Ұлыбритания астанасы Лондонда осымен үшінші рет өткізілген ECG кинофестивалінің қорытындысы жариялан...
Ашаршылық пен қуғын-сүргін, кеңес билігі тарапынан жасалған зорлық-зомбылық тақырыбында түсірілген қазақ фильмдері
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсанында ашаршылық пен қуғын-сүргін, кеңес билігі тарапынан жасалған зорлық-зомбылық тақырыбында елімізде түсірілген бірқатар кинофильмдердің топтамасын madeniportal.kz киносүйер қауым назарына ұсынады.
«Жансебіл» (1991, реж.: Аяған Шәжімбай)
Фильм 1991 жылы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген. Туындыда соғыс нәубеті мен Сталиндік қуғын-сүргінді бастарынан кешірсе де, жақсылықтан үмітін үзбеген қос қарттың өмірі суреттеледі. Ұлттық кино қоржынына олжа болып қосылған «Жансебіл» фильмі шын мәнінде отандық кинематографияның жауһары, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары түсірілген туындылардың алды болып табылады.
Басты рөлді сомдаушы Қасым Жәкібаев Түркіменстанда 1992 жылы өткен «Күміс жартыай» Халықаралық фестивалінде «Үздік дебют», «Басты рольді үздік орындаушы» сыйлықтарына ие болған.
«Сұрапыл сұржекей» (1991, реж.: Дамир Манабай)
«Сұрапыл сұржекей» фильмінің тағдыры тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елеусіз қалған жобалардың біріне айналды. Өйткені, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұндай тақырыптар әлі де жабық, көп қозғалмайтын. Бұл 1928-1930 жылдардағы қазақ халқының басынан кешкен ашаршылық нәубеті мен зобалаң кезеңнің зардаптары бейнелеген «Сұрапыл сұржекей» отандық алғашқы кино туындылардың бірі. Фильм 1992 жылы Ашхабад, 1996 жылы Анкарада өткен кинофестивальдің Бас жүлдесін иеленді.
«Заман-ай» (1997, реж.: Болат Шәріп)
Сәкен Жүнісовтың «Аманай мен Заманай» романына негізделген «Заман-ай» картинасында 1930-шы жылдары қысым көрген қазақтардың Қытайға көшуі баяндалады. Фильм 1990 жылдардың басында түсірілгенімен, түрлі қиындықтарға байланысты алты жылдан кейін жарық көрді.
«Заман-ай» фильмінде бір әйелдің басынан өткерген тағдыры тұтас бір халықтың тағырын сипаттайды. Бас кейіпкер жылдар өте туған жерге деген сағынышы мен ұрпағының алдындағы парызын өтеу мақсатында ұзақ сапарға аттанады. Фильм 2003 жылдың тамыз айында өткен Мумбай халықаралық кинофестивалінің ретроспективасына қатысты.
«Мұстафа Шоқай» (2008, реж.: Сатыбалды Нарымбетов)
Мұстафа Шоқай – Кеңес билігі тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған саяси тұлғалардың бірі. Ол Орта Азия халықтарын бір тудың астына біріктіруді көздеді, халқының еркіндікте өмір сүргенін қалады. Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» туындысында осы тұлғаның күрделі өмірі туралы мағлұмат алып қоймай, 1920 жылдары Қазақ даласында орнаған қиын-қыстау кезеңдердің де куәсі боламыз.
Режиссер Сатыбалды Нарымбетов Мұстафа Шоқайдың өмірінің көпшілік біле бермейтін кейбір сәттерін ашып, оны көрермен қауымға кеңінен танытты. Ол неше түрлі желеумен талай жанды концлагерьдегі өлімнен құтқарып, олардың Еуропа аумағында емін-еркін өмір сүруіне ықпал етті. Басты кейіпкер Мұстафа рольін қырғыз актері Әзиз Бейшеналиев сомдады.
«Жерұйық» (2011, реж.: Сламбек Тәуекел)
Жаппай қуғын-сүргін болған жылдары Қазақстан жеріне көптеген ұлттардың өкілдері ауып келді. Олар да көптеген қиындықтарды, аштық пен қорлықты бастан кешкен халықтар еді. «Жерұйық» фильмі өзінің ауыр халіне қарамастан, ауып келген ұлттарға қамқор болып, көмек қолын соза білген қазақ халқына арналады. Қиыншылықтарға бірауыздан қарсы тұра білген халықтар бірлігін паш етеді.
Алғашында «Атажұрт» деп аталып, кейіннен «Жерұйық» болып өзерген бұл фильмнің сюжеті қасіретті жылдардың ауыр жағдайында ізгілік пен адамгершілікті алға қойған Қазақстан халқының достығын бейнелейді. Сценарийі үш айда жазылып біткен фильм 2009 жылғы қарашадан 2010 жылдың қараша айына дейін Қаратал өзенінің бойында түсірілген. Режиссер Сламбек Тәуекелдің фильмінде басты рольдерді Болат Әбділманов, Нәзгүл Қарабалина, Сергей Петров сомдайды.
«Зұлмат» (2015, реж.: Сәбит Әбдіхалықов)
Фильмге атақты Созақ көтерілісі кезіндегі бүтін бір отбасының басынан өткен қасіреті арқау болған. Мұнда осы бір үйдің алты баласы ажалмен бетпе-бет келеді. Режиссер бұл арқылы күллі қазақтың сол кездегі азапты күндерін көрсетуге тырысыпты.
1930-1933 жылдардағы қаралы шежіреден сыр шертетін фильм тарихи шындыққа негізделген. Ал онда басты рольдерді белгілі актерлар Райхан Айтқожанова, Ержан Жарылқасын және Асылхан Төлепов сомдайды.
«Аманат» (2015, реж.: Сатыбалды Нарымбетов)
Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» драмасы – саяси қудалауға ұшыраған Ермұхан Бекмахановтың өміріне арналады. Алайда, фильмде қазақ тарихының үш кезеңі қамтылады: Кенесары хан заманы, ХХ ғасырдың 60 жылдары, яғни Ермұхан Бекмахановтың өмір сүрген кезеңі және осы тұлға туралы ізденіп жүрген жас журналист Рамазанның заманы, 1970 жылдар. Фильмнің әр кезеңдегі кейіпкерлерді ұлттың бостандығы мен тәуелсіздігіне деген мұраты біріктіреді.
Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» ұсынылған жобалардың бірі.
«Анаға апарар жол» (2016, реж.: Ақан Сатаев)
«Анаға апарар жол» фильмі – 1930 жылдардағы қазақ халқының басына түскен нәубетті суреттейді. Оқиға қазақ халықының басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген: ұжымдастыру, жұт, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар болып табылады. Бір отбасының тағдырымен бүкіл қазақтың қайғылы тарихын көрсетіп шыққан фильм ана мен перзент арасындағы жіпсіз байланыс, мөлдір махаббатқа толық негізделген. Фильм өмірлік құндылықтардың мәні мен тіршіліктегі құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға жол сілтейді.
«Анаға апарар жол» кинотуындысы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Одан бөлек Халықаралық WeLink кинофестивалінің «Үздік көркем фильм» наградасын, Хорватияда өткен «Марко Поло» фестивалінің «Ең үздік фильм» жүлдесін иеленіп, шетелдік сарапшылардың назарына іліккен фильм.
«Ұлы дала зары» (2020, реж.: Марина Қонарова)
Қазақстандық кинотуынды «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған. Фильмнің продюссері – Ернар Мәліков, ал режиссері – Марина Қонарова. Басты рольдерді Саяжан Құлымбетова, Дулыға Ақмолда, Ақылхан Алмасов, Сафуан Шаймерденов сомадаған.
«Ұлы Дала зары» фильмі – 1920-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен ашаршылық тарихына арналған кинотуынды. Сол зұлмат кезеңде қазақ халқы ашаршылықтан қырылып, аман қалғаны шетелде босып кетуге мәжбүр болған еді. Фильмнің тұсаукесері 2020 жылғы 7-9 қараша аралығында Лос-Анджелестегі Халықаралық Азия кинофестивалінде өткен. Продюсер Ернар Мәліковтың айтуынша, фильмді түсіруге бес жылдай уақыт кеткен және краудфандинг тәсілі арқылы қаражат жиналған.