Клод Моне. Сене таңы 1897Әдетте, біз – қалалықтар, тіршіліктің қым-қуыт жүгірісімен зымырап жү...
«Еуразия. Жібек жолының мұрасы» атты көрмесі ашылады
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы» бағдарламасының 35 жылдығына арналған «Еуразия. Жібек жолының мұрасы» атты көрмесі ашылады.
Ұлы Жібек жолы – ежелгі дәуірден бастап Шығыс пен Батысты байланыстырған және көптеген бірегей қалалардың, тарихи ескерткіштердің, әдет-ғұрыптардың, тіпті мемлекеттердің пайда болуына себеп болған үлкен сауда жолы. Көптеген ғасырлар бойы ол әртүрлі халықтардың жақындасуына қызмет етті және олардың экономикалық және мәдени байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқарды. Оның жолы мыңдаған шақырымға созылып, керуендерді ыстық шөлдерге, көркем алқаптарға және тау асуларына апарды. Ғасырлар бойы мұнда қымбат жібек маталары мен тастарды, дәмдеуіштер мен бояғыштарды, бейнелеу өнерінің туындыларын және басқа да көптеген таңғажайып тауарларды тасымалдайтын саудагерлердің шексіз керуендері бағытталған алуан тілді базарлар өз қызметін атқарды.
Ежелгі мәдени дәстүрлер бүгінгі күнге дейін сәтті жалғасуда. 2023 жылы әлем жұртшылығы 1987 жылы ЮНЕСКО қабылдаған «Жібек жолы» бағдарламасының 35 жылдығын атап өтуде. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты мәдениетаралық диалогты дамыту, Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастық үшін негіз құру болып табылады. Көрменің осы оқиғасына арналған экспозицияда Ұлы Жібек жолы тақырыбын ашатын қазақстандық және шетелдік авторлардың 50-ден астам кескіндеме және графикалық туындылары, сәндік-қолданбалы өнер заттары ұсынылған. Барлық экспонаттар Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің коллекциясына тиесілі.
Қазақтың алғашқы суретшілерінің бірі Әбілхан Қастеевтің Шығыстан Батысқа қарай беттеген сауда керуендеріне қауіп төндіретін дала өлкесінің қатал сұлулығын баяндайтын «Түнерген жартастар» картинасы назар аудартады. Е.Төлепбайдың символдарға толы «Жібек жолы» атты диптихі ерекше қызығушылық тудырады, оның салған бейнелері терең философиялық ойларға жетелейді. М.Калимовтың «Шахи-Зинда», Б. Табиевтің «Хива-Хауз» көркем туындылары өткен дәуірлердің тыныс тіршілігін жақсы жеткізеді, ата-бабаларымыздың дәстүрлі өмір салтымен таныстырады. Шығыс базарының ғажап таңсығын Айша Ғалымбаеваның «Тәтті қауындар» атты түсі мажорлы туындысы және Т. Глебова мен М. Гайдукевичтің акварель парақтары керемет шеберлікпен паш етті. В. Антонщенко-Оленевтің «Оңтүстік Қытай пейзажы» графикалық композициясы биязы поэтикамен бейнеленген. Сахи Романовтың «Базар» атты панорамалық туындысы мақсаты мен орындалу мәнерімен таң қалдырады. Экспозицияда балалар тақырыбына арналған түрікмен суретшісі Н. Червяковтың «Багирдің балалары», Амангелдыевтің «Ана бақыты», Абдурахмановтың «Фарузаның әлемі» атты көркем туындылары қуаныш сезімін ұялатады. В.Ткаченконың «Дала әні» атты кенепіне қараған кезде лирикалық көңіл-күй орнайды. Көрмеде натюрморт та ұсынылған. Н. Бабадтың «Көне ыдыстар», «Киіз бен құмған бейнеленген натюрморт», Елена Тёнің «Жібек жолының үстінде» және т.б. шығармалары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленеді. Кескіндеме және графикамен қатар залда Қазақстанның заманауи сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылады. Ғ. Қабижанованың киіз бұйымдары «Керуен – күн» диптихі, «Керуен – түн» және «Шеру» панносы көркемдік шешімімен таң қалдырады.
Көрмеде ұсынылған жұмыстардың ауқымы кең. Олар Орталық Азия табиғатының сұлулығын бейнелейді, тағдыры Ұлы Жібек жолымен ұштасқан және жалғасын тапқан халықтардың бай тарихы, ежелгі дәстүрлері мен күнделікті өмірі туралы баяндайды, бұл бүгінгі күнге дейін табысты ынтымақтастық пен прогрестің символы болып табылады.
Басталуы: 2023 ж. 14 сәуірде сағат 16:00-де
Көрме 2023 жылдың 21 мамырына дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің «Қазақстан қолданбалы өнер» бөлімінің жетекшісі Наталия Баженова
Мәдениет порталы