QARA BEKIRE — ALMATY SERIES FESTIVAL жеңімпазы. Қазақ сериалы жаңа биікте

Фото: Автордан

КИНО
264

Биыл "Байқоңыр" кинофестивалінің 10 жылдығы қарсаңында ерекше бір мәдени оқиға өтті — алғашқы рет ұйымдастырылған "ALMATY SERIES FESTIVAL". Бұл — сериал өнеріне арналған арнайы платформа. Классикалық фестивальдерден бөлек, бұл шара телехикая жанрын жеке өнер бағыты ретінде көтеруге бағытталған.

Фестиваль аясында көптеген отандық және Орталық Азия елдерінен келген сериалдар көрсетіліп, жаңа есімдер мен тың тақырыптар назарға ілікті. Соның ішінде көрерменнің де, қазылар алқасының да назарын аударған ерекше туынды — Берік Жахановтың "QARA BEKIRE" сериалы.

QARA BEKIRE — қазақ сериалына қойылған жаңа планка 

Режиссер Берік Жаханов — қысқаметражды фильмдер мен телехикаялар саласында соңғы жылдары белсенді жұмыс істеп жүрген жас автор. Оны көрермен "Пленники", "Ақ пен қара", "60 кг" сияқты жобалардан танып келеді. Оның "Асан" атты қысқаметражды фильмі Канн кинофестивалінде көрсетіліп, "Байқоңыр" фестивалінде жүлде алған болатын. Жаңа сериалы — "QARA BEKIRE" — осыған дейінгі жұмыстарынан да биік деңгейде түсірілген, күрделі тақырыпты қозғайтын, әлеуметтік әрі драмалық туынды. Сюжеті де ерекше:

Он жыл түрмеде отырған Нұрбол бостандыққа шыққан соң, жаңа өмір бастауға шешім қабылдайды. Алайда оның кенже інісінің браконьерлер тобына қосылғанын естіп, тыныштығынан айырылады. Інісін тығырықтан құтқару үшін ол банданың жетекшісімен — өз бала күнгі досымен бетпе-бет келуге мәжбүр болады.Тақырып — тек қылмыстық драма емес. Бұл — отбасы, жауапкершілік, және ішкі қайта туу жайлы әңгіме. Сондықтан да сериал көптің жүрегінен орын алды. 

ALMATY SERIES FESTIVAL жеңісі және көрермен қолдауы 

Фестиваль қорытындысы бойынша "QARA BEKIRE" — Орталық Азия байқауының "Үздік сериал" атағын жеңіп алды. Бұл тек режиссер үшін ғана емес, тұтас қазақ сериал индустриясы үшін үлкен жетістік. Сериал 2025 жылдың 12 қыркүйегінде UnickoPlay қолдауымен YouTube платформасында жарық көрді. Қысқа уақыт ішінде бірнеше миллион қаралым жинап, фестивальден тыс та үлкен танымалдылыққа ие болды. Әлеуметтік желілерде сериалдың оқиғасы мен көтерген мәселесі қызу талқылануда.

Кемшіліктері мен болашаққа бағыт 

Алайда сериалға қатысты кейбір сыни пікірлер де айтылуда. Ең бастысы — актерлік құрамның қайталануы. Бірдей актерлердің бірнеше жобада жиі көрінуі сериалдың өзіндік эстетикасын әлсіретеді. Бұл кейіпкерлердің шынайылығына кері әсер етеді. Бір актерді әрдайым бірдей рөлдерде қолдану — режиссерлік тұрғыдан қауіп төндіреді. Ол актердің кәсіби өсуіне кедергі келтіріп, көрерменнің қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Болашақта Берік Жаханов жаңа актерлермен, жаңа бейнелермен жұмыс істеуді қолға алса — оның жобалары бұдан да жоғары деңгейге көтерілуі әбден мүмкін.

"QARA BEKIRE" — тек бір сериал ғана емес, қазақ сериал индустриясының дамуына серпін берген жоба. ALMATY SERIES FESTIVAL аясында алған жүлде — соның айқын дәлелі. Егер осы қарқынмен дамитын болсақ, отандық сериалдар халықаралық деңгейде өз орнын алатыны сөзсіз.

 Ауезханов Арнур

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...