Қуаныш Дәлейұлы. Қош бол, Ғалекем!

ЕСТЕЛІКТЕР
1627
Қарт Алтайдың қақ төріне орналасқан Тұрғын дейтұғын қасиетті ауыл бар. Сол ауылдың солтүстік шетінде, Серілік сынды сері таудың бөктерінде Көктерек деп аталатын шағын қыстақ бар.
 
Ғалымбек екеуіміз де сол киелі мекеннің тумасымыз. Серілік биігі Алтай тауларының ішіндегі асқақ шыңның біреуі. Оның басына шықсаңыз, көз жетпес шалғайларға дейін созылатын байтақ Алтай атырабының біраз көрінісіне куә боласыз. Етегінен тарам- тарам бұлақтары саулай ағып жататын сол асқаралы тау біздің бала күнімізден тәу етіп өскен піріміздей-тұғын.

Ғалымбектің әкесі Елубай аузын ашса, жүрегі жарқырап көрінетін ғажайып ақкоңіл жігіт еді. Бірақ ғұмыр жасы қырыққа жете бере шорт үзілді. Артында үйелмелі-сүйелмелі екі ұл, бір қыз қалды. Ғалымбектің анасы Дана салмақты да сабырлы, ақылды, ажарлы әйел болатын. Елубайдан қалған балаларын аузына тістеп жүріп жеткізіп еді. Ғалымбегін айырықша атап, жақсы аты шықса қуанып отыратын. Енді мына мезгілсіз қаза бәрінен де сол ғазиз анаға қатты бататыны жүрегіме қанжардай қадалады.

Ғалымбек орталау мектеп оқып жүрген шағында талантын бірден байқатты. Жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп келген жылы мен оларға тарих пәнінен сабақ бердім. Оқытатыным қытай тарихы. Бірақ оны он минут айналасында айтамын, қалған уақтымда сол тарихи жылдармен жарыстыра отырып қазақ тарихын жүргіземін. Әдебиет жайында айтамын.

Мен сабақ берген үш сыныптың ішінде мықты оқушылар көп болды. Әннас Бағдатұлы, Серікбай Әбілмажынұлы қатарлы бүгінде осы Қазақ елі аумағына таныла бастаған жігіттер. Ғалымбектың сабақтастары болатын, Әннас екеуі сыныптас.

Ғалымбек әдебиетке бірден шағын әңгімелер жәзумен келді. Қаршадай баланың ауыл тұрмысынан алып жазатын қысқа хикаяттары өте тартымды болатын. Әдебиет пәнінен білім беретін Мұратбек Шаймұратұлы ағамыз да Ғалымбекті көп жетеледі. Ол кісі маған да ұстаз болған, көп білетін, өзі де өлең, әңгіме жазатын білімдар жән-тын. Мүкең екеуіміз курстар ашып, қолымызда бар кітаптарды осы талапты балаларға беріп, жол көрсетіп отыратынбыз.
Сабақ уақытында кейде жарыса өлең оқитынбыз. Ғалымбек пен сыныптас Қуанбек, Аршабек, Әннастар жанып тұрған жақсы ақындар еді. Мен оларға сол кезде бізге танымал бола бастаған қазақтың үлкен ақындарының атын қойып алғамын. Біреуін «Мұқағалиым»,«Қасым Аманжолым», біреуін «Қадыр Мырза-Әли», енді біреуін «Тұманбайым» деп атаймын.

Ғалымбекті «Менің Мұхтар Әуезовім» деп мақтан етіп отыратынмын.

Ғалымбек орта мектеп сатысына үлкен арман, биік мақсатпен аттанды. Сол ортада да талантын үздіксіз ұштап, көп дүниелер жазды. Ара-тұра мені арнаулы іздеп келіп, әңгімелесіп тұратын. Күн сайын өсіп, жетіліп келе жатқан бауырымның болашақта атақты жазушы болатынына еш күмән артып көрмеппін.
Орта мектеп бітірген соң, «Отаныма қызмет қыламын» деп Қазақстанға аттанып кетіп еді. Содан кейінгі өмірінен көп уақыт хабарсыз қалдым. 2017 жылы күзде мен де атажұртқа қоныс аудардым. Ғалымбекпен осында көшіп келгеннен кейін үш жылдан соң кездестім. Бір байқағаным бауырымның баяғы аңқылдақ, адал, таза қалпынан еш аумай, өзгеріссіз қалғаны болды. Соған айырықша қуандым.

Ол өте кірпияз, кіршіксіз, әйнектей мөлдір болатын. Қасында бір сағат бірге жүрген адам бар сырына қанығып, өзі де сол тазалық пен ізгі жүректің нұрына шомып, жуынып шығатын. Баладай аңғал жанның көз жанары да мүлтіксіз болатынын мен Ғалымбекпен бірге болған сәттерімде үнемі байқап қалатынмын. Қиянатсыз жүрегі бар әлемді жаңа жауған ақша қардай қабылдап, соған өзі де сеніп, қиянат көрген шақтарының барлығын де тез ұмытып ғұмыр кешті.

Оның рухы, ой-пайымы, сезімі сол ескі ауылдың ескі адамдарының қасында қалып қойған еді. Осы өмірдің ортасына келіп кіріп, мұндағы сан қилы адамдармен дәмдес-тұздас болып, оқып және жұмыс істеп, бірге тағдыр кешіп жүрсе де, етене болып кете алмапты. Ққашанда бұлардан ажырап қалып, сол артта қалған, жан әлемінің айырылмас бөлшегіне айналған, қашанда аңсатып, алабұртқан көңіл-күйге баруына себепкер бола беретін байырғы жұрт, көне ауылға қашып тоқтамайтын.

Әңгімелесе кетсең, қай тақырыптың да ең соңғы нұктесін сол ауыл, ондағы адамдар, оның тіршілік тынысы, сан алуан тағдырлар, қазақи мінездемелер мен аяқтайтын.
Оның ауызекі хикаялары да өзге ешкімге ұқсамайтын. Өзгеше бояу беріп, шын өмірден биіктеу, қиял мен реал ортасындағы кеңістікте өрбіп жататын. Көктерек қыстағы жер шарының өзге аумағына ұқсамайтын киелі жер құсап, ондағы жұрт қарапайым пенде баласынан бөлектеу, өзгеше, әпенділеу әрі барша момындық пен ізгілікті, шарасыздықтар мен дәрменсіздікті, кей-кейде көзсіз ерлікті, бірде кіршіксіз тазалық пен риясыздықты бойына сіңірген қасиетті ел болып айтылатын.

Ғалымбек суреттеген адамдардың көбісі бүгін өмірде жоқ, олардың мінездемелері мен байырғы салт-дәстұрлері де тарих қойнауына сіңіп, бұлыңғыр тартқан. Тірі жүргендерінің де біразының тіршілік дағдысы өзгерген, бірақ рухтары әуелгі қалпында…

Ол соңғы кездері өлімді көп айтып қалып жүрді.

– Аға, мен әкемнің жасынан асып барамын. Бұл қалай? – деді бір күні телефонда.
– Олай айтпа! Әкең жас кетті. Жетімдіктің зарын көп көрдің. Енді сен балаларыңа сол тағдырды көрсетуге дәтің шыдай ма? – дедім ұрысқандай болып.
– Аға, ренжімеңізші. Жуықтан бері ажал мені торуылдап жүрген сияқты… Оған менің амалым жоқ қой, – деді күрсініп.
– Сенің алтын қоймаң енді ашылды, бауырым. Жазар дүниең әлі көп. Бес кітап беріп болмай, өлім жайлы айтуыңа болмайды – дедім дем беріп.
Ол үндеген жоқ.

Кешкісін оған арнап өлең жаздым да, өзіне жолдап жібердім.

Сырласу

(Ғалымбек Елубайға)

Жетелеп жел қолыңнан самғадың ба,
Жүргенің бақты аралап жол ма, мұң ба?!
Кеттің бе, бұл дүниеден сәл торығып,
Үмітің сәл қисайып қалғанында?!

Бүрлемей жүрегіңде әннің гүлі,
Атты ма, басқа жаққа таңның нұры?!
Оқыды қай кітаптың қайсы бетін
Көзіңде жанып тұрған шамның нұры.

Ұшырған қаңқылдатып қаз – көңілді,
Есіме ала алам ба жазғы өмірді…
Саусақты аңсадың ба,
иен түннің,
Теліген бауырына «Назқоңырды»?!

Айтатын сөзі біреу – «Елім өлді»,
Жүрекке қайғысы емес, шері қонды.
Аға деп іздегенің адам емес,
Аққуды сұңқылдатқан пері болды…

Соңына ілесем деп албасты әннің,
Астыңа мұз төсеніп, сор жастандың.
Өзенін кешіп өтіп келесің бе,
Жолыңа төгілген сан көз жастардың.

Сыпырып ноқтаңды өмір алмағасын,
Аңсарлы бұрылмады жолға бәсің…
Сүюші ең еркіндікті
жазбады ма,
Кезуге бостандықтың кең даласын.

Бара алмай бала – өмірдің жанына ойнап,
Күттің бе сен, біреуді сабыр айлап?!
Бір күні жетпей ме аспан әнге толып,
Ұшып бір кеткен құстар Тәңір айдап?!

Осынау құмды алқапта жел үгіткен,
Бір шыбық қалса болды көп үміттен.
«Бұрқ» етер қайсы күні,
Кім біледі,
Топырақ сені күткен
мені күткен?


Мүмікін, жүрегі құрғыр сонда осылай боларын сезген де… Желтоқсанның 28-і күні Астанаға бірер шаруамен барып, асығыс аттанғалы жатқанымда тұтқиыл телефон берді.
– Аға, ініңіз тағы ауырып қалды. Бәрібір өмір маған сырт келе береді, – деген еді сонда.
Қу тіршілік. Қарайлай алмай ұшып кете барған едім. Қайырылысы жоқ баяғы өмір сол…
Маңдайынан сипайтын ағалық алақанымды аңсаған шығар... Туған жердің топырағының иісі кетпеген, ағалық жылуын жоймаған сол алақан бүгін өз маңдайымды ұстап, көз жасыма шып-шып толып тұр. Кешір, Ғалекем! Бақұл бол! Бауырымыз суып кетті. Бұрын қара тасты да қойнымызға алып, жылытып жататын халық едік. Қазір бір-бірімізге қарайлаудан да кетісіп барамыз. Қасыңда қалып, болмаса бір күн бірге болғанымда.
Әттең…

Қоштасу

Есіңде ме, еркетоты,
Күннен жарық сол бір бейне.
Жанып тұрған көңілде оты,
Еркелей ме, мөлдірей ме?!

Сайқал күннің бәрі алдамшы,
Аялдауын жан сұрайды.
Уақыттан да озған тамшы,
Жүрегіме тамшылайды.

Тұрған әуен тамып көктен
Су жаңа әлі
Төт баспапты...
Сені ертіп алып кеткен
көлеңке ме,
Соқпақ па ескі?!

Жеді жанды қайтып үңгіп,
Жерден ауыр сенің қайғың.
Жазушы ұлы дейтұғын жүрт,
Жирен атты Елубайдың.

Момын таулар,
Аспаны аңғал,
Коне салтты тас қып ұстап.
Байырғы өмір,
Ескі адамдар,
Қыраулы Алтай.
Ескі қыстақ...

Серілік шың айбаты асқақ,
Ойға батар орманы ауыр.
Доғал тамды ойға тастап,
Бәйжені өрлей қонған ауыл…

Шалғынды жел жапыратын,
Торғай әні көдені елітіп.
Шүйке түтіп отыратын,
Шұйкедей боп Бөде кемпір.

Кете ме,
(ауыл)
Мазасы үдеп,
Байырғы өмір тастанды боп.
Жартастағы можа сурет,
Ескі бейттер,
Ескі әңгіме.

Қара шалдар
Жыр талмайтын,
Әлди қағып ана – дала.
Хикаяға бір қанбайтын,
Қалқан құлақ қара бала!

Нені еске алам,
Не сағынам,
Алдыға озған тәмам сағат.
Қараша ауыл ошағынан,
Шоқ сөнді ме, қоламта қап?!

Оты айырылар ермен-өттің,
Күзде жусан гүлдесе шақ.
Апыл-ғұпыл сен де кеттің,
Жирен атқа мінгесе сап!

Көкіректен ағар нала,
Өктемдіктің табы қалған.
Күбірлейсің маған ғана,
«Ғайып күннің бәрі жалған!..»

Елес соғар кешкі ымыртта,
Ақындардың ақыры аңыз:
Сол байырғы ескі жұртта,
Ертек тыңдап отырамыз.
Қош бол, інім!

Мәдениет порталы
author

Ғалымбек Елубайұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...