2021 жылдың 4 маусым күні сағат 16:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Бақыт Қай...
КЕЙДЕ КӨЗ АЛДЫНДАҒЫНЫ КӨРМЕЙМІЗ
Оның картиналары Лувр мұражайында тұр. Қазақ қызының қылқаламынан туған туынды көпшілікті тамсандырады. Нью-Йорк, Тайвань, Сантьяго, Скотсдаль, Токиода өткен суретшілер байқауының жүлдегері. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» аталымына үміткер Анара Әбжановаға үндестік маңызды. Ол әр нәрсенің жаңа қырын ашуға құмар.
– «Мүмкіндігі шектеулі» дегеннің тек сөз тіркесі екенін дәлелдегендердің бірісіз. Сурет салуға құштарлық қашан пайда болды?
– Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, қоғамда құрметке бөленіп, жетістікке жеткендер жетерлік. Бұл сөз оларға тұсау болған жоқ. Керісінше қол қусырып отырмай, діттеген мақсатына жетуге күш берді.
Шығармашылыққа кішкене кезімнен бейімім болды. Анамның сөмкесінен қарындаш іздеп, еденге, қабырғаға сурет салады екенмін. Осыған қарап анам сурет альбомын сатып алып беріпті. Кейінірек мультфильм кейіпкерлерін бейнелеу сүйікті ісіме айналып кетті. Болашақта суретші болатыным бесенеден белгілі еді.
Леонардо да Винчи бейнелеудің адамды байқауға бейімдейтінін, бәріне бірдей назар аударуға үйрететінін тауып айтқан. Көлеңке мен жарық, мекен мен пішін, түс пен қашықтық, қозғалыс пен тыныштық. Аталған ұғымдар сиқырлы күш тәрізді. Бұл күш кез келген байқай білмейтін детальді табуға үйретеді. Осы орайда жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Жақында халықаралық ІІ «Леонардо да Винчи – әмбебап суретші» байқауынан жүлдегер атандым. Байқау 2018 жылдың 20 қаңтарында Флоренциядағы итальян музейінде өтті. Шара халықаралық белгілі Руссо арт-сыншыларының қолдауымен іске асты.
– Картиналарыңыз арқылы әлем Қазақстанды көргендей болады. Шетелдіктер көзімен еліміз қандай?
– Иә, әлемнің картиналарым арқылы елімізді танығанын қалаймын. Қарапайым ғана обьектіден болмыс қалыптастырғым келеді. Әдемі көрініске кезіге қалсам, ішінен өзгелер байқамаған ерекшелік іздеймін. Жаныңа жақын мекенде жүргеніңмен, сол жердің өзгешелігін байқамай жатасың. Жылдар бойы іздеп жүргеніңнің тура көз алдыңда екенін кейін ұғынасың.
Пейзаж адам назарын өзіне аударады. Себебі, картинаға қарағанда өзіңнің қоршаған ортамен байланысыңды сезесің. Бірде шетелдік қыз маған хат жолдапты: «Картиналарыңыздан Алматының басты ерекшелігін байқадым. Табиғат пен архитектура ерекше үйлесім тапқан. Сондай-ақ көріністен суретшінің еліне деген махаббаты мен қылқаламның сиқырын көрдім».
– Акрилмен жазудың артықшылығы неде? Сіз салған пейзаж өзгелерден қалай ерекшеленеді?
– Акрилмен сурет салу технологиясы жаңа көзқарас сыйлады. Ол үшін су құрылымы бар бояу пайдаланамын. Аллергиялық реакция тудырмайтыны, сарғайып кетпейтіні ұнайды. Акрил – акварель мен майдың қосындысы. Бояуды қолдану арқылы қанық түс алуға болады. Акварель мен майды қолданып көргендер акрилмен салуға тез бейімделеді. Бірақ акрил бояуы тез кеуіп кетеді. Бұл – Ресей, Италия және Голландияда жасалатын қымбат әрі жоғары сапалы бояу.
Пейзаж – адам жанының күйі. Мұнда «басты кейіпкер» маңызды рөл атқарады. Кез келген мезгілде пейзаж салуға болады. Оған уақыт пен мезгіл кедергі емес. Пейзаж – бейнелеу өнеріндегі бөлек дүние. Себебі, суретші картинасында тек табиғатты бермейді, сондай-ақ ішкі толқынысын суреттейді.
– Шетелдіктер туындыңыздағы нені бағалайды? Коллекцияңыздағы орны бөлек картина?
– 2010 жылы салынған «Күн құшағындағы қыс» – алғашқы сериям. Қысқы сұлулықты суреттеген картиналар топтамасы. Екінші серияны жинақтау бір жыл уақыт алды. Топтамадағы екі туынды Талдықорғандағы өнер музейінде және Астанадағы Президент музейінде сақтаулы. Қысқы пейзажды 9 рет салдым. Ойымдағы қысқы картинаны салуға ұзақ уақыт жұмсадым. Ерекше көріністі іздеуге талпындым. Қызығы, бір күні терезе алдынан аулаға көз тастадым. Көргенімді бейнелеуге тырыстым. Нәтижесінде, жарық пен жылуға толы әдемі картина пайда болды. Тағы бірде қар астындағы бақшаға бардым. Тез арада көрініс эскизін жасадым. Ашық аспан, ауылға, табиғатқа нұрын төгіп тұрған күн, күн сәулесімен шағылысқан аппақ қар. Студент кезімде Чилидегі Сантьяго қаласында өткен халықаралық топтық бәйгеге шақырды. «Күн құшағындағы қыс» картиналар топтамасын қоямын деп шештім. Дәл осы серия маған жетістік алып келді. Халықаралық арт-сыншылар топтамаға жоғары баға берді. Себебі, туындыда ашық түсті бояу мен ерекше жылу бар. Топтаманы бақшада жұмыс істегенді жақсы көретін анама арнадым.
– Анара, сұхбаттарыңыздың бірінде қыс пен күз көрінісін салған ұнайды депсіз. Неліктен аталған мезгілдер?
– Қыстың алғашқы күндерінде жауған қарды жақсы көремін. Ұзақ серуеннен келгенде үйден мандарин иісін иіскеу қандай ғанибет. Әлі есімде, қысқы кеш болатын. Мамам ертеңгі туған күніме орай торт пен тәттілер алып келемін деген еді. Биік мектептің терезесінен анамның келгенін тосып тұрдым. Дала суық, қалың қар жауған әрі боран соғып тұр. Тәрбиеші «төсегіңе жат» деп шақырғанмен, қырсығып бармай қойдым. Қолында көтерген сөмкесі бар анам ақыры келді. Жүзінен шаршағаны білініп тұрса да, мен үшін бәрін істейтін. Қиындық пен түрлі сынаққа қарамастан, алғаш рет шынайы қуаныш пен бақыттың қандай боларын сезіндім. Жақсы суретші болып, анамды бақытқа бөлеймін деп өзіме сөз бердім. Қар жауып тұрған қысқы көріністі жақсы көретінім осы хикаямен байланысты. Алматы мен Астананың пейзажын салғанды ұнатамын. Адам тәрізді қалада да өзіндік мінез бен көңіл күй бар. Көргеніңді қиыстыра білсең болғаны.
– Алматы сізге жылдың қай мезгілі болсын ұнайды екен. Мың бояулы қалаға арнап топтама шығару ойыңызда жоқ па?
– Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының ізімен мың бояулы қалаға арналған 1000 картина жинау ойымда бар. Қазір Алматыны суреттеріммен сөйлете білудің жолын іздеудемін. АҚШ-та әлемнің менмін деген суретшілері қатысатын байқау болады. Соған дайындығымды пысықтауым қажет. Жыл мезгілдеріне арнап арнайы коллекция құрастырамын: «Табиғат түсі», «Астананың 20 пейзажы», «Алматының 1000 пейзажы». «Өмір гүлі» сериясы қызым Алуаға, анама және жер бетінің нәзік жанды аруларына арналады.
– Өміріңіздегі ең айтулы жеңіс? Шабытты қайдан аласыз?
– Өмірдегі басты жеңіс – өзіңмен жүргізген күресің. Неге? Себебі, өзіміз өмірді түрлендіре аламыз. Әлемді өзгерткіңіз келсе, алдымен өзіңізді өзгертіңіз. Өзіңізден бастаңыз. Қазақстан табиғатына қатты ғашық болған соң, менде ерекше туындылар пайда болды. Пабло Пикассоның атақты цитатасын еске түсірейікші. «Жақсы суретші көшірсе, ұлы суретші ұрлайды». Пикассоның шығармашылық туралы ойы – түсіне білгенге теңдессіз жауап. Таңертең, түсте, кешке пейзажға айналар көрініс іздеймін. Жаңа оянған қала тіршілігін тамашалау үшін таң атпай қала сыртына шығамын. Табиғат – шабыт алар қайнар бұлақ тәрізді.
– Бір кездері шәкірт едіңіз. Қазір шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Ұстаз ретінде қалыптасып үлгердіңіз бе?
– Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген соң, оқытушы боламын деп ойламадым. Өйткені өзімді тек шығармашылыққа арнағым келді. Бірақ әріптестерім сенім білдірген соң, бас тартқым келмеді. Шәкірттерімнің алдында үлкен жауапкершілікті сезінемін. Ұстаздық жолымды өнер мектебінде,
Т.Жүргенов колледжінде бастадым. Алғашында «сөйлей алатын балаларға қалай сабақ беремін» деген қорқыныш болды. Бірақ ішкі толқынысымды жеңдім. Шәкірттерім мені сыйлайды әрі түсінеді. Қазіргі таңда академияның 2-курс студенттеріне дәріс оқимын. Педагог екенімді мақтанышпен мәлімдеймін. Ең алдымен, педагог – кәсіп түрі. Ұстаз болу – мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік. Студенттер ісін сүйетін ұстаз бен сабағын өтуге келген педагогты ажырата алады. Жастардың, шәкірттерімнің маған қарағанда ақылды, талантты болып өсіп келе жатқанына қуанамын. Педагог ретінде шәкірттерімді өзіндік «менін» табуға, бақытты өмір сүруге үйреткім келеді. Бастысы олар таңнан кешке дейін ерінбей еңбек ету керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
aikyn.kz