«Шығыс Қазақстан суретшілері» көрмесі ШҚО бейнелеу өнерінің дамуын барынша айқындаған су...
Индонезия елінің Ява аралындағы Батик өнерінің мотивтері
Мың жылдан астам уақыт бойы адамзат матаға сурет салу, матаны көркемдеумен, яғни батик өнерімен таныс. Батик – бұл матаға қолмен сурет салудың әртүрлі әдістерінің жалпыланған атауы. Тарихқа жүгінсек, батик - Индонезия еліндегі Ява аралынан бастауын тапқан сәндік-қолданбалы өнерінің бір түрі. Ява тілінде «батик» - «ыстық балауызбен сурет салу» деген мағына береді [1]. Көптеген ғасырлар бойы батик күрделілігі жағынан жоғары деңгейге жетіп, көркем және эстетикалық құндылыққа айналды. Ява аралында батик өнерінің «алтын ғасыры» - 17 ғасыр болып есептелінеді [2].
Сонау кездерден бастап күнделікті тұрмыста қолданылатын киім-кешектер де, сонымен қатар маңызды кездесулер үшін арналған костюмдер де, тіпті аяқ-киім, сөмкелерге дейінгі барлық заттар батик техникасында орындалып, тігілген. Батиктің түсіне, үлгісіне және мотивіне қарап, киім иесінің қоғамдағы орнын, әлеуметтік жағдайын анықтауға болатын.
Көлемі бойынша Индонезия республикасының ең үлкен бөлігі - Ява аралы болып саналады. Орталығы – Джокьякарта¹ қаласындағы батик өнерінің мотивтері өзінің ғажап алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Джокьякарта батик үлгілерінің дизайны түр-түрге, оның ішінде тағы да жүздеген вариацияларға бөлінеді. Мысалға, түс немесе мотивтер арқылы аса жоғары ауқатты немесе қарапайым отбасылардың қолданған батик үлгілерін анықтауға болады. Сонымен қатар, cарай қабырғаларында патша, сот өкілдерінің киім үлгілерінде арнайы Udang Liris (уданг лирис) мотиві көп кездесетін. Жалпы Индонезия елінде мыңдаған батик мотивтерін кездестіріп зерттеуге үлкен мүмкіндік бар. Сан жетпес дәрежедегі мотивтер Индонезияның 17 мың аралдарында жайғасқан. Осыдан батик мотивтерінің шексіз түрлілігіне көз жеткізуге болады. Ceplok (чеплок), Kawung (кавунг), Parang Barong (паранг баронг), Parang Rusak (паранг русак), Lereng (леренг), Udang Liris (уданг лирис), Nitik (нитик), Nitik Truntum (нитик трунтум), Semen (сымын), Isen (исын) мотивтері Индонезияның тек бір аралының бір бөлігін ғана қамтуда [3].
Мысалға алатын болсақ, Ceplok (чеплок) көбінесе, жұлдызшаларға, дөңгелек розеткаларға немесе басқа да ұсақ пішіндерге негізделген геометриялық құрылымдардың кең спектрін қамтиды. . Ceplok Grompol (чеплок громпол) бірге жиналу деген мағына береді. Үйлену рәсімдері үшін жиі киілетін бұл батик үлгісі отбасыдағы, некедегі бақыт пен сәттіліктің жақындығын білдіреді [4].
Kawung (кавунг мотиві) – Индонезиядағы батик өнерінің ең ескі үлгілерінің бірі болып саналады. Патша әулетіне арналған мотиві ретінде қолданылған. Кавунг мотиві ортасынан кесілген жемістер тізбегінің көлденең қимасын, геометриялық симметрияда салынған төрт шеңберден немесе сопақшадан тұратын топты қамтиды.
Parang (паранг мотиві). Ява аралының тұрғындары, әсіресе Джокьякарта қаласының маңы бұл мотив түрін лидах апи² деп атаса, өзге аралдарда паранг мотиві керис³ деген атауға ие. Паранг – жуан диагоналді параллель сызықтардың арқасында батиктің ең қуатты, әрі әсерлі мотивтерінің бірі болып саналады. Параллель сызықтардың жүздеген нұсқалары бар: кішігірім 2 см-ден басталып, паранг баронг мотивіндегі 8 см-ге дейін жететін ең үлкен үлгісімен аяқталады.
Бұрында Parang Barong (паранг баронг) үлгісін тек патшаның ғана киетін мүмкіндігі болатын. Паранг баронг мотивінің басты қызметі - патша өкілінің жауапты, адал, әрі әділ билеуші екенін еске түсіру болып саналатын.
Корольдік отбасына арналған парангтың тағы да бір түрі – Parang Rusak (паранг русак). Бұл мотив адам бойындағы даналық қасиетті арттыру мақсатында адам мен қатыгездік арасындағы ішкі күресін бейнелейді.
Lereng (леренг мотиві) паранг мотивтерінің арасындағы диагоналді ою-өрнектерге негізделеді. Сонымен қатар, көптеген шағын өрнектерге толы жіңішке диагональды сызықтардың жолдарын құрайды.
Udang Liris (уданг лирис) – патша сарайына арналған мотивтердің ең танымал үлгісі болып саналады. Уданг Лирис немесе «жеңіл жаңбыр» мотиві құнарлылықты, үмітті, ұлт пен оның халқы үшін маңызды нәрселерді орындау үшін қажетті батылдықты білдіреді.
Nitik (нитик мотиві) - батиктің ең көне үлгілерінің бірі болып табылады. Дәл осы мотив Индия елінен, Гуджарат деген жерден әкелінген патола матасынан орындалады. Матаның түпнұсқасын имитациялайтын бұл геометриялық дизайн шағын нүктелер мен штрихтар арқылы жасалады [5, 212].
Truntum (трунтум) - үйлену той иелерінің ата-анасы киетін мотив.
Semen (сымын «сыми» - «өсу») - табиғи әлеммен байланысқан түрлі ою-өрнектер жиынтығы. Стилизацияланған сабақтарға, гүлдерге, жапырақтарға, таулар мен жануарларға толы бұл топ корольдік отбасылардың, сондай-ақ қарапайым адамдардың күнделікті пайдаланатын мотиві болатын.
Semen Garuda (сымын гаруда) - индуистік мифологияда құс адамы. Суреттерде жиі бір немесе екі қанатымен бейнеленеді. Қанат бейнесі чеплок және паранг мотивтерінде де кездеседі [6].
Тарихқа жүгініп, жоғары аталып кеткен 4 ғасыр бұрын қолданылған Ява аралындағы мотивтер мен бүгінгі таңдағы мотивтерді салыстыру жұмыстарын жүргізуге тырыстым. Салыстыру барысында, детальдардың көбеюін, сюжеттердің пайда бола бастауын, мотивтердің күрделене түсуін байқауға болады. Sido Mulyo (сидо мульо), Sido Dadi (сидо дади), Satrio Wibowo (сатрио вибово), Tikel Asmorodono (тикыль асмородоно) мотивтері осыған мысал [7].
Уақыттың өзгеруіне байланысты болар, суретшілер түс күрделілігіне, реализмге, қазіргі заман өнеріне талпынуда. 17-18 ғасырларда Индонезиядағы батиктің ең жоғары бағаланатын мотивтері қарапайымдылыққа жақын болып, тек қана арнайы іс-шараларға киілу мақсатында қолданылса, қазіргі батик өнері көбінесе туристерге арналған сатылу бағытында қызмет жасауда. Қазіргі уақытта батик Яваның көптеген өндірістік орталықтарында үлкен рөл атқарады. Батик өнері таза түстерден орындалатын, бірнеше ғасырдан астам тарихы бар, әрдайым сұранысқа ие өнер түрі ретінде әлем бойынша көптеген халықтарға таныс.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Ирина Минаева. «Что такое батик?» // http://www.mini-art.info/batik_ru.html
2. «Батик с Явы» // http://irenabatik.ru/batik-obuchenie/batik-texniki/batik-s-yavy-istoriya-iskusstva.html
3. Ibu Hani Winotosastro. «The ceplok motif» // http://www.winotosastro.com/batik/batikyogya.html
4. Lydiahzy. «The Ceplok motif» // https://knowyourbatik.wordpress.com/2017/10/03/meaning-ceplok-motif/
5. Ananda K. Coomaraswamy. History of Indian and Indonesian Art. New York. p. 212
6. Ibu Hani Winotosastro. «Traditional batik motif Yogyakarta» // http://www.winotosastro.com/batik/batikyogya.html
7. Sangga Sarana Persada. «Motif» // https://www.joglosemar.co.id/batik.html
Анықтамалар:
- Джокьякарта – (индонезиялық тілде Daerah Istimewa Yogyakarta, ява тілінде Dhaérah Istiméwa Yogyakarta) - Индонезияның аймағы, Джокьякарта сұлтанының астанасы.
- Лидах апи - (индонезиялық тілде Lidah api – жалын тілі).
- Керис – (индонезиялық тілде Keris - қылыш).
- Гуджарат (гудж. ગુજરાત; хинди गुजरात; ағылшынша Gujarat) – Үндістанның батысында орналасқан штат.
- Патола – Үндістанда пайда болған әлемдегі ең қымбат маталардың бірі, қос икат.
- Сидо Мульо мотиві (индонезиялық тілде «сіз бақытты болуыңыз керек»).
- Сидо Дади мотиві (индонезиялық тілде «сіз жоғары лауазымды позициядағы ауқатты адам болуыңыз керек»).
- Сатрио Вибово мотиві (индоензиялық тілде «абыройы бар адам»).
- Асмородоно мотиві (индонезиялық тілде: Тикыль «көп», Асморо «махаббат», Доно «сыйлық»).
Тасыгожина Г.
2 курс студенті,
Ғылыми жетекшісі: Каргабекова Р.И.,
Қазақ ұлттық өнер университеті өнертану магистрі