«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» ...
Шаттық Батан. Оның әр суреті өлең
«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус" айдарын қазақ суретшілерінің арасында ұйымдастырып отыр. Әр аптаның сәрсенбісінде бір кескіндеме шеберінің жазғаны жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған суретке жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. Осыған дейін аталмыш айдарда Дәуренбек Бекназаров пен Санжар Сырғабаевтың және Аршын Қабылбектің жазған картиналары жарияланған болса, келесі кезекте порталды Сырлыбек Бекботаевтың шығармаларымен толықтырып отырмыз. Пікір иесі – Шаттық Батан
Өнерді бағалайтын жұрт Сырлыбектің сырлы әлемін, жазған картиналарын енді бағалай бастады. Өте терең, ізденімпаз суретші. Үнемі жанынан жаңа дүние жаратқысы кеп аласұрып жүреді өзі. Сырлыбектің әр шығармасы, инсталляциясы болсын, перфоменс, графикалары болсын ой тастап отырады. Осындай жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз суретшілер біздің қоғамға көп керек. Қанша жаңашыл, заманауи дүниелерді жасап жүрсе де ұлттық болмыстан ешқашан ажырамайды. Болашағынан үміт күттіретін үлкен суретші. Жаңашыл өнерпаздарымызды бөтенсіп қабылдамағанмен, ол үрдіс біздің қанымызда бар нәрсе. Уақыттың тілімен, ұрпақтың қолымен жасалып жатыр қазір. Ұлттық детальді қосуды ұмытпайтын заманауи суретші деп атасақ та болады Сырлыбекті. Экспериментшіл. Экспериментке еріккеннен бармайды. Жан-дүниесіне үңіліп, іштегі әлдебір тылсымдарды ашуға тырысады. Оның әр суреті өлең. Арғы мен бергіні жалғап жатады жазғаны. Үзіліп қалмайды. Өзінің немен айналысып жүргенін, келешекке қандай қадам жасайтынын анықтап алған қаламгер. Сырлыбек сүйген саласын, Өзі берген өнердің қалтарыс-бұлтарысын, арғы-бергісін әбден зерттеп алған. Жалпы әлемдік сурет өнерінің дамуын, немен тыныстап жатқанын жақсы біледі. Көздеген мақсаты жоғары да биік суретші.
madeniportal.kz