Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық фила...
Астанада «Нұр келбетті Астана» атты халықаралық көркемсурет фестивалі басталды
Астананың 20 жылдығы қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі халықаралық "Нұр келбетті Астана" көркемсурет фестивалін ұйымдастырды. Іс-шараның ашылу салтанаты ҚР Ұлттық музейі ғимаратында өтті, деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі.
Маусым айының 6-шы жұлдызынан бастап, қылқалам шеберлері Астана бойынша танымдық экскурсияға қатысып, Астананың көрікті жерлерін бейнеледі. Оған отандық қылқалам шеберлерімен қоса АҚШ, Еуропа, Ресей, Бразилия, және Азияның Жапония, Үндістан елдерінен үздік суретшілер қатысты. Олардың қатарында Ұлыбританияның Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапонияның акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер мектебінің тәлімгері Жизель Улисс, Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландияның ретроспективалық көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу, сонымен қатар, Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспанов, Тілеужан Батанов сынды әйгілі отандық суретшілер де бар.
"Қаңтар айынан бастап біз жұмысты бастадық. Бұл жерде әлемнің 250-ге жуық қылқалам шеберлері өздерінің жұмыстарын ұсынды. Солардың ішінен таңдап, саралап ең үздік деген суретшілерді шақырдық. Оның ішінде біздің отандық суретшілер де бар. Ұлттық брендке арналған Астананы әлем суретшілері ішкі жан дүниесімен қалай көретіні, майлы бояу арқылы қалай бейнелейтіні үлкен қызығушылық туғызды. Мәдени ынтымақтастықты халықаралық деңгейде әрі қарай дамыту үшін осындай фестиваль белгіленіп, мемлекеттік, біздің ұлттық брендімізге айналған Астананың 20 жылдығының қарсаңында осындай үлкен шара өтіп отыр. Шетелдік қылқалам шеберлері Астанаға келіп, әсем қаланы өз көздерімен көріп, өз ойларымен, өз көзқарастарымен қылқалам өнері арқылы бөлісті. Яғни, осылайша сол туындылар бүкіл әлемге насихатталады. Яғни Қазақстанның ұлттық бренді болған Астананы әлемге насихатаудың бір көрінісі. Әлемнің бірнеше мемлекеттерінен келген өз істерінің мамандары осы жерде бірігіп, өздерінің жұмыстарын ұсынып отыр", - деді жоба авторы Сәбит Әбдіқалықов.
Келушілерді Браизилиядан келген Жизель Улисс, түркиялық Мұстафа Муфтуоглу және басқаларының еліміздің жүрегі Астанаға арналған, оның тамаша табиғаты мен көркі келіскен архитектурасын бейнелеген жұмыстары қуантты.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев былай деп атап көрсетті:
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы назарбаев қазақстандық мәдениет әлемнің басты барлық тілінде сөйлеуі керек деп деген болатын. Яғни, дүниежүзі Қазақстанды жерасты байлығы ғана емес, мәдени жетістіктері арқылы да бағалауы керек. Осы фестивалдің ұйымдастырылуы да, өткізілуі де нақты осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлері Астана туралы алған әсерлерімен шығармаларында шынайы бөліседі деп сенеміз. Олардың қиялынан туған туындылар жер шарының жетекші елдерінде елордамызды насихаттауға үлкен үлес қосатын болады».
Хорватиядан келген суретші, «Абу Даби Плаза», «Желді түн» және «Астанадағы алғашқы күн» картиналарының авторы Марко Зубак былай дейді:
«Жасыратыны жоқ, Хорватияның көпшілік баратын жерлерінің бәрі көне. Сондықтан біздің қыл қаламымызға ілінетін тақырыптың тамыры да тереңде жатады. Бізден басты айырмаларыңыз: Сіздерде бәрі жас, су жаңа құрылыстар, үріп ауызға салғандай уыздай жас музей, сәмбі талдай майысқан архитектура. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жаңа туған сәбидей. Сіздер болашақты өз қолдарыңызбен құрап жатырсыздар. Мен үшін осының бәрін көру бақыт болды деп айта аламын».
Ұлттық Музей сайтының редакциясына берген эксклюзивті сұқбатында суретші Артем Мирлевич (Нью-Йорк, АҚШ) былай деп әңгімелейді:
«Менің Қазақстанда бірінші рет болуым. Менде жақсы ерекше әсер қалыптасты. Бірінші кезекте, мұнда тұрып жатқан адамдар туралы айтқым келеді, оларды жанының кеңдігі мен жылуы, өз еліне, өздерінің астанасына деген мақтаныш сезімдері ерекшелеп тұрады. Бірдкен айтайын, Астанаға алғаш табаным тиген күннен аралаған мәдени нысаным – осы Ұлттық музей. Ол маған өте жақсы әсер етті. Әуелі оның көне мен жаңаның тоғысқан ішкі мазмұны, архитектурасы қатты ұнады. Ерекше айшықталып көрініс тапқан. Фестиваль аясында жоғарыс деңгейдегі қызықты кездесулер ұйымдастырылды, әлемнің әр түкпірінен келген жоғары шеберліктегі суретшілермен араласу өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызды. Біз Қазақстан республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен араласудың орайы келді. Шараның шоқтығы биік тұстарының бірі оқушылар Сарайында өткен жастар мен өте жас суретші балалармен кездесіп, мастер-клас өткізу болды. Тіпті, қарқарасы болды деуге тұрады. Біз жаңа шабытпен кетіп барамыз, тың жобаларға серпін алдық».
Фестиваль жұмысына бір ғана суретшілер емес, шығармашыл адамдарды қолдаушылар да, өнерді қастерлеп бағалайтындар да қатысты. Солардың бірі Германиядан келген дизайн индустриясының өкілі Фредерик Кноте:
«Өнеркәсіптік дизайнерлікпен айналысамын, немістің белгілі әлемге мәшһүр «Mercedes-Benz» компаниясында жұмыс жасаймын. Мен таң қалдым. Мені дизайнер ретінде қаланың архитектурасы таңдай қақтырды, индустрия саласына аз ғұмыр арнамаған адам ретінде алғаным көп. Фестивалға қатысушылар әртүрлі стилде жұмыс жасайды, жоғары деңгейдегі мамандар болып табылады. Бәріне бір-ақ тақырып Астана берілгенімен, әркім өз қиялына ерік беріп, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын қайталанбас өнертуындыларын дүниеге әкелді».
"Мен Астанаға келер кезде біраз мәлімет іздедім, салт-дәстүрлерін қарадым, оқыдым. Домбыра туралы білдім. Қазақ халқында бүркіт өте қадірлі екенін ұқтым. Сондықтан бүркіт пен домбыра бейнеленген триптих салдым. Сіздер 20 жылдың ішінде осындай керемет қала салдыңыздар. Мен үшін Астана өсіп келе жатқан сан қырлы, өте әдемі қала. Мен өте ескі және өте жаңа қалаларды жақсы көремін. Егер сіздер алдағы 20 жылда да тағы да осылай дами беретін болсаңыздар, керемет жетістіктерге жетесіздер. Мен міндетті түрде Астанаға ораламын, мені шақырсаңыздар мен қуана-қуана келемін, - деді Ұлыбританиядан келген суретші Александра Коннор.
Жалпы суретшілердің алған әсері өте жоғары. Еуропалық суретшілердің айтуынша қала жаңа күш пен шабыт сыйлайды. Оны бүкіл әлем танып келеді. Айдан-айға, жылдан-жылға өсіп-өніп құлпыруда.
Көрмеде барлығы көрермен назарына 63 қылқалам туындысы қойылды. Көрмені бір ай бойы тамашалуға болады.