«Каникулы Off-line» фильмінен үзінді кадрЖалпы адамзат үшін рухани әлемнің маңызы орасан...
Секта жалмаған өмір
Қырғыз режиссері Болотбек Шамшиевтің «Қасқырдың апаны» фильмі кинопрокатқа 1984 жылы шыға тұрса да бұл туынды біз қызмет істеген Борсы ауылының клубында 1986 жылдың көктемінде көрсетілген еді. Киноны көпшілік толқып көргені әлі көз алдымда, әсіресе, әйелдер жағы көз жасын орамалдарымен әлсін-әлсін сүртіп отырды. Алайда мұндай драмалық фильмдердің талайын көрген біздің көңілімізде туындының оқиға желісі емес, кинода басты рөлде ойнайтын Талғат Нығматуллиннің аянышты өлімі көбірек әсер етті. Өйткені, жариялылықтың заманы енді басталып келе жатқан шақта актердің әлдебір діни сектанттардың қолынан қаза тапқандығын еміс-еміс естіп қалатынбыз. Әлі де Батыстың Брюс Ли, Арнольд Шварценеггер, Сильвестр Сталлоне, Жан Клод Ван Дамм секілді супермендерін біле бермейтін бізге ол ойнаған рөлдер тым таңсық болатын.Сол жылдардағы «Советский экран» журналынан Талғаттың карате спортымен айналысып, кәсіпқой каратист атанғанын білетінбіз. Ал карате Кеңес Одағында 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында кеңінен танылған болатын.Аталмыш журналдан оқығанымыздай Талғат бала кезінде көп ауырғандықтан өте әлсіз болыпты. Көп балалы отбасында соғыстан кейін дүниеге келген оны анасы асырай алмағасын балалар үйіне береді. Ал әкесі ол тумастан бұрын о дүниеге аттанып кеткен еді. Балалар үйіндегі құрбы-құрдастары оның әлжуаздығын мазақ қылып, кейде төмпештеп те алатын. Олардың мазағына амалсыздан шыдайтын Талғат аздап өсіңкірегесін спортпен жүйелі түрде шұғылдануға өз-өзіне серт береді. Көп кешікпей оның арманы орындалып, жеңіл атлетика секциясына жазылады. Аз уақыттан соң Өзбекстандағы кәріс келімсектері насихаттай бастаған карате спортымен айналысады. Содан бастап оған ешкім қол көтере алмайды.
1967 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына түскен соң да ол каратені тастамайды.Институтты бітіріп, актерлік мамандық алғасын кинода негізінен батыл, ержүрек кейіпкерлерді сомдады. Оның кейіпкерлері аттың құлағында ойнайтын шабандоз, құралайды көзге атқан мерген, ұстасқанын алып жығатын балуан еді. Карате спортынан Өзбекстанның чемпионы болған актер кинода тек супермендерді ғана сомдап қойған жоқ. Сонымен қатар қарапайым, байсалды рөлдерде де ойнады. Мәселен, «Провинциалды роман», «Алаң жиегінде» фильмдерін көргендер оған көз жеткізе алады. Ол, сондай-ақ әңгімелер жазып, өлең де шығаратын. Оқырманның есінде болса, 70-ші жылдардың соңында әнші Мансур Ташматовтың орындауында аса танымал болған «Орыс қайыңдары» («Русские березы» ) әнінің сөзін жазған осы Талғат болатын.
Талғат Нығматуллиннің ең жұлдызды сәті «20 ғасырдың қарақшыларындағы» теңіз пираты Салехтың бейнесін сомдағаны еді. Бұл фильм 1980 жылы экранға шыққан шоқтығы биік «Мәскеу көз жасына сенбейді» туындысынан да көп көрермен жинады. Мысалы, аталмыш фильмді жыл бойына 84 миллион 400 мың көрермен көрсе, Талғат ойнаған туындыны 87 миллион 600 мың адам тамашалады. Соңғы фильмнің табысты болуына Талғат Нығматуллин мен оның институтта бірге оқыған курстасы, актер Николай Еременко ( кішісі ) көп еңбек сіңірді. Тап осы туындыны көргеннен кейін миллиондаған кеңес балалары карате секциясына жазыла бастады. Алайда карате спортымен бірге Кеңес Одағында «Шығыстық философияны ұстанушылар» деген атпен сан түрлі секталар пайда бола бастады. Марксизм-Ленинизм идеясынан жалыққан көпшілікті Шығыстың жұмбақ әлемі арбап, еліктірді. Жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында газеттер экстрасенстер, филиппин дәрігерлері, үнді иогалары және басқа да «ғажайыптар» туралы жарыса жазып жатты. Осындай секталардың біріне Талғат та тап болды.
1986 жылдың қоңыр күзінде қызмет бабымен Борсы ауылынан аудан орталығына қоныс аудардық. Сол жылдың қазан айында аудандық партия комитеті аппаратының егделеу қызметкерлері «Наука и религия» журналын таласа-тармаса, қолдан-қолға тигізбей оқыды. Аппараттағы ең жас қызметкер болғасын аталған журнал біздің қолымызға соңғы кезекте тиді. Басылымда Т. Нығматуллиннің өлімі туралы жазылыпты. Бас көтермей оқып шықтық. Басылымда айтылғандай 1978-1979 жылдары актерді дзенбуддизм идеясы шындап қызықтырады. Бұл бағытқа бет бұрған ол Қарақалпақстанда тұратын 33 жастағы жігіт Абай Бөрібаевпен танысады. Оның әкесі Қарақалпақстан облыстық газетін басқарған Орта Азиядағы ықпалды адам болатын. Экономист мамандығын алған Абай біраз уақыт өндірістік комбинатта комсомол ұйымына жетекшілік етеді. Жастар жетекшісі болуды қаламаған ол көп ұзамай кезбе, дәруішке айналады. Жетпісінші жылдардың аяғында Абай Бируни қаласына келіп, жергілікті тұрғындар арасында «халық емшісі», ғылыми ортада «экстрасенс» атанған 48 жастағы Мырза Қымбатбаевқа жолығып, оның емшілік қабілетіне қатты қызығады. Абай емшіні Мәскеуге шақырады. Екеуі 1980 жылы Мәскеуге келгенде оларды жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қарсы алып, қабылдайды. Олар Мырзаның биоток, телеапатия сияқты дәстүрлі емес тәсілдер арқылы емдейтініне тәнті болады. Талғат та бұл екеуімен тығыз байланыста болып, дүниенің тылсым сырларын білуге қызығушылығы арта түседі. Тіпті, Мырза мен Абай туралы он минөттік «Жаңғырық» атты деректі фильм де түсіреді.
Жоғарыда айтқанымыздай Талғат Нығматуллин 1983 жылы «Қасқырдың апаны» фильміне түседі. Оның бұл қылмыстық драмада Самат деген жас жігіттің рөлін сомдағаны көпшілікке мәлім. Айтайын дегеніміз - фильм түсіріліп біткеннен тура бір жарым жылдан кейін Талғат өзінің экрандағы кейіпкерінің тағдырын айнытпай қайталады. Тек ол үшін бұл жолы қасқырдың апаны Вильнюс қаласындағы суретшінің пәтері болды. 1985 жылғы ақпанда осында жиналған Абай Бөрібаевтің есірткі буына есірген шәкіттері ұстаздарының - «Мына сатқынды ұрыңдар» - деп бұйрық беруі мұң екен бәрі жабылып актерді соққының астына алады. Бетін қолымен қорғаған Талғат – «Не үшін» - деген сөзді айтып үлгіреді. Өзін ұрып жатқан үшеуді Өзбекстанның карате спортының чемпионы ешкімнің көмегінсіз-ақ жәукемдер еді, алайда бұйрықты өзінің рухани ұстазы бергесін тыңдамауға дәті бармады. Талғатты ұстазы да ұрды. Кейін сотта оны азаптап, жәбірлегендердің бірі – «Талғат еденде жатты, қорғанбады. Абай айып добын соққандай бар екпінімен жүгіріп келіп тепкілейді», - деп жауап берген. Актерді ұрып-соғу түнгі екіден таңғы сағат онға дейін жалғасты. Ұзаққа созылған соққыдан соң Талғат жан тапсырды. Көп кешікпей оны ұрып-соғып өлтіргендер тұтқындалып, Абай Бөрібаев 15 жылға (түрмеде ол өкпе ауруынан өлді ), Мырза Қымбатбаев, Владимир Пестрецов сәйкесінше 12, 13 жылға сотталды. Қылмысқа қатысқан басқа да сектанттар жазасын алды.
Соңғы жылдары қайсыбіреулер Талғат Нығматуллиннің өлімінен саяси астар іздеп, Кеңес Одағының күйреуіне алдын-ала жағдай жасады деп жорамалдайды. Бұл енді басқа бір мәселенің өзегі...
Нұрымбек Жапақов.