ВИНСЕНТ ВАН ГОГ. БОЛАШАҚТЫ ДӘЛ ҚАЗІРГІДЕЙ ҚАРАҢҒЫ КЕЙІПТЕ ЕЛЕСТЕТПЕППІН

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3723

Алқау сөз

Жақындарымен хат жазысып, күнделік түртіп, қылқаламның қыр-сыры, өзіне жұққан сурет өнері, артына қалдырған ұлы туындыларының қашан, қандай жағдайда кенепке қонғаны туралы із тастаған суретшілер саусақпен санарлық. Бұл тараптағы тізімді Микеланджело мен Леонардо да Винчи, Делакура және Кандинскилермен шолақ қайыруға тура келеді. Ал енді сөз төркіні – Ван Гогтың ағасы Теоға жазған хаттарына келсек, бұл өзі адами болмыс туралы теңдессіз құжат. Суретшінің өзімен-өзі тілдескен, тіпті әлемді қойып, Құдаймен арадағы жуыр маңда аяқталып болмайтын ғаламат диалог дер едік.

Карл Ясперс

Голланд кезеңінен...

1878 жылдың аяққы күндерін Винсент кеншілерге Інжілді оқып, науқастардың басы-қасында болумен Патюраж деревнясында өткереді. Ал келер 1879 жылдың қаңтарында көптен күткен Вамедағы уағызшының орнын басады-ау. Винсент бұл уақытта кеншілердің ауыр тұрмысы мен күтімсіз жұмыс жайына, шахтадағы қайғылы апаттар мен жұрт арасын жайлаған індет, шарасыз ереуілдерге әбден мелдектеп болған. Сөйтіп Інжіл уағызының адамдарға аса қайыры жоғын түйсініп, сөзден іске көшеді. Жарлы-жақыбай мен науқастарға ақшасы мен киім-кешегін, тағы қаншама мүлік-мүкімалын таратып береді. Тіпті көрпе-жастығына дейін үлестіреді. Жұмысшылардың зарын айтып, шахта қожайындарының құлақ етін жейді. Ақыры қол астындағы қызметкерінің мұндай әрекетіне жарты-ақ жыл шыдаған шіркеу басшылығы, шілдеде Винсентті уағызшы міндетінен босатады. Сөйтіп, енді Винсенттің өз басын аса ауыр күндер шырмайды. Жұмыссыз тентіреп кетеді. Қаражат және жоқ. Баспана туралы сөз қозғаудың өзі артық. Онсыз да жаны күйзеліп жүргенде жығылған үстіне жұдырық болып, масылдығын бетіне басқан ет жақындарымен, екі жақты татуластыруға тырысқан ағасымен сөзге келеді. Ақыры ауыл-аймақпен хат жазысуды қояды. Содан қайтып арада тоғыз ай өтіп, 1880 жылдың шілдесінде ғана Теоға халын айтып хат жолдапты. Бұл уақытта Винсент Боринаждағы саяхат деуге де келмейтін қаңғырыс салдарынан мүлдем басқа адамға айналған болатын. Суретші болам деген арманы қабындап тұрған. Айналадағы құбылыстарды қаз-қалпында кенепке қондыра бастаған шақ. Өкінішке қарай, тап сол кезеңдегі туындылары ұшты-күйлі.

"Картоп жеу"

1980. Шілде.

Біраз жайтқа байланысты өзіңе көптен бері хат жазбаған едім, қазір де қауырсын қаламды құлшына қолға алғаным шамалы. 

Сен маған жат болып кеттің, өзіңнің де іштартып отырғаның шамалы шығар; хат жазысуды біржола доғаруымыз керек-ау. Өзіңе қазір де хат жазбай-ақ қояр едім, сен мені мәжбүрлеп отырсың. 

Маған елу франк салған екенсің, Эттенде жүріп білдім. Не айтам, қабыл алдым, әрине аса күйінішті жағдайда. Бас тартарлық сиқым да жоқ еді, астаң-кестеңім шығып, әбден тығырыққа тірелген кезім...

Естіген шығарсың, Боринажға қайтып бардым. Әкем Эттеннен ұзамай-ақ қойсаңшы деп біраз үгіттеп еді, бой бермедім, соным дұрыс болды-ау деймін. Үйдегілер қолымнан бірдеңе келетініне, маған арқа сүйеуге болатынына күмәнді; осыдан кейін біреуге қайтіп те болсын пайдам тиеді-ау дей алар ма екем? 

Сол себепті де ең пайдалы, ең дұрыс, өзім үшін ең ақылды шешім қабылдауға мәжбүрмін – үйдегілермен алыстан сыйласқаным жөн болар деп, көз көрмес, құлақ естімеске кетіп тындым, құдды жер бетінде жоқ сияқтымын... 

Мен сезімтал, зерек әрі артынан азды-көпті өкініші ере жүретін біраз албырт шешімдерге ұшыраған адаммын. Сабыр сақтап, әліптің артын бағудың орнына абың-гүбің шешім қабылдап, аузыма келгенді іркіп қалмайтын кезім көп. Бірақ жаңғалақтық тек менің ғана басымдағы жайт емес шығар.    

Солай-ақ болған күнде, не істей алмақпын? Өзімді қауіпті әрі ештеңеге икемі жоқ адам санауым керек пе? Жоқ. Бар болғаны қалайда бойымдағы құштарлық атаулының емін табуым керек. Айталық, асқан кітапқұмармын, құдды адамның ас-суды қажетсінуі секілді, білім алуға ынтығамын да тұрам. Сен бұны өзің де түсініп отырсың. Басқа ортаға, сурет не өнер туындыларының қоршауына түскенде, өзің білетіндей, құдды ғашығымды көргендей сұқтанып, бойымды буырқаныс кернейтін. Оған бола опынып отырғам жоқ. Елді сағынам. Басқа емес, тек суреттер елі болғаны үшін ғана. 

Есіңде ме, Рембрандтың не екенін, Милле, Жюль Дюпре, Делакруа, Миллес әлде М.Марис дегеннің не екенін жақсы білетінмін (шамасы, қазірде солай). Енді ол орта менде жоқ-ақ болсын, алайда жан деген нәрсе бар, білетіндердің айтуынша, ол ешқашан өлмек емес, ол мәңгілік әрі мәңгі жоқтап өтеді, мәңгілік, мәңгілік және тағы да мәңгілік. Сол себепті де елді ойлап жүдемедім, қайта өзімді «қайда да болсын Отан, атамекен бар» деп қайраумен болдым.   

...Қолда бар кітаптарды шама-шарқымша байыптап оқып жатырмын, айталық, Библия мен Мишленің «Француз революциясын»; сосын, өткен қыста Шекспирді, В.Гюго мен Диккенстен бірдеңелер, Бичер-Стоу; жақында ғана – Эсхил мен классикаға жақын авторларды, «толымсыздар» санатындағы ұлы шеберлерді. «Толымсыз» шеберлер санатына кімдерді жатқызатынын өзің де жақсы білесің ғой. Фабрициуса мен Бида! Алайда мұндай іске басымен кеткен адам кейде өзгелерге қолайсыз әсер етеді, shocking саналады, және өз қалауынсыз да, осы не басқа дәрежеде әйгілі әлеуметтік формаға, дәстүр мен талапқа жақпайтын күнә жасайды. 

Бұл шынында кейде кісіні қыңырлыққа бастайтыны өкінішті! Сен, мәселен, жақсы білесің, көбіне ұқыпсыз киінетінімді; мен мұны мойындаймын және мұным shocking екенін де мойындаймын. Бірақ түсін, бұған қолдың қысқалығы кінәлі, сондай-ақ жасықтықтың да әсері бар; қысқасы, кейде киімнің ұқыпсыздығы да пайдалы – өзіңмен-өзің жеке қалуыңа септеседі. Ал мұның маңызы орасан, егер сен өзіңді шын қызықтырған нәрсемен қалауыңша айналысуың керек болса. 

"Етік"

Сен бәлкім: «Ал сен неге өзіңе оң бағыт сілтеген жолмен – университеттік білім жолымен жүрмедің?» деп сұрайтын шығарсың. Бірден айтайын – бұл өте қымбатқа түседі, және айтайын, мұндай болашақтық бағдар менің өз ізімнен өзім қуып жеткен қазіргімнен артық емес. Бірақ бұл жолда да мен тек алға жылжуым керек. Егер мен ештеңе істемесем, оқымасам, ізденбесем – онда өлгенім әрі мен үшін зор қайғы!   

Дүниеге мен осылай қараймын. Алға, алға – бастысы осы. 

«Сондағы соңғы мақсатың не?» дерсің тағы. Мақсат жүре келе анықталады, баяу, бірақ дұрыс қалыптасады: сұлба эскизге айналады да, эскиз тек іске шын кірісіп, өзіңнің алғашқы бұлыңғыр ойыңды енді анық аңдап, шын айқындап, терең қаузағанда барып картинаға айналмайтын ба еді... 

Біліп қой, Евангелияға қызмет еткеннің де қарекеті суретшілермен істес болғанмен бірдей. Мұнда да өзінің ескірген академиялық мектебі бар, мұнда да ол кейде жиіркенішті әрі деспотқа бастайды; бір сөзбен айтқанда, мұнда да үмітсіздік пен мұң салтанат құрған, мұнда да соқыр сенім мен қысас шарттан қорған тұрғызып, сауыт жамылған адамдар бар, шаруаны өз қолына алған ондайлар қай орынға кімнің лайық екенін анықтаумен қатар, өз ізбасарларын қолпаштап, өзге жұртты шеттету жолында тұзақ құрудан шаршамайды. Менің де қазір еш орынға лайықты болмауымның, және бұл көп жылға созылуының бір себебі осы, көзқарасымның бөлектігі, өздері секілді ойлайтындарға орын үлестіргіш «құдыреттілермен» аужар бола алмауым. 

Мұның бәрін саған не үшін жазып отырмын? Мұң шаққаным немесе бір нәрседе азды-көпті кінәлі болып қалып, ақталғаным емес, бар болғаны саған мынаны айту үшін. Өткен жазда келгеніңде екеуміз иен қалған «Колдунья» шахтасында қыдырып жүрдік. Сонда сен екеуміз баяғыда тап осылай ескі арық пен рейсвейск дирменінде де қыдырғанымызды еске салғансың. «Сонда, - дедің сен, - біз екеуміз көп нәрсеге бірдей қараушы едік. Алайда... - деп үстемеледің тағы, - сен содан бері өзгергенсің, сен ол кездегідей емессің».

Әсте олай емес: менің өмірім ғана өзгерді – ол кездегі жағдайым аса қиын емес еді, болашақты тап қазіргідей қараңғы кейіпте елестетпеппін; ал ішкі жан дүниеме қатысты айтсам, көруім мен ойлау дағдым бұрынғыша; жалғыз ғана өзгеріс, егер расымен де өзгеріс деуге келсе, онда мен қазір бұрынғыға қарағанда терең толғанып, шын сеніп, алғаусыз сүйетін болғам. 

Бірақ егер сен осы қалпыма сүйеніп, менің мысалы, Рембрандтқа, Милле мен Делакураға деген көзқарасым бұрынғыдай таң қалысты жағдайда емес шығар десең, қателескенің. Керісінше! Сенумен қатар сүюге тиісті көп нәрсе бар: Шекспирде Рембрандтқа тән бірдеңе бар, Мишледе – Корреджоға, Виктор Гюгода – Делакураға, ал Евангелиде – Рембрандтық бір нәрсе әлде керісінше Рембрандтта Евангелиялық па, сенше қалай? 

...Саралап жатпай-ақ ойыма келгеннің бәрін саған жазып отырмын. Егер менің бойымнан жалқаулықтан басқа да бірдеңе көре алсаң, шын қуанар едім. 

...Тордағы құс көктемде ғажайып бір құбылыс боларын жақсы біледі, оның неге керек екенін де; ол бірдеңе істеу керегін жақсы сезеді, бірақ оны істей алмайды және нақты не істеу керегін де білмей дал болады. Алғашында ештеңені есіне түсіре алмайды. Содан соң барып... басқалар ұя салып, балапан басып жатқан бір бұлыңғыр елес қылаң береді де... бұл байғұс торды басымен соғып әлекке түседі. Бірақ содан тор күйреп түспек түгілі, майыспайды да, ал құстың есі ауысып, жынды болып қалады... 

Бұның бәрі не – еріккен кісінің қиялы ма? Қайдам. 


Ал сен қараңғы қапасты бұзып шығуға болатынын білесің бе? Шексіз әрі шын құштарлық. Достық, бауырластық, махаббат – міне қараңғылықтың қақпасын күл-талқан ететін алып күш, жойқын дуа. Бұдан қағылғаның өлгенің. Құштарлық барда, өмір бар!


Аударған: Нұрлан Хавдай

author

Нұрлан Хавдай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...