Топырақтың жады: үш буынның рухани сапары

Фото: MadeniPortal.kz

КИНО
368

Көптеген халықаралық кинофестивальдердің — Пусан, Нью-Йорктағы Азиялық-Америкалық, Қазанның «Алтын Минбар», Больцано және Иранның «Cinema Verite» сияқты беделді алаңдарының — бағдарламасына енген қазақстандық деректі фильм «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» қайтадан экранға жол тартты. Режиссер Алина Мустафинаның бұл жұмысы әлемнің әр түкпірінде көрсетіліп, биыл Маңғыстауда өткен V халықаралық түркі елдерінің “Қорқыт ата” кинофестивалінде «Үздік деректі фильм» аталымында жеңіске жетті.

Фильм үш буын әйелдің тағдырлық байланысы мен ұжымдық жад феноменін зерттейді. Мұнда жеке естеліктер мен тарихи факт арасындағы шекара өшіріліп, тұлғалық идентификацияның реконструкциясы орын алады. Кейіпкерлердің сапары Қазақстаннан басталып, Татарстан арқылы Польшаға жалғасады — сол елде режиссердің әжесі Лабибаның әкесі, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздың қабірі жатыр. Бірақ бұл сапар тек бір адамның ізінен жүру емес — бұл жеке және ұжымдық жадының археологиясы, өткеннің үні арқылы өзін-өзі тану процесі. Кинокартина өмірдің қарапайым, таныс көріністерінен бастау алады. Таксиде үйіне қарай бара жатқан басты кейіпкер әрі режиссер — Алина Мустафина — жүргізушімен жеңіл әңгіме өрбітеді. Ал осы қарапайым диалогтың өзінен-ақ фильмнің ең түпкі идеясы — өз болмысын тану, тамыр мен тілдің жоғалған үндестігін іздеу байқалады. Алина өзінің ана тілдерін — татар және қазақ тілдерін — білмейтінін айтады. Бір қарағанда, бұл жай ғана жол үстіндегі әңгіме сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол фильмнің рухани өзегіне айналып, көрерменді жеке жады мен ұжымдық ес арасындағы шекараға жетелейді. Кейіннен осы шағын диалог үлкен мағынаға ие болып, үш буынның — әже, ана және қыздың — тағдырын тоғыстыратын экзистенциалды сапардың бастауы болады. Такси жаңа салынып жатқан үйдің алдына тоқтайды. Қаланың у-шудан алыстағы бұл үй — тыныштық пен жаңа бастаманың белгісіндей. Дастарқан басында жиналған туыстар арасындағы жылылық пен үндестік көрінісі бір сәтке уақыттың тоқтағандай әсерін тудырады. Дегенмен назар аудартатыны — үйдің пішіні. Ол — үшбұрыш. Бұл деталь фильмнің идеялық құрылымын тұтас бейнелеп, терең символдық мәнге ие болады.

Үшбұрыш — фильмнің философиялық өзегіне айналған образ. Бір жағынан, ол — тұрақтылық пен тұтастықтың геометриялық көрінісі; екінші жағынан — рухани байланыс пен ұрпақ сабақтастығының метафорасы. Үш қыры үш бастауды біріктіреді: өткен, бүгін және болашақ; әже, ана және қыз. Осы үш қыр тоғысып, олардың ортасында ішкі тұтастық, рухани бірлік пайда болады. Бұл пішін — әйел болмысының, ұрпақтар арасындағы үнсіз байланыстың және уақыт ағынындағы бірліктің көрінісі. Философиялық тұрғыдан алғанда, үшбұрыш — қарама-қарсылықтардың бірлігін бейнелейтін әмбебап форма. Гегельдің диалектикалық үштігіне сай, ол тезис, антитезис және синтездің тоғысу нүктесін сипаттайды. Осы тұрғыдан алғанда, үйдің үшбұрышты формасы — тек архитектуралық шешім емес, ол кейіпкерлердің ішкі трансформациясының символы, яғни рухани үйлесімге ұмтылысының кеңістігі. Үшбұрыш — сонымен қатар таным мен тепе-теңдіктің бейнесі. Оның төменгі бұрыштары тәжірибе мен білімді білдірсе, жоғарғысы — даналық, яғни рухани биіктікке жету нүктесін көрсетеді. Алина Мустафинаның фильмі осы идеяны нәзік поэтикалық тілмен жеткізіп, деректі оқиғаны ішкі рухани сапардың аллегориясына айналдырады.

Фильмнің формасы мен мазмұны, камера қозғалысы мен режиссердің интонациясы бір ортақ символ — үшбұрыш бейнесінде түйіседі. Бұл пішін — әйел жанының кеңістігі, ұрпақтар арасындағы үнсіз диалогтың формасы. Ал оның ортасында — өткен арқылы өзін тануға ұмтылған адам болмысы.


Режиссер көрерменді өз әлеміне баяу жетелейді
. Анасы екеуі алдағы сапарға дайындалып, әжесін көндіруге тырысқан сайын, кадрлар арқылы ұлттық болмыстың нәзік иірімдері ашылады. Камера кейде кейіпкердің қолындағы күміс білезіктер мен құлағындағы этникалық сырғаларға аялдап, үнсіз мәдени жадының бейнесін көрсетеді. Бұл ұсақ детальдар тек әшекей емес, ұрпақтар арасындағы үндестіктің, әйелдік рудың символы ретінде қабылданады. Туындының ең әсерлі тұстарының бірі — қызыл таспамен өрілген бұрым сахнасы. Сахнада тұрмыстық әрекеттен әлдеқайда кең ұғымға ие: ол- қан мен дәстүрдің, аналық шежіренің үзілмес жібі. Қызыл таспа тек сәндік элемент емес, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың, туыстық сезімнің айғағы. Бұл көрініс Әли Жүсіповтың «Менің Отанымның әйелдері» атты картинасын еске түсіреді. Туындының ортасында жатқан сәби мен оны қоршаған үш әйел арқылы ұрпақ сабақтастығын, аналық қуатты және өмірдің жалғасын бейнелейді. Әже — өткеннің даналығы, ана — бүгіннің тірегі, ал жас әйел — болашақтың үміті. Көк пен ақ түстердің үйлесімі рухани тазалық пен үндестікті жеткізеді. Картина мен фильмде де үш буынның тұтастығы мен тамырлық байланыстың символикасы тоғысады. Режиссер осы арқылы өткен мен бүгіннің арасындағы нәзік көпірді орнатады — көрініс лирикалық ырғаққа, естеліктің тынысына толы.Фильмнің визуалды тілі поэтикалық және интимді сипатқа ие. Автордың кадр құру тәсілінен эссеистикалық киноға тән медитативті ырғақ байқалады.  Киім таңдау эпизоды да ерекше мағынаға ие. Алина мен анасы ұлттық киім бутигінде өздеріне және әжесіне арналған көйлектерді таңдайды. Алғашында анасы бұл идеяға қарсы болады — уақыттың талабы мен заманауи көзқарас оны дәстүрден алыстатып жіберген. Бірақ қызының шынайы ықыласы, ішкі жылы табандылығы ана жүрегін жібітеді. Киімді кию сәтінде олардың көзқарасы түйісіп, үнсіз бір түсіністік орнайды — бұл дәстүрдің қайта тіріліп, мәдени жадының ана мен қыз арқылы жалғасу көрінісі.

Сапар басталады. Жол бойы табиғаттың тыныштығы мен қозғалыстың баяулығы кейіпкерлердің ішкі дүниесін бейнелейді. Терезеден сырғып өткен кең дала, алыстағы көкжиек — барлығы да уақыт пен кеңістік арасындағы шекараны өшіріп, көрерменді естеліктің кеңістігіне енгізеді. Татарстан мен туған ауылға бағытталған бұл сапар — тек географиялық қозғалыс емес, ішкі жаралар мен ұмыт болған тарихқа қайта үңілу. Әженің туған топырағына оралуы — өткен өмірдің көлеңкесін қайта сезіну, ал Алина үшін бұл – тамырын тану мен өз болмысын ұғыну процесі. Көріністер біртіндеп тереңдей түседі: ескі үйдің қабырғалары, таныс жүздер, туған жердің иісі — бәрі де ұжымдық жадтың бір бөлшегі ретінде еске оралады. Камераның баяу қозғалысы уақыттың өтуін емес, оның іштей айналысын сездіреді. Өткен мен бүгіннің, естелік пен қазірдің арасындағы байланыс нәзік монтаж арқылы өріледі. Осы сәттерде ағаш бейнесі маңызды метафораға айналады. Әжесі балалық шағының куәсі болған ескі ағашты құшақтайды — ол үшін бұл ағаш туған жердің, отбасылық тамырдың, ұрпақтар бірлігінің белгісі. Мағынасы жағынан параллель келетін кадрда Алинаның да дәл солай ағашты құшақтаған сәті беріледі. Бұл көрініс екі буын арасындағы үндестікті, бір рухтың жалғасуын бейнелейді. Фильм бойында ағаш бейнесі қайта-қайта қайталанып отырады — бірде ол өткеннің куәсі ретінде көрінсе, енді бірде жаңа өмірдің бастауын меңзейді. Соңғы көріністердің бірінде Алина өз үйінің ауласында балаларымен бірге жаңа ағаш отырғызады. Қолындағы Татарстаннан әкелген топырақты жерге себу сәті — туған жермен рухани байланысын жаңғыртудың, тамырды қайта танудың көрінісі. Ескі ағаш пен жаңа отырғызылған көшет бір-біріне қарсы емес, қайта бірін-бірі толықтырады. Бірі — өткеннің ізі, екіншісі — жалғасқан өмірдің үміті. Осылайша, үш буынның тарихы мен тағдыры бір шеңберге түйіседі. Алина үшін бұл сапардың мәні — тек отбасылық естелікті тірілту емес, өз болмысын тану, мәдени тамырын қайта сезіну.

Фильмнің ең әсерлі әрі мағыналық тұрғыдан терең элементтерінің бірі — үш әйелдің туған жердің топырағын жинау сәті. Бұл қарапайым көрініс сырт көзге рәсім сияқты болғанымен, оның түбінде терең символдық мән жатыр. Топырақ — өмірдің бастауы мен соңы, адам мен жер арасындағы мәңгілік байланыстың көрінісі. Ол — ата-бабаның ізі сіңген киелі нысан, ұлттың рухани тамыры мен жадының тасымалдаушысы. Әйелдердің алақандарында уыс топырақтың жатуы — өз тегін қабылдау, өткенмен жарасу және болашаққа үмітпен қарау сәті. Бұл — туған жермен қайта тоғысу арқылы рухани тыныштық табу, ата рухын сабырға шақыру амалы. Осы сәтте кадрда қызыл калина бейнеленеді. Ол фильмнің поэтикалық өзегін толықтырып, бейнелік қатардың эмоционалды акцентіне айналады. Түркі мен славян мәдениеттерінде калина — туған жерге деген сағыныштың, әйел болмысының, нәзіктіктің және рухани беріктіктің символы. Оның қызыл түсі — қанның, өмірдің және махаббаттың белгісі. Калина бұтағындағы әр жеміс — ұмытылған естеліктің, ұрпақ жалғастығының метафорасы іспетті. Ән мен жел тербеген осы көріністе әйелдер бейнесі мен табиғат үндесіп, біртұтас симфония құрайды. Топырақ, калина және ән — барлығы да бір идеяға бағынған: адам түп тамырынан алыстаса да, оның жаны бәрібір өз топырағына, өз әніне, өз жадына қайта оралады.


Бұл сәт — фильмнің шарықтау нүктесі ғана емес
, үш буын әйелдің рухани бірігу сәті. Жер мен әйел арасындағы табиғи үндестік арқылы режиссер өмір мен өлім, жады мен жалғастық арасындағы нәзік шекараны поэтикалық әрі философиялық дәлдікпен бейнелейді. Автор бұл нарративті отбасылық хроника формасында өрбітеді, алайда оның астарында постпамяттік сана мен тарихи травма феномені туралы терең философиялық рефлексия жатыр. Мустафинаның камерасы — бақылаушы емес, қатысушы. Ол тек деректі шындықты тіркемейді, оны экзистенциалды деңгейде қайта сезінеді. Көрермен фильм барысында жеке тарих пен ұлттың ұжымдық жадының тоғысу сәтіне куә болады. Әр үнсіздік пен үзіліс — жоғалған уақыттың жаңғырығы, ал әр кадр — тұлғалық болмыстың жаңа қабатының ашылуы.

Оқиғаның түйінінде кейіпкерлер өздерінің соңғы аялдамасына — әке, ата және баба жерленген ауылға жетеді. Сол сәтте олар ащы шындыққа тап болады: бауырластар зираты бірнеше жыл бұрын қазылып, енді нақты жері белгісіз күйде қалған. Ұзақ сапарды еңсерген олар бастаған істерін аяқсыз қалдыруға дәті бармайды. Пісіріп әкелген бәліштерін жерге қойып, екі Отанының топырағын біріктіре отырып, үнсіз қош айтысады. Бұл көрініс жоқтау емес — өткенмен жарасу, рухтың тыныштық табуы секілді әсер қалдырады.

Халық даналығында айтылғандай, маңыздысы — жолдың соңы емес, сол жолдың өзі. Ал бұл сапар кейіпкерлер үшін тек кеңістіктегі қозғалыс емес, жүректегі жарамен бетпе-бет келіп, өз тамырымен қайта табысқан рухани сапарға айналды.

Сөз соңына келе, «Пряники для её отца…» — деректі кино мен авторлық эссенің тоғысқан тұсы. Режиссер үш әйелдің бейнесі арқылы уақыт, ұрпақ және естеліктер тоғысқан метафоралық кеңістік жасайды. Осы кеңістікте әйел болмысы ұлт тарихының нәзік айнасына айналып, көрерменге ұжымдық жараның тереңдігін ұғындырады. Фильм жеке тарих пен ұлттық жадты тоғыстырған поэтикалық медитацияның көрінісі ретінде, көрерменге үнсіз сұрақ қояды: «Егер тамырымызды ұмытсақ, біз кімге айналамыз?». 

Ғайша Аманжол

Киносыншы

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...