«Қазақфильм» киностудиясы «Жол жоқ» /«No Exit» жобасы шеңб...
«АХМЕТ. ҰЛТ ҰСТАЗЫ» - ҚАНДЫ КЕЗЕҢНІҢ РЕКОНСТРУКЦИЯСЫ
Әлемге әйгілі режиссер Стивен Спилберг туралы «Спилберг» атты деректі фильм бар. Сол фильмдегі сұхбатында Стивен мырза «Шиндлер тізімі» (1993) фильмі ұлттық тамырына қайта үңілуге, еврей болғанына ұялмай, керісінше, ұлтымен, тарихымен мақтануға әсер еткенін айтады. Елінің қасіреті жайлы фильмге ұзақ дайындалғанын, Освенцимдағы түсірілім жұмыстарын барынша тыныш жағдайда жүргізуге тырысқанын да сөз етеді. «Өйткені, ол жерде қаншама жазықсыз ата-бабамның өмірі қиылды, қаны төгілді», - дейді С.Спилберг. Оскар сыйлығын алған «Шиндлер тізімі» - режиссердің ең ауқымды, ең сәтті, ең ауыр фильмі. Көрермен де еврейлермен бірге жылап, бірге қайғырып, олар тартқан ауыртпалықты жан-жүрегімен сезінуге мәжбүр болады.
«Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен режиссер-сценарист Мұрат Есжан түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы да - қазақ халқының тарихындағы жүрек сыздатар, көңіл ауыртар азапты кезеңнің, қанды кезеңнің реконструкциясы. М.Есжанның ұлтымыздың аяулы тұлғаларының ғибратты ғұмырын, олардың күреске, жеңіске, жеңіліске, қиындыққа толы тағдыр жолын көрсету үшін жоғары жауаркершілікпен дайындалғаны, қазаққа ардақты арыстардың әрбір сөзін, әрбір ісін, олардың ішкі қиналыс-күйзелісін әрбір жасушасымен сезініп, бойынан өткізгені картинаның алғашқы кадрынан-ақ көрінеді.
Барлық жанр сияқты биографиялық фильмдердің де өз спецификасы бар. Мәселен, америкалық сценарист, жазушы Сид Филд биографиялық фильм сәтті шығу үшін кейіпкер өміріндегі ең қызық, ең маңызды аз ғана эпизодты таңдап алу керек екенін жазады. Ал «Голливудский стандарт» кітабының авторы Майкл Хейг «бұл жанрдағы фильмдер кейіпкердің ғұмырын тұтас қамтуы қажет» деп басқаша анықтама береді. Дегенмен, тұлға туралы фильмді қай ережеге сәйкес жасайтынын режиссер мен сценарист шешеді. Мұрат Есжанның «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгені, ержеткені, әріп танығаны, үйленгені сияқты хронологиядан тұрмайды. Сценарий авторлары Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалымұлы А.Байтұрсынұлы өмірбаянының ең бір драмаға толы сәттерін таңдап алған. Сол сәттер арқылы тұлғаның тұтас ғұмырын аша білген. Ең ғажабы, сценаристер диалогтың мүмкіндіктерін барынша пайдаланған. Әр диалогта ақпарат бар. Сондықтан көрермен ағартушы-ғалымның бүкіл өмірі мен шығармашылығынан толық мәлімет алады.
Режиссер Мұрат Есжанның журналистік қырымен жақсы таныспыз. Ол 5 минуттық сюжет, 25 минуттық репортаж, 50 минуттық деректі фильм жасаса да, ең алдымен материалды баяндау тәсіліне мән беретін. Сондықтан оның бейнематериалдары әдеттегі «зкт+снх» шаблонына ұқсамайтын, ерекше әрі қызық шығатын М.Есжанның көркем фильмдерінің де баяндау тәсілі, формасы, стилі өзгеше («I’m going to paris» (2018), «Тиын» (2019), «Абай жолы» (2020), «Ахмет. Ұлт ұстазы» (2021). Режиссер оқиғаны әртүрлі уақыт пен әртүрлі кеңістік шеңберінде баяндайды.
(мысал ретінде «Таразы» бағдарламасындағы бір материалынына сілтеме бердік).
Бірақ көрерменін шатастырмайды, яғни, ары-бері «секіріп» отыратын экрандағы уақыт пен кеңістік бәріне түсінікті. Демек, киногер кинөнеріндегі «хронотоп» концептісін жақсы меңгерген. «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясында әртүрлі хронотопты алмастырып көрсету мақсатында музыканы, жарық пен түсті, символдарды, флешбэктерді шебер пайдаланады. Мысалы, уақыт пен кеңістікті ауыстырғанда, сол сахнаның мазмұнына орай, от, шам, шоқ, күнді ұтымды қолданады. Расында, Ахметтер өмір сүрген дәуірде қазақ даласында оқу-ағартудың дәнін себу, елді өнер-білімге икемдеу лаулаған оттың ортасында шоқ басып, жарыққа ұмтылғанмен бірдей еді. Осы қиындықты режиссер кинотілімен керемет суреттейді (үтік құлап, шоқ шашылған сахнаны еске алыңыз). Кинорежиссердің телехикаяны әңгімелеуі ерекше. Ол көрерменге қай кезде қандай ақпарат қажет екенін біледі. Көрерменге кейіпкердің білетінінен көбірек ақпарат береді. Мысалы, Ахметтің тамағына түрмеде у қосатынын, Тұнғаншиннің сатқындығын көрермен біліп, жанын шүберекке түйіп отырады. Кадрдан тыс мәтін де сәтті қолданылған. Көрерменге кейіпкердің әрекетін ғана емес, оның ішкі ойына да енуге мүмкіндік береді. Киногердің дәл осы шешімі телехикаяның тақырыбымен, мазмұнымен қабысып жатыр. Режиссер ғұмырын қазақ ұлтының сауатын ашуға арнаған, сол үшін, тіпті, әріп жасаған ардақты азаматтың өмір жолын да көрерменге әріптеп, мұқият түсіндіреді.
Мұрат Есжанның тағы бір артықшылығы экрандағы көркемдік кеңістік пен уақыттың шынайылығына ерекше мән береді. Ол телехикаяда тарихи тұлға өмір сүрген заманның толық реконструкциясын айнытпай жасаған, яғни, сюжет өтетін орта мен атмосфераның дәлме-дәлдігіне аса ұқыптылықпен қараған. Әсіресе, “Қазақ” газетінің дәлме-дәл көшірмесін жасап, оны жүздеген данамен алдымызға жайып салғаны, тарихи суреттердің өзіне Ахмет - Байғали Есенәлі, Ғазымбек - Асан Мәжит бейнелерін шебер үйлестіріп, оны сюжеттік желімен қабыстыра пайдаланғаны туындының тарихи да, көркемдік те деңгейін биікке көтеріп тұр. Сол замандағы газеттің басылу процесі, цензураның жүзеге асу жолдары, жарнама беру тәсілі, газеттің бас мақаласыз басылған “ақтаңдақ” нөмірлері, - бәрі-бәрі қолмен қойғандай анық, айқын көрсетіледі. Бұл ретте режиссердің кино өнеріне тән “айтпа, көрсет” қағидасын берік ұстанатынын байқаймыз.
Бұдан бөлек, костюм, реквизит, жұмыс орны мен үйдің интерьері, даладағы локациялар, көшелер, түрме, автокөліктер бәрі сол заманға лайықталғандықтан актерлер де ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүріп жатқандарына сенеді, көрерменді де сендіреді. Ең бастысы, кейіпкерлердің диалогтары тарихи уақытқа сай жазылған. Диалогты жазу бар да, оны айту бар. Сериалдағы дауыс интонациясында мін жоқ, актерлері акцентпен сөйлемейді, екпін орнында. Бұл енді режиссер болмысының қазақылығынан болса керек. Өйткені, қазіргі таңдағы қазақ киносының қасіреті - қазақ сөзін, қазақ тілін сезінетін қазақы режиссерлер мен сценаристердің тапшылығында.
Тарихи-биографиялық жанрдағы фильмдердің қиындығы, режиссер С.Нарымбетовтің сөзімен айтсақ, «тарихқа, архив деректеріне адал болу. Адал бола тұра, көркем картинаны деректі фильмге айналдырып алмау». Бұл туралы Сид Филд былай дейді: «Тарихи тақырыпты қолға алған сценарист тұлғаның шешімдері мен сезімдерін шындықтан айнымай жазуға міндетті емес, бірақ тарихи оқиғалар мен оның салдарына құрметпен қарауы керек». Міне, режиссер бұл нәзік тұсқа да ұқыпты қараған, яғни, дерек пен көркемдіктің тігісін жатқызып, әдемі кіріктірген. Мұрат Есжанның тарихи деректер мен құжаттардан, айғақтардан таршылық көрмегені байқалады. Барлық оқиға тарихи шындық шеңберінен шықпайды. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы туралы бұрын-соңды көркем шығарма жазылмаған. Естеліктер де жиналмаған. Сәйкесінше, оның мінезі, болмысы туралы ақпарат жоқ. Дәл сол сияқты, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Бадрисафаның да әдеби-көркем бейнесі жұмбақ, бірақ фотосуреттері бар. Тарихи тұлғалардың экрандық бейнесін жасағанда режиссер фотосуреттерін басшылыққа алған, актердің түр-келбеті мейлінше тұлғаға ұқсағанын жөн көрген. Бұл мақсаты сәтті жүзеге асқан. Ол таңдаған Байғали Есенәлі (Ахмет), Бақыт Қажыбаев (Міржақып), Бауыржан Қаптағай (Әлихан), Азат Сейтметов (Әліби) өз кейіпкерлерін жоғары деңгейде сомдап, қазақ киноөнерінің галереясына қосты.
Осы ретте тағы да, С.Нарымбетовтің бір сұхбатында айтқан ойының орайы келіп тұр. Режиссер былай дейді: «Біздің көрермен тым кірпияз, сынқұмар. Пікір айтпайды, үкім айтады. Күні ертең, бісміллә, ғайыптан тайып, Кенесары туралы фильм түсіре қалсам, кинозалда алдымнан Кенесарының асай-мүсейін арқалап жүрген сарбазы: «Оның оң құлағының сыртында мынандай меңі бар еді, ол қайда? Жауырынында екі елідей тыртық бар еді, оны неге көрсетпегенсің?» деп алдымнан арыстандай ақырып шыға келе ме деп қорқамын...» Расында, өмірде болған, елге құрметті, атақты адамдардың кинодағы образын жасаудың жүгі ауыр. Сіз кейіпкер ретінде таңдаған тұлғаның ұрпағының, оны зерттеп жүрген жүрген ғалымдардың, қарапайым халықтың көңілінен шығу да оңай емес. Әркім өз көзқарас-пікірімен санасуды талап етеді. Мұрат жасаған образдар бұл талапқа жауап бере алады. М.Есжан телехикаясының сәтті шығуының бір себебі оның тұлғалары - саяси фигура немесе тек ғалым, тек мұғалім, тек күрескер емес, мұңаятын, қуанатын, ән айтатын, балаларын еркелетіп, олармен ойнайтын, ұйықтайтын, тамақ ішетін, қалжыңдайтын, дағдысы, әдеті, талғамы, психологиялық қажеттіліктері бар кәдімгі адам. Мәселен, А.Байтұрсынұлының (Б.Есенәлі) Бадрисафамен (М.Веронская) әңгімелері, қызын жуындырып жатқаны, Әлихан Бөкейханов (Б.Қаптағай) Орынборға келіп, қырға шыққанда, бөдене туралы айтқан әңгімесі қандай жылы?! Нұриләш сыйлаған кеудешеге балаша қуанып, киіп көргендегі аңғалдығы, көңіліңді төңкеріп тастайтын аңғалдығы қандай әсерлі?! Мұздай суық, темірдей қатты Саңғытовты «балам» деген бірауыз сөзімен жібітіп, жуасытқаны қандай мейірімді?! Киногер Ахметтің адам төзгісіз азапта жүрсе де, іш тартқан жақындарынан сатқындық көрсе де, адамгершілігін жоғалтпағанын, аңғал, кең мінезін бұзып алмағанын осындай сахналар арқылы жеткізеді. Ахметтің еден жуып жүретін сахнасы да көзге жас үйіреді. Дегдар азаматтың тұрмыс таршылығын көргенін көрерменге осылай ұғындырады. Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш» кітабында Ахметтің Міржақыпқа жазған хаты бар. Сонда: «Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. ...Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім де жоқ» дейді. Міне, осылай арып-ашып, жүдеп жүріп, бір академияның жұмысын жасаған Байтұрсынұлының өнегелі ғұмырын көрерменге жеткізе алды. Бұл – режиссердің шын мықтылығы, кәсібилігі.
Телехикаядағы ең сәтті образ - Әлихан Бөкейхановтың (Б.Қаптағай) бейнесі. Түр-тұлғасының сәйкестігінен бөлек, болмысы да ұлт көсемі, қазақтың ғұламасы Әлиханға тән сияқты әсер қалдырады. Асқақ, кесек мінезді Әлихан. Ахметтен бастап, барлық Алаш қайраткерлерінің ақылшысы болған, жердің жайын жетік білген, саясаттың қыр-сырын толық меңгерген, қажыр-қайратын, қаражатын алаш идеясы жолындағы күреске арнаған Әлихан. «Шырағым Мадияр!», «Бауырым Ахмет!», «Бауырым Дінше!» «Айналайын Елдесім!» деп бәрін еркелетіп хат жазатын, хатының соңын «Құшақтап, сүйдім!» деп мейіріммен аяқтайтын, Әміре Қашаубаевты еуропаша киіндіріп, қазақ халық әнін жаттатқызып, Парижге жіберетін, қамқор Әлихан. Әлихан туралы деректерді оқыған көрерменнің ұғымындағы Әлихан бейнесі осындай. Мұрат Есжан сол Әлиханды жасапты. Ал Бауыржан Қаптағайдың көзі, мұрты, әжімі, даусы, тіпті, таяқ ұстағаны да Әлиханның кербез, ақсүйек бітімін дәлме-дәл беріпті.
Телехикаядағы драмалық ситуация мықты, нәтижесі – ашық саспенс. Кейіпкерлер қауіп-қатердің төніп тұрғанына қарамастан, мақсатынан айнымайды. М.Есжан драмалық ситуацияны дамытып, драматизмді күшейту үшін альтернативті факторларды ұтымды қолданады. Ал альтернативті фактор кейіпкерге төнген қауіпті қоюландырады. Бұл ретте антогонистер Тұнғаншин (Ж.Маханов), Жангелдин (А.Сейітметов), Саңғытов (Н.Сауданбекұлы), Тоқбаев (Ұ.Болатбек) линиясының жүгі ауыр. Олар алаш қайраткерлерінің ар-ұжданы мен бостандығына қол сұқты, физикалық залал келтірді, отбасына қатер төндірді. Сөйтіп драмалық ситуацияны ширықтырады. М.Есжанның антогонистері - өте білімді, сақ, қулығына құрық бойламайды. Бір уақ оларды кіналай алмай, сатқындықтарының мотивін түсінгің келіп, дал боласың. Өйткені антогонистер ондай қадамға не үшін барғанын шырылдап айтып, ақталады. «Өмір сүргісі келген ғой, бейбақ» дейсің... Бірақ, киногер сені тығырықтан шығарады, «Ақталған да, сотталған да өмір сүреді, мазмұны басқа» дейді. Ол заман сатқындықтың ең бір шарықтаған кезі еді. Тұрсын Жұртбай «Ұраным Алашта» тыңшылық хаттардың бірін келтіреді: «Бірде Дивеев екеуміз көшеде келе жатып, Әлихан Бөкейхановпен бірге күймеде отырған Нұрмақов пен Сәдуақасовты көріп қалды. Оны сыйлайтындары сонша, Нұрмақов, Бөкейхановтың тізесіне отырып алыпты. Сондай жиіркенішті көрінді» деп Сармолдаев есімді тыңшы Өлкелік партия комитетінің бақылау комиссиясына мағлұмат жібереді. Бұл мағлұмат аталған азаматтардың тағдырына әрине, кесірін тигізеді. Тұнғашин мен Тоқбаев -Сармолдаев сияқты тыңшы-сатқындардың жиынтық образы және өте сәтті, дәл жасалған образ.
Мұрат Есжан ұлт ұстазын қан-жоса етіп, сабатпайды, егіліп, езіліп жылағанын да, атылғанын да ашық көрсетпейді. Мұның бәрін ауыр метафорамен жеткізеді. Сатқындықты қап-қара жыланмен бейнелейді. Жендеттің көзілдірігін таптап өтуі, ұсталған сәтінде емен ағаштың құлап жатуы - артық сөзді қажет етпейтін, жүрегіңді таптап өтетін бейнелі кадрлар. 4-серияда Ахметтің Ленин жолдаспен кездесіп шыққан соң, «Киргизская известия» газетіне мәлімдеме жазып отырғандағы жан азабын сырттағы алай-дүлей желмен суреттейді. Коммунистік большевиктер партиясына қабылдауға шешім қабылдағанда жан-дүниесінің жылап тұрғанын терезеден сорғалаған жаңбырмен астастырады. Жаңбырды жай көрсетіп қомайды, әйнектен сырғанаған тамшылардың көлеңкесі кейіпкердің бетіне түсіп, жүзін айғыздап кетіп жатыр. Құдды көзінен төгіліп жатқан сияқты. Нағыз кино тілі.
Сондай-ақ киногер осы телехикаяда қазақ байларының жаңаша образын жасайды. Көбіміздің ұғымымызда бай - сараң, тойымсыз, мейірімсіз. «Бір қойға қанша газет шығады? – Бір нөміріңіз 50 қой ғой» деген қазақы диалог тамаша! «Қазақ» газетін шығаруға демеуші болған, Ахмет түрмеде жатқанда мүмкіндігінше көмектескен қолында малы бар қазақтың ауқаттылары екенін әдемі жеткізеді.
Қорыта айтқанда, бір өзі бір академия болған Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильм түсіру - ең жоғарғы планка. Ұлт ұстазының білімінің, дүниетанымының деңгейінде ойланып, сценарий жазу үшін де терең білім керек. Оның көркем мінез-болмысын сезініп, сол биігін аласартып алмай характер жасауға да Ахметтікіндей кең, бай мінез қажет. Ал телехикая – осынша ауыр, осынша жоғары талапқа жауап бере алды. Бұл - режиссер Мұрат Есжанның кинематография туралы мұхит асып, алған теориялық білімінің, бай тәжірибесінің жемісті нәтижесі, яғни, кинематография тілін, сценарий заңдылықтарын, сюжет құрылымын, баянсөз факторларын, мизанцена, диалог мүмкіндіктерін өте жақсы меңгергендігінің дәлелі.
Мұрат Есжан қазақша әліппені, ұлттық әліпбиімізді жасаған, қазақ тіл білімінің, қазақ әдебиетінің терминдерін қалыптастырған реформатор, газет шығарған, Әуезовше айтсақ, «ұзақ бейнетті мойнына міндет етіп алған» Ахметті көрерменмен сәтті қауыштырды. Ол бастаған команда «күрделі уақыт тудырған күрескер перзенттерге», қазақ деген халықты барын салып, жанын салып қорғап, асқақ идеяға сеніп, жақсы күннен үміттеніп жүріп, үзіліп кеткен ерлерге мазмұнды, салмақты ескерткіш қоя алды... «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы С.Спилбергтің «Шиндлер тізімі» сияқты, еліміздің тарихымен жақын танысуға, қазақ көрген көп қасіретті қайта сезінуге, ұлт үшін жан аямай қызмет еткен ұлы тұлғаларымызды ұлықтауға әсер етті...
Мақпал Бақытбек, өнертану магистрі