тобын жатқызуға болады. Екінші бағытты, шартты түрде журналистік дәстүрдегі ойшылдар дейікші, Алексис де Токвиль сияқты оқымыстылар қалыптастырды. Жаңа америкалық өркениеттің тууы мен дамуын зерделеген Токвильдер демократияның түбі салтанат құратынын айтпаса да, өз еңбектерінде қазіргі заманғы демократияға апаратын жолдарды болжап берді. Үшінші бағыттың басында табиғи-ғылыми ақылдың адамдары тұрды. Олар Чарльз Дарвиннің идеяларымен қанаттанып, адамзат тарихының дамуы мен болашақты соның эволюциялық теориясы арқылы түсіндіруге тырысты.
Бүгінгі таңда XIX ғасырдағы сол бір ғылыми теориялардың мән-маңызы тіпті арта түскендей. Давид Фромкин, Самуэль П.Хантингтон секілді философтар, Токвильдің ізбасарлары саналатын Марсель Гоше мен Жиль Липовецки, Томас Л.Фридман сияқты журналистер қызу пікірталастың қақ ортасында жүр. Ал, әлеуметшіл неодарвинистер мен социобиологтар болса, оның ішінде Эдвард Вильсон да бар, әлеуметтік, мәдени эволюцияның негізін қалайтын биологиялық заңдылықтарды алға тартады. Алайда үш ұлы философтың - Гегельдің, Токвильдің, Дарвиннің идеяларын біріздендіріп, жаңғырту Фрэнсис Фукуяманың ғана қолынан келген сияқты.
Өзінің алғашқы кітабында («Тарихтың ақыры және ақырғы адам», 1992 жыл) Фукуяма мұқият оқып, зерделеуге тұратын теорияны мазмұндап берді. Гегельдің ортақ тарихи прогресс туралы идеясына «демократиялық» интерпретация жасай отырып, Фукуяма либералдық демократияның салтанат құруы тарихтың ақырына, ортақ прогресстің аяқталуына алып келеді деген тоқтам жасайды.
Әлбетте, коммунизм күйрегеннен кейін либералды-демократиялық идеяға балама қалмаған сияқты. Осы жағынан қарасақ, Фукуяманың ойы түсінікті. Фукуяманы либералды-демократиялық қоғамдағы адамдардың деградациялану мүмкіндігі қауіптендіреді. Ал либералдық демократияның салтанат құруы туралы Фукуяманың айтқанын көпшілік бір жақты түсінді. Кітап америкалық ұлтшылдықтың гимні ретінде қабылданды. Яғни, Фукуяма Американың әйтеуір жеңіске жететінің, әлемнің жеке дара билеушісі болатынын меңзеп отыр, тарихтың ақыры осы дегендей.
Бірқанша ойшылдар да, мысалы, Фромкин өзінің «Әлемнің жолы» еңбегінде, Фридман «Лексус және құрма ағашы» кітабында осы тақырыптарды қаузаған. Бірақ Фукуямада ол басқаша. Оның екінші кітабы («Сенім», 1995 жыл) экономикаға, соның ішінде, дені сау экономика жасауға ықпал ететін мәдени дәстүрлерге арналған. Бұл жолы автор Токвильдің соқпағына түсе отырып, Америкадағы алып корпорациялардың құрылуы бағзыдағы протестанттық қауымдастықтардан қалған сенімнің арқасында, яғни америкалық қоғамдағы екі жақты сенімнің арқасында мүмкін болғанын көрсетіп береді. Германиядағы сенімнің деңгейі өте жоғары, демек экономикадағы өсім де немістердің мәдени дәстүрлеріне байланысты. Жапонияда да - солай. Бұдан шығатын қорытынды: Германиядағы алып корпорациялар - тек немістік құбылыс. Жапонияда - тек жапондық, Америкада - тек америкалық.
Сенім деңгейі төмен қоғамда жергілікті дәстүрлерге бағынышты институттардың пайда болуы да заңды. Француздар тиімді мемлекеттік бюрократия жасаудың озық үлгісін көрсетсе, Солтүстік Италияда қолөнерлік дәстүрге сүйенген отбасылық кәсіпорындар пайда болды. Азияда Оңтүстік Кореяның тасы өрге домалап тұр. Олардың әлеуметтік қарым-қатынастары француздарға ұқсайды. Конфуцийшіл Қытайдың аяқ алысы тәуір, олардың шаруашылық жүргізуі италиялықтарға келеді. Жалпы айтқанда, болашақтағы экономикалық жүйелер көптеген мәдени дәстүрлердің негізінде түзілетін болады, америкалық үлгі соның бірі ғана. Ал жаhандық экономика көпмәдениетті болады.
Өзінің «Ұлы құлдырау» атты соңғы еңбегінде (1999 жыл) Фукуяма тағы бір шетін мәселені індете зерттеді: либералды-демократиялық қоғамдағы мәдени, әлеуметтік өмірдің деградацияға түсу қаупі. Мұның өзі либералды-демократиялық жүйенің күйреуіне апарып соғар еді. Философтарды ежелден мазалап келе жатқан гәп. Бұл жайлы Токвиль де, «Капитализмнің мәдени қайшылықтары» кітабында (1976 жыл) Дэниел Белл де жазды. Фукуяманың өзі жазған «Тарихтың ақыры» бар. Десе де, «Ұлы құлдырауда» Фукуяма Гегель мен Токвильдің аргументтерін, Дарвин мен ноедарвиншілдердің идеяларын назарда ұстай отырып, біршама оптимистік пайымдар жасайды. Оның ойынша, экономикалық тиімділікке көзсіз ұмтылудың салдарларын либералдық демократиясы бар елдер 60-жылдары-ақ сезіне бастаған. Жаңа постиндустриалдық технологиялардың арқасында әйелдер де ерлер қатарлы жұмыс істейтін болды. Олардың енді үйде отырғысы жоқ. Ал контрацептикалық құралдардың пайда болуы жыныстық қатынастар мен отбасылық жауапкершіліктің бөлінуіне алып келді. Семьяңың беделі күрт төмендеді. Адамгершілік негіздеріне өлшеусіз нұқсан келді. Осылардың кесірінен қылмыс та еселеп көбейді. Фукуямаша айтсақ, «ұлы құлдырау» басталды.
Егер ақылға ерік беріп, ескі дәстүрлердің күйреген уақытында жаңа әлеуметтік тәрбие мен тәртіпті жасай алса, адамдар өз қателіктерін өздері-ақ түзеп алар еді. Фукуяманың жаңа идеясы осыны меңзейді. Соңғы жылдары осы құбылыс анық байқалады. Либералды-демократиялық елдердің өзінде «ұлы құлдырау» бәсеңдеп, қоғамға, адамгершілік, ізгілік қасиеттер біртіндеп болса да орныға бастағандай. Мұның себебі әйелдердің үй шаруасына қайта оралғанынан емес, қазіргі қоғамның өзі жаңа, ізгілікті құндылықтар мен концепцияларды, жаңа қоғамдық институттарды қалыптастыра бастады. Дарвиннің эволюциялық заңдылықтарының көмегі, міне, осы жерде тиіп отыр. Яғни, мыңжылдық эволюциялар қалыптастырған адамның табиғатында прогресстің «зардапшыл эффектілеріне» қарсы тұра білетін тетіктер бар.
Сонымен, Гегель - Токвиль - Дарвин. Философиялық ой бәрібір олардың идеяларына зәру болып отыр. Ол идеялардың талқаны таусылған деп ешкім де айта алмасы хақ.
Қайта жаңғырған доктриналар бізге несімен қызық? Әлеуметтік детерминизмге, жалпыға ортақ тағдырымызға қатысты көпжылдық айтыс-тартыс пен сыннан кейін біз оларға мұрнымыздың үстінен қараймыз. Онымен қоймай, либералдық, прагматикалық және постмодернистік ыңғайдағы философтармен бірігіп ап, сұрақтың астына аламыз: «Адамзат табиғаты туралы сөз етудің не жөні бар? Тарих алға ғана жылжи ма, тіпті оның қандай да бір бағыты болуы мүмкін бе? Осы уаққа дейін ешкімнің қолынан келмеген екен, сонда болашаққа болжам жасауды біз қайдан шығардық?».
Ойдың осындай шырғалаңы жаңа күдіктер туғызады: сонда Фукуяманың идеялары шындыққа қаншалықты жақын? Оның артында бірнеше қарапайым доктриналарға сия қоймайтын миллиондаған факторлар жатыр емес пе?
Қазіргі қоғамдағы ізгілік атаулының өсуі мен өшуі жөнінде айтылатын Фукуяманың дәйектері қаншалықты қисынды? Ол мұны отбасындағы ажырасу, қылмыстың өсуі, маскүнемдіктің таралуы жайлы статистикалық мәліметтерге сүйеніп айтып отыр. XІX ғасырдың басында ол көрсеткіштер жаман еді, ғасырдың аяғында викториандық моралистердің арқасында жақсарды да, 1960-жылдары басталған ұлы құлдыраукезінде қайта нашарлады дегендей қылады. Оның ақ-қарасын кім айқындап береді? Қоғамдағы адамгершіліктің деңгейі мәселесін көтеру бір басқа да, оның бірнеше жүз жылдағы өзгерісін танып-білу екі басқа нәрсе. Оңай шаруа емес. XIX ғасырдың басында, Фукуяма айтқандай викториандық моралистер қоғамның моральдік, этикалық іргетасын мығымдап жатқанда, Америка мен Еуропаны жаман-жұтық, қайыршы үйлер басып кеткен, ал эксплуатация өлшеусіз күш алып, дәуірлеп тұрған. Фукуяма адамгершілік деңгейі көтерілді деген байлам жасайды. Тым таңдамалы байлам емес пе, әлде ол өзіне ыңғайлы параметрлер мен адамгершілік құндылықтарын ғана есепке алып отыр ма?
Ұлы құлдырау дәуірінде нәсілдік, жыныстық езгіге қарсы күрес жандана түсті. Олай екен, неге бәрі ізгіліктің күйреуі туралы қайталай береді? Неге ұлы құлдырау ұлы реформа еді деп айтпасқа? Болмаса, реформа құлдыраумен қатар жүрді демеске? Ол біреу үшін құлдырау, ал біреу үшін реформа болуы да мүмкін ғой. Кейбіреулер мені орынсыз қыжыртып отыр деп жазғыруы да мүмкін. Дау айтпайын. Бірақ Фукуяма сияқтылардың базбір даулы аргументтеріне ұшырасқанда не істейсің, үндемей қала алмайсың.
Бәлкім модернист, постмодернист философтардың соңын ала, біз де адам табиғатының әмбебаптығы мен тарихи прогресс туралы идеяларды түкке алғысыз қылармыз? XIX ғасырдағы теорияларға сүйеніп, кез келген қисынды дәлелдеп шығуға болады ғой. Оның үстіне олар әбден ерқашты болған идеялар. Бірақ, ескі теориялардың да өз ақиқаты бары анық. Тас үңгірден де талаптанып шығып ек қой. Соған қарағанда тарихтың ортақ даму векторы болады дейтін пікірдің де жаны бар-ау. Өйтейін десең басты сұрақ тағы да жауапсыз қала бермек: сол даму векторы қай көкжиекті бетке алып барады?
Жаңа пайымдаулар мен идеяларды түйсіну үшін тағы да XIX ғасырдағы теорияларға оралып, олардың іс жүзіндегі сипатын саралап, талдау қажет болады. Еуропалық империализм мен революциялық социализм XIX ғасырдағы идеялардың іс жүзіндегі көрінісі ретінде тарихқа өшпестей із қалдырды. Екеуі де тарихи процесс пен әмбебаптық туралы көзқарастардан туған нәрсе ғой. Егер адамзаттың тағдыры ортақ болса, мәні шексіз бостандыққа ұмтылу болса, ондай жетістікті дүние жүзіне тарату керек емес пе? Оны қалай істеуге болады? Көштен қалған елдерді жаулап алып, ол елдерге демократиялық заңдар мен дәстүрлерді таңу қажет пе? Еуропалық импреиализм осыны ұсынады. Ал егер революциялық социализмге бой берсек - билікті басып алып, барлық өнеркәсіпке бақылау орнатып, жаңа қоғам құру керек пе? Әрине, бұл туралы ешкім ештеңе айтқысы келмейді, тіпті олай ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, дәл сол империализм мен социализмнен көрмеген құқаймыз жоқ. 1943 жылы Карл Поппер жазғандай: еуропалық империализм фашизмге айналып кетті де, социализмнің идеясы мен мақсаты бұрмаланып, коммунистік құбыжықты тудырды. Соған қарамастан бүгінгі таңда империализм мен революциялық социализмге алып келген XIX ғасырдағы соны леп қайта оралғандай. Дүние жүзінде адам құқығы үшін басталған қозғалысты XIX ғасырдағы гуманистік идеялармен ғана түсіндіріп беруге болатын шығар. Бұл қозғалыстың логикасы неде? Либералдық демократиясы дамыған елдердің азаматтары өз жетістіктерін әлемге таратуға құқылы, тіпті міндетті. Неге «құқылы» және «міндетті»? Өйткені адамзаттың болашағы бостандықта ғана. Өйткені адамзат біртұтас (азиядағы бірде бір жан «қанаушы қолды» көксеп отырмаған шығар). Әлбетте, кейбіреулер мұндай пайымдаулардан империализмнің шалығын көруі мүмкін. Ондай адамдар тіпті көп те. Ал дамымаған Үшінші әлем елдерінде бүтін ұлттар солай ойлайды. Десе де, адам құқығы үшін күрес қозғалысы мен XIX ғасырдағы гуманистік идеалдарда мығым сабақтастық бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тек адам құқы үшін күресушілердің ізгі ниеті қанаудың жаңа түріне айналмаса екен деп үміттенгің келеді.
Өкінішке қарай, бұрынғының теориясы «әлемді өзгертетін мүмкіндігім шексіз» дейтін адамға үстемелеп экстатикалық сенім қосса, ал олардың жаңарған түрлері күйгелектікке, сенімсіздік пен үрейге ғана жетелейтіндей. Егер соңғы жүз жылдағы басымыздан өткен жағдаяттардың бәрін ескерсек әрі соған қатысты философиялық сын-ескертпелерді мұқият қорытсақ, неге осылай болғанын да оңай түсінетін тәріздіміз. Үрей мен сақтық салқынқандылықтың, парасаттылықтың белгісі шығар. Бірақ оған қуануға бола ма, оның артында фатализм мен тәуелділік тұр ғой. Бұл қайшылықты нақ Фукуямадай түсінген ешкім жоқ-ау. Алғашқы кітабы - «Тарихтың ақыры және ақырғы адам». Тарихтың ақыры либералдық теорияның салтанат құрғанын білдіреді. Ақырғы адам сол салтанат үстіндегі демократиялық елдер азаматтарының ұсқынсыз жиынтық образын көрсетеді. Біз өзіміздің дарынымызды түйсіну үшін тарихтың ақырына жол салдық. Бірақ бізге түйсік пен өжеттік жетіспейді. Либералдық қағидалардың жеңісі таңдау еркіндігін береді. Біз емін-еркін қимылдай аламыз, бірақ біз сұлқ түсіп жатырмыз. Бізде әзірге қоғамды қайта құру жайлы үлкен идеялар да жоқ. Жай идеялармен ғана өмір сүреміз. Армандағанның өзінде абайлап, сақтанып армандаймыз.
Аударған Талғат Ешенұлы.
(ПОЛ БЕРМАН, The New Republic журналының редакторы, «Террор және Либерализм» кітабының авторы)
Мақала Abai.kz сайтынан алынды