Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбаған қайсар мінезді Қалибек Айнажаров Шығыс Қазақстан облысында...
Әділғали Баяндин. Жүрек сәулесі картинаға түскен кезде ғана оқылады
«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус" айдарын қазақ суретшілерінің арасында ұйымдастырып отыр. Әр аптаның сәрсенбісінде бір кескіндеме шеберінің жазғаны жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған суретке жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. Аталмыш айдарды алғаш болып ашқан Дәуренбек Бекназароватың шығармалары және оған берілген анализдерде болса, келесі кезек суретші Санжар Сырғабаевтың жазған картиналарында. Пікір иесі – Әділғали Баяндин.
Күнбе күнге көрініп жүрген қарапайым заттардың сырына үңіле бермейміз. Ал олардың суретші қиялына, жұлын ұшындағы сәулесі арқылы сурет болып, кенеп бетіне түсетінін айтсаңызшы!.. Санжар Сырғабаевтың «Арғымақ» атты туындысында еркіндік сезімін бояулар арқылы, түстердің үйлесімділігі, сызықтың бірде жіңішкеріп, бірде қалыңдап түскен жолдары арқылы аңғарамыз. Армандағы Арғымақ осы ма деп картинаға үңіліп қарайсың. Ескен желдей шуақты күннің сәулесін бұрқыраған шаңдардың реңктер арқылы, түстердің қалың жағылуы арқылы картинада береді. Картина алуан түрлі түстер арқылы драмалық әсер беріп тұрғандай. Немесе Арғымақтың шабысын бояулар арқылы көз алдыңа елестетеді. Бірде күй, бірде өлең болып өріледі.
«Дала қандай!
Даладағы ат қандай!
Нөсер шөпке белшесінен батқандай.
Құйғытсам бір,
Дала, қала
болады - ау
көз алдымда аунап бара жатқандай!» Олжас Сүлейменовтың осы бір «Арғымақ» атты өлеңі (Қадыр Мырза Әлінің аудармасында) есіме түсіп отыр. Суретші картинасын ұғу үшін көкіректе сәуле болуы керек шығар. Сурет пен поэзияның егіздігін осындайда аңғарамыз. Кенепке түскен салқын-жылы түстердің реңі арқылы Санжардың ойын, білімін де байқаймыз. Скиф-сақ дәуіріндегі суретші баба ізбасары, жолын жалғаушы – қазіргі кездегі суретшілер десек артық айтқанымыз емес. Картина көзбен көріп, жүрекпен оқитын өнер. Жүрек сәулесі картинаға түскен кезде ғана оқылады.
madeniportal.kz