Таяуда Алматыда, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында жас фотоәуесқой Марат Жан...
Бір суреттің тарихы: Мунктың "Айқайы"
"Дерт, ессіздік һәм өлім — менің бесігімде ән салып, өмір бойы жетелеп келе жатқан қара періштелерім"
Эдвард Мунк
Мунктың туындысындай атағы 100 жыл бойы "айқайлап" тұрған картина кездесе бермейді. Өнер тарихында мұндай танымалдық "Мона Лизада" ғана бар шығар. Онымен қоймай, жыл өткен сайын оған қатысты жаңа болжамдар мен пікірлер көбейіп, шешімі жоқ жұмбаққа айналып барады. Тіпті, оны "Қарғыс атқан картина" дейтіндер де бар. Оны өнер туындысы ретінде бағалап, тереңіне бойлағандар күйзеліске ұшырап, өлім құшып жатады. Егер сіз де оны шедеврге балайтын (олардың қатарында өзім де бармын) болсаңыз, бұл сөзімді көңіліңізге алмаңыз. Дұрысы, оның жасырған сырын бірге ашып көруге тырысайық...
Суреттің сюжеті
Шымқай қызыл аспан астындағы көпірде адамдар бейнеленген. Ослодағы Экеберг дөңінен (Мунк өмір сүрген кезде бұл жер Христиания аталған) көрінетін фьорд табиғатының пейзажы.
Негізгі кейіпкер бейнесінің құпиясы әлі күнге ашылмай келеді. Суретші оны мақсат етпесе керек. Мунк туындысында құдды бейне емес, дыбыстың өзі ғана бар сыңайлы. Пейзаж бен бейне байланыстырылған сызықтарды қалай тураланғанын қараңыз. Бірде айқайдың жаңғыры секілденсе, бірде аспанның қанды жасы сияқты. Резонанстың нақ мысалы. Адам табиғаттың айқайын естиді, ал табиғат оған жауап қайтармай қоймайды. Барша жаратылыс атаулының байланысын, бірлігін басты идеяға алған картина. Ғаламда пайда болған күйдің жойылып кетпесі, біреуден екіншіге көшіп ғұмыр кешері анық. Бітпейтін цикл.
Ғаламда идеал түзі сызық жоқ болса, Мунк оны дәл жеткізген. Автордың өзі: "Мен қазір көріп тұрғанымды емес, әлдеқашан байқап, парқына жеткен дүниені ғана жазамын",- дейді емес пе? Енді қалай сенбейсіз?!
"Айқайдың" қырық түрі бар...
"Айқайдың" қырық түрі бар... Оның төртеуі көркемсурет ("Айқай", "Үрей", "Меланхолия", "Торығу" деп аталады. 1893 -1910 жылдар аралығында салынған) болса, қалғандары кескіндеме күйінде. Біздің назарымыздағы картинаның өзі — махаббат, өмір, өлім туралы "фриздің" бір бөлігі.
Ол өнер сүйер қауымға алғаш рет 1893 жылдың желтоқсанында Берлинде өткен көрмеде таныстырылды. Әрине, о кезде ешкім ештеңе түсінбеді. Мунк шығармашылығы қатаң сынға ұшырап, тіпті ашуға булыққан адамдарды тоқтату үшін галерея басшысы полиция шақыруға мәжбүр болған екен. Жиналған жұрт жап-жас жігіттің осыншама қорқынышты суреттер жазатынын қабылдай алмады.
Ол жердегілер мұның бейнелеу өнеріндегі экспрессионизм бағытына жасалған алғашқы қадам екенін ұқпады. Мунк кенепке жалғыздық пен үмітсіздік алып келгенін, ал бұлар болашақтың басты дертіне айналарын сезген суретші көріпкелден кем емес екенін кім білген.
Бір суреттің тарихы: Мунктың "Айқайы"
Контекст. "Айқайдың" астары
Мунктың "Айқайының" қалай туғаны туралы көптеген энциклопедиялық кітаптарда "Эдвард Мунк серуендеп жүріп "перламутр түсті" бұлттарды көріп, құбылысты қағазға түсіреді" деп жазылады.
Нью-Брунсвиктегі Рутгерск университеті ғалымдары осы болжамды зерттеп, суретшіге шабыт әкелген құбылыс 100 жылда бір болады деген қорытындыға келген.
Америка метеорологиялық қоғамының журналында жарияланған мақалада Мунктың күнделігіндегі мынадай сөйлемге сілтеме берілген: "Мен серуендеп жүріп қанды қызыл бұлттар мен аспандағы өртті көрдім. Сол күні қатты шаршаған едім, шарбаққа сүйенген күйім қою қара фьорд пен қала үстіндегі құбылысқа сілейіп қарап тұра бердім. Достарым әлдеқашан ұзап кеткен болатын. Табиғат-Ананың айқайынан денем түршігіп, жанымды қорқыныш бойлап алды".
Ғалымдар 1890-жылдары Норвегия аспанында расымен "перламутр түсті" бұлттар болғанын дәлелдейтін құжаттар тапқан. Шамамен сол уақытта Мунк атақты картинасының 4 нұсқасының бірін салып бітірген еді. Зерттеу тобының мүшесі, профессор Алан Робок, суретші картинадағы кейіпкер арқылы өз қорқынышын емес, керісінше, табиғат айқайына көңіл бөлмейтін адамзатты бейнелеген деген болжам айтты. Ғалым: "Айқайлаған адам емес, аспан. Адам сол айқайды естігісі келмей құлағын екі қолымен жауып тұр", - деген мақалада.
"Перламутр түсті" (Қазақша кейде "құлпырма бұлттар" немесе "меруерт түсті бұлттар" деп те атайды) деп полярлы стратосфералық бұлттарды атайды. Олар өте төмен температура мен жоғары ылғалдылықта түзіледі. Әдетте азанда немесе іңірде көрінеді екен. Ерекше түс бұлт құрамындағы мұз түйіршіктеріне түскен күн сәулесінің сынып, шашырауы салдарынан пайда болады.
Бұл мақала 2017 жылы ұсынылған болжамды жоққа шығарды. Ол кезде өнер тарихын зерттеушілер "Айқайды" салуға Индонезиядағы Кракатау жанартауы атқылауы кезінде көпірге жақын орналасқан психикалық аурулар емханасынан шыққан дауыстар себеп болды деген еді.
"Айқай" тағдыр
Мунк тым діншіл отбасыда дүниеге келген. Эдвард 5 жасқа толған шағында анасы туберкулез ауруынан қаза табады. Кейін болашақ шебердің Софи есімді әпкесі де сол дерттен жер жастанады. Өзінің қалай аман қалғаны белгісіз... (Мүмкін оған қатысты мистикалық оқиғалар желісі осыдан басталатын шығар. Кім білген...)
Эдвард Христиания Дизайн мектебіндегі оқуын аяқтамаған. Ол академизм мен натурализм принциптерімен келіспей, өз сезімі мен ойларын сыртқа шығарудың жаңа жолдарын іздеуге аттанады.
Сол ізденістің алғашқы нәтижесін көп күтудің қажеті болмады. Сыншылар суретші Софиді бейнелеген "Ауру қыз" картинасының "парша-паршасын" шығарды. "Түсік тастағандай", "Мерзіміне жетпей шала туылған бала секілді" деген баға берілді. Бірақ, "байғұс" Мунк өлгелі жатқан қызды емес, өзінің қайғысын қағазға түсіргісі келген болатын.
1880 жылдардың екінші жартысында "Христиания богемасы" атанып кеткен философ, жазушы, музыкант, суретшілер жиналатын отырыстардан қалмайтын болып алды. Отырыстар жазушы-анархист Ханс Егер өмірден өткенге дейін жалғасты. Олар бокалдарын қағыстырып отырып, саясат, әлеуметтік мәселелер, қоғамның моральдық дағдарысы, жыныстық мінез-құлық пен табу туралы ойларымен бөлісіп, қызу пікірталастар өткізетін.
1890 жылдардың басында Мунк көп уақытын Францияда Ван Гог пен Гоген туындыларын тамашалауға арнады. Олардың әсерін байқамау мүмкін емес. Себебі, "Айқай" картинасының өзінде шебер бұрынсоңды қолданбаған ашық түстер, бейнеге ұласқан сызықтар мен айқын кескін пайда болды.
Уақыт өте суретшінің стилі өткірленіп, тақырыбы мен кенептегі көңіл-күйі өзгере бастады. Біртіндеп Мунктың шығармашылығын қабылдай алатындар легі туды. Тіпті, қаржылық көмек ұсынған ауқатты "көкелер" де пайда болды.
Өмірінің соңғы 15 жылында суретші жұмыс жасай алмады. Оған оң көзінің шырышты ағынынан қан кетуіне байланысты көру қабілетінің нашарлауы себеп болды. 1940 жылы нацистік Германия Норвегияны басып алған кезде, Мунктың бойын қайтадан үрей билеп алды. 1944 жылы сол үрей мен айқайдың жетегінде бақилық болды.
"Айқай" қай жақтан естіледі?
"Айқайдың" бір нұсқасы Мунк мұражайында сақтаулы тұр. Ал екінші нұсқасының "Айқайы" Норвегияның Ұлттық мұражайынан естіледі.
Қолдан-қолға өтіп жүрген жеке коллекциядағы нұсқасы 2012 жылы 2 мамырда бәссаудаға қойылғанға дейін миллиардер Петтер Олсеннің қорында болған еді. Кейін оны Леон Блэк есімді азамат 119 миллион 922 мың 500 долларға сатып алып, сол жылға дейінгі ең қымбат өнер туындысы ретінде рекорд жаңартқан еді.
"Айқайдың" жаңғырығы
XX ғасырдың екінші жартысында "Айқай" нағыз "иконалық" кескінге айналды. Иса мен Марияның бейнесіндей алтарьларда тұрған болса да таңқалмаймын. Жаңғырығы ғасыр өтсе де, жер жарады.
Массалық мәдениетке тигізген әсері де аз емес. Мунктың кейіпкері жарнама, комикс, теле- және мультсериалдар мен кинода да айқай, жалғыздық, үрей, меланхолия, үмітсіздіктің... символы ретінде жиі қолданылады. Мысалы, поп-арт қозғалысының көрнекті өкілі Энди Уорхол картинаның түрлі-түсті көшірмелерінен құралған принттер сериясын жасаса, Эрро пародиялық екі коллаж ("Екінші айқай"1967, "Дин-дон", 1979) салды. "Айқай" фильміндегі маска да суреттің көшірмесі. Өзге ғаламшарлықтар туралы сериалдар кейіпкерлері де Мунк жаратқан бейнеден айнымайды. Юя Мотидзукиді Another манга-анимесін салуға шабыттандырған да осы картина. Morgen (Morgen, 1969), Red Lorry Yellow Lorry (This Today EP, 1984), Clair Obscur (La cassette noire, 1982) сынды музыканттар альбомдарының дизайны Мунк "Айқайының" мотивімен безендірілген. Тіпті, мұндай эмодзиді де білеміз...
Ақын Тұрсынбек Башардың "Пессимистік ойлар" атты өлеңінде де мунктік мистикалық сарын бар:
...Мен ылғи да Мунк салған бас көрем,
Айқайы тым жаңғырық!
Оу,ағайын бəріңізге ас берем,
Бір кітапқа көшкен күні мәңгілік.