Жаңа отандық мультфильмдер керуені

КИНО
869
«Қазақстан» республикалық телера­дио­­корпорациясының көркемдік кеңесі елордада Balapan телеарнасынан 2024 жы­лы шығатын ани­мациялық жоба­лар­дың ашық талқылауын өт­кізді.

Пит­чингке отан­дық 22 компанияның өкіл­дері қатыс­ты. Олар Balapan арнасының алдын ала ұсын­ған тақырыптық ба­ғыттары бойын­ша 32 жобаны таныс­тырып, саладағы мә­селелерді де ортаға салды.

Ашық талқылауда корпорацияның басқарма төрайымы Ләззат Танысбай питчинг жыл сайын өткізіліп келе жатқанын және бұл анимация өндіретін компаниялар үшін әділ бәсекелестікке мүмкіндік екенін атап өтті. Жыл сайын отандық аниматорлар Balapan телеарнасының тапсырысы бойынша 400 серияға жуық анимациялық жоба өндіреді. Арнаның ең бас­ты миссиясы – бүгінгі күнгі өзекті тақырып­тарды анимация арқылы жеткізу. 

– Balapan арнасы әуелі балаларға шұрайлы ана тілін сіңіру миссиясын ұстанады. Ең алдымен кейіп­керлеріміздің тілінің таза болуына, оқи­ға­лардың ұлттық мазмұнды қамтуына маңыз береміз. Дәл осындай мақсатпен соңғы бірнеше жылда балалар арнасының эфирінде ұлттық қаһармандарымыз пайда болды. Бүгінгі күні телеэфир арқылы балаларды күнделікті өмірге бейімдеу, балалар арасында қауіп­тің алдын алу, отбасылық құндылықтарды, этносаралық достықты насихаттау біз үшін маңызды. Balapan арнасы үшін жасалатын әр жоба кішкентай көрермендердің таным көкжиегін кеңейтіп, санасына жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың дәнін себуге, заманауи және дәстүрлі тәрбиенің үйлесімін таба отырып, баланың толыққанды қалыптасуына ықпал етуді мақсат етеді, – деді «Қазақстан» телерадио­кор­порациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай. 

Бұл жолғы жоба ұсынушы компанияларға қойылған басты талап та осы болды. Қазіргі ең өзекті тақырыптардың бірі – бала қауіпсіздігі мәселесі. Idea cinema компаниясы балаларға қауіпсіздік ережелерін көрсетуге бағытталған, түрлі қауіп-қатер, табиғи, техногендік апат жағдайында әрекет ету жолдарын көрсететін «111» жобасын ұсынды. Бұл – телеарна тарапынан талап етілген тақырыптық бағыттардың бірі. Яғни, біздің балалар кез келген жағдайда «111» телефон нөміріне қоңырау шалып, қауіптің алдын алуға болатынын білуі қажет. Бұған қоса, қауіпті болдырмау да маңызды. Бұл ретте QAZART media компаниясының «Есіңде болсын, балақай!» анимациялық жобасының маңызы зор. Мұнда қауіпсіздіктің қарапайым қағидалары көрсетіледі. Келер жылы эфирге шығатын басты жобалардың бірі – Kim company аниматорларының «Болған оқиға» жобасы. Мультхикая балалардың тарихи танымын арттыруды көздейді. Сондай-ақ балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық-мотивациялық мультфильмдер, ұлттық дәстүрлі тәрбиені насихаттауды мақсат тұтатын этнотанымдық жобалар да жарық көреді. 

Питчинг қорытындысы бойынша, Balapan көрермендерінің сұранысына ие болған «Тоқты мен Серке» жобасының бесінші маусымын, түркі мифологиясы кейіпкерлерін заманауи интерпретациялайтын фэнтези жанрындағы «Ақжелкен» жобасы мен шытырман оқиғалы «Желаяқ» мультсериалының екінші маусымдарын, өзге ғаламшарлықтар туралы «Тұлым» анима­циялық сериалының үшінші маусымын жалғастыру бойынша шешім қабылданды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы екі жылдан бері өткізіп келе жатқан «Балдәурен» балалар әндері бай­қауын­да үздік шыққан әндер де анимациялық жобалар арқылы кең насихат­талатын болады. 

Balapan телеарнасына жүктелетін жауапкер­шіліктің ауқымы өте кең. Ұлттық идеологияның, дәстүрлі тәрбиенің қайнар көзі, балаға қазақ тілін үйретудің теңдессіз құралы ретінде әр ата-ана баласыныңинтеллектуал­ды, рухани, мен­талды дамуын біздің арнаға сеніп тапсырады. Бұл – біз үшін маңызы зор міндет», – дейді арна жетекшісі Индира Тұрсынбай. 

Талқыланған жобалардың үздіктері келер жылы балалар арнасының эфирінен көрсетіледі. Бұл дегеніңіз – бүлдіршіндер үшін тағы 400 жаңа бөлімнен тұратын анимациялық жоба ұсынылады деген сөз. Balapan бүгінде қазақстандық балалардың сүйікті арнасына айналған. Бұған рейтингтік көрсеткіштер де дәлел. TNS Central Asia компаниясының зерттеу қорытындысы бойынша қазір балалар арнасы еліміздегі ірі 25 арнаның ішінде 7-ші орында тұр.

Бұған қоса, салада жұмысын енді бастаған жас­тарға да мүмкіндік берілмек, питчингке қатыс­қандар арасынан ең үздік идея ұсынған жас мамандар да таңдалады. Телеарна, осылайша ба­лалар өнімін жасайтын компаниялар санынан арттыруға мүдделі. Ашық талқылауға қа­тыс­қан мамандар отандық ани­мация нарығындағы жалпы ахуал жайлы пікір­лерін ортаға салды. 

Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ,

САҚ» ЖШС:

– Balapan арнасы ұйымдастырған пит­чингте тек жоба ұсы­нып қана қоймай, ани­мациялық өнім­дерді бағалауға, сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Анимация жасауды жаңадан бастағандар мен тәжірибелі компа­ниялардың бірдей тарифпен жұмыс істеуі дұрыс емес. Сол себепті тарифті әртараптандыру қажет. Кепілхат туралы бастамаға қуандық. Қолымызда жобаға міндетті түрде келісімшарт жасалады деген кепілхат болса, еш алаңсыз сценарий жазу, кейіпкерлер моделін салу жұмыстарына кірісіп кетеміз. Анимация жасауға қомақты қаражатпен қоса, уақыт қажет. 

Дильшат РАХМАТУЛЛИН,

Dala animation group ЖШС:

– Бізде шетелдік өнімдерден кем түспейтін мультхикая­лар өндіре алатын компаниялар қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, үш жыл бұрынғы 3D графика мен қазіргі техникалық мүмкіндіктер арасында, туынды сапасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ал көркемдік кеңес тарапынан жаңа компанияларға қатысты айтылған талаптармен толық келісемін. Бұл салаға енді қадам басқан компаниялардың қызметкерлері анимация, режиссура бойынша кәсіби біліктілігін арттыруы қажет. Маманның кәсіби деңгейі көтерілген кезде қаржылық мәселелер де шешіледі.

Дамир ҚҰТБАЕВ,

ASD production ЖШС:

– Қазақстанда ани­мацияның қар­қын­ды дамуына ке­дергінің бірі – қар­жының аз бө­лін­уі. Десе де, биылғы жылдан бастап анимациялық өн­діріске тарифтің көтерілуі оң әсер етері сөзсіз. Бәсе­ке­ге қабілетті сапалы өнім дайын­дау үшін маңызды дүниенің бірі – осы. Қаржының жетіспеушілігі шығармашылық жұмыстарды шектейді. Бұл салада нағыз кәсіби мамандармен жұмыс істеу де арзан тұрмайды. Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы шығып тұр. Ол – анимация саласын жетік меңгерген мамандардың тапшылығы. Жас дарынды суретшілер мен аниматор­ларды дайындау үшін арнайы білім беру бағдарламалары мен ресурстар да жеткіліксіз. Сондай-ақ студия жабдықтарының және техникалық құралдардың болмауы – жоғары сапалы жобаларды жасаудағы қиындықтардың бірі. Сол үшін де Қазақ­стан­дағы анимация­лық студиялардың әлемдік нарыққа шығуы, әлемдік нарықтағы бәсекелес­тікке төтеп беруі оңай­ға соқпайды. 

Қасиет САҚИОЛЛА,

QAZART media ЖШС:

– Қазақ ани­мация­сында жоба­лардың көбеюі мен бәсекелес­тіктің артуы маман­дарға деген сұранысты көбейтіп отыр. Еліміз­де ани­маторларды дайын­дайтын екі үлкен оқу орны бар, ал ол жерден білім алып шыққан мамандар сұранысты қанағаттандырмайды. Оның себебі, біріншіден, мамандар саны аз болса, екіншіден, олар анимацияда маңызды рөл атқарып тұрған 3D техниканы меңгермеген. Оған қоса, анимациялық жобаларға тапсырыс берушілердің жобаны жасауға бөлетін жалпы уақыты өте шектеулі, бұл өнімнің сапасына тікелей әсер етеді.

Саланың дамуы үшін жасалып жатқан қадамдар да жоқ емес. Balapan арнасы биыл тәуелсіз аниматор мамандарды кеңесші ретінде жұмысқа тартып отыр. Бұл арнадағы анимациялық жобалардың деңгейін едәуір жоғарылатты. Одан бөлек, өнімге қойылатын талаптар да күшейді. Соған сай, біздің туындыларымыздың сапасы мен мамандарымыздың біліктілігі де жылдан-жылға арта түспек.

«Айқын» ақпарат

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...