Берлиндегі «Бетаниян» суретшілер үйінде (Kunstquartier Bethanien) ҚР Ұлттық музейінің &l...
Бауыржан Омарұлы: «Аумаған Амангелді...»
(Болат ағаның бір суретінің тарихы)
Алдымен айта кетейік, бұл сурет жөнінде екі-үш жыл бұрын белгілі журналист Айнаш Есали тартымды мақала жазды. Осыған орай Айнашпен біраз пікірлестік. Ал біз осы кезеңнің тікелей куәгері болғанбыз.
1997 жыл... Қызылорда қаласында қызмет істейтін кезіміз еді. Қала әкімі Бақберген Досманбетовтың басына күніге мың-сан идея келеді. Соның бәрін жүзеге асырамыз деп таңертеңнен кешке дейін ала шапқын боламыз да жүреміз. Сол жылы бітірген бір шаруамыз – орталықтағы алаңның біріне Амангелді батырдың ескерткішін орнатқанымыз. Негізі, бұл ескерткішті ілгеріде тұрғызу көзделген екен. Түрлі себептерге байланысты осы идея іске аспаған. Алпамсадай Амангелді батырдың еңселі ескерткіші талай жыл бойы қаланың шет жағындағы «Дорстройдың» атшаптырым ауласында жатып қалыпты. Бір қолы бөлініп кеткен. Әкім Бақберген ағамыз қаланың мекемелерін аралап жүріп жаңағы қолды көреді ғой. «Бұл кімнің қолы?», – деп сұрайды. «Амангелді батырдың қолы». «Амангелдінің өзі қайда?». «Батыр міне жатыр!». Екі-үш күннен кейін Сыр бойының сары шайыры Шаһизада Əбдікəрімов екеуміз арнайы барып көрдік. Батырдың жай жатқан ескерткішінің өзі мысыңды басады. «Тірі Амангелді Иманов қандай болды екен?», – деп қоямыз.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне сексен жыл толған кез. Әкім ескерткішті жөндеуден өткізіп, тұғырына қондыруға шешім қабылдады. Бұл істі өзінің екі орынбасарына – Жеткерген Оразбаев екеумізге тапсырды. Құрылыс саласын қадағалайтын Жәкең ескерткішті жақсылап орнатады. Мен болсам, ашу рәсімін ұйымдастырамын. Сыр бойындағы басқару мектебінің тарихында «Біткен жұмыстың бәрі әкімдікі, бітпеген жұмыстың бәрі замдыкі» деген қанатты сөз қалдырған Жеткерген ағам екеуміз көп ұзамай іске кірісіп кеттік.
Жергілікті мүсіншілер мен суретшілер ескерткішті қайта қалпына келтірумен айналысты. Қайырбай Зәкиров пен Шәкірбек Сәменов ағаларым осы шаруаның басы-қасында жүрді-ау деймін.Ескерткіштің ашылу рәсіміне Алматыдан батырдың ұлы, сексеннің сеңгіріндегі Шәріп Иманов ақсақал арнайы келді. Әкесінен аумайды екен. Басына бөрік кигізіп, астына ат мінгізіп, қолына қылыш ұстатып қойсаң, нағыз Амангелдінің өзі болады да шығады. Атақты Әбілхан Қастеев батырдың суретін салып бітіргенде мақұлдап, бекітіп берген осы Шәріп деседі. Ендеше, әйгілі суретші Амангелдінің бейнесін Шәріпке қарап салуы да мүмкін ғой. Найзадай тіп-тік. Жүріс-тұрысы ширақ. Жігіттік қалпын сақтай отырып, әдемі қартайған көркем кісі. Шоқша сақалы өзіне керемет жарасады. Сөзінің арасына қыл сыймайды.
Шешіліп көп сөйлемейді. Құпия қызметте болған сияқты. «Қырқыншы жылдары майор шенінде болды», – деп қалды қасында еріп жүрген баласы.
Мамырдың жетісі күні Қызылордаға жеткен Шәріп атамыз сәл-пәл дамылдап алған соң қала аралап кетті. Біздің қаламыз астана болған жылдарда осында тұрыпты. Жаңа базар жақты аралап, бір кездегі өз үйін тауып алыпты. Қуақы шал сол үйден шығып келе жатқан кемпірден «Бұл кімнің үй өзі?», – деп сұрайды. Кемпір: «Менің үйім ғой», – десе, «Жоқ, сенікі емес, бұл – менің үйім!», – деп қыңырайып тұрып алыпты. Сонда әлгі кемпір кәдімгідей абдырап қалған көрінеді.
Мамырдың сегізі күні Шаһизада Әбдікәрімов, Ибадулла Құттықожаев үшеуміз Шәріп Имановты ертіп алып, ертеңіне ашылатын ескерткішті көрсеттік. Ақ матаға оралған ескерткіштің тұғырына сүйеніп, бетін тақап, ойға шомып біраз тұрды. Сәлден соң тіл қатты: «Мына ақтық матаны мен Алматыға ала кетейінші. Әкемді құшақтап, қасында жатқандай оранып бір жатайыншы!». Біз оның өтінішін орындадық.
Сонымен, тоғызыншы мамырда ескерткіш ашылды! Қала халқы көп жиналды. Белгілі ақын Серік Ыдырысов сол жерде бір ауыз әзіл өлең айтты:
Амангелді Иманов,
Сен де тұрсың қиналып,
Мен де жүрмін қиналып.
Бір батыр мен бір ақын,
Бір қалаға сыймадық!
Осы сәтте жаңа ашылған ескерткіштің маңына әр суреті бір шығармаға бергісіз теңдесі жоқ фототілші Болат Омарәлиев келе қалды да, фотоаппаратының ұңғысын кезеп, батырдың ұрпағын қарауылға алды. Қазақ руханиятының жарты ғасырлық шежіресін қас-қағым сәттерден құрап шыққан кәнігі фотомерген бұл жолы да мүлт кетпеді. Амангелдіге қарап елжіреп тұрған тағы бір Амангелді тасқа басқандай таңбаланды да қалды.
Бар болыңыз, Болат аға!