Германияда қазақстандық суретшілердің көрмесі өтіп жатыр

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
1258

Берлиндегі «Бетаниян» суретшілер үйінде (Kunstquartier Bethanien) ҚР Ұлттық музейінің «Фокус Қазақстан» халықаралық жобасы аясындағы «Астық және раушан гүлдер: қазақстандық суретші әйелдердің төрт буыны» атты екінші көрмесі ашылды. 



Айта кету керек, бұл көрме 1945 жылдан бергі қазақстандық әйел-суретшілердің төрт буынының жұмыстарына жасалған зерттеу нәтижесі. Ұйымдастырушылардың мәліметінше,  көрме қазақ өнері мен мәдениетінің жаңа замандағы түлеуін ғана емес, сондай-ақ, қазақстандық суретшілердің әлемдік бейнелеу өнерін қалай түсінетіндігін де көрсетеді. 


1930-1940 жылдар аралығындағы Қазақ КСР-ның күрделі тарихы және 1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бері республиканың қарқынды дамуы еліміздің заманауи өнерінде айқын көрініс тапқан өзіндік идеялардың пайда болуына жол ашты. 


Көрменің кураторы Дэвид Эллиоттың айтуынша, көрме орыс авангардынан басталады, алайда экспозиция сәндік-қолданбалы өнер экспонаты - текеметпен ашылады. «Авангардшылар өздерінің түрлі формаларында, композицияларында және түсті таңдауда жасаған эксперименттерінде шынайылықтан алшақ кеткен, ал Қазақстанның халық шығармашылығында түрлі өрнек абстракцияның элементтері болған. Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысқан», - деді ол.   



Айта кету керек, Татьяна Глебова, Вера Ермолаева, Айша Ғалымбаева және Гүлфайруз Ысмайылова сынды суретшілер көрмеге аға буын ретінде қатысуда. Экспозицияның басым бөлігі 1980-90 жылдары пайда болған, бүгінгі күндері де дамып отырған өнерге арналған. Қазіргі заманғы өнердің осы «аналары», «әжелерінің» шығармашылығы елдің толағай тарихы мен жеке адамдардың көптеген теңдессіз оқиғаларын көрсетеді. Бұл әйелдер өз шығармашылығында дәстүрлі қазақ өнерінің, 1920-30 жылдардағы кеңестік авангардтың және социалистік реализмнің арасында өз шығармашылықтарын үйлестіріп, екі араға алтын көпір бола білді. 


Сәуле Сүлейменова целлофаннан жасалған шығармаларының сериясын «Жад қалдығы» деген сериямен ұсынып отыр. Оның туындылары тарихи толғанысқа және халқымыздың бастан кешкен нәубеттерін еске алуға арналған. «Ашаршылық» атты еңбегі 1930 жылдары Қазақстандағы ұжымдастыру кезінде орын алған, ел халқының үштен бірінің өмірін жалмаған ашаршылық кезеңін еске түсіреді. Сәуле суреткерлік тәжірибе арқылы тарихи толғаныстарды жеңу мүмкіндіктерін зерделейді. Көрменің тең жетекшісі болған Алмагүл Меңлібаева «Тоқамақ» және «Даладағы барокко» бейне инсталляцияларын ұсынды. «Тоқамақ» - 2017 жылы Курчатов қаласында орнатылған Тоқамақ реакторы бейнесінің сан алуан болып түрленуін қолданатын көпарналы видео. Бұл видео Қазақстан аумағында ядролық сынақтар жүргізілген кеңестік кезеңді еске салады. 



Бақыт Бүбіқанованың «Жаңажылдық ашықхаттар» туындысында әйел адам бейнесі басты орынға шығарылған. Суретші әйелді композицияның ортасына орналастырып, оның қоғамдағы рөлі мен орны туралы сұрақтар қояды. Әйелдің жалаңаш денесі - әлеуметтік рөлдерді мәжбүрлеп таңуға қарсылық іспетті. Арт алаңында әйелдер қауымы аз болған кезең артта қалды. Қазіргі әйел суретшілер түрлі медиаларды пайдалана отырып, өзін және айналадағы қоғамды суретшілік тәжірибе арқылы түсіндіру мүмкіндіктерін зерттейді, өзекті сұрақтар қояды, қабылданған нормаларға шүбәмен қарап, шығармашылық және жеке басының еркіндігін жақтайды. 


Айта кету керек, көрме Momentum коммерциялық емес заманауи өнер платформасымен серіктестікте ұйымдастырылған. Кураторлары - танымал халықаралық мамандар:  Дэвид Эллиот, Редтори заманауи өнер музейінің директор орынбасары және аға кураторы Рейчел Ритц-Воллох, Momentum директоры және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаева. 



Көрмеде Анар Әубәкір, Лидия Блинова, Бақыт Бүбіқанова, Ғания Шағатаева, Вера Ермолаева, Зоя Фалькова, Айша Ғалымбаева, Татьяна Глебова, Гүлфайрус Ысмайылова, Креол орталығы (Мария Вильковиская, Руфия Жендербекова), Ғайша Маданова, Айгерім Мәжітқан, Алмагүл Меңлібаева, Гүлнұр Мырзағалықова, Гүлнұр Мұқажанова, Катя Никонорова, Сәуле Сүлейменова, Гүлмарал Тәтібаева, Елена Воробьева, Наталья Дю сынды суретшілердің еңбектері қойылған.


Сондай-ақ, Берлинде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Momentum-мен серіктестікте арт-резиденция қатысушыларының көрмесі ашылды. Оған Анар Әубәкір, Айгерім Оспанова, Ықылас Шайхиев, Лиля Ким, Сәуле Сүлейменова, Гүлмарал Тәтібаева, Бейбіт Әсемқұлдардың еңбектері ұсынылып отыр. 


«Фокус Қазақстан» жобасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі ұйымдастыруда. Жоба жетекшісі - Леонид Кочетов, жоба кураторы - Роза Әбенова.    


madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...