Сатыбалды Нарымбетов. Қазақ киносы бар

КИНО
4850

- Ассалаумағалайкүм, Сәке! Қалыңыз қалай, аман-есен жүріп жатырсыз ба?

- Әлейкүмсалам! А-а, сен екенсің ғой... иә рақмет.

- Талай болды хабарласпағаныма дауысыңызды естіп, сәлем берейін дегенім ғой.

- Жөн екен. 

- Сәке, бір хикаятты аяқтап едім. Соны Сізге көрсетсем қалай?

- Мен саған шындығын айтайын, талай адам осындай дүниелерін көрсеткісі келеді. Сосын артынша осының желісі бойынша кино түсірсеңіз деп өтініш айтады. Өзіңе өткен жолы айттым ғой, тағы қайталайын. Егер жазған роман, повесть яки тағы басқаларың бойынша кино түсірсін десең, оны кітап етіп шығар. Кітаптың аты кітап, ұстасаң салмағы бар дегендей -  құндылау көрінеді. Киноға сұранып тұрса - режиссерлер шам алып іздеп, соңыңнан түседі. Өйтпесе екінің-бірі қазір сценарий жазғыш, оны ешкім қарамайды... 

- Сәке, Сізді прозаик ретінде қараса деп едім. 

- Қоймай қойдың ғой! Жарайды, сенің көңіліңді қимай - қарасам қарармын. Сондағы көргің келгені менің бұрқыратып, темекі тартқаным ба? Мүмкін шәй де ішерміз. Он-он бес минут анау-мынау туралы әңгіме айтармыз. Менің атүсті айтқан пікірімнен саған не пайда? Мен журнал шығаратын редактор емеспін, кітап басатын баспагер емеспін. Шын пікір іздесең: Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев деген ағаларың бар. Соларға көрсет...

- О кісілермен араласым жоқ. Және Сізге бүйрегім бұрғаны жаңашыл көзқарастың адамы деп санағанымнан. Кино жағын ойлаған жоқпын...

- Ары-бері бұлтақтата бермей, ең болмаса журналға шығарып әкелші. Сосын қарайын. Ал сенің бұрқыраған қағаздарыңды папкаға сап құшақтап жүре алмаймын. Оны оқу үшін біраз уақыт керек. Ал журналды қалаған кезіңде қолыңа алып, оқи бересің. Сендерді білем, «Ал енді Сәке, осыдан кино шыға ма?» деп тұрасыңдар түп аяғында...

* * *

Осыдан бір-екі ай бұрын Сатыбалды Нарымбетовтың мессенджеріне кездесу сұрап, өтініш жазған едім. Аты айдай әлемге аян кинорежиссер, жазушыдан мұншалықты тез жауап келе қояр деп үміттенбегенмін. Ертең «Қазақфильм» студиясында тосатынын жазыпты. Кездесу алдында ол кісі туралы біраз мәліметтерді қарап шығып, соңғы кезде түсірген «Аманат» фильмінің тарихымен таныстым. Қазақтың атақты тарихшысы Ермұхан Бекмаханов жайлы түсірілген картина екен. Баяғы заман болса, осындай дүниелерді қалаған кинотеатрдан көре алар едік. 

- Жазбаңдағы «Алаш» дегенді оқыған соң, көңілім елегізіп, кездесуге бел байладым. Ал, Алаштың қай тұлғасы жайлы соны дерек айтпақсың? 

- «Алашорда» үкіметінің он бес министрінің бірі болған, қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Базарбай Мәметов туралы. Және Н.Назарбаев Қазан қаласындағы университетке соққанда ректордың аузынан осы кісінің есімі бірінші болып аталғаны да кездейсоқтық болмас деп ойлаймын. Базарбай Мәметов хақында аз айтылып, еңбегі ескерілмей келе жатыр. Мен сол кісінің Сәуле деген қызының естелігі бойынша отбасылық кітап жаздым. Репрессияға ұшыраған алаштықтардың отбасыларының көрген азабы жан түршіктіреді. Мүмкін осының желісінде кино түсіруге болатын шығар деп, Сізге хабарласқан себебім.  

- Жақсы. Оқып көрейін. 

- Мен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде істеуші едім. Сізбен жүздесудің сәті түскенін пайдаланып, қазақ киносы туралы ойыңызды білсем деймін. 

- Қазақ киносы бар. Оның прокаты жоқ. Менің «Аманат» кинофильмімді көрдің бе?

- Көрмедім, бірақ мазмұнымен таныспын. 

- Көрмесең, көр. Ютубқа салдырдым. 

Осы тақырыпты сонау 1968 жылы қолға алып едім. Бұл өзі бір көлемді әңгіме. Реті келгенде айта жатармын. Ал киноға қайта оралсақ, мен тегі аса асықпайтын адаммын. Жеті-сегіз жылда ғана бір кино шығарып тұрам. Біздің киноны қоймайды емес, қояды. Бірақ оның да сыры бар. Өзіңмен бес-алты айға келісім-шартқа отырады. Сосын үш-төрт күн көрсетеді де «Көке, сіздің фильміңізді күніне төрт-бес адам ғана тамашалайды. Зал бос. Арнайы сатып алған киноларымыздың уақыты келді.» деп, шетелдік атыс-шабыс сойқандарын қайта бұрқырата бастайды. Соның кесірінен қарапайым көрерменге ұлттық кино туындылары жетпей қалады.

Мысалы, Францияда квота немесе лимит арқылы сырттан сатып алынған фильмдерден түскен пайданың 12% өздерінің ұлттық киносын дамытуға жаратады. Ал бізде бәрі жекенің қалтасына кетеді. Тағы айта кететін бір жайт: ерінбегендер өздері кино жасайтын болып алды. Оларын кейде «Қазақфильм» туындысы деп жариялап жатады. Осы жөнінде де қызылкеңірдек болып дауласуға тура келеді. Анадай сапасыз дүниені көрген жұрт «Қазақфильмнің» халі мүшкіл екен-ау демей ме? Кино туралы заң қабылданды. Енді төл өнерімізді заң арқылы қорғап, қатал тәртіп орнатып, қатаң талапқа көшуіміз керек. 

Шетелдерден сый-сияпат алып отандық киноның шашпауын көтеріп жүрген жеті-сегіз жігітіміз бар. Соның ішіндегі бірегейі Сәбит Құрманбеков деген азамат. Оның «Оралман» фильмі азияның үздік шығармасы деп танылды. 

(Фильм ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.) 

- Сәке, ақыры әңгімеміз кино жайында болғандықтан Сіздің «Аманат» фильміңізге көшсек қалай ойлайсыз?

- Алғашқы тарих ғылымдарының докторы, тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов деген ағамыз болған. 

(Ол - Павлодар облысы Баянаула ауданының Төре ауылында дүниеге келді. Төре десе дегендей, ол шынымен де төре тұқымынан еді. Жорамал бойынша, Ермұхан Абылай ханның 7-інші ұрпағы, Шыңғыстан санағанда 25-інші перзент.)

1943 жылы «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған бостандық күресі» атты кандидаттық диссертациясын Мәскеудегі ССРО Ғылым академиясында қорғайды. Академик А.М. Панкратова бастаған ірі он алты тарихшы түгелдей -   Бекмахановтың еңбегіне оң бағасын береді.

Көп ұзамай 1946 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген докторлық диссертациясын да қорғап шығады. Сөйтіп, Ермұхан Бекмаханов қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы атағына ие болады. Бұл, әрине, кәсіби тұрғы да берілген шынайы баға болатын. Аталмыш зерттеу жұмысы бір жылдан соң жеке кітап болып, басылып шығады. Ғалымның зерттеуіне көңілі толмай жауыққандар жоғары жаққа «домалақ арыздарды» бұрқыратып жаза бастайды. Осы зерттеу жұмысына орай бес мәрте жиын өтеді. Әрқайсысы бірнеше күнге созылады. Пікір негізінен қақ бөлінеді. Бірі «Кенесарының көтерілісі ешқандай да халықтық көтеріліс емес, өз мүддесін, атасының хандығын көксеген жеке мүдде», «феодал, хандарды асыра дәріптеді» дегенді желеу етсе, келесі топ «тарихи құжаттар негізінде шынайы жазылған деректер», «Кенесарының қозғалысы шын мәнінде барша халықтың ойын, мақсатын қозғаған көтеріліс» деп дәлелдеп жатты. 

(Қарсы болғандар: Т. Шойынбаев, Толыбеков, Х. Айдарова, М. Ақынжанов, А. Нұрқанов, С. Аманжолов, В. Шахматов, С. Покровский, Б. Сүлейменов, т.б. Жақтағандар: И. Будовниц, А. Нүсіпбеков, Х. Әділгереев, Ә. Жиреншин, Б. Аспандияров, Е. Ділмұхамедов. Аралық позицияны ұстанғандар: Ә. Тұрсынбаев, Т. Елеуов.)

Осы айтыс-тарттың ақыры Бекмахановты жиырма бес жылға бас бостандығынан айырылуға себеп болды. Сол жиынның стенограммасы Бекмахановтың жұбайы Халима апайдың қолында сақталып қалған екен. Жоғарыда айтқанымдай осы мәселемен сонау 1968 жылдан бері байланысым бар. Өйткені олардың үлкен ұлдары кинода істейтін-ді. Соған еріп аракідік үйлерінен шай ішіп тұратынмын. 


Содан кезінде Нүсіпбеков деген академик әлгі стенограмманы шағын данамен өздеріне ғана арнап бастырған екен. Соның бірін Халима апай маған «На память!» деп жазып, беріп жіберіпті. Қалың дүние екен. Бастапқыда аса мән бермей, қоя салғам. Біраз уақыт басқа тірліктермен айналысып кетіп, бір күні әлгі құжат қолыма қайта түсті. Диванға отырып оқи бастадым. Саған өтірік маған шын, әлгі дүниені үш күн бойы бас алмай оқыдым. Содан бастап ұйқыдан айырылдым. Бекмахановтың өмірін зерттедім, Кенесары туралы жазылған кітаптарды оқыдым. Сонан кейінгі аса пайдасы тиген осы екі адамның арасындағы бір-біріне жазған хаттары мен жүргізген күнделіктері болды. Күнделіктегі жазбалар негізге алынып, ол - мен түсірген «Аманат» фильмінің тарихи фонына айналды.  

- Қазір қандай шаруамен айналысып жатырсыз?

Нартай деген жігіт екеуміз Әлихан Бөкейханов туралы фильмді қолға алдық. 

Ол бір жағы актер Наурызбай батырдың рөлін сомдаған және жазатын өнері де бар. Шоқан туралы сценарий жазған. 

Нобайы келіп қалды. Енді оны киноға реттеп жатырмыз. Бұған дейін үлкен дайындық жасадым. Тұрсын Жұртбайдың «Алаш боль моя, гордость моя» трилогиясы мен «Движение Алаш» атты шығармасын шұқшия оқып шықтым.

Ал енді сенің мына материалыңа келсек, керек дүние. Оны шыңдап, екшеп дегендей барлық сатыдан өткізуің керек. Ең алдымен бұны кітап етіп шығар. Композияиясын жаса, сюжеттерін шымырла, ішіне «динамит» сал. Жазған дүниең оқырманды жетелеп отыратын болсын. Жүн - былай қарасаң бос, жұмсақ нәрсе ғой, егер оны ширатсаң үзілмес жіпке айналады. Сол сияқты көркем дүниені де есу, ширату керек. Сосын бұған алаш тарихынан фон алу  керек. Алаш қозғалысының кейбір қайраткерлерімен басты кейіпкерің араласуы мүмкін қой. Ол үшін Алаш туралы деректерге сүйен. Кино шығару ешқайда кетпейді. Алдымен кітапты әзірле.

- Көп рахмет, Сізге! Ақыл-кеңесіңізді айтқаныңызға.

- Менікі ақыл емес, пікір ғана...

- Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...