* * *Жер сілкінді,қашырды жел сұрқымды… Ер түркімді жалмады,көрші ұлтымды....
«Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – сөзбен жазылған сурет»
«Мәдениет порталы» график суретші, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі Оразбек Есенбаев пен ақын Ерболат Қуатбектің «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» жобасына деген пікірі мен шығармаларын ұсынады!
Оразбек Есенбаев:
Бұл суретшілер мен суреткерлердің сайысы. Бұлар қашан да бір-бірімен үндес, толқындас өнер. Мысалы, Ахматова мен Модельянидің арасындағы «тылсым байланыс» қос өнерді байытып, өшпес жыр-жауһарларын, шығармаларын қалдырып кетті. Бұндай жобалар қазақ суретшілерінің әр қырлы кескіндеме өнерін жаңа соқпаққа, дамудың жаңа белесіне алып шығады деп ойлаймын. Таланттардың ізденісіне жол ашатын осындай сайыстар көп болса екен дейсің. Ендеше осындай бастамаларды шын жүрекпен шапалақ ұрып, қош көңілмен қошеметтеп қарсы алайық. Сәттілік! Мұрындық болып отырған «Мәдениет порталына», қолдау көрсеткен Қарағанды мәдениет басқармасына алғыс айтамыз.
Ерболат Қуатбек:
Шыны керек, Тәуелсіздік алғаннан бері мұндай тың жоба болған емес. Бұл өте қажетті дүние. Сурет дегенде қалың көпшілік Әбілхан Қастеевпен қана шектеледі. Ол арада қаншама уақыт жатыр. Қаншама таланттар дүниеге келіп өткені анық. Осы текті өнерді ел ұмытып кеткен де сияқты. Осы жоба соның орнын толтырмақ. Елімізде танылмай жүрген қаншама суретші бар? Бірақ, солар бір құдды параллель әлемде өмір сүретін секілді көрінетін. Суретші мен ақын арасындағы байланыс үзіліп қалды. Міне, осыны жалғау мақсатында құрылып отырған жоба авторларына мың алғыс. Леонардо да Винчи айтпай ма? «Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – сөзбен жазылған сурет» деп. Бұл – заңдылық.
Тепе-теңдік
Өзеннің беті дірілсіз,
Мойыны қалған жұлынсыз.
Тұтқындап алып тамшыны,
Шомыласыз ба, бүгін сіз?
Өзеннің беті тақтадай,
Тақтаға сәуле жақты Абай.
Ақ қанат байлап өтіңдер,
Ғақылияны таптамай.
Өзеннің беті шыныдай,
Шытынап кетті бүгін Ай.
Қымтанып неге жатпайды,
Жылымай қойды жылымай.
Өзен мен адам кереғар,
Одан су кетер менен ар.
Онда дөңгелек тамшы бар,
Менде оны көрер өре бар.
Жүргем жоқ дауыл, жел бағып,
Әкетпес мені сең қағып.
Өзен дірілдеп кетсе егер,
Дірілсіз қалам мен дағы.
Адамды сірә ғаріп дер,
Жаңғағын оған жарып бер.
Бетіне әжім түсірмей,
Түбінен гауһар алып көр.
Қияметтердің қайымы,
Ұшатын жердің қайығы.
Өзенді оятпай өтер ем,
Жүзе алмайтыным, айыбым.
Аязға өзен көне ме?
Себеле ақ қар себеле.
Құмартып ылғи тұрады ол,
Менің ұлпадай денеме.
Ақ қардан бүгін Көк құрғап,
Шөліркеп кетті көп тұлға.
Әжімсіз өзен мені де,
Жұтып алғысы кеп тұр ма?..
Безбенші ата
Безбенші ата!
Пайымдап адам жайлы,
Ойлап барып шектің бе содан қайғы?
Адам әр кез таразы бола алады,
Ал таразы адамдай бола алмайды.
Безбенші ата!
Қайранмын тірлігіңе,
Салмақ өлшеп жалғадың күнді күнге.
Өмір. Өлім. Жалғыздық. Жан менен Тән,
Қосылып ап күлді кімге?
Безбенші ата!
Не деп тұр безбен тағы?
Сөзден таны дейді ме көзбен таны?
Сіңіп кетті ғайыпқа бәзбіреудің,
Жер шарының заңына төзген бағы.
Сізден анық салмағын сұрады кім?
(Қабағымды ошақ қып тұрады мұң).
Жүз келіге татитын бір жігіттің,
Көздеріңе татымай бір арудың
Өтіп жатыр осылай тұма күнім.
Бір қаратпай жүйрік күн өтеді де,
Безбенші ата, өмірдің шекері не?
Таразының қуаты жетпейді ғой,
Адамзатты көтеруге.
***
Бір ғана сөз жетеді жұбатуға,
Бір ғана сөз жетеді құлатуға.
Бұл сөз жанды арбайтын сиқыр ма еді,
Әлде жылылықтың ол бір аты ма?
Мен білмедім, білуге құмар едім,
Тұма ма едің сен сондай бұла ма едің?
Сол бір сөзді айтатын жан болса егер,
Мен еңкілдеп алдында жылар едім.
Құрдас
(Саттар Ерубаевқа)
Қалың қалай, Саттар құрдас!
Сыр айтайын ақтарылмас.
Бой бермей-ақ келеді әлі,
Ана-мына жаққа бұл бас.
Жиырма үшімде өлем деудің,
Орынына өлең бергін.
Басқа түгіл өз басына,
Еш қалтқысыз сенем дер кім?
Қанмен жазған әріптермен,
Барады әне жанып, кеудем.
Өтемін бе, дүниені
Түнек сосын жарық деумен.
Сенен бұрын күндес, көрмен
Серт береді тілдеспеуге.
Өлім жайлы айтпай-ақ қой,
Өмір жайлы білместерге.
Күншілдігін күндемегін,
Үндемедім, үндемегін.
Оның күнге айналарын,
Әу бастан-ақ білген едім.
Әперем деп айды көктен,
Қанатыңды жайдың, өктем.
Өмір сені қайғылы еткен,
Өлім сені әйгілі еткен.
Кездескенше, Саттар құрдас!
Сыр айтқанмен, ақтарылмас.
Бой бермей-ақ келеді әлі,
Ана-мына жаққа бұл бас.
Әділет Шопен