Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кез...
Наурыз мерекесіне арналған «Көктем өрнегі» көрмесі ашылады
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Наурыз мерекесіне арналған «Көктем өрнегі» көрмесі көрермен назарына ұсынылады.
Наурыз – әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Жаңа өмірдің оянуын бейнелейтін бұл мерекені көпұлтты Қазақстанда тұратын барлық халықтар ерекше қадірлейді. Наурыз өткен және қазіргі замандағы дәстүрлердің сабақтастығын білдіретін маңызды оқиға бола отырып, қазіргі заманға үйлесімді түрде енді.
«Көктем өрнектері» көрмесіне музей топтамасынан алынған Қазақстанның кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылған. Олардың қатарында Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Токболат Тоғысбаев, Әли Жүсіпов, Құрасбек Тыныбеков, Амангүл Иханова және т.б. сияқты танымал есімдер бар. Олардың шығармалары ұлттық стильде, жұртқа танымал авторлық мәнерде орындалған. Көрмеде Айша Ғалымбаеваның көптеген көрермендерге ұнайтын «Дастархан», «Аяққап» натюрморттары, оның «Қуанышты күн» атты тақырыптық туындысы қойылған. Гүлфайрус Исмаилованың «Халық шебері», «Қымыз. Натюрморт», «Бас киімдер». Табиғаттың тынысы мен сұлулығын сезінетін суретшілердің аға буынының өкілі Әли Жүсіповтың «Күйші» туындысы ұсынылған. Ә. Жүсіпов өзінің портреттерінде шығармашылығы дарынды және рухани бай адамдардың күрделі әрі сан қырлы мінез-құлқын көрсетуге тырысты. Зейнеп Түсіпованың әйелдердің мереке алдындағы машақатын керемет суреттейтін «Отбасы ошағы» сериясының «Бауырсақтарды қуыру», «Ауыл әйелдері» атты жанрлық туындылары әсіре қызықты. Ұлттық тақырыптың жалғасы ретінде Бақыт Бапишевтің «Құнарлылық символы» шығармасы көрінісін тапты.
Экспозицияда қазіргі уақытта шығармашылығымен кең танымал суретшілердің жұмыстары қойылған. Мысалы, Алексей Уткиннің жанды әрі әсерлі фактурасымен сомдалған «Ұлттық колоритте», «Қалыңдық пен күйеу» атты туындылары. Нелли Бубенің суреттеріндегі ерекше сәнді және қайталанбас бейнелер өз алдына тартымды. Ботагөз Ақанаеваның аппликация техникасында орындалған «2-мереке» туындысы өзінің көркемдік шешімі бойынша қызықты.
Атақты сәндік-қолданбалы өнер шеберлері – Құрасбек Тыныбековтың, Амангүл Иханованың туындыларымен қатар «Кілемші» артелімен жасалған гобелендер де ұсынылады. Қазақстандық гобеленнің тарихы осы артельден басталды. 1930 жылдардың аяғында гобелен шеберханасы ашылған болатын. Эскиздерді әзірлеуге көптеген танымал қазақстандық суретшілер – А. Қастеев, Н.Цивчинский, А. Исмаилов, Г. Исмаилова қатысты. Жұмысты қазақтың қол тоқу өнерін жақсы меңгерген қолөнершілер орындады. Ұлттық гобелен мектебінің дамуы мен гүлденуінің келесі кезеңі ХХ ғасырдың 70-жылдарын қамтиды. Оның негізін қалаушы ұлттық дәстүрдің жаңашыл идеялармен үйлесімді бірігуіне негізделген өзіне тән және қайталанбас авторлық стилі бар дарынды суретші Қ. Тыныбеков болды. Өзінің туындыларында олар ежелгі көшпелі мәдениеттің тарихына сүйенді, Қазақстан табиғатының өзіндік ерекшелігі мен сұлулығын паш ете отырып, замандастарының күнделікті атқаратын еңбегін және өмір тынысын бейнеледі. Кескіндемедегі сурет сияқты, олар күрделі кеңістіктік және колористикалық мәселелерді шешеді, көп фигуралы, тақырыптық, кейінірек абстрактылы-рәміздік композициялар жасайды.
1970 жылдардың басындағы Қазақстанның қазіргі заманғы зергерлік өнерінің бастауында И.Брякин, Г. Жалмұханов, Л. Игошин, Л. Шкляев сияқты және т.б. шеберлер болды. Олар орындау техникасында кемелдікке жетуге ұмтылып, өзінің жұмыстарын жаңа эстетикалық мазмұнмен толтырды. Аға буын эстафетасын металмен жұмыс істейтін жас суретшілердің саңлақтар тобы қолына алды. Суретшілер ежелгі космология, киелі белгілер, түркі руналары, қазақтың рулық эмблемалары – таңбалар тақырыбының мәнін ашты, бұл олардың шығармашылығының қазақ халқының бай мәдени мұрасымен ажырамас байланысын растайды.
Экспозицияны 2023 жылдың 3 наурызынан 29 наурызына дейін тамашалауға болады.
Көрме жетекшісі: Баженова Наталия,
Әбілхан Қастеев ат. ҚР МӨМ «Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері» бөлімінің жетекшісі