Қазіргі таңда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Алтын Орда тарихына арналған ірі киножобаның...
Тұмар патшайымның ақиқат пен аңызы немесе «Томирис»көркем фильмі хақында
Ежелгі сақ дәуіріндегі Тұмар патшайым жайында ақиқат пен аңыз бір-біріне ұстасып, тұтасып кеткен сияақты. Бұлай деп айтуымыздың себебі тарихта шындығы деп ұстап аларымыз Геродоттың жазып қалдырған тарихнамасы ғана. Осы тарихи жәдігерде жер жиһанды жаулап келе жатқан парсының патшасы Кирдің Ұлы далада Тұмар патшайымнан жеңіліп, басы кесіліп қанды меске тоғытылғаны айтылады.
Кезінде Тұмар патшайым жайында басқа бір сүрлеумен зерттеу жүргізген марқұм Таласбек Әсемқұловтың мақалалары 2013 жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінде бірнеше топтамамен басылып шыққан еді. Осы мақалаларда зияткер тұлғаның тарихты аболютті, реалды шындық тұрғысынан іздейтіні көрініп тұрды. Кир мен Тұмар патшайымның соғысы жайында Геродоттың жазғанынан өзге нақты шын тарихты іздеп Ленинградқа барғанын, сонда ақжолтайлап атақты ғалым Гумилевке жолыққанын, автор мақалада былай келтірген еді: «Мен келген шаруамды айтқанымда, Гумилев маған қарап:
– Геродотқа көңілің толмай ма?! – деді
– Оның бәрі жалпы нәрсе ғой! – дедім. Гумилев ұзақ төмен қарап отырды да содан соң әр сөзін өлшеп ойлана сөйледі.
– Геродот қай жағынан алғанда да, біздің системаның қолайына жағып тұр. Сондықтан да оның кітабын жасырмайды. Жұртшылыққа ашықтан-ашық ұсына береді…. Қарабайырлап айтқанда, тарихты таңбалаудың екі түрлі дәстүрі бар. Біріншісі – сарай тарихшылары жазатын династиялық тарих, яғни патша әулеттеріннің патша династиясының тұрғысынан жазылады. Шын тарихтан гөрі миф, аңыз, қиял ғажайып ертегіге көбірек ұқсайды. Ал шын тарихты жазушылар – ешкімге тәуелді емес, шындықты сүйетін жандар, солардың ұрпақтарының жазып қалдырған тарихы. Казіргі адамзаттың шын тарихы Үндістандағы Мохенджо-Даро, Мысырдағы Мемфис пен Сайс тағы басқа қалаларда сақтаулы тұр», – деді.
Осы айтылғандай қысқасы, адамзаттың шын тарихының бір ұшығы Совет одағына қалай жеткенін Гумилевтің айтуы бойынша, кезінде соғыстан кейін Сталин Иранның ауыл шаруашылығына бір сыпыра көмек жасапты. «Қарымтасына не аласың?» – деген Иран басшысына Сталин сіздердегі құпия архивке біздің біраз адамдар кірсе қайтеді дегендейін тілек айтыпты. Бұған Иран басшысының көнбеске амалы қалмапты. Осылайша Ресей жерінде адамзаттың шын тарихының бір пұшпағы жиналған екен. Осы архивке қалай кіргені жөнінде мақалада автор былай баяндайды. Гумилев маған: «Іздеген дүниең сол архивтің Сосон әулетінің қол жазбалар қорында сақтаулы тұр. Оған кіру оңай шаруа емес, мен бір адаммен сөйлесіп көрейін!» – деп телефоның тұтқасын алып біраз сөйлескеннен кейін сол жерге қалай кіруге болатынын тәптіштеп түсіндіріп берді. Аталмыш мекеме аса құпия болатынын, оған тек кезекпен кіретіні, менің кезегім екі жылдан кейін болатыны, айтқан уақыты сағат минутынан кешіксең бәрі зая кететіні, барғанда қағаз, қалам, қарындаш еш нәрсені кіргізбейтіні тек іздеген дүниеңді миыңа тоқып алатыныңды ескертіп әдемілеп түсіндіріп берді.
«Ол кез 1988 жыл еді. Мен тура екі жылдан кейін айтқан уақытында болдым, іздеген дүнием табылды «ғажайып жәдігерді» күн жарым уақытта екіден үш қайта оқып жадыма тоқығандай болдым. Содан келгенде мүлде басқа адам болып, жан дүнием тазарып кетті», – деп марқұм Таласбек ағамыз мақаласында Тұмар патшайым жайында тың деректерді келтірген еді.
Тарихи дерек деп айтамыз-ау талантты тұлғаның жанкешті тірлігі арқылы қаттаулы дүниеден қолына қалам алып, қағазға түсіруде шарасыздықтан жадына жазып жалпыға ұсынған жәдігерді қазіргі тарихшылар шын дерек деп қабылдауы екіталай дүние. Десек те, тек Тұмар патшайым жайында айтқанынан келтірер болсақ, Ишпақайдан Тарғытай туыпты. Тарғытайдың әкесі Ғажымға барып сол жақта қайтыс болғанда ол 12 жастағы бала екен. Тарғытайдың Бөргілтай деген ағасы әке орнына таққа отырғанымен қабілетсіздігінен таққа ұзақ отыра алмай билікті Тарғытайға береді. Тарғытайдың ұлдары көп болған бірақ, барлығы соғыста қайтыс болыпты. Тарғытайда екі қыз болған дейді, оның біреуінің Тұмар патшайымнан үлкен-кіші екені айтылмайды депті. Тарғытай өлгеннен кейін біраз уақыттан соң Тұмар патшайым таққа отырады. Таққа отырудың мынадай себебі бар. Тұмар патшайымның руы – қисары. «Скиф» деп батыс жұртында айтылғанмен біздіңше, қаңлы, қисары қаңлының ішіндегі бас ру болып саналады екен. Ал «қамбар» деген ру ежелден қисарымен бақталас болып келген сондықтан да қамбар патшасының мұрагері – жалғыз ұлы, қисарлардың қолында аманатта болады. Қамбарлардың ішінде патша тағына дәмелілер Тұмардың әкесін бейғам отырғанда өлтіріп кетеді. Себебі қисарының патшасын өлтірген соң аманаттағы жалғыз мұрагер қайтпайды деп ойлайды. Жастайынан ақылды болып өскен Тұмар аманаттағы баланы аман-есен еліне қайтарып жібереді. Бұған ашуланған Тұмар патшайымның ағайындары Тұмар мен Бөрілтайды далаға тастап кетеді. Бірақ өзара билікке таласып бір ымыраға келе алмаған соң, Тұмар патшайымнан кешірім сұрап олар қайтып келеді. Осылайша Тұмар патша тағына отырады. Кир патшамен соғысқанда Тұмар патшайымның жасы алпыста екен. Немересі Аспара өлгеннен кейін бір мүшел жасаған деп көрсетіпті дейді, олай болса Тұмар патшайым жетпіс екі жыл ғұмыр кешкен. Бұдан өзге Тұмар патшайым мен Құрыштың соғысы қалай болғаны, әрқайсының әскер саны, соғыстың қашан басталғаны, қай жерде болғаны жөнінде бір жүйелі дерек жоқ. Тұмар патшайымның баласының парсылар қолына тұтқынға түсуі тарихи жазбаларда екі түрлі версияда айтылады.
Қ. Аманжолов, Қ. Рахметов. «Түркі халыхтарының тарихы» деген монографиялық еңбекте Геродоттың жазып қалдырғанынан іш тарта отырып, Тұмар патшайымның баласының парсылар қолына тұтқынға түсуі Кирдің айла-шарғысынан болған деп көрсетсе, ал Таласбек Әсемқұлов келтірген деректерде Тұмар патшайымның баласы емес, немересі Аспара қасында азғантай ұландармен, ешкіммен ақылдаспай парсылардың көшін шауып қолға түседі. Ал соғыстың болған жері бір деректе Маңғыстау жерінде десе, енді бірі Қызылорда жеріндегі Шиеліні меңзейді. Тұмар патшайымның әскерінің санын да болжау қиын бір деректе екі жүз мың десе, енді бірінде жүз сексен мың деп көрсетеді
Ал Кир жайында айтар болса, Кирдің шыр етіп бұл дүниге келісімен жоқ болуына кесілген үкімі ғайыптан аман қалу пешенесіне жазылған екен.
Мидия елін Астиаг деген патша билеп тұрыпты. Патша бір күні түс көріпті, түсінде жаман іс көріпті, дүниеге жаңа келген жиені түбінде патшаның басын алып тынып, тағына ие болады екен. Түсінен шошынған патша оны жөргекте жатқанынан өлтіруді өзінің бас уәзірі Гарпагке тапсырады. Гарпаг бұл жұмысты қызметкер Митирад дегенге тапсырады. Орындалғанына сену үшін баланың өлі денесін патша өз көзімен көруі керек болған. Құдайдың құдіретін қараңыз – сол Митриадтың да әйелі босанып баласы өлі туылған екен, Митриад сол баланы өзі алып, өлген баланы өлтірдім деп патшаға көрсетеді. Патша лажсыз сеніп көңілі алаңсыз жүре береді екен.
Күндердің күнінде Кир, біздіңше Құрыш, өте алғыр бала болып, жақсы өсіп келе жатады. Бір күні балалармен патша болып ойнап жүргенде бір баланы қатты жазалайды. Мұның аяғы үлкен дау болып патшаға дейін жеткенде патша болып ойнаған баланы көргенде Астиаг өзінен аумаған баланы көріп жүрегі аузына тығылады. Қатты қорыққан патша шындықты білгенше тағатсызданып, баланың әкесі мен шешесін алдырып, шындықты айтқанынша азаптап тергеп қинайды. Ақыры шындықтың беті ашылып, көріпкелдерге сол кездегі түсін жорытқанда олар «енді сізге қауіп жоқ» сол кезде түсіңізді кері жору керек еді дегенді айтыпты… Бұл баладан сескенген патша оны өзінен алыс ұстайды. Ал кезінде тапсырмасын орындамаған уәзір Гарпагті өте айуандықпен жазалайды. Ол жаза былай болады: Гарпагті патша үндеместен қоя беріп, күндердің бір күнінде балалардың мерекесін ұйымдастырып, оған Гарпагтің де баласын шақырады. Кешке өзіне шақырып түрлі жеміс-жидекті дастархан таратылғанан кейін ет тартылады, Гарпагтің таратылған етті жеп болғаннан кейін табаққа салынған баласының басы келеді. Патша Гарпагке: «Өз балаңның етінен өзің дәм таттың, менің тапсырмамды орындамағандарға беретін жазам осы» – дейді. Гарпаг есеңгіреп көзі қарауытса да, сыр бермей шығып кетеді.
Гарпаг патшаға ешқандай сыр бермегенімен ішіндегі ыза-кек қайнап жатқан еді. Күндер жылжып өтіп жатады. Кир, біздіңше Құрыш ер жетіп ат жалын тартып мінетін қалге жетеді. Гарпаг енді қарап жатпай патша мен Құрыштың арасына алауыздықтың отын тұтата бастайды. Өте құпия түрде бірнеше хат жолдайды. Бұған Құрыш алғаш сенбегенмен, ақырында Гарпагтің айтуымен сол жердегі халықты ақырындап көтеріліске шығара бастайды.
Алғаш хабар келгендде Астиаг сенбеген көрінеді. Тіпті көтерілісшілерге қарсы әскер шығаруды керек деп таппағаны көрінеді. Осы жағдайды пайдалана білген Құрыш әскерді бір жүйеге келтіріп, сол жердегі Мидияның бірнеше гарнизионын талқандап, қолдары қаруға жетісімен сол маңдағы ұлттар мен кішігірім ұлыстарды өзіне қарата бастайды. Алып империяға сонда ғана қауіп төнгенін түсінген Астиаг, барша әскерін жинап Құрышқа қарсы атандырады. Есеңгіреп, есі шыққан Астиагты Құдай ұрғанда барша әскерін Гарпагқа басқартып жібертеді. Құрыш көтерілісшілерден құралған ала-құла әскермен әрі-сәрі күйде тұрғанда Гарпаг басқарған алып күш келіп қосылады. Осылайша жас боз бала Құрыш парсы патшасының тағына әп–сәтте ие болады екен.
Ал енді Құрыштың кім болғаны жайында бір-екі ауыз айтар болсақ, Румынияның ғалымы Мирча Элиада парсы деректеріне сүйене отырып, Құрыштың хаумавар, біздіңше қамбар деген скифтерге жататын рудан шыққанын айтып кетіпті. Демек, Құрыш парсы емес, қондыгер қаңлы болады. Сонда Таласбек Әсемқұлов ағамыздың айтуы бойынша Тұмар патшайым мен Құрыштың соғысын «Кім мен кім соғысты?» деуге келеді депті. Қаңлы мен қаңлы соғысы деуге келе ме, олай болғанда да сәл-пәл түзету бар депті. Құрыштың әскері қаңлы емес, ал Тұмар патшайымның әскерін таза қаңлыдан жасақталған деуге болады дейді, екі жақтың да әскербасы Қондыгер Қаңлы, осыдан келіп Тұран Парсы жерінде ежелден келе жатқан бір тәмсіл бар ол: «Ханың қаңлыдан болсын» деген екен. Қондыгер Қаңлы сөзінің шығу төркінін Таласбек ағамыз ғұн сөзіне апарып тірейді. Осылайша Кир біздіңше, Құрыштың кім болғанын келтірген.
Осылайша Тұмар патшайым мен оның қарсы жауы Құрыш жайлы ақиқат пен аңызды бір–бірінен аршып ала алмайсың.
Ал осы күзде Тұмар патшайымның экрандағы бейнесі «Томирис» атты көркем фильм болып көрерменге жол тартты.
Кинотуынды жайында біраз пікірлер айтылып жатыр, тіпті көркем туындыдан саяси астар іздегендер де болды. Жалпы көркем туындының көркемдік ерекшілігіне ғана мән берген дұрыс болар еді, саяси астар іздеудің қажеті шамалы, режиссер Ақан Сатаев «саяси оқиғаға қатысы жоқ» деп ақталғандай болып жатты.
Ежелгі арғы бабамыздың тарихта теңдесі жоқ оқиғаны экранда сөйлетуге ішкі-сыртқы киногерлердің әрқайсысының өз қызығушылығы болған сияқты. Отандық киногерлерге айтарымыз жоқ, шамасы келгендер ұлттық нақышта көркемдік желісі көңілге қонымды киноларды түсіре берсін. Кезінде «Абылай хан» туралы шедевр кино жасаймыз деп қыруар қаржы шығарып, сырт адамға тізгінді бергенде ұтылғанымыз болмаса, ұтқанымыз шамалы. Орайы келгенде, айтпасқа болмас бір жайт бар. Осы Абылай хан жайында сценарий жазу бәйгесі жарияланғанда біздің жоғарыда айтқан талантты тұлға Таласбек ағамыз да қатысыпты. «Көк балақтың көз жасы» деген сценарий бойынша қатысқан ағамыздың жолы болмапты. Бәйге Әзербайжанның адамына бұйырған. Талантты жанның тасада қалатыны немесе талпынса да тауы шағылып, танауы тасқа тиетін жағдай біздің қоғамда жазылмаған заңдылық.
Ал бәйгеден атой салып келген «Көшпенділер» көңілден шықты ма? Қалай айтсақ та, өз адамымыз жазбаған өзгелер сомдаған көркем фильм халықтың көзайымына айналды деу қиын. Бас кейіпкер Мансұрдың жасаған жекпе-жегін көрермен біртүрлі қабылдады. Сол заманда ол шығыс жекпе-жегін толық меңгеріп алғандай, шындық дүниеден тым алыс жатыр. Көрермен «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі ұлттық жауһар бола ма?» деп көп үміт артып еді, өкінішке қарай олай болмады.
Мұның есесіне Таласбек ағамыз сценарийін жазып, Досхан ағамыз қойған «Біржан сал» фильмі толтырғандай болды
Ал «Томирис» атты кинокартина жайында бірнеше ойға алған дүниемізді ортаға салсақ, кинода тартыс аз болды, бас кейіпкер Томирис тез жеңіске жетті деген сияқты пікірлер айтылыпты. Менің ойымша, толықметражды көркем фильм бас-аяғы жинақы, тартыстары өз орнында шектеулі уақыты болуы шарт. Бұл тұрғыдан алғанда, фильм тарихи оқиғаға қатысты болғандықтан, бас кейіпкер Томиристің тууы, балалық шағы, ержетуі, есеюі – барлығы да үлкен планменен трагедиялық тартыстар арқылы көркемдік желі тартып жүріп отырды. Бұл жерде тартыстың тым солғындығын көріп тұрғанымымыз жоқ. Онсыз да есте жоқ ескі заманның өмір шындығын, адамдардың қилы тағдырын, іс-әрекеттерін көркем туындыда образдық бейнелер арқылы жинақтап беруі оңай шаруа емес. Осы тұрғыдан алғанда көркем фильмде бас кейіпкерді типтендіру тым кесек, һәм күрделі нәрсе. Олай дейтініміз – мінез, бітім-болмыс, әрекет, ұғым, рух, парасат-пайым барлығы да – бас кейіпкердің бойына жинақталуы шарт.
Кинода тумай жатып тағдырдың ауыр сынағына тап болған Томирис мінезі тұйық жадырап жарқылдап жүру пешенесіне жазбаған, үнемі ауыр ойда жүретін, қалай да жау қолынан қаза болған әкесін, туыс-туған , ел-жұртының кегін қайтаруды ойлайтын қайсар жан болып өсіп жетіліп келе жатады. Кейбір жандардың Томиристі сомдаған Альмира Тұрсынның экрандағы мимикасынан кинода бастан-аяқ қабығы бір ашылмағанын сынға алыпты.
Шешеден шиттейінен айырылған, балғын балалық шағында әкесі жау қолынан мерт болды, пана тұтқан ағайынын тістескен жау түбімен құртып тынды. Жапан түзде жалғыз қалды. Бұл жерде Томиристің жарқылдап күліп, жайрандап жүрер жағдайы бар ма екен?!
Кинодағы Томиристің персонажы үш кезеңнен тұрады: балалық шағы, жасөспірім кезеңі мен ержетіп-есею кезеңдері. Осы кезеңдерді үш бірдей адам сомдайды. Үш адамның да бір адам болып ойланып, толғануы және өсіп-жетіліп, дамуы керек.
Томиристің балалық балдәурені заманының қатал тағдыр ұрлаған, жас Томирис ағайындарының арасында жақсы қамқорлықта болса да, көңілде мұң, көкректе қатып қалған шер бар, осы жағдайды жас Томирис психологиялық ирімдерді өзінше көрсете білді. Қай кинода болсын балалар өздерінің кейіпкерін тамаша алып шығады.
Қатал тағдыр оны аяған жоқ, қайсарлық қанына біткен, ержетіп келе жатқаннан көргені қасқағым сәтте өмір мен өлім айқасып келіп жататын жан алып, жан беретін заманың өзі оны қаталдыққа үйретті.
Енді бір жағынан Томирис – заманында мыңнан бір туған тарихи тұлға.
Томирис туралы деректі шындықтарда ол – бес жасында асау үйреткен, алты жасында семсерлесуді үйрене бастаған, он үш жасында семсермен шайқасуда, садақпен оқ атуда ешкімге дес бермеген екен.
Осындай батыр тұлғаны экранда көркемдік желісімен байыта отырып, типтендіре кейіптеу және тартысты үдетудің көрінісін кинодағы мына бір эпизодтан көрініс тапқанын айтуға болады. Томиристің: «Қашанғы бір жерде тығылып отыра береміз әкемнің кегін неге алмаймыз» – деп туысқандарына өкпелеп, жан күйзелсін басу үшін бір сәт шеттеп кеткенде аңдыған жау ағайындарын түгелдей қырып кетеді. Томирис жаудың ізіне түсіп, ағайындарын өлтірген оншақты жаумен жалғыз шайқасады, ақырында ауыр жараланып, ат жалын құшып қансырап жатқанда, жомарт жандар кезігіп жанын алып қалады. Бұл эпизодта қаршадай жас қыздың жалғыз өзі сонша жауды түгелдей жайратуы мүмкін емес дүние болып көрінер, бірақ Томиристің жоғарғыдағы өмір деректеріне таныс адам бұл көрністерге сенбеске лаж жоқ.
Томирис тағдырдың қаншама ауырпалықтарына төтеп бере отырып, ел-жұрының сеніміне кіреді, ел-жұрты оны басына көтеріп патшайым дәрежесіне көтерді.
Осыған дейін Томиристе бір мақсат-мүдде болған, ол «әке кегін қайтару» еді. Яғни кинодағы көркемдік желі үзбей тартылып отырып, Томирис дегеніне жетіп жығылады. Экрандағы осы сюжетер тартысты іс-әрекеттерімен өрлей отырып, Томиристің ойлаған мақсат-мұратына бір сәт жетті, дегенмен ар жағында бұдан да үлкен ел, жер, Отан алдындағы міндет тұр. Ол – бас-басына кеткен ру басыларын бір тудың астына біріктіру еді.
Киноның тартысты шарықтау кезеңінде Кирмен соғысу жайы болады. Томиристің ел-жұртпен ру-тайпа басшыларымен соғыс жайында ақылдасу кеңесте кейбір рубасыларының «бұл соғыс бізге қандай пайда береді?» деген кертартпалыққа Томирис: «Маған келген жау ертең сені де аяп тұрмайды, мына Ұлы Далада біз ғана тұрмаймыз» дегендей жауап береді. Томиристің осы сөзінен кейін бәрі «бір ымыраға» келгендей болады.
Жалпы қазақ киносында тартыстар аз болды деудің бір себебі – кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы диалогтар солғын шығып жатқанында. Кезіндегі сахна саңлақтары сомдаған сөзбен шарпысулар, астарлы сөздерді жүйесімен түйдекдетіп отырып, кесіміне келгенде, бір ауыз сөзбен бір руды жығып алатыны бар. Мысалы, «Еңлік – Кебекте» Серке Қожамқұлов сомдаған сахнада Есембеттің Көбеймен шарпысулары неге тұрады десеңші?! Бұл қанша жерден сахна десек те киноға да керек дүние.
Осылайша киноның шарықтау шегі алапат шайқас, Кирдің басын алумен және «жеңістің асқақ рухымен» бітеді.
Жалпы «Томирис» киносына көркемдік тұрғыдан қарап, шығармашылық топтың картинаның сыртқы келбетіне қатысты бірнеше концепциялық шешімдерді бөлекше таңдай білді.
1. Тарихи киноларда сол дәуірдің болмысына жақындатып ескі тілде сөйлету сирек болатын құбылыс. Кино осы тұрғыдан алғанда, бастан-аяқ ескі түркі тілінде, ішінара араб, парсы тілінде сөйлейді. Бұл жағдайда көрермендерге еш кедергі келтіріп жатқан жоқ, орыс тіліндегі нұсқасында да, қазақ тіліндегі нұсқасында да дубляждық аудармалар бар. Орыс тіліндегі нұсқасының астында қазақша жүгіртпелі аударманы (субтитр), ал қазақ тіліндегі нұсқасында орысша жүгіртпелі аудармасын берген. «Біткен іске сыншы көп» дегендейін ақпарат құралдарында киноның алғашқы тұсаукесері орысша болғанына біраз реніш білдіргендер болғанын, бұған да режиссер қазақшасының кешікпей болатынын айтыпты. Бұл жерде екі жақты да бірдей түсінуге болады, біріншіден, қоғамның талабы «тілге құрмет елді, ұлтты құрметтеу» деп түсінеді, екінші жағынан «қоғамды, оны басқарып отырған билікті кінәламасаң, басқа ешкімге кінә таға алмайсың, тілде қоғамдағы қажеттілік болмағанан кейін бес қазақтың басы қосылған жерде орысша шүйірклесетіні – өмір шындығы». Ал кинодағы прокаттық өтілім аудиториясында қай тіл басым болса, бірінші кезекте сол тілге шоғырланады. Кинодағы сөйлеу тіліне келер болсақ, ежелгі сақ дәуірін, ғұн дәуірі дәл мына тілде сөйлеген деп ғалымдар тап басып айта алмайды, Жапон ғалымы Сиратори және Гумилев сынды ғалымдар ғұндар түркі тілінде сөйлеген деген болжал айтып, бұған дәлел «садақ» деген сөздің тамыры тым тереңде жатқанын меңзеп, этимологиялық талдаулар жасайды. Ал біздің түркі тілінің шығу төркіні сақ дәуірінен де әрі жатқанын болжап айтсақ та, айтпасақ та бесенеден белгілі жағдай. Осы тұрғыдан алғанда, ескі түркі тілінің кино тілінде көрініс табуы көркемдік жағынан нақты раелдық жағдайда көрермендер үшін тартымды болғанын атап айтуға болады.
2. Концепциялық көркемдік шешімнің енді бір қыры – тәңірлік дінді алғаны. Көркем туындының пішіні мен мазмұнына сай өмір шындығы болса, сол дәуірдегі біздің бабалардың өмір сүру қағидасы өздері ұстанатын тәңірлік дінге тікелей байланысты. Кинокартинаның өн бойынан көріп отырғанымыздай дүниеге нәресте келсе де, той-думан болса да, жорыққа аттанар алдында да Тәңіріне жалбарынып тілек тілейді. Тіпті кейбір эпизодтарда күрделі іс-әрекеттер бақсының қимылымен қатар өріліп отырады. Сол дәуірдегі тәңірлік дінді шаманизиммен салыстыруға келмейді, екеуінің арасы жер мен көктей. Тәңірлік дін біздің ата-бабамыздың ежелден ұстанған діні, бұл дінің негізгі қағидасы – көктегі Тәңір біреу, оған жететін құдіретті күш жоқ деген нық сенім әрбір адамның таным-түсігіне берік ұялаған. От, су, жер – қасиетті дүниелер. Отпен аластау шаманизимнің белгісі деп жүр. Бұл – Тәңірлік діннің қағидасы. Тәңірлік дінде айта берсе көп дүниелер бар, оның бәрін бір киноның аясына жапсыра беру жараспас. Кинода Тәңірлік діннің негізгі қағидасын алғаны көркемдік тұрғыдан ұтымды шықты.
3. Сақ дәурінен біздің салт дәстүріміз толық жалғасып келе жатыр деп айта алмаймыз. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар, көбісі замана көшіне ілесе алмай қалды. Кинокартинада тым ерте дәуірдің оқиғасын бейнелейтін болғандықтан, түсірілім топ бұдан қашып құтыла алмайды. Ал енді сценарийдің авторы мен режиссер қандай концепциялық шешімге келеді.
Тарихи әдебиеттерде, мысалы, Геродот та, Страбон да сақтардың тұрмыс-тіршілігі көшпенді мал бағып, балық аулап күнін көрген, жазық жер болса да егін екпейді депті. Тұрмыстық заттарына алтын мен қоланы көп пайдаланады дей келіп, дәстүр-салтында күнге табынады, оған қүрбандыққа жылқыны шалады дегенді айтыпты.
Ал Геродоттың айтуы бойынша Скифтердің жерлеу рәсімдері басқа халықтардан өзгешелеу болған, оларда патшалары өлсе, ондаған адамды құрбандыққа шалады және патшаның жақсы көретін тұлпарын бірге құрбан етеді депті. Кинода режиссерлік шешімнің тағы бір дұрыс көрініс тапқан жері – Томирис патшайымның күйеуі мен баласының жерлеу рәсіміндегі патшайым мен бақсының арасындағы болған тартыс. Жалпы тарихи әдебиетерде Ғұн дәурінің орта тұсында адамды құрбандыққа шалу тоқтатылған. Томирис патшайымның «адамдар өліге емес, тіріге керек» деуі, оған талайдан бергі діни ұстанымға қарсы шықтың дегендей бақсының өзін-өзі өртеуі айтарлықтай режиссердің дұрыс шешімі.
4. Көркем туындының енді бір қырынан келген тұсы – тарихтағы ұлы тұлғаларды экранға сынамалап кіргізуі болды. Кинокартинада пролог пен эпилогты Ұлы тұлға Әл–Фарабиге аштырып-жаптырғаны тарихи оқиғаның құндылығын артыра түскені сезіліп тұр. Енді біржағынан қарасақ, көрермендерге тарихи тұлғаларды таныстырып, келер ұрпақтың жадына орнықтырудың тамаша тәсілі. Қазіргі қоғамдағы танымдық дүниеден мақрұм қалған ұрпақтың бірі болмаса да бірі «Ұлы тұлғалар» туралы деректерді қызықтап, іздестіруі мүмкін.
Осылай дегенмен кино картинадағы бірді-екілі ескеретін жайттарды айтар болсақ: біріншіден, көркем кино жасаушылар әсіресе киносценарий авторы мен режиссер ұлттық танымды жете меңгеруі керек деп ойлаймын. Мысалы, біздің тұрмыс-салтымызда төрт түлік малды өз орнымен пайдалана білді, жылқының жөні бөлек, қай жағынан да келе береді, ал түйе деген жануар өте ұзақ жолға, көш керуенге пайдаланылады. Экрандағы парсыға аттанып бара жатқан эпизод бір-екі айшылық жол сапар болуы мүмкін. Бірақ түйе деген жануар арқасындағы жүгімен қос аяқтап борбайлатып шауып сонша алыс жерге жете алмайды. Екінші, кинокартина батырлық тұлғаны сомдады, әр халықтың батырында да бар шығар, әсіресе, біздің көшпелі дәуіріміздегі батырлардың әрқайсысының өзіне лайықты қас тұлпары болған. Батырлық жыр-дастандарда мысалы: Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, тіпті алысқа бармай-ақ, Исатайдың Ақтабаны, Қабанбайдың Қубасын айтуға болады. Осы арғымақтар батырлармен бірге жасасып тарихта қалды. Осы сияқты тым ерте заманда болғандықтан ба, Тұмар патшайым туралы нақты деректе патшайымның мінген атының атын атап, түсін түстемесе де, ұшқан құсқа жеткізбейтін қас тұлпары болғанын айтыпты. Ал экрандағы Томиристің бейнесінде патшайымның мінген атын сондай қас тұлпар деп айтуға келмейді. Үшіншіден күрделі эпизод кезінде мысалы қан майдан жүріліп, яғни, өлім мен өмір айқасып жатқан кезде Арғынның Томириске сезімін білдіру іс -әрекеті артықтау болып көрінді. Соғыс ойыншық болып көрінгендей сезілді екен.
Жалпы алғанда тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Томирис» кинокартинасы ішкі-сыртқы көрермендерді былайда да қызықтырары сөзсіз. Әсіресе, кинодағы, жоғарыда атап өткеніміздей, ескі түркі тілін қолдануы сол бір заманда төл жазуымыздың айғағындай Ұлы Далада бір тілде сөйлеген түркі бірлігімізді көрсеткендей болды.
Сөз соңында айтарымыз – ежелгі дүниедегі Тұмар патша және оның заманының ақиқатынан аңызға толы күрделі оқиғаның шындығына әзірше жете алмаспыз , бірақ экрандағы бейнесі арқылы құндылықтарымыз бен ұлттық болмысымызға қозғау салғанын сезіне білуіміз керек