Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
Тілек Ырысбек. Ол ешкімге ұқсамайды, оны түсіндіру мүмкін емес
«Тәуелсіздік:Сөз бен Сурет» жобасы аясында «Мәдениет порталы» "Папирус" айдарын қазақ суретшілерінің арасында ұйымдастырып отыр. Әр аптаның сәрсенбісінде бір кескіндеме шеберінің жазғаны жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған суретке жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. Осыған дейін аталмыш айдарда Дәуренбек Бекназаров пен Санжар Сырғабаевтың және Аршын Қабылбектің жазған картиналары жарияланған болса, келесі кезекте порталды Сырлыбек Бекботаевтың шығармаларымен толықтырып отырмыз. Пікір иесі – Тілек Ырысбек.
Өнер - ғылымның құдайы. Ол ешкімге ұқсамайды, оны түсіндіру мүмкін емес. Оны тек сезінуге талпыну керек. Академиялық сурет өнері мен дәстүрлі өлеңнің абстрактілі өнерден айырмашылығы - сұраққа дәстүрлі жауап іздеуінде емес, дәстүрлі жауапқа жаңа сұрақ іздеуде. Егер сіз суретшінің шығармашылығынан әлденені түсінуге тырысып, өзіңізше пайымдаған болсаңыз, онда қателескен жоқсыз. Сіз жай ғана айнадан өзіңізді көрдіңіз. Кейде суретті сөз деп оқуға, сөзді таңба деп тануға болады. Осы тұрғыда Сырлыбек Бекботаевтың болмысы - ақын. Бұл эмоцияның әсерінен емес, «Дала әуендері» атты фотографиялар сериясының себебінен. Бұл жұмыстар маған Жұмекеннің «Қоңыры» мен Мағжанның «Сүйемін» атты өлеңдерін еріксіз есіме түсірді. Әрине еліңе деген махаббатты тарихыңмен мақтанып, батырлар мен хандарды мүсіндемей-ақ, олар туралы кестелеп дастан өлең жазбай-ақ, қарапайым ғана қоңыр күйлі түсте бейнелеуге болады. Ұлттың болмысы оның тарихын мадақтағанда емес, оның адами табиғатын сезінгенде ғана ашылады. Егер өнерпаз мұны сезіне алса, онда оның ақын бола алғаны.
Суретшінің өзге жұмыстарынан Жоан Миро, Дэвид Хокни, Марк Шагал, Василий Кандинский секілді әлемдік сурет өнеріндегі айтулы тұлғалардың әсерін байқауға болады. Бұл суретшінің өз стилін қалыптастыру жолындағы ізденісі деп түсінемін. Әрі Сырлыбек Бекботаевтың кім екенін өзім ерекше бағалайтын «Қызыл трактор» суретшілер тобының өзі анық айқындап тұрғандай. Суретшіге тек қана сәттілік тілеймін.
madeniportal.kz