Петр Чаадаевтың философиялық хаттары

АУДАРМА
2414

БІРІНШІ ХАТ

Мен бәрінен де сіздің пәк көңіліңізді, сіздің шынайылығыңызды сыйлаймын, сүйемін. Осы тамаша қасиеттер біздің танысуымыздың алғашқы сәтінде-ақ мені баурап алды да, сіздің айналаңыздағының бәрі менің үндемеуімді талап еткенімен, дін туралы әңгімеміз басталып кетті. Сіздің хатыңыз қолыма тиген кездегі таңданғанымды елестетіп көріңізші. Сіздің мінезіңіз туралы, өзіңіздің топшылауыңыз бойынша, менде қалыптасуға тиіс пікір туралы бар айтарым осы ғана. Хош, сіздің хатыңыздың өте маңызды бөлігіне көшелік.


Петр Чаадаев(1794-1856). Ресейлік ойшыл және публицист. 1808-1811 ж.ж. Мәскеу университетінде оқыды. 1812 ж. Oтан соғысына қатысты, 1821 ж. декабристердің Солтүстік қоғамына қабылданды.

Философиялық-тарихи көзқарастары католиктік провиденциализм мен әлеуметтік христиандық идеялары ықпалымен қалыптасты. Басты шығармасы - "Философиялық хаттарында" (1829-1831 жж. жазылған) Ресейдің әлемдік тарихтан тыс қалғаны, оның жоғарыдан маңдайына жазылған тарихи миссияны түсініп, атқаруына кедергі болып отырған рухани тоқырау мен ұлттық мастану туралы ойларын білдірді. Хаттар Николай 1-ді тас-талқан етіп ашуландырды. Оларды жариялаған "Телескоп" жабылды. Автордың өзі "ұлы мәртебелінің өмірімен" жынданған деп жарияланды. Полицейлік емшінің "науқасты " қорлайтын қадағалауы 1837жылы ғана алынып тасталды. Өкпе қабынуынан қайтыс болды.


Ойыңызды сан саққа жүгіртетін, өзіңіз айтқандай, денсаулығыңыздың өзін бұзатындай дәрежеде толқытып, қажытатын беймазалық неден болғаны? Шынымен-ақ бұл біздің әңгімеміздің салдары болғаны ма? Сіздің жүрегіңізде оянған жаңа сезім орнатуға тиіс сабыр, тыныштық орнына, алаң, күмән, тіпті ұждан беймазалығын оятыпты. Айтпақшы, бұған несіне таңданбақпыз? Бұл кәдімгі барлық жүрек, барлық ой бағынған қазіргі тәртіптің табиғи салдары. Сіз тек қоғамның ең жоғарғы мүшелерінен бастап, ең төменгілеріне дейін барлығын билеп-төстейтін себептердің ықпалына ғана көндіңіз. Сіз солардың ықпалына қарсы тұра алмадыңыз. Тобырдан сіз ерекшеленетін қасиеттің өзі сіз жұтатын ауаның зиянды ықпалына сізді көбірек еліктіреді. Мен сізге айтқан азын-аулақ ой өзіңізді қоршаған ортада сіздің ойыңызға тиісті бағыт бере алмас та еді. Өзіміз өмір сүріп жатқан дүние ауаның мен тазарта аламын ба? Мен әңгіменің салдарын күні бұрын білуге тиісті едім, және шынында білдім де. Менің жиі-жиі бөгеле беруімнің себебі де сол, ол бөгелістерім сіздің жан сарайыңызды жайлап алуы былай тұрсын, қайта сізді аң-таң етуге тиіс болатын. Егер мен пісіп жетіле қоймаған діни сезім туғыза алатын жан азабы мүлдем енжарлықтан әрқашан жақсы екендігіне кәміл сенбесем, өзімнің тым қызбалығыма бармақ шайнар едім. Бірақ сіздің аспаныңызды күңгірттендіріп тұрған бұлт, енді жүрегіңізге себілген тұқымды өсіретін игі шыққа айналады. Аз ғана сөздің сізге ықпалы маған сіздің төл ақылыңыз кейін толық дамуға жеткізетіндігіне кепілдік береді. Діни сезімге тайсалмай беріліңіз: осынау мөлдір бұлақ көзінен былғаныш сезім туындауы мүмкін емес.

Сыртқы дүниеге келетін болсақ, сізге бұл жолы мынаны білу жеткілікті: бірліктің биік бастауына және бірінен соң бірі үздіксіз келіп жататын дін иелері тікелей жеткізетін ақиқатқа негізделген ілім діннің шынайы рухымен толық үйлеседі; өйткені барлық инсанияттық күштердің бір ойға, Пір сезімге айналып кетуі және қоғамда бірте-бірте рухани бірліктің немесе адамдар арасында ақиқатты орнықтыруға тиіс шіркеудің пайда болу идеясына толық сәйкес келеді. Бастапқы ілімнен бөлініп шығуымен-ақ, басқа ілім атаулы Құтқарушының: "Біз секілді, дүние біртұтас болсын" деген асқақ үндеуінің мәнін таптап, жер бетінде Құдай патшалығын орнатуға қарсы шығады. Бірақ бұдан осы ақиқатты жер бетінде көрсету сізге міндеттеледі деген қорытынды тумайды; жоқ, сіздің арызыңыз тіпті де бұл емес. Керісінше, нағыз бастауы осы сіздің өз ортаңыздағы жағдайыңыз бойынша, осынау ақиқат туындайтын мөлдір бастау сізді өзіңіздің наным-сеніміңіздің ішкі шамшырағы деп қана құрметтеуге міндеттейді. Мен сіздің ойыңыздың дін жағына бұрылуына ықпал ете алғаныма бақыттымын; бірақ, егер, сонымен бірге кейін сіздің сеніміңізге көлеңке түсіретін ұждан жазғыруын оятқан болсам, өзімді сорлы санар едім.

Бірде мен сізге діни сезім бәрінен де шіркеудің нұсқауларын орындаумен беркиді деген секілді едім. Ең ұлы ой иелері әбден салмақтап, толық түсініп өз мойнына артқан нәрседен әлдеқайда артық осынау мойынсұнуға жаттығу Құдайды шындап сезіну деген сөз. Солар жүктейтін барлық міндеттерді қатаң орындаудан басқа ештеңе де ақылды өз сенімінде кәміл ете алмайды. Мұның үстіне христиан дінінің Жоғарғы Ақылдың өзі енгізуге бұйырған ғұрыптардың көп бөлігі солар білдіретін ақиқатқа бойлай алатындардың әрқайсысы үшін аса елеулі түрде міндетті. Кімде-кім өзінің атаққұмарлығының еліктіргіш нышандарын,өз пайымының кемеңгерсіген мылжыңын биік аян деп санап, сол өзін ортақ заңнан құтқарады деген арманға бой алдырса, соның күні қараң! Сіз үшін де, бойжеткен, мойынсұну киімінен жарасымды не болмақ? Соны киіңіз: ол сіздің жынысқа қона кетеді. Маған сеніңіз, бұл амал сіздегі ақыл беймазалығын бәрінен жақсы тыныштандырады, сіздің бүкіл тәніңізді балбырататын сабыр береді.

Білімге құштар ақыл-есі ілімнен және маңызды түсінуден ләззат табатын әйел үшін, тіпті жоғары қауым ұғымы бойынша да, негізінен ізгілікті мұраттарға және дін жүктейтін міндеттерді орындауға бағытталған біршама байыпты өмірден табиғи не болмақ? Сіздің қиялыңызға айқын сезімдердің суретіндей ештеңе де күшті ықпал етпейді, оларды елестету батып бара жатқан күннің шапағына шомылған кешкі ауылдың тамаша көрінісін елестеткен секілді жанды жай таптырып, біздің сырқатты немесе сұрқай өмірімізден бір сәтке қиянға ала жөнеледі. Қиялдың осынау тамаша ғажабының біреуін іске асыруға сізге не кедергі жасайды? Сізде оған қажетті дарынның бәрі бар. Көріп отырсыз ғой, менің қаншалықты мейірбан екенімді: мен сіздің өзіңіздің талғамдарыңыздан, өзіңіздің қиялыңыздың аса жағымды армандарынан тыныштандырар құралдар іздестіріп тауып отырмын.

Өмірде біздің болмысымыздың парасатты стихиясына қатысты мүлдем заттық емес жағы бар: бұл жан тіпті де елеусіз қалмауға тиіс. Дәл тән секілді, жанға да диеталық нәр керек; соны осы мазмұнға бағындыра білу қажетті нәрсе. Ескі мәтелді қайталап отырғанымды білемін; бірақ біздің отанымызда ол жаңалықтың барлық қасиетіне ие. Бұл біздің қоғамдық біліміміздің барып тұрған оғаш бейшаралығының бірі: басқа елдерге, тіпті көп жағынан бізден білімі төмен басқа халықтарға баяғыдан белгілі ақиқаттар бізге енді-енді і ана айқын болып жатады. Және бұл біздің ешқашан басқа халықтармен бірге ілгері баспағанымыздан; біз адамзаттың улы әулеттерінің біріне де, Батысқа да, Шығысқа да жатпаймыз, олардың екеуінің де аңыз-жыры бізде жоқ. Біз уақыттан тыс өмір суретіндейміз, және адамзат баласының бүкіл дүниежүзілік білімі бізге соқпай өтті.

Адамзат идеяларының осынау ғасырлар бойғы ғаламат байланысының, адамзат парасатының әлемнің басқа елдерімде оны қазіргідей жағдайға жеткізген осынау тарихының бізге ешқандай ықпалы болған жоқ. Басқа халықтарда әлдеқашан өмірге енген нәрсе біз үшін әлі күнге дейін тек ақылдымсу, теория. Мысал жанымызда, дүниеде бар барлық игілік пен шынайылықты бойыңызға сіңірген, соншама еліктірерлік және соншама жан тебірентерлік таза сезім дарыған, осынша сүйкімді жаралған мына сіз, айтыңызшы, осы барлық; қасиеттер сізді қандай бір мақсатқа жеткізді ме? Сіз бүкіл ғұмырыңызды былай қойғанда, тіпті бір күніңізді толыққанды өткізуге көмектесетін нәрсені іздейсіз. Сізге басқа елдерде өмірдің осынау қажетті өлшемін құрайтын, күнделікті оқиғалар тізбегінде табиғи түрде орын алатын заттар: тән денсаулығына таза ауа қандай қажет болса, инсанияттық саулық үшін де сондай қажет нәрсе жетіспейді. Мен бұл арада инсанияттық немесе философиялық ережелер туралы емес, жай ғана өмірді жақсы өткізу туралы, ақылға қандай да бір еркіндік, жанға дұрыс серпін беретін әдеттегі нәрселер, дағдылар туралы айтып отырғанымды сіз түсінесіз.

Жан-жағыңызға қараңызшы. Бәрі де тынымсыз қозғалысқа сияқты. Біздің бәріміз жолаушылар сияқтымыз. Ешкімнің де белгілі бір тіршілік аясы жоқ, жөн-жосықты былай қойғанда, ешқандай жақсы салт та жоқ, тіпті отбасылық ұйысу жоқ; сізді матап ұстайтын, сіздің жанашырлығыңызды, тәуір көруіңізді оятатын ештеңе жоқ; тұрақты, даусыз ештеңе жоқ: сыртта да, өзіңізде де із қалдырмай бәрі өтіп жатыр, ағып жатыр. Үйде біз уақытша тұратындаймыз, отбасында өгей адамдардаймыз, қалаларда біздің далаларымызда кешіп жүретін тайпалардан бетер көшіп жүргендейміз, өйткені бұл тайпалар өздерінің шөлейттерін біздің қалаға маталғанымыздан әлдеқайда жақсы көреді. Бұл ескертпелер мардым сыз нәрселер деп ойлап қалмаңыз. Сорлылар! Өзіміздің басқа да қасіреттерімізге тағы бір жаңасын: өзіміз туралы жалған ұғым қасіретін жамап алуға тиіспіз? Таза pyx тіршілігіне қалай қол жеткіземіз! Әуелі бізге бұйырған осы тіршілікке парасатты өмір сүруді үйреніп алайық.

Барлық халықтарда күшті, жалынды, өздігінен жүріп жататын қызмет кезеңі болады. Сол кезде адамдар тәнімен де, рухымен де тынымсыз болады. Бұл ғаламат ұмтылыстар, ғаламат түйсіктер заманы. Сол кезде халықтар айқын-анық себепсіз-ақ қозғалысқа түседі; бұл келер ұрпаққа пайдалы Барлық қоғамдар сол кезеңнен өткен. Сол кезең оларға олардың күні кешегідей естеліктерін, олардың ғажаптарын, олардың поэзиясын, олардың барлық асқақ та жемісті идеяларын сыйлаған. Ол қоғамның өмірі үшін қажет. Онсыз халықтар есінде не қалар еді, олар неге жақын, неге құштар болар еді. онсыз олар туған жерінің күлін ғана қымбат тұта алар еді, Халықтар тарихындағы осынау өте бір қызықты дәуір олардың жастық шағының заманы; олардың қабілеттері барынша күшті дамитын заман, ол туралы естелік, әбден есейген шағында оларға әрі ләззат, әрі сабақ болатын заман. Бізде ондай ештеңе жоқ. Әу баста бізде жабайы тағылық, одан кейіп дөрекі соқыр сенім, одан да кейін жаулап алушылардың қатыгез, қорлық үстемдігі, қалдырған ізі күні бүгінге дейін біржола өшпеген үстемдігі болды. Біздің жастығымыздың шерлі тарихы осындай. Бізде осынау шексіз-шетсіз қызмет, халықтың инсанияттық күштерінің осынау поэтикалық ойып жасы мүлдем болған жоқ. Осы жасқа сәйкес келетін біздің қоғамдық өміріміздің дәуірі қараңғы, сүреңсіз, жайбарақат, жігерсіз тіршілікпен толтырылған. Жадымызда сиқырлы естеліктер жоқ, халық аңыздарында ғибраты күшті үлгілер жоқ. Басымыздан өткен барлық ғасырларды, біз мекендеп отырған жердің бүкіл кеңістігін шолып шығыңызшы, сіздің назарыңызды аударарлық бірде-бір естелік, өткенімізді қызықты, күшті, бейнелі көрсететін бірде-бір ескерткіш таппайсыз. Біз барлығына селқос, өткені мен болашағы жоқ қайдағы бір қыспақты кеңістікте өмір сүреміз. Егер де кей-кейде бірдеңеге қатысар болсақ, оның өзін де қалаумен, шынайы, өзекті қажет, игілікке жету мақсатымен істемейміз; біреудің қолынан көрген сылдырмаққа оның мағынасын да, қолданылуын да түсінбей ұмтылып, қолын созатын нәрестенің балалық аңғалдығы секілді істейміз.

Егер халықтың өмірі оның тіршілік етуінің алғашқы жылдарындағы бұлыңғыр өмірден дұрысырақ, жеңілірек, ыңғайлырақ болмаса, ол үшін шынайы қоғамдық дамудың әлі басталмағаны. Тіпті күнделікті қажет қоғам; өмір әлі арнаға түспеген қоғам қалай гүлденбек? Бұл арада инсаният дүниесі планетаның қазіргі күйінің алдында болған төңкерістер секілді бейберекет толқу үстінде болады. Біз әлі сол жағдайдамыз.

Сіресіп қалған надандықта өткен біздің тіршілік етуіміздің алғашқы жылдары біздің ақыл-ойымызда ешқандай із қалдырған жоқ. Бізде ой тиянақ ете алатын индивидуалдық ештеңе жоқ. Адамзаттың бүкіл дүниежүзілік өмірінен тағдырдың әлдене оғаш тәлкегімен ажырап қалған біз тіпті адамзатқа аңыздар арқылы жеткен идеялардан да ешқандай тәлім алғанымыз жоқ. Ал халықтардың жеке өмірі сол идеяларына негізделеді ғой; олардың болашағы, олардың инсанияттық білімі солардан бастау алады. Басқа білімді халықтармен теңесу үшін бізге адамзат баласының бүкіл тәрбиесін өзіміз үшін қайтадан бастауымыз керек. Бұл үшін біздің алдымызда халықтар тарихы мен ғасырлар ағысының нәтижелері жатыр. Әрине, бұл еңбек ұлан-ғайыр, бәлкім адамдардың бір ұрпағы оны жасай да алмас; бірақ ен алдымен маманы біліп алу қажет: мәселенің мәнісі неде, адамзат баласының тәрбиесі дегеннің өзі не, және дүниенің ортақ санында біз қандай орын аламыз.

Халықтар тек өткен замандардың өздерінің ақылына еткен қуатты әсерімен және өзге халықтармен жанасуымен өмір сүреді. Осылайша әрбір адам өзінің тұтас адамзатпен " байланысты екенін сезінеді.

"Егер алдыңғы заман туралы жадымыз, дейді Цицерон, қазіргіні өткенмен жалғастыра алмаса, адам өмірі деген не". Бұл дүниеге шатадан туған балалар секілді мұрасыз, бізден бұрын өткен адамдармен байланыссыз келдік, өткеннің бірде-бір тағлымды сабағын игермедік. Біздің әрқайсымыз біртұтас адамзатпен біріктіретін отбасылық үзілген жіпті өзіміз жалғауға тиіспіз. Басқаларда дағдыға, инстинктке айналған нәрсені біздің басымызға тоқпақтап сіңіру қажет. Біздің естелігіміз кешегі күннен әріге бармайды; біз, былайша айтқанда, өзімізге өзіміз жатпыз. Біздің замандар жолымен ілгерілеуіміздің оғаштығы сонша, біз жасаған әрбір қадамнан із қалмайды. Осының бәрі шын мәнінде сырттан әкелінген, еліктеуші білімнің салдары. Бізде төл, өзіндік ерекше даму, қисынды нәрсені жетілдіру жоқ. Ескі идеяларды жаңа идеялар жойып жібереді, өйткені соңғылары алғашқыларынан туындамайды, қайдан келетінін бір Құдай білсін, әйтеуір, қона кетеді; біздің ақыл-ойымызда олардың күшін құрайтын идеялардың дәйекті қимылының өшпейтін іздері жоқ, өйткені біз дамытылып болған идеяларды көшіріп аламыз. Біз өсіп келеміз, бірақ есеймейміз; алға жылжып келеміз, бірақ мақсатқа жеткізбейтін қайдағы бір жанама жолмен келеміз. Біз ойлауға мәжбүрленген балалар секілдіміз, есейген шағында оларда өзіндік ештеңе болмайды; олардың барлық білімі олардың тіршілігінің сыртында; олардың бүкіл жан дүниесі сыртта.

Халықтар да нақ адамдар сияқты инсаниятты тіршілік иелері. Олар, жылдар бойы қалыптасатын адамдар сияқты, ғасырлар бойы қалыптасады. Бірақ біз ерекше халықпыз деуге болады. Біз әлі адамзаттың қажетті бөлігін құрамайтын сияқты, ал уақыты жеткенде әлемге қандай да бір ұлы сабақ беру үшін тіршілік ететін ұлтқа жататын шығармыз. Осы тағдыр талайы өз пайдасын берерінде ешқандай күмән жоқ; бірақ оның қашан боларын кім білген?

Еуропа халықтарында бір ортақ әлпет, бір әулеттіліктің әлдене шуағы бар. Олардың латындық және тевтондық, оңтүстік және солтүстік тармақтарға бөлінуіне қарамастан, олардың арасында оларды біріктіретін ортақ байланыс бар, олардың жалпы тарихына тереңдеп үңілгендердің бәрі көре алатын байланыс бар. Бүкіл Еуропа "христиандық" деп аталғанына, осы атау оның жұртшылық құқығында орын алғанына көп болды ма? Бірақ осы ортақ сипаттан басқа, олардың әрқайсысының тарих пен аңыздар дарытқан өзінің ерек¬ше сипаты бар. Оның екеуі де сол халықтар идеяларының тектік мұрасын құрайды. Әрбір жеке адам осы мұраның жемісін пайдаланады; шаршамастан, қиналмай өмірлік жолында қоғамда бытырап жатқан мәліметтерді жинайды да, өз пайдасына жаратады. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз: бізде сіз қалай болғанда да бізді өмірде басқаратын бастапқы идеяларды көп таба аласыз ба? Байқайсыз ба, бұл жерде гәп ілім туралы, әдебиет немесе ғылым туралы емес; жай ғана ақыл-ойдың тоғысуы, баланы бесікте жатқанда-ақ баурайтын, оны ойын үстінде-ақ қоршап тұратын; анасы өз әлпештеуімен-ақ сіңіретін; әрқилы сезімдер түрінде ол дем алатын ауамен бірге оның жан дүниесіне жететін, сөйтіп ол қауым мен қоғамға енгенге дейін-ақ оның инсанияттық болмысын құрайтын идеялар туралы. Бұл нендей идеялар екенін білгіңіз келе ме? Олар борыш, заң, шындық, тәртіп идеялары. Олар қоғамның құрылуына жәрдемдескен оқиғалардан өрбиді, олар қоғамдық өмірдің қажетті бастаулары. Батыстың ауанын құрайтын міне осы; бұл тарихтан үлкен, психологиядан үлкен нәрсе: бұл Еуропалықтың физиологиясы. Осының бәрін сіз немен алмастырмақсыз.

Айтқанымыздан мүлде шүбәсіз бірдеңе шығарып, соған даусыз ереже негіздеуге бола ма, жоқ па - оны білмеймін; бірақ халықтың осынау оғаш жағдайы әрбір жеке адамның рухына қаншалықты күшті ықпал ететіні айдан анық, сол ықпал бойынша ол қоғамда бірінен соң бірі дамыған идеялар тізбегінің бірде-біріне, адамзат парасатының ортақ қозғалысына басқа ұлттарға тек көзсіз, үстірт және көбіне жаман еліктегендіктен қатысты деп ойлай алмайды. Осыдан-ақ сіз біздің бәрімізге тиянақтылық, әдіс, қисын біршама жетіспейтінін байқай аласыз. Батыстың силлогизмі бізге беймәлім. Біздің ең ақылды бастарда тиянақсыздықтан бетер бірдеңе бар. Ең жақсы идеялар, байланыс пен дәйектілік жетіспейтіндіктен, тұл елес секілді, біздің миымызда сал болып қалады. Ара салмақты теңестіру, оның алдындағымен және артындағымен байланыстыру құралын таба алмай адам абдырап қалады; ол кәміл сенім атаулыдан, табандылық атаулыдан айрылады; оны үздіксіз тіршілік ету сезімі билемейді де, дүниеде адасып кетеді. Мұндай адасқан тіршілік иелері барлық елдерде кездеседі, бірақ бізде бұл ортақ белгі. Бұл кездері француздар жазғырылған ақылдың тереңдігін де, ауқымын да теріске шығармай, тек барлығын да барынша оп-оңай түсіне кететін қаблетке ғана тәуелді, қарым-қатынасқа көбірек сүйкімділік пен ұнасым беретін жеңілтектік емес; жоқ! бұл тәжірибесіз де ертеңін ойламайтын өмірдің, бөлінбейтін, өз тегінен ажыраған баянсыз тіршілік бар екендігімен шектелетін өмірдің, даңқты да, әйтеуір бір ортақ идеяларды немесе пайданы таратуды тіпті отбасылық, мұралық мүдделерді де, қоғамда өткеннің жады мен болашақтың ұғымына негізделген қоғамдық өмір мен жеке өмірді құрайтын, дәстүр сыйлататын толып жатқан дәмелер мен үміттерді де ойламайтын өмірдің жеңілтектігі. Біздің басымызда ортақ ештеңе жоқ; ондағының бәрі іру-тіру, оның үстіне қате, жартыкеш. Тіпті біздің жанарымыздан мен төтенше тиянақсыз, ызғарлы қоғамдық баспалдақтың төменгі сатыларында тұрған халықтардың әлпетіне біршама ұқсас бірдеңені байқаймын. Басқа, әсіресе әлпет соншалық жанды, көп нәрсені ұқтыратын оңтүстік елдерде болғанда мен отандастарымды жергілікті халықпен талай рет салыстырғанда біздің әлпетіміздің осынау мылқаулығы мені әрқашан қатты таңдандыратын.

Жатжұрттықтар бізге әсіресе төмен таптарда өздері кездестірген біршама алаңсыз ержүректікті абырой етіп тағады. Бірақ халық сипатының бірнеше жеке көріністері бойынша олар бүтін халықты дұрыс таразылай алмайтын еді. Олар бізге кей-кейде батылдық беретін дәл сол бастау сонымен бір мезгілде бізді терең ойлауға да, орнықтылыққа да қабілетсіз ететінін көрмейді; олар материалдық қауіп-қатерлерге немқұрайдылық бізді сондай-ақ барлық жақсы нәрсеге, барлық жаман істерге, ақиқат атаулыға, жалғандық атаулыға немқұрайды ететінін, және сол арқылы адамдарды жетіле беру жолымен ұмтылдыратын біздегі барлық күшті қоздыруларды жойып жіберетінін көрмейді; олар осынау алды-артын ойламайтын батылдықтың пәрменімен бізде және жоғары таптарда, сорымызға қарай, басқа елдерде тек қана төмен тапқа жататын кеселдер бар екенін көрмейді; жас, әлі білімсіз халықтарда болатын кейбір жақсылықтарымыз бар болғанымен, біз жоғары білімнен ләззат алатын кемел халықтардың барлық абыройынан күр алақан қалғанымызды байқамайды. Мен тіпті де кеселдер бізде ғана, ал жақсылықтар еуропалықтарда дегім келіп отырған жоқ; Құдай сақтасын! Бірақ мен халықтар туралы дұрыс пікір айту үшін оларға нәр беретін ортақ рухты зерттеп білу керек деймін; өйткені олардың мінез-құлқының бірлі-жарым белгісі емес, тек осы pyx қана оларды мүлдем мінсіз инсанияттық ахуалға дейін, шексіз дамуға дейін жеткізе алады.

Бұқара қоғамның таңдаулы мүшелерінде дамитын ерек¬ше бір күштің ықпалында болады. Бұқараның өзі ойламайды; олардың арасында солар үшін ойлайтын, ұлттың жиынтық есіне түрткі болатын, сөйтіп оны алға ілгерілеуге мәжбүрлейтін ойшылдар болады. Ат төбеліндей адамдар ой үстінде болса, қалғандары сезінеді, сөйтіп ортақ қозғалыс көріне береді. Адамдықтан тек бет-әлпет қана қалған кейбір ұрпақтарды есептемегенде, бұл барлық халықтар жөнінде ақиқат. Еуропаның бастапқы халықтарында, Кельттерде, Скандинавтарда, Германдарда Друидтері, Скальдтары, Бардтары болды; олар, әлбетте, өз шама-шарқынша күшті ойшылдар еді. Құрама Штаттардың материалдық ағартушылығы қырып-жоюмен соншалықты ынты-шынтымен айналысатын Солтүстік Америка халықтарына қараңыз: олардың арасында ғаламат терең ойшылдар бар. Енді сізден сұрайын: біздің даналар, біздің ойшылдар қайда? Біз үшін қашан және кім ойлады, қазір кім ойлап жүр?

Шығыс пен Батыс арасындағы біздің орнымыз бойынша біз бір шынтағымыз бен Қытайға, екінші шынтағымызбен Германияға сүйеніп, ақыл-ойдың екі ұлы бастауын: қиял мен ақылды оз бойымызда біріктіруге тиіспіз ғой, өзіміздің азаматтық білімімізде бүкіл әлемнің тарихын ұштастыруға тиіспіз ғой. Бірақ біздің пешенемізге бұйырғаны ондай емес. Біз үшін ғасырлар тәжірибесі атымен жоқ. Өзіміздің жағдайымызға көз жүгіртіп шығып, адамзаттың ортақ заңы бізге арналмаған деп ойлауға болады. Дүниеде саяқ тұрған біз оған ештеңе бергеніміз жоқ, одан ештеңе алғанымыз жоқ, адамзаттың толып жатқан идеяларына бірде-бір идея қосқанымыз жоқ; адамзаттың ақыл-ойының жетілуіне жәрдемдескен жоқпыз, осынау жетілу бізге жеткізгеннің бәрінің өңін айналдырып жібердік. Біздің қоғамдық тіршілігіміздің бүкіл барысында біз адамдардың ортақ игілігіне ештеңе қосқанымыз жоқ: біздің тұл топырағымызда бірде-бір пайдалы ой өсіп шыққан жоқ; біздің арамызда бірде-бір ұлы ақиқат туындаған жоқ. Біз езіміз ештеңе ойлап шығарған жоқпыз, басқалар ойлап тапқандардың бәрінен тек қана алдамшы сыртқы кейіп пен пайдасыз сән-салтанатты қабылдадық.

Таңқаларлық нәрсе? Тіпті бәрін қамтитын ғылым дүниесінде біздің тарихымыз бәрінен қол үзген, ештеңені түсіндірмейді, ештеңені дәлелдемейді. Егер әлемді қалтыратқан варварлар ордасы Батысқа тасқындай құйылудың алдында біз мекендеп отырған елдің үстінен өтпегенде, біз дүние жүзілік тарихқа бір тарау да қоспаған болар едік. Өзімізге назар аударту үшін біз Беринг бұғазынан Одерге дейін таралуға тиісті едік. Бір кездері ұлы патша бізді ағартуға құштар ету үшін бізді білімді еткісі келді, бізге өркеният мантиясын ұсынды: біз мантияны алдық, бірақ ағартуға жолаған жоқпыз. Тағы бір жолы басқа бір ұлы патша бізді Еуропаның бір шетінен екінші шетіне дейін жеңімпаздар ретінде өткізді; біз дүниенің аса білімді елдерін көктеп өттік, ал үйімізге не әкелдік? Бізді тағы да жарты ғасырға шегіндіріп тастаған жалғыз жаман ұғымдарды, тажалды адасуларды әкелдік. Білмеймін, қанымызда жұртты жирендіретін, жетілуге дұшпан бірдеңе бар шығар. Тағы да қайталайын: біз бұлыңғыр болашақ замандардағы ұрпақтарымызға ұлы сабақ болатын өмір сүрдік, өмір сүріп жатырмыз, олар соны сөзсіз пайдаланады, бірақ дәл қазіргі кезде, қалай десек те, біз парасат қатарындағы ойсырап тұрған орынды құраймыз. Мен үшін біздің тіршілігіміздің осынау қуыстығы мен іру-тірулігінен өткен таңқаларлық ештеңе жоқ. Әрине, бұған ішінара түсініп болмайтын бір тағдыр кінәлі; бірақ инсанияттық дүниеде жасалатын нәрсенің бәріне жәрдемі болуға тиіс адамдардікі де дұрыс емес. Тағы да тарихқа үңілейік: ол халықтардың болмысын бәрінен жақсы түсіндіреді.

Солтүстік халықтарының варварлығымен аяусыз күресте, діннің асқақ ойынан жаңа құрылымның ғаламат ғимараты тұрғызылып жатқанда біз не істедік? Мейірімсіз тағдырдың жетегіне еріп, біз инсаниятпен ақыли ағарудың алғашқы ұрықтарын азғындаған, барлық халықтар менсінбейтін Византиядан көшіріп алдық. Ұсақ-түйек әбігершілік оны жаңа ғана бүкіл дүниежүзілік бауырластықтан бөліп тастаған болатын; біз одан адамның нәпсісі бұрмаланған идеяны қабылдадық. Сол кезде бірліктің нәр беретін бастауы бүкіл Еуропаға жігер беріп тұрған-ды. Онда барлығы да осы бастаудан шығатын, бәрі шоғырланып жатқан; ақыл-ой қозғалысы атаулы адамзат ойын біріктіруге күш жұмсаған, ниет атаулы бүкіләлемдік бір идеяны табудың қуатты қажеттілігінен өрбіді: ең жаңа заман рухын құрайтын да нақ осы болатын. Осынау ғаламат бастауға жат біз жаулап алушылардың олжасына айналдық. Жат жұрттық езгіні жойғаннан кейін, біз сол тұста батыстық бауырларымызда дамыған идеяларды пайдалана алатын едік; бірақ біз ортақ шаңырақтан қол үзіп қалған болатынбыз.

Бүкіл Еуропаны тұмшалаған түнекті осы кезде қаншама жарық сәулелер тілгілеп жатты десеңізші! Қазір адам ақылы мақтаныш ететін танымның көп бөлігін сол кездегі ойшылдар алдын ала сезіп-білген-тін; ең жаңа қоғамның сипаты анықталған-ды; христиандар әлеміне тек сұлулық жетіспейтін және ол оны мәжусилердің ежелгі дүниесінен таба алды. Біз болсақ, шөл секілді даламызда қымтанып алып, Еуропада болып жатқан нәрседен мүлдем бейхабар қалдық. Біз әлемнің ұлы ісіне араласқан жоқпыз. Біз ең жаңа ұрпақтарға дін нұрын шашқан жаңа ерліктерге жат болып қала бердік, ол ерліктер есті көзбен қараған адамға сол ұрпақты ежелгі халықтардан биік қойды, ал ежелгі халықтар Готтентоттар мен Лапландықтардан биік тұрған еді. Дін парасатын байытқан осынау жаңа күштер бізде дамымады; бұл қарусыз билікке мойынсұнудан өзінің алғашқы қауымдық айуандығынан айрылған құлық момындығы еді. Христиан деп атануымызға қарамастан біз орнымыздан қозғалған жоқпыз, ал батыс христиандығы оның құдай сынды негізін қалаушы сызып берген жолмен бар айбынымен жүріп бара жатты. Әлем қайта құрылып жатты, ал біз бөренелер мен балшықтан тұрғызылған лашықтарда қалт-құлт күн кеше бердік. Қысқасы, адамзаттың жаңа тағдыры біз үшін жасалмапты; христиан болған біз үшін христиандық жемісі піспепті.

Осыдан кейін, айтыңызшы, соншалықты баяу дамыған еуропалық ағартуды біз үйрене аламыз, оның үстіне бір ғана инсанияттық күштің тікелей де айдан анық ықпалымен бірден, тіпті әдеттегідей ізденіспен бас қатырмай-ақ үйрене аламыз деген біздегі баршаға ортақ дерлік топшылау әділетті дей аласыз ба?

Христиандықтың таза тарихи тұсын; ол адамдар үшін не істегенін және тағы не жасауға тиіс екенін көрсете отырып, оның бүкіл философиясын қамтитын және оның догматикасының қажетті бөлігін құрайтын тұсын байқамайтын адам христиандықтан түк те түсінбейді. Осылайша христиан діні адам ақылының өтпелі пошымдарынан көрініс тапқан инсанияттық жүйе ғана емес; қайта құдай берген, мәңгілік, ақыл-ой әлемінің барлық кеңістігінде қарекет жасайтын күш; көзге түсетін қарекеті бізге мәңгі сабақ қызметін атқаратын күш болып табылады.

Христан дүниесінде, ал шын мәнінде жер бетінде мінсіз тәртіп орнатуға бәрі де қажетті түрде жәрдемдесуге тиіс, және іс жүзінде жәрдемдесіп те келеді. Басқаша болса, нақты болмыс Христтің сөзіне сәйкес келмес еді: ол ақырзаманға дейін өз шіркеуінің тап ортасынан орын алмас еді. Күнәдан арылу жолымен жүзеге асуға тиісті жаңа тәртіп, Құдай патшалығы бұрынғы, күнәдан арылу жоюға тиісті тәртіптен, жамандық патшалығынан өзгешеленбес еді: онда философия армандайтын және жалғандығын тарихтың әрбір парағы әшкерелейтін жалғыз ғана қиялдағы жетілу; материалдық тірліктің мұқтаждарын ғана қанағаттандыратын, егер адамды бір кездері біршама биікке көтерсе де, оны кейін терең шыңырауға лақтырып тастау үшін ақылдың пендешілік толқуы ғана орын алар еді.

Бірақ сіз дау айтарсыз: біз христиандар емеспіз бе, білім алу тек еуропалық үлгіде ғана мүмкін бе? Біздің христиан екенімізде дау жоқ: алайда Абиссиниялықтар да христан емес пе? Әлбетте, Еуропадан басқаша да білім алуға болады: Жапондар білімсіз бе, егер біздің отандастарымыздың бірінің сөзіне сенер болсақ, бізден әлдеқайда білімді емес пе? Бірақ сіз Абиссиниялықтардың христиандығы және Жапондардың білімдарлығы мен әлгінде ғана айтқан тәртіпті, адамзаттың түпкі мақсатын құрайтын тәртіпті қайта құра алады деп қалайша ойлайсыз? Сіз құдайшылдық және адамшылық ақиқаттардан осынау бейшара ауытқулар көкті жерге түсіре алады, деп қалайша ойлайсыз.

Христиандықта бірі екіншісінен күрт өзгешеленетін екі бағыт бар: бұлар адамға ықпал және бүкіләлемдік парасатқа ықпал. Олардың екеуі де Жоғары Парасатта бірігіп бір ғана мақсатқа жетелейді. Бірақ біздің шектеулі жанарымыз өзінің барысында Құдай кемеңгерлігінің мәңгілік жоспарлары жүзеге асуға тиіс уақытты қамти алмайды. Сондықтан біз аталмыш уақытта адам өмірінен көрінетін құдай ықпалын тек шексіздіктен көрінетін ықпалдан айыра білуге тиіспіз. Әрине, күнәдан арылудың ұлы құпиясы түпкілікті ашылатын күні барлық жүректер мен барлық ақылдар бір сезім мен бір ойға айналады, халықтар мен діндерді бөліп тұрған барлық кедергілер жойылады, бірақ қазіргі кезде әрбір адам христиандардың ортақ міндеті аясындағы өз орнын білуге, яғни ол және оның айналасындағылардың бәрі бүкіл адамзатқа бұйырылған түпкі мақсатқа жетуге немен және қалай жәрдемдесе алатынын білуге тиіс.

Сондықтан қажетті түрде идеялардың ерекше шеңбері болуға тиіс, онда осынау ақтық мақсатқа қол жететін, яғни оянған ой пісіп жетіліп, өзінің бүкіл толық кемеліне жететін қоғамның ақыл-ойы қозғалып тұруға тиіс. Идеялардың осынау шеңбері, осынау инсанияттық өріс қоғамға тіршілік етудің ерекше тегін берді, сол қоғамның ерекше көзқарасы, сол қоғамның әрбір бүтіні үшін біз жөнінде де, еуропалық емес басқа халықтар жөнінде де мүлдем бірдей болмайтын көзқарасы, олардың болмысының бірдей тәсілін құрайды: бұл көзқарас он сегіз ғасырдың орасан ақыли жұмысының, барлық нәпсілер, барлық олжалар, барлық қасіреттер, барлық армандар, парасаттың барлық күш-жігері катысқан жұмыстың салдары.

Еуропаның барлық халықтары сол ғасырлардан қол ұстасып өтті, және қазіргі кезде барлық кездейсоқ ауытқуларға қарамастан, олар әрқашан сол баяғы бір соқпақта ұшырасады. Осы халықтардың ұяластық дамуын түсіну үшін тарихты оқып-зерттеп жатудың тіпті де қажеті жоқ: тек Тассаны оқып шығыңыз, сонда сіз олардың бәрінің Иерусалим алдында қалайша бас иетінін көресіз; олардың он бес ғасыр бойы құдайға бір тілде құлшылық еткенін, бір ғана инсанияттық билікке бағынғанын, бір ғана кәміл сенімде болғанын еске алыңыз; он бес ғасыр бойы олар жыл сайын, өзгермейтін бір күні, өзгермейтін бір сағатта, өзгермейтін бір ғана сөздермен барлығы кенеттен ең Ұлықтың атына мадақ гимнін арнап, оның ең ұлы жақсылығын әспеттейтінін еске алыңыз: бұл ғажап концерт физикалық дүниенің барлық жарасымынан мың есе асып түсетін көркі бар, мың есе асып түсетін асқақтығы бар концерт! Сонымен еуропалықтар тұратын осы¬нау өріс, адамзат баласы өзінің түпкі мақсатына қол жеткізе алатын жалғыз өріс, діннің жемісі болса; егер керісінше қаскөй жағдайлар христиандықтың қоғамдық идеясы дамып, белгілі пошымдарға ие болған ортақ қозғалыстан бізді шеттетіп тастаса; егер осынау себептер бізді христиандықтың барлық ықпалын пайдалана алмаған халықтар категориясына лақтырып тастаса, онда барлық мүмкін болатын тәсілдермен біздің бойымыздағы сенімді оятуға тырысуға тиіс екеніміз айдан анық емес пе? Менің адамзат тегінің бүкіл тәрбиесі бізде қайта басталуға тиіс дегендегі айтпағым осы еді. Жаңа қоғамның бүкіл тарихы пікір саласында жасалады. Демек, нағыз тәрбие осында. Осы бастауға негізделген жаңа қоғам тек оймен ғана ілгерілейді. Табыс әрқашан идеялардан түскен, бірақ ешқашан олардың алдын орай алмаған. Пікірлер табыс туғызған, бірақ табыс ешқашан пікір туғызған емес. Батыстың барлық табыстары шындап келгенде инсанияттық табыс болды. Ақиқат іздеп, дәулет тапты. Жаңа қоғам және оның пайда болу құбылысы осылай түсіндіріледі; әйтпесе ол мүлдем түсініксіз болып қала береді.

Жаңа тарихтың алғашқы жүз жылдықтарын сенім үшін қуғындау, азап шегу, христиан дінінің таралуы, дінбұзарлық, соборлар құрайды. Бүкіл осынау дәуірдің қозғалысы, варварлар шапқыншылығын қоса, әлі балалық шақтағы ең жаңа парасаттың күш-жігерімен тығыз байланысты. Екінші дәуірді иерархияның пайда болуы, рухани биліктің шоғырлануы және Солтүстікте діннің үздіксіз таралуы құрайды. Содан кейін діни сезімнің ең жоғары дәрежеге дейін күшеюі және діни биліктің нығаюы келеді. Бұл тарихты діннің ықпалымен ақылдың философиялық және әдеби дамуы және құлықтың қалыптасуы аяқтайды, дәл ежелгі сүйікті халықтың (автор "құдай сүйген халық" деп аталатын көне еврейлерді айтып отыр - Ред.) тарихы сияқты оның да қасиетті атануға әбден құқығы бар. Ақыр соңында, қоғамның қазіргі жағдайы да өз сипатын діни қарсылықтан, адам рухына дін берген жаңа бағыттан алды. Осылайша, ең жаңа халықтарда бірден-бір қуатты қайраткер - пікір еді деуге болады; ол барлық материалдық, оң ыңғайдағы және жеке табыстарды бойына жиып алды. Білемін: адамзаттың ықтимал мінсіздікке осынау ғажайып ұмтылысына тәнті болудың орнына оны фанатизм, соқыр сенім деп атады. Бірақ не десе де, ойлап көріңізші, бір ғана сезіммен жасалған жұртшылықтың осынау дамуы жақсы жағынан да, жаман жағынан да сол халықтардың мінез-құлқында қаншалықты күшті таңба қалдырар еді. Үстірт философия, сенім үшін соғысқа қарсымыз, төзімділіктің жоқтығынан лапылдаған тірідей өртеуге қарсымыз деп бақыра берсін: біз тек пікірлердің осынау шайқасында, ақиқат жолындағы осынау қиян-кескі күресте өздеріне идеялардың тұтас бір дүниесін, бізде топшыланатынындай, жан-тәнімізбен еніп кету былай тұрсын, қиялымызбен де елестете алмайтын дүниені жасаған халықтарға қызғанышпен қарай аламыз.

Тағы қайталаймын: Еуропада бәрі де ақылға қонымды, жақсы, діндар болған жоқ; бірақ онда бәріне де тұтас бір ғасырлар бойы жеке-дара билеп-төстеген жұмбақ күш арқау болған; онда бәрі де нағыз қоғамды тудырған идеялар мен құбылыстардың шексіз ұйысуының салдарынан болды. Коп дәлелдердің бірі мынау. Бет әлпеті басқалардан айқын ерекшеленетін, бар тірлігіне неғұрлым жаңа рух өзек болған халықта, қысқасы Ағылшындарда бір ғана дерлік діни тарих бар. Олардың қазіргі әл-ауқатынан бұрын болған Карл I мен Кромвельдің аласапыран дәуірі, және сол әл-ауқатты туындатқан оқиғалардың Генрих VIII-ге дейінгі ұзын-сонар тізбегі дегеніміз таза діни даму емей, немене? Бүкіл осынау кезеңде таза саяси табыс екінші қатардағы қозғаушы күш, және көбіне мүлде жойылып кетеді, немесе пікір үшін кұрбандыққа шалынады. Тіпті мен осы сөздерді жазып отырған сәтте осынау құдай беріп қойған жерді не толқытады? Діни олжалар. Қысқасы, Еуропада өзінің ұлттық санасынан, егер тек іздегісі келсе, осынау ерекше бастауды, оның бүкіл тіршілігінің барысында қасиетті ой түрінде нәр беретін қайраткер болған, қоғамдық болмыстың жаны болған бастауды і аба алмайтын халық бар ма?

Христиандықтың ықпалы тіпті де оның адамдар санасына төте де тікелей ықпалымен шектелмейді. Оның ғаламат міндеті адамзат өз қызметінің барлық бағыттарына мүмкін өpic

табуға тиіс көптеген инсанияттық, ақыли және қоғамдық ізденістердің салдары болуға тиіс. Осыдан-ақ түсінікті, біздің дәуіріміздің алғашқы күндерінен, немесе абзалы, Құтқарушы өзінің мүридтеріне: "барыңдар, барлық мақұлықтарға інжілді уағыздаңдар" деген сәттен бастап болғанның бәрі, соның ішінде христиандықтың қудалануы да бар, оның ықпалы жөніндегі ортақ ұғыммен астасып жатыр. Христос тың пайғамбарлық хадистерінің шын мәнінде жүзеге асқанына көз жеткізу үшін оның патшалығының барлық жерде адамдар жүрегінен орын алғандығының көріністеріне, саналы немесе бейсана, ерікті немесе еріксіз көріністеріне бір қарап қою жеткілікті. Осылайша, қазіргі еуропалық қоғам дағы барлық кемістіктерге, барлық жамандық пен кесепаттарға қарамастан, онда Құдай патшалығының ішінара жүзеге асқандығы даусыз, өйткені, онда шексіз жетіле берудің бастауы және оны жер бетінде түпкілікті жүзеге асыру үшін пайда болуы қажет нәрсенің барлығының ұрығы мен бастапқы көріністері бар.

Енді діннің қоғамға ықпалы туралы осынау толғамымды өзім әлдеқайда бұрын жазған, сізге белгісіз бір мақаладан үзінді келтіре отырып қайыруға рұқсат етіңіз:

"Адам ойы христиандықпен қандай түрде болса да, жанасып қалатын барлық жерде, дегенмін мен, христиандық тың ықпалын байқамайтын, тіпті оған қарсы шығатын адамның ол туралы шын түсінігі жоқтығына ешқандай күмән жоқ". Христостың аты аталған барлық жерде, осы бір есінің өзі адамдарды олардың еркіне қарсы еліктіріп әкетеді Осынау діннің Құдай тарапынан берілген бастауын даусын әлемдіктің осынау жарқылынан артық білдіре алмайды, осынау жарқыл арқылы ол жан дүниесіне барлық мүмкін болатын тәсілдермен енеді; тіпті ақыл-ой оған барынша қар сылық көрсетіп тұрғандай кездің өзінде оны билеп алады парасатқа осыған дейін беймәлім ақиқатты жеткізіп, жүректе осыған дейін ол білмеген түйсіктерді оятып, өзімізге байқатпай-ақ бізді ортақ тәртіпке енгізетін сезімдерді сіңіріп бағындырады. Осылайша, ол әсіресе әркімнің қарекет шеңберін анықтап береді, сонымен бір мезгілде баршаның қарекетін бір мақсатқа жұмылдырады. Христиандықты осы тұрғыдан қарастырғанда Христостың пайғамбарлық хадистерінің қайсысы бедерлі ақиқатқа айналады. Осыдан адамның қызметіне ештеңемен шектелмей туа біткен күштерінің ешқайсысын тұншықтырмай, қайта оларды еселей түсіп, шексіз биікке дейін көтеріп, адамды жазмышты міндетіне жетелейтін, оның құдірет біткен қолы іске қосатын барлық тұтқалардың ойынан анық көруге болады. Инсанияттық бастаулардың бірде-бірі текке қарап жатпайды; ол ойдың барлық қабілетін, сезімнің бүкіл жалынды кеңейгіштігін, күшті жанның батырлығын және мойынсұнған ақылдың адалдығын пайдаланады. Парасат біткен тіршілік иесі атаулыға түсінікті, ол жүрегіміздің әрбір дүрсілімен бірігіп кетіп, бәрін сіңіреді, өсе түседі, тіпті көлденеңдеген кедергілермен нығая түседі. Данышпан адаммен бірге ол басқалар жете алмайтын биікке көтеріледі: жасқаншақ ақылмен бірге жер бетінде асықпай аяңдайды; сөзсіз терең ойлайтын ақылда, қиялы бай жанда сансыз бейнелер туындатады; нәзік, сүйіспеншілік толы жүректе мейірімділік пен сүйіспеншілік болып көрінеді. Ол әрқашан өзіне берілген парасатпен бірге адымдап, оған қуат, жылылық, айқындық береді. Қараңызшы, ол қозғалысқа келтіретін табиғат қаншалық алуан түрлі, күш-қуат соншалық мол; жалғыз ғана идея жолында қаншама әрқилы қайраткерлер біртұтас болып бірігеді, бір-біріне мүлде ұқсамайды қаншама жүректер дүрсілдейді!

Христиандықтың ортақ ықпалы одан да ғажап. Жаңа қоғамның толық кемеліне келген бейнесіне көз жүгіртіңізші, сонда сіз христиандық адамзаттың бүкіл олжасын төл олжасына айналдыратынын; заттық қажеттілікті барлық жерде инсанияттық қажеттілікпен алмастыратынын; ой ағысы дүниесінде басқа дәуірлердің, басқа қоғамдардың тарихынан сіз кездестірмейтін осынау ұлы жарыссөзге дем беретінін; халықтардың тұтас бір өмірі бір ғана ұлы идея, бір ғана ұшы-қиырсыз сезіну болатын сұмдық пікір тартысын тұтандыратынын шын көресіз. Сіз бәрін де: жеке өмір мен қоғамдық өмірді де әулеттерді де, отанды да, ғылымды да, поэзияны да, ақылды да, қиялды да, естеліктерді де, үміттерді де, тәнтілікті де, күйінішті де сол, тек қана сол жасағанын көресіз. Жанының түкпірінде өз қарекеттерін әлемнің осы ұлы қозғалысында, Құдайдың өзі қозғау салған қозғалыста деп түсінетіндер бақытты жандар!"

Бірақ сізге бет бұратын уақыт та келді, бәйбіше. Мойындайын, осынау ортақ көзқарастан көз аударып әкету маған қиын. Осы биіктен менің көз алдыма келетін картина мен үшін бүкіл жұбаныштың қайнар көзі. Адамзаттың болашақ бақытына тәтті сенім, мені қоршаған аянышты тіршіліктен тұншыққанда, мен тап-таза мөлдір ауамен тыныстағым келгенде, түйір бұлт жоқ ашық аспанға қарағым келген кезде, менің жанымды жадыратады. Айтпақшы, мен сіздің шыдамдылығыңызды жамандыққа пайдаланбаған сияқтымын. Ең алдымен сізге христиандық әлемге және біздің дүниедегі біздің қарекеттерімізге қалай қарау керектігі жөніндегі көзқарасымды білдіру қажет болды. Бәлкім сізге мен өзімізге тым қатты тиісетін секілді болып көрінермін; олай емес, мен ақиқатты айттым, және әлі толық ақтарғаным да жоқ. Айтпақшы христиандық рухы ешқандай көрсоқырлыққа, оның үстіне халықтың соқыр сеніміне төзбейді, өйткені олар адамдарды бәрінен жаман ажыратады.

Бұл хатымды біршама созып алдым. Басында мен бәрін де бір-екі ауыз сөзбен жеткізермін деп ойлап едім, кейін бұл мәселені қарастыру тұтас бір томды құрай алатынын байқадым. Сіз маған менің пікіріммен келісер-келіспесіңізді жазып жіберіңіз. Қалай болғанда да, сіз менің екінші хатымнан қашып құтыла алмайсыз, өйткені біз толғамымыздың пәніне енді ғана кірістік...


Некрополис 1829,17-желтоқсан
"П. Чаадаевъ. Философическія письма. Казань,1906" 
басылымынан қазақшалаған Әміржан ҚАЛИ.


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...