«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» ...
Пикассо аңызы
Осы күндері суретші де, сурет сала білмейтін әлеумет те – «Пикассо» десе-ақ қосарлана кетіп, бір сөйлепқалады. Естіген бір дерегін тықпалап жатқаны. Біреуі біліп айтса, бесеуі, дүрмектің үрметі үшін ғана «ойпырым-ай» десіп жүргені. Иә, кім қалай айтса да, не уәж десе де көзі тірісінде бас айналдырар атаққа шығып, артына даңғайыр аңыз қалдырған испан суретшісінің тіптен де тегін адам еместігі. Өзінікі тұрғанда өзгенікін әулие тұтқыш біздің халықтың табиғатына шым-шымдап кірген «Пикассо» дейтін есімді шама жеткенінше жаймалап көрсе – ең алдымен оның сұрапыл еңбекқорлығы көзге түссе керек.
Артында қалған он мыңдаған картина, жиырма-отыз мыңдаған гравюра, мүсіндері «Пикассо» аңызының діңі болса керек. Өмір сүрген тоқсан екі жыл ғұмырының әрбір тәулігін сурет салуға арнаған мехнаткештігімен өлшенсе керек, ең әуелі. «Менің айтайын дегенім тіптен көбейіп, оған деген уақытым сарқылып бара жатыр» дейтін жанкештілігінде шығар.
– Сіз осы, шаршамайсыз ба? – деп сұрағандарға:
– Жоқ ә, мен мұсылмандардың мешітке кірерде аяқ киімін табалдырыққа шешіп кететіні секілді, шеберханаға кірерде тәнімді босағаға қалдырамын, – деп жауап қатады екен, жарықтық.
Тіпті, соғыс кезінде де, қараңғылық тұмшалаған түн түнегінде аяғына фонарь байлап алып жұмыс істей беріпті.
Жаратқан иеден соншалық мол қуатпен жаратылған жан, байыз тауып отыра алмай дедектеп, бұрылысы мен бұдталаңы көп ғұмырын Барселона мен Париждің арасында шаң қылып өткерді. Кенеп пен сыр бояу, қағаз бен қарындашты айтпағанда, каллиграфия, плакат, линогравюра, қыш бұйымдар, сәнді табақтар, құмыра жасау, мүсін құюды місе тұтпай, бейнелеу әлеміне тіпті қатысы жоқ мәнсіз дүние жинап, әлгілерден мейлінше мол үйлесім тауып, керегіне жарата берген. Қоқыс деп кірәжімей, кәкір-шүкірден де инсталяциялық шығармалар тауып отырған. Атақты «Бұқа» дейтін мүсіні де қоқыс жәшігінен табылған ескі велосипедтің тізгіні мен ершігінен жасалған болатын. Қолданыстан шығып қалған заттарды үйлестіре салып, адам таңғаларлық бір бұйым құрастыра салу Пикассоның басты ерекшеліктерінің бірі тұғын.
Содан кейінгі гәп – керексіз қоқыр-соқыр жинағыш суретшінің «мынандай» дейтін пікірмен еш өлшенбейтіндігі. Ешнәрсеге ұқсамайтын, өлшемге, байламға келмейтін, қисынға қиғаш, мейлінше қым-қуыт, әрі кері ағар мінез-құлқында. Айналасын бәрін тәлкек қылып, басын бәлеге тігіп жүретінінде. Ата-анасы, бала-шағасы, тең тұстастарының оған беретін мінездеменің бір арнаға еш тоғыспайтынында. Оның темпераменті өз отанындағы коррида ойыны секілді заматта өзгергіш, табан астынан шыға келер күтпеген бір сұмдыққа толы еді. Қарап отырсаңыз, төңірегінде жүргендер бірі-біріне 1800, қарама-қайшы естеліктер жазыпты. Бірі «шектен тыс Атымтай жомарт еді» десе, екіншісі «барып тұрған Шығайбайдың өзі» дейді.
Суретші тұлғасындағы басты ерекшелік оның жуалдыздай қадалып, тесіп өте қарайтын қап қара көздері, адамды әп-сәтте арбап алатын бір сиқырының барында дейді көргендер. Ұсақ шегелерді өзіне жинап алатын магниттей, төңірегін дос-жаранға толтырған Пабло Пикассо әлгілердің бірде-біріне ішін алдырмай, әйелін де еркегін де мұрнынан тескендей қылып, артына салпақтатып ерткен де отырған.
Күліп-ойнап отырып, нілдей бұзыла, ашуланып, аспанға пистолет атып, артынша анекдот айтып жайбарақаттана қалатын, күрт шарықтап, кілт тоқтайтын кісіні тап басып, мынадай еді деу расында қиынның қиыны. Өзінің сүрген ғасыры секілді, өте алмағайып суретші, осы жолы, «ұлылық қарапайымдылықта» дейтін пікірді жер қаптырып кеткен бе дерсіз?!
Паблоның жүздеген қылығын, мыңдаған жұмысын айтқанда бір түрлі таланты да алдымен ауызға ілінуі абзал. Талант мырза Тәңірі жақтан көпшілікке шым-шымдап жетсе, біреуге «кетсе саған кетсін» деп аямай, асырып-төгілтіп, сар ете құйылып, тау болып үйіле қалады. Пикассоңыз сол, шын таланттың дәп өзі! Адам емес, шапшып көкке атылған, таланттың адам кейпіндегі көрінісіндей.
Бояу иісі аңқыған, суретші отбасында дүниеге келген Паблоның құттай кезінде салған суреттері баланың салғаны дегенге еш келмепті. Алты жасында үйлерінің дәлізінде тұрған Геркулестің статуясын кәнігі суретшілердің деңгейінде салып шыққаны да «Пикассо» дейтін аңыздың алауына тасталған бір жаңқа. Әкесінің сандаған жылдар жинаған тәжірибесін, бейнебір шүпілдей қымызға толған шараны басына бір-ақ көтеріп, сарқып ішкендей, әп-сәтте игеріп, теңдік бермей тайпалап, шығандап кеткен тентек бала болыпты.
Өзіне шешесінің фамилиясын қалап алған Пабло, бойшаң, арықша келген әкесіне қарама-қарсы тап шешесіндей дембелшең, аласа бойлы екен. Өңкей қыздардың, қарындастарының ортасында ерке-тотай күн кешеді. Шолжаң күндерінде-ақ академизм дейтін «ақсақалдың» апшысын қуырады. Көрген-білгеніңді айнытпай қағаз бен кенепке түсіретін, қатып қалған заңдары бар, сол, академизмді небәрі он төрт, он алты жасында-ақ алып жығады ғой. Оған дәлел «Ғылым мен мейірім» дейтін шығармасы.
Өрнектеп, сәндеп, үнемі кептер-көгершін салумен өткен әкесінің жете алмаған өнер биігіне бір-ақ қарғып шыққан ол, 1896-1897 жылдары Малага мен Мадрид қалаларында өткен көрмелерде әлгі картинасымен үлкен атаққа кенеледі. Бірдеңе дейтін медальді қоса тағынады. Сөйтеді-дағы өзіндегі академиялық сурет тәсіліне нүкте қояды.
«Талант тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейтін қазақтың мақалын іске асырған осы – Пабло! Кемерінен асып-төгіліп жатқан талант академизм арнасымен жылап ағып жүре берсін бе? Бәлен ғасырлық қалыптасқан арнаға Пикассо сыймады. Түйдектелген шұбар селдей болып, бұзып шығып, «бас жарып» – әйгілі «Авиньондық бикештерін» әкеледі өмірге!
Қазақ тағы бірде «атағың шықпаса жер өрте» дейді. Пәкеңіз өрт салудың майталманы болған кісі. Жан түршігерлік «Авиньондық бикештері» соның анық көрінісі. Бұл өзіне дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Академизм бағытының қақ маңдайынан ұру! Ұлы манифест. «Іздеймін, табамын» деген жойқын астамшылықтың тап өзі.
Айтқыш қазақ тағы бірде «Қардың басын қар алар жауып тұрып, ханның басын хан алар шауып тұрып», – дейді. Сол қазекем айтқандай, Пикассо бейнелеу өнерінде король болу үшін өзіне дейінгі академизмді міндетті түрде тағынан тайдыру керектігіне әбден көзі жеткен кісі.
Сезанның «Шомылған қыздарынан», Африкалық примитивті статуялар мен ибериялық мүсіндерден тамыр алған «Авиньондық бикештер» бір-екі-ақ күнде жазылып біткен, расында жан шошырлық картина. Онда – бұғанға дейін қалыптасқан әйел сұлулығы, мүсіні дейтін ұғымның күлі көкке ұшты. Келбеті келбет емес қорқынышты бетперде секілді, тұлғасы тұлға емес геометриялық фигуралар іспетті, өн бойы агрессияға тұнып тұрған «бикештер» Пикассоның өзіне дейінгіге, мұрты бұзылмай жеткен түсжазба (живопись) ережелеріне деген шектен шыққан жаулығы. Жаңа ғасырда туған, жабайы, есімі белгісіз эротикалық құбыжық па дерсіз?!
Картинада бәрі де бөлекше, өзгеше. Сол жақтағы, шеткі тұлға мысырлық ассириялық рельефке келсе, ортаңғы екі әйел испан шіркеулеріндегі қабырға суреттерін еске түсіреді. Өздерінен ептеп мистикалық лиризм байқалса, оң жақтағы беті тұрпайы түрде бұрылған әйел африкалық әлдебір жантүршіктірер рәсім-ғұрыптың кейіпкері іспетті.
Картинаны жоғары, сол жақтағы қызыл пердені де әлдебір жұмбақ, мына қыздардың ешқайсына тән емес, әлдебір қолдың ысырып тұрғаны да картинадағы тітіркену ахуалын күшейте түседі...(«Бензин ішкізіп, кендір жегізгендей болдың-ау!» – депті бір жолдасы, «бикештерді» қарап тұрып.)
Паблоны аңызға байлап берген тағы бір себеп – оның көрер-мендерінің суретші шығармасын қабылдау деңгейінің дайындығы. Сурет өнері дамымаған елде дүниеге келсе, жүз жерден дарынды туса да қалар еді көрінбей. «Аристотельмен іштес хакім болса да, малы көп майлы тымақтан мансабын асыра алмаған» тап біздің Абайдайын, жүрер еді еленбей. Ескерілмей.
Рафаэль, Мурильо, Эль-Греко, Руссо, Гойя сияқты алыптарға кеңірдектеп тойып, кекірігі азып, ықылықтап отырған европа жұрты «Авиньондық бикештерді» жақтырмай, тосырқай қарсы алғанымен, артынша шегін тартып, таңқалып, өмірге келген кубизм ағымын қол шапалақтап, төрге шығарды. Паблоның болашағына бал ашып жіберіп, дүниені дүр сілкінтер келешегін көріп, ақша мәселесін де оңынан шешіп берді.Суретшінің шығармасы жоқшылық, кемдік пен тақсыретке толы «көкшіл» кезеңі өз-өзінен, майлы-бақуатты «раушан» кезеңімен алмасты. Тағдырына қапшығы ақшаға толы ағайынды Леон мен Гертруда Стайндер, көпес Амбразура Воллар кезікті (Тіпті, бала күнінде нағашы ағасы Сальвадор да шимайшы баланың келешегі зор боларын білгендей тапқан бір теңгесінің тұп-тура елу тиынын жиеніне беріп отырған деседі).
Ақша мәселесі қанша айтылғанымен, өз мәнін осы күнге дейін толық ашпаған әлем. Оның адам психологиясына әсері, сиқырлау траекториясы да түрліше. Пикассо кейін қос-қостан вилла сатып алып, ең соңғы үлгідегі «Рольс-ройспен» жүрсе-дағы бір чемодан ақшаны үнемі жанында ұстап, ауық-ауық түн баласында отырып санайды екен. Санап отырып, «Мен ақшасы көп жарлы адаммын» дейтін көрінеді. Кім біледі, бір кезде ата-анасымен бірге шеккен кедейлік тақсіреті сүйегіне өтіп, санасына сіңіп кеткен болар? Әйтпесе бай- бағылан кезінде ажырасқан Ольга есімді әйеліне бір тиын бермей, ол әйелдің қайыршылық жағдайында дүниеден өтуі, тіпті шетін жағдай (Айтпақшы, суретші даңқының түндігін және бір желп еткізген де осы ақша әлемі! «Трубка ұстаған бала» картинасы 2004 жылы 104 млн. долларға сатылды).
Суретшінің даңқын жалаулатқан ендігі бір нәрсе өзіне дейінгі мықты суретшілерді шын мойындап, олардың шығармаларына дендеп кіре алғандығы. «Менен асқан суретші жоқ» дейтін астамшылықты сырып тастап, Эль-Греко, Делакруа, Сезанн сияқты мықтылармен үнемі творчестволық байланыста болғаны. Өмір сүрген ортасы да, даңқы да өзімен шамалас Анри Матиссті де төбесіне көтеріп, бағасын дәл беріп отырған кісі. «Тулуз Лотректің ұлы адам болғанын Парижге келгенімде түсіндім» деп отыратыны да осы сөздерімізді қуаттай түссе керек.
Руссо, Матисс, Брак, Дерен, Энгр сияқты суретшілердің картиналарын жинап, коллекция жинаумен де аты шықты.
Илеуіне қарай керегін тынбай таси беретін құмырсқа секілді, Пабло жарықтық Кранах, Веласкес, Мане, Пуссен шығармаларын сүзіп қаймағын алған кісі. Сенесіз бе, Делакруаның «Алжир әйелдері» картинасының он бес нұсқасын жасаған, Веласкесстің «Мениндерін» қырық мәрте көшірген! Бітіп тұрған өзгенің картинасын неше түрлі нұсқаға келтіріп, өзгертіп, интерпретациялап, тіпті кейбіреуін әжуалап, кекеп-мұқап, «жүгәрмектікке» де кеткен. Әрі көшірген, әрі дамытқан, әрі сынақ алаңына айналдырған.
Сол, өзінен әлдеқайда бұрын дүниеден өтіп кеткен суретшілердің рухымен тілдесе алатын қасиеті де болыпты. Ол өз әңгімелерінде Рафаэль, Сезанн, Ван Гогтардың үнемі шеберханасында болатынын айтып отырады екен.
– «Мениндерді» жазу барысында Веласкесс ту сыртымнан қадалып, бақылады да тұрды, – деп жазады бірде.
Біздің Бауыржан атамыз, анау Мұстафа Кемал секілді ұлы адамдарға тән артықшылық – Пикассоның да маңдайыны жазыл-ған. Ол – қыз-келіншектерден жолының болғыштығы. Шұбатыла тартылған тоқсан екі жасының өн бойында моншақтай тізіліп Фернанда Оливье, Ева Гуэль, Ольга Хохлова, Мари Терез, Дора Маар, Женевьва Лапорт, Француаза Жило, Жаклин Рок тұрар еді. Бұл бикештер суретші творчествосына мейлінше нәр беріп, муза рөлін атқарды. Небір мықты портреттерінің өмірге келуіне себепші болды. Әйелдердің образын сонау грек аңыздарындағыдай нәзік гравюралардай бастап, «Жылап отырған әйел» портретіндей қорқынышты экспериментке бірақ әкелді. Мыңдаған парақ қағаздың, жүздеген шаршы кенептің бетіне жуық арада қызуы басылып, табы қайтпайтын «ыстық қанды» портреттерін жазды.
Өзіңді құдайшылдықпен сап-сап деп отырып, пендешілікпен Пикассоның «дон-Жуандығына» бас шайқап, сұқтанғаныңды бай-қамай қаласың. Жаңа айтқан қыз-келіншектерді кілең жиырманың о жақ бұ жақтарында-ақ қалпақпен ұрып алған да отырған. Тіпті жасы алпыстан асып кеткенде де үлбіреген Жаклин Рокті ертіп Италияның картина сақтау банкіне келгенде есікте тұрған күзетші:
– Апыр-ай, Пикассо мырза, мұнда тұрақты келушілердің қолтықтай келген жандары қартая түсуші еді. Сіздікі жыл өткен сайын жасарып келе ме, немене? – депті таңданысын жасыра алмай.
Суретшінің даңқын асыра түсірген де әйелдері болғанымен, басындағы қоп-қою қара шашын ағартып, селдіретіп, таз қалпына түсірген де, сол, қыз-келіншектер-ді. Бірінен-бірі қызғанып, боқ дүниені бөлісе алмай, түрлі қарекеттермен суретші ғұмырын кемірудей кеміреді. Жарыса естеліктер жазып, онысын жариялаймын деп қоқан-лоқы көрсетіп, бопса жасағандары да бір төбе әңгіме. Оған шыж-быж болған суретші, тіпті баспагерлерге барып, «қатындардың қолжазбаларын алма» деп, жалынып ақша ұсынып, онысы нәтиже бермей, асқынып, өсек оты одан сайын шалқып.., «қызық» болады.
Әйтеуір, суретшінің алтын басын қоқысқа сүйреп қор қылғандар да, әспеттеп, бояу иісі сіңген комбинезонын шештіріп, сюртук кигізіп, жоғарғы каста – зиялылар арасына алып шыққан да солар. Сурет салу барысын фото-суретке түсіріп, бүгінгіге құнды дерек қалдырған да солар. Ғұмырын ұзартып, Пауло мен Клодтай ұл, Майя мен Паломадай қыз тауып берген де тағы солар!
Ол бейшараларға да оңай тимегені белгілі. Көктемдей құбылмалы Пикассоның түрлі қылықтарын көтеріп жүру үшін темірдей төзім мен ерік керек-ақ. Алпыс бөлмелі вилла алса да әр бөлмесін қоқыспен толтырып тастайтын, онысын жинауға тіпті рұқсат бермейтін салақ, гармония, жақсы талғаммен жаны қас Пикассоның жары болып көріңіз! Оның үстіне, үйде маймыл, көгершін, ит тәрізді жануарлар бірге тұрса, талтаңдап әрбір жерге бір құмалақтап ешкі жүрсе, қайтпексіз?
Пикассоның сурет әлемі пессимизм жайлаған, жарлы-жақыбайларды сала беретін «көкшіл» кезең, қуанышқа жолыққан «раушан» кезең, одан кейін кіргізген жаңалығы кубизммен шектеліп қалмайды. Ол кісі өзіне дейін болмаған сұмдыққа бастап, коллаж дейтін нәрсені, кенепке қағаз қиындыларын, дастархан, тұсқағаз қалдықтарын жапсыруды «модаға айналдырды». Бейнелеу салтында жоқ суретке гипс, ағаш, құм қиыршықтарын, тас қосып көрермен шіркіннің шақшадай басын шарадай қылып қойды. Олар ернін сылп еткізіп, «өзі қояншық па, немене?» деген сайын суретшінің даңқ аясы кеңи түсті. Оның кейбір, жазықтардан бірте-бірте рельефке, одан үш қырлы көлемді бұйымға айналған картиналары осы күнге дейін жаңғырып, өзін талай суретшіге қайталатумен келеді. Тағы бір қызығы, осыны таптым екен деп, сол жолды ғана күйттеп кетпеген. Бір мезгілде, бірнеше картинаны концепциясына орай бір мезгілде түрлі әдістермен орындап отырған. Сөйтіп, өзіне дейінгі суретшілерді көзбен көріп қабылдап келген көрерменнен өзін, жүрекпен, санамен, ақылмен қабылдауды талап ете бастады.
«Пикассо» деп даурығатындардың бір парасы кешегі комму-нистік идеологиямен «қаруланған» адамдар. Суретші өзінің қым-қуыт тағдырын саясат дейтіннің дәлізінен алып өткен кісі. Француз коммунистерінің қатарында болды. Сондығынан Кеңес өкіметі суретші творчествосын түйсініп, байыбына бармаса да саяси көзқарасы үшін ғана аузынан тастамай айтып жүрді. (Социалистік реализмнен асырып ешнәрсені көргісі келмеген большевиктердің Пикассоны дәріптеуі де шетін жағдай).
Фашистер 1939 ж. Испанияның Герника қаласын 1,5 мың тұрғынымен қоса бомбалап тастады. Осы қанқұйлы жаңалықтан кейін суретші өзінің ең атақты «Герникасын» жазған. Кеңестік идеологтардың қыбын қандырған осы картина емес, «Мынаны сіз салдыңыз ба?» деп сұраған фашистерге «Жоқ, оны салған сендер!» – дейтін әйгілі жауабы. Сонан соң елуінші жылдары салған «Бейбітшілік келбеті» атты көгершін құстың суреті.
Көгершін құсты түгелдей бір мемлекет дәріптеп жатқанда Пикассо баяғы қиямпұрыстығына салып:
– Мына жұрт көгершін бейбіт құсы деп шуласып отыр! Қайдан білсін менің үйімдегі көгершіндер тамақ үшін бірін-бірі шоқып, өлтіріп жатқанын, – депті.
Суретшілер өткен шақ пен осы шақты картиналарына арқау етсе, көбісі келер шаққа келгенде мүдіріп жатады. «Герника» – Пикассоның әулиелікпен адамзат баласының басына төніп келе жатқан зұлмат соғысты болжап білгендей сурет. Мұнда фашизм жайлап келе жатқан Еуропаның нақты көрінісі символика тәсілімен берілген. Жеңілген сарбаз, баласы шетінеген ана, таланған жылқы, қолына шырақ ұстай жылап бара жатқан әйелдер, бұқа образдары дәл, дөп табылып айналдырған екі ай мерзімінде жазылып болған. Өзі де бір ұзындығы сегіз, ені төрт метрге жуық алып панно еді.
Мұнда жауыздықтың өзі емес, оның салдары бейнеленген. Адамзаттың соғыс, еуропа шеңберінен шығып, бүкіл адамзат баласына төнген қауіптің терең де тылсым емеуріні, ишарасы тұғын. Картинада нақтылық жоқ. Оқиға жер астында ма, бұзылып қираған үйлердің дәлізінде ме, белгісіз. Түн екені де, күн екені де дүдәмал. Оқиғаның сюрреалистік қалпы тажал соғысты тамұқтай теңеуге жеткізеді. Жандалбасаға ұшыраған адам баласының хаос кезінде күлпаршасы шыққан жан дүниесін тап «Герникадай» жеткізе алған картина кемде-кем. Брюлловтың «Помпейі» адамзат баласының ажал алдындағы алмағайып күйінің сыртқы бейнесін көрсетсе, «Герника» сөз жоқ, пенде шіркіннің қорқыныш сәтіндегі ішкі, жан дүниесінің айнасы. Деформацияға ұшырап, қисық айнадағыдай созылып, бүлініп кеткен кейіпкерлер – тітіркену, шошу, агонияның көрінісіндей. Біздің Сақтар жартас суреттерінде жануарлардың агониясын белінен сындырып, екі бұрау символикасы арқылы жеткізсе, әудем ғасырдан кейін Пикассо да сондай тәсілді жаңғыртып, аң емес, адамзат баласының ұлы агониясын, жаннан безуін көрсетті.
Сол жылдардағы суретшінің жан дүниесіндегі психологиялық көріністері де Герника қаласы бомбаланғаннан кейін тіптен ұлғайып, Жауыздық дейтін атаудың жан-жақты бейнесін қалыптастырды. Оның үстіне, Испаниядағы сол жылдарда билік құрып тұрған Франко диктатурасы да суретші көзқарасымен ымыраға келмей тұрған...
«Герника» мен «Авиньондық бикештер» – Пикассоның ең шоқтығы биік шығармалары. Адамдардың бір-біріне деген мейірім, ізгілігінен гөрі, табан астында аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып ианаттаса, төбелесе кететіні назарға бірден ілініп, көңілде ұзақ сақталатыны секілді, екі картина да шектен шыққандығымен жұрттың есінде қалды. Суретші туралы аңыздың бүкіл бір тармағын осы екі шығарма көтеріп тұр десе болғандай.
Пикассо бейнелеу әлемін әсте өнер деп қарамаған кісі. Ол сурет кеңістігін ғылыми объект ретінде таныған қалыбы жоқ ғұлама тұғын. Өлең шығарды, пьеса жазды, декорация жасады... қойшы, от пен судай шарпысып, істемегені қалмады. Сағымдай құбылып, сабындай бұзылып, танитынды да, танымайтынды да өзіне телміртіп, өзін әңгіме қылдырып, таусылмас «жыр» етіп, «басын қатырып» қойса, ғұлама демеске әддіміз жоқ.
«Пикассо» дейтін аңыздан осы там-тұм еске тұтқанымызды біз де ортаға салдық. Ол аңыз әсте ортаймақ, һәм бітпек емес.
Суретші Жеңіс Кәкенұлы