Оның картиналары Лувр мұражайында тұр. Қазақ қызының қылқаламынан туған туынды көпшілікті тамсан­...
Қазақ өнері мен суретшілері туралы жаңа монография таныстырылды
«Өнертану» кафедрасының профессоры Юсупова Ардақ Кеңесқызының «Калейдоскоп. Қазақстан өнері мен суретшілері туралы очерктер мен эсселер» жаңа монографиясының тұсаукесері өтті.
2023 жылдың 29 наурызы күні сағат 14.00-де Қазақ ұлттық өнер университетінің 25 жылдығының аясында «Өнертану» кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнер сыншылары қауымдастығының мүшесі (AICA), Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Юсупова Ардақ Кеңесқызы «Калейдоскоп. Қазақстанның өнері мен суретшілері туралы очерктер мен эсселер» жаңа монографиясының тұсаукесері өтті.
Аталған іс-шараға еліміздің мәдениеті мен өнеріне үлкен үлес қосып жүрген өнертанушы-ғалымдар, драматург, жазушылар, суретшілер мен өнер саласындағы мықты мамандар қатысып, авторға жылы лебіздерін білдіріп, елеулі еңбегінің жемісі – кітаптың тұсаукесерімен құттықтады. Соның ішінде, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Мұхтарова Ғайни Сейсенқызы, кескіндемеші, график, Мәдениетті қолдау жылы эмблемасының авторы, публицист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Президент стипендиясының иегері Нұрлыбаев Жеңіс Кәкенұлы,жазушы, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ Ұлттық Өнер Университеті «Өнертану» кафедрасының профессоры Мұқанова Роза Қажығалымқызы, зергер, дизайнер, ұстаз, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның сапа белгісі сертификатының иегері, антиквариат коллекционері Баширов Сержан Мұратұлы, өнертану кандидаттары, Қазақ Ұлттық Өнер Университеті «Өнертану» кафедрасының профессорлары Мұқышева Назира Рахманқызы, Смаилова Инна Тілекқызы (монографияға пікір беруші), Асылбекова Айман Мұхтарханқызы сөз сөйлеп, атаулы іс-шараның авторы Юсупова Ардақ Кеңесқызының монографиясының тұсаукесерімен құттықтап, өнер жайында, өнертану ғылымы турасында әңгіме өрбітті.
Бұл кітаптың мазмұны қазақ бейнелеу өнерінің осы жылдардағы көркемдік процесінің жан-жақты бейнесін көрсететін соңғы он жылдық тәжірибеге қатысты мәтіндер. Олардың біразы бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми басылымдарда жарық көрді, кейбір очерктері алғаш рет жарияланып отыр. Бірге жиналған және бір қарағанда бір-бірімен тікелей байланысты еместей көрінетін олар калейдоскоп ойыншығындағы түрлі-түсті әйнек бөліктері кездейсоқ қосылып, күрделі әрі ерекше композиция үлгісін жасайтыны сияқты, әлдеқайда күрделі құбылысты бейнелейтін ажырамас суретті құрайды.
Рецензиядан (пікір беруші ө.к., профессор И.Т. Смаилова)
- Бүгінгі таңда біз ғылыми және публицистикалық бағыттағы өнертанушылық жұмыстардың, еңбектердің тапшылығын қатты сезініп отырмыз. Өнертану деген ұғымның өзі күн санап көмескіленіп барады. Осыған байланысты А.К. Юсупованың ғылыми зерттеу жұмыстары өте өзекті болып отыр.
А.К. Юсупованың өнертанушы ретіндегі 10 жылдан астам практикалық жұмысының нәтижелерін қамтитын монографияда қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің кең ауқымды мәселелері, елеулі құбылыстар, оқиғалар мен тұлғалар қарастырылады. Үлкен көлемдегі фактілік материалдар жиналып, сипатталып, талданған.