Абай бейнесінің экрандалуы

КИНО
3381

«Абай әндері» фильмінен үзінді кадр (реж.: Г.Рошаль мен Е.Арон)Хакім Абай ақын, композитор, аудармашы, ағартушы, саяси қайраткер, философ, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор болатын. Осынау дарын мен жан-жақты ізденістерді өз бойына қатар жиған Абайды бүгінгі кинематограф экрандық бейне ретінде соншалықты әрқилы, әрі толыққанды ашып жеткізе алды ма? Қоғамға қомақты ықпалы бар кинематографтың насихат құралы ретінде алар орны орасан екені мәлім. Тиісінше, өскелең ұрпаққа экрандағы кескін арқылы халық тарихын, мәдениет пен руханиятты жаңғыртуға атсалысқан тұлғалардың бейнесін жеткізе білу қажеттілігі туындайды, өйткені жас ұрпаққа үлгі алар, бой түзер «қаhармандардың» керегі сөзсіз. Кейіпкер арқылы көрерменнің ұғымына тұтас бір образды құрастырып беру экран өнерінің еншісінде.

Бүгінде қазақ көркемсуретті киносындағы Абай бейнесін үш фильм мысалында қарастыра аламыз. «Құнанбай» (2015), сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай әндері» (1945) және «Абай» (1995) фильмдері аясында. Бұл үш фильмде бізге ұсынылатын Абай әртүрлі, дәлірек айтқанда ақын өмірінің әр кезеңінен сыр шертеді. Алғаш көрерменге жеткен «Абай әндерінде» егде жасқа қараған, шәкірт тәрбиесімен айналысып жүрген Абайды, кейінірек «Абай» фильмінде ақынның енді ғана ер жеткен шағын, «Құнанбай» фильмінде ақынның бала шағын көрдік. Уақыт өте Абай өмірінің әр кезеңіне бойлап келеміз. Бұл үш фильм уақыт реттілігімен орнықпаса да, біріне-бірі қарсы келмейтіндей тізбек жасай алды ма деген сауалға жауап беріп көрейік.

Алғаш Абай образын жарыққа шығарған кинотуынды Г.Рошаль мен Е.Арон режиссерлік еткен «Абай әндері» болды. М.Әуезовтың өзі жазған сценарий бойынша ақын өмірінің соңғы он жылы қамтылған. Фильм идеалогиялық картинаның жарқын көрінісі бола отырып, Қалибек Қуанышбаев сомдаған Абайдың кемеңгерлігін, даналығы мен тапқырлығын өзек етті. Режиссер Абай бейнесін берудің ерекше бір тәсілін таңдаған, бұны образ ақынның өз өмірінің фактілері арқылы емес, қоршаған ортадағы адамдар арқылы шыңдалуынан байқай аламыз. Негізгі оқиға Абайдың үздік шәкірттерінің бірі Айдардың ата заңын бұзып, көрші ауылдың жесірі Ажарды ұрлаған тұсында туған даудан өрбиді. Бақыт көксеу есуастық болып па? Ақын болған оқиғаны қылмыс деп білмей, түйіткілдің түйінін тарқатуға тырысады. Бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ деп, әмеңгерлік дау сотында сөз сөйлегенде адами құндылықтарды ілгері шығаруы, оның ең алдымен адамгершілігін екпіндеді. Баласы Әбішке ықыласы, шәкіртінің өліміне, Шәріптің тірлігіне қынжылысы, осының барлығы Абайды адами тұрғыда ашты. Жастардың ізденіске, өнерге деген талпынысын көрсе бір марқайып қалатын Абай үнемі жаңашылдыққа емінтеді. «Ата жолы, ел жолы қайтіп қарсы тұрмақпыз» дегенде, «Адам жолды өзі тудырып, өзі жаңғырта бермек. Адамзаттың хайуаннан өзге сыры да сол», – деп тапқыр жауап қатқаны ақын позициясын нақтылай түсті. Абайдың еңбек жолынан көріністер де бар: ақынның жан-дүниесінің сипаты болған өлең-жырлары, аударма жұмыстары, атына сай Абай әндері де үйлісім тапқан. Актерді қисынды таңдаудан сүрінбей өткен режиссерлер. Абай бейнесіне физиологиялық тұрғыдан үйлескен, ойын шеберлігі мен нанымдылығының арқасында өзіне қойылған талапты толыққанды алып шыққан Қалибек Қуанышбаевтің картинаның сәтті шығуына қосқан үлесі бір төбе. Актердің дөңгелек жүзі, толықсыған келбеті, байыпты мәнері, жүріс-тұрысы, бәрі де ақын болмысын еске салады.

 «Абай» фильмінен үзінді кадр (реж.: А.Әмірқұлов)А.Әмірқұловтың «Абай» (1995) фильмінің драматургиясына ақынның тұлғалық қалыптасу барысындағы оқиғалар тізбегі мен олардың жас санаға ықпалы негіз болған. Бұл фильмде де Абай бейнесі айналадағы адамдармен арақатынас және диалогтар арқылы ашылды. Ғабиден Тұрықбаев сомдаған Абай да сондай сезімтал әрі жанашыр, әкесінің қатігез саясатына қарсы. Маңызды рөлде Құнанбайдың образы Абай бейнесімен қаз-қатар беріледі. Көптеп қалыптасқан пікір бойынша, фильмде Құнанбай бейнесі Абайдың өзінен басымырақ, десе де бұл таласты мәселе. Жас ақынның сезімтал болмысын көзіне жас алып, атта шауып кеткен өте әсерлі эпизодтан көре аламыз. Білімге құштар, жаңаға ашық Абай, сезімдері бүршік атқан, ғашық Абай. Тоғжанмен махаббат линиясында Абайдың ақындық өнері акценттеледі. Медресе қабырғасында құрдастарының кішігірім қақтығысына ара түсіп, әділдік бастау алған мінезін көрсетті. Соңғы сценаларға таяу, әкесі баласының бойындағы кемшіліктерді атап көрсеткенінде, Абай оның сөзіне келіспестен жүйелі жауабын беріп, дара мінезі бар азаматтың бейнесін қалыптастырды. Фильм басында мешіттің құрылысы, соңына таяу мешіт құрылысының аяқталуы, Абайдың мешітке бағыт алуы. Сол мешіт Абай болмысымен астасып, ақынның тұлға болып қалыптасу үдерісін көрсеткісі келгендей автор. 

Екі фильм біріне-бірі қарсы келетін түсініксіз образ тудырмағаны жақсы-ақ, Абай әділ, жанашыр, жаңашыл. Дегенмен де, егде тартқан, көпті ой елегінен өткізіп, уақытпен даналығы шыңдалған ойшыл Абай мен жас Абайдың арасында айырмашылықтың болуы керек шығар? Өйткені екі фильмде де кемеңгер Абайдың бейнесі. Біз оқыған Әуезовтың «Абай жолындағы» әлі балалығы басылмаған, аналарының қасындағы жастығына жарасымды қылығы бар Абайды көре алмағанымыз рас. Қанша дегенмен, халықтың Абайы мен Әуезовтың Абайы біте қайнасқан ұғым.

Д.Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильміндегі бала Абай мен Әмірқұловтың Абайының өзара келіспеушілілігі, Қодар мен Қамқа дауының тұсына сәйкес келген бұл екі фильмдегі Абай жасының сұрақ тудырғаны болды. «Құнанбай» фильмінде Абай бейнесі толыққанды ашылмайды, көбіне Құнанбайдың әке ретіндегі бейнесін айшықтаған Абай, екінші санаттағы кейіпкер бола отырып, үш қысқа ғана эпизодта бой көрсетеді. Аса маңызға ие эпизод, соңғы кадрлардағы әкелі-баланың әңгімесінде Абай бейнесінің азды-көпті ашылғаны. Құнанбай анасы берген бойтұмарын жолын салар Абайға тарту еткені, баласының мешіт жаққа жүгіріп кеткені. Бұл Абайдың ізденіске құштарлығы, жарқын болашағының символы болды. 

Қазақ деректі киносы тарапынан Абай бейнесі Т.Арганчеевтің «Абай. Өмірі мен шығармашылығы» (1982), Б.Қайырбековтың «Излучение любви. Абай Кунанбаев» (2006) фильмдерінде бой көрсетеді. Қайырбековтың жай ғана ақпараттар тізбегі емес, ақынның бізге жеткен шығармаларының ортақ ойын, өмірлік ұстанымдарын жеткізуді мақсат тұтқан фильмі Абай философиясына толы. Картинаның өзіндік фишкасы болған, көрермен жүрегі мен баяндаушының арасындағы көпір іспеттес поэтикалық сарын. Мұнда Абайды жаңа қырынан таныдық, әдетте экранға шыға бермейтін оның ұлдары жайлы естіп, бір табан жақындай түстік, бәлкім. Ұлдарын ізденіс жолына қойып, жеткен жетістіктеріне шын қуанды Абай. Алайда, жалғыз қалғанда халқының ағартушылықтан қаншалықты алыс екенін түсінетін. Қазақ пен Абай өте ұқсас болса да, айырмашылығы жер мен көк. Абай өз уақытының түсініктерінен әлдеқайда жоғары ойлап, прогрессив адамға сай өз уақытына және қоршаған ортасына көңілі толмайды. Осындай тұлғалар мәдениетті, уақытты алдыға жылжытпақ. Фильмде осы бір ойды тереңдетіп, сол заман трагедиясынан мұң шертті. Шәкірті Ш.Құдайбердіұлының заманында еңбегінің жемісін, лайықты болған әлем мойындауын көрмегенін айтып өткен сөзімен түйіндеді.

 «Құнанбай» фильмінен үзінді кадр (реж.: Д.Жолжақсынов)Арганчеев туындысына қарағанда, мұнда Абай образы жанды шыққан. Бұған себеп Арганчеевтің деректісі жалпы білім беретін мектептің оқу материалын көздеп түсірілгені болса керек. Десек те, «Абай. Өмірі мен шығармашылығы» фильмінде режиссер Абай бейнесін жүйе қысымынан бөлектеп ала алғанын айта кетпеске болмас. Қысқа да нұсқа, мектеп білімгерінің қорына керегі де сол. Жиырма минут аясында барынша жан-жақты қамтылып, поэзия, аударма шығармашылық, тәрбие мен білім, сол замандағы өзекті болған мәселелер сөз етілді. Қазірде Абайды Абай еткен Құнанбай деп білсек, мұнда Әуезов Құнанбайының бейнесін айқын көре аламыз, ал Абай, өз кезегінде, сезімтал, жанашыр, ізденімпаз және өнерпаздығымен көзге түсті.

«Өзімізге жақсы таныс, бірақ білетінімізден әлі де білмейтініміз көп Абай» деп басталады Арганчеев туындысы. Рас-ақ, Абайды тану бізге көптік етпейді. «Мәңгілік ұлт» болам десең, өз тарихыңды біл делінеді, ал Абайдай тұлғалар сол тарихтың айнасы емес пе? Оған дәлел, Абай шығармашылығында ұлт болмысы, тұрмыс-тіршілігі, танымы, діні, ділі, рухының көрініс тапқаны. Осылайша, «Абайды тану – қазақты тану» деген түсінік қалыптасты. Уақыт өткен сайын біз бен Абай арасы алшақтап барады. Өлмейтұғын артыма сөз қалдырсам деген ұлы ақынның сөздерін ұлықтайтын біз емей кім? Ұлттық кинематографта Абайға арнаулы фильмдер әлі де жеткіліксіз, саусақпен санап келсек, даталық мерейтойларға, не белгілі бір арнайы тапсырыстармен экранға келген жұмыстар. Неліктен Абай тұлғасы тақырыбы кино майталмандарын қызықтырар емес?!

Қамашбек Ақерке, 

Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА «Кинотану» мамандандыруының 3 курс студенті

author

Абай

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...