«Шегірткелер, ваш выход» фильмі көрерменге жол тартпақ

автордан

КИНО
340

Дебютті фильмімен Канн фестиваліне жеткен Ольга Коротьконың екінші толықметрлі туындысы 20-26 қыркүйек аралығында өтетін «BAIQONYR» халықаралық кинофестивалінің ашылуына бастау қояды. Осылайша «Шегірткелер, ваш выход» отандық аудиторияға ұсынылатын болады.

Бұл фильм – француздық Caracters Productions компаниясымен копродукцияның нәтижесі. Осыған дейін аталмыш фильм шетелдік фестивальдерді шарлап өтті. Атап айтар болсақ, 77-ші Локарно кинофестивалінің «Бүгінгі күннің режиссерлері» конкурстық бағдарламасы, Сан-Паулудағы 48-ші Халықаралық кинофестивалі жаңа режиссерлердің конкурстық бағдарламасы.

Оқиғаның мазмұнына келсек, бұл жолы режиссер өткір тақырып пен өш алу хикаясын баяндауға кіріскен. Жалғыздық пен тұрақтылыққа толы күн кешіп жүрген Мерей атты бойжеткен жаңа адамдарды кездестіріп қалады. Фотографиямен айналысатын Мерей мен киноклуб жүргізетін Нұрлан екеуі бірден тіл табысып кетеді. Содан Нұрлан оны өзінің достарымен де таныстырып үлгереді. Бірнеше күн аралығында басты кейіпкер мен оның жаңа таныстары қала сыртындағы үйде туған күн тойлау үшін бас қосады. Ақырында жай отырыстан басталған кеш ушығып кетеді.

Фильмнің тақырыптық негізі зорлық-зомбылық пен күресуден құралған. Мұндай бағытта түсірілетін туындылар әдетте не әлеуметтік драма, не триллер мен артхаустық элементтердің қосындысынан тұрады. Шартты түрде сюжет дамуы зорлық-зомбылық актісі болса, шиеленісуі деп кейіпкердің өш алуға баруын қарастыруға болады. Ал шарықтау шегі автордың негізгі идеясының мәнісіне байланысты екі жақты сипат ала алады. «Шегірткелер, ваш выход» де дәл осы заңдылықтарға сай. Алайда, режиссер саналы түрде графикалық көріністерден алыстаған. Аса қатыгездік танытылған сахналар кадр сыртында қалған. Дегенмен, осыған тектес сәттерде экрандағы сыртқы қақтығыстың орнын ішкі қақтығыс басады. Эмоционалдық дағдарыс сезінген сайын Мерей қиялында ақ бөлме елестетіп, басынан кешкенін сюр мағынаға бұрмалайды. Мәселен, Нұрланның достары басты кейіпкердің ойында маниакалды кейіпке ие болып, сатиралық сарын қосады. Осылайша эскапизм оның басты құралына айналды.

Осы кезекте кейіпкерлердің бейнесіне тоқтап өтуге болады. Фильмнің антагонисттеріне келсек, олардың кейпі оқиғаның басынан-ақ жағымсыз тұрғыдан таныстырылған еді. Нұрланның достарының мінез-құлқы патриархалды қоғамда тұрақталып қалған токсиктік маскулиндік негізінде қалыптасқан. Олар Дарвин теориясын өз пайдаларына қарай бұрып, «жыртқыштың» ғана патшалық ете алатынына сүйене әңгімелеседі. Нұрлан достарының осындай ұстанымдарына сай келуге асық. Ол да жалған идеалды кейіптің артынан қуалауда. Оның бейнесі арқылы индивидуалдық пен топтық ойлау арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы көрсетілген. Бұл кейіпкердің соңғы шешімінің жолдастарының жоспарын орындау болғаны оның жекелігін жоғалтқанын білдіреді. Фильмнің атауы да антагонисттердің құрған әлемінің бір бөлігінен алынған. Кімде-кім сәтсіз әзілдесе, «Шегірткелер, ваш выход» - деп қоя салуы мүмкін. Мерейге жәбір көрсеткенде де болып жатқан жайт әзілден аспағандай. Дегенмен, дәл сол сәтте шегірткелердің кезегі келген еді.

Тағы бір атап өтетін жайт – Ольга Коротьконың кеңістігінде актерлық ойын көбіне механикалық сипатқа ие. Кей мәнде бұны кемшілік деп те қарастыруға келер. Алайда, аталмыш туындыда бұл таңдау мотивацияланған. Біріншіден, оқиға Мерейдің қабылдау призмасы арқылы баяндалады. Ал Мерей болса, социумда өз-өзін еркін ұстана алмайтын қасиетінен айықпаған. Автопортрет туралы әңгіме қозғалған сахна осы ойды айқын дәлелдей алады. Оған сақтылық сезімін беретіні – «маска». Өзін қолайлы сезіне білген Мерей өзге келбет астында тұйықтығынан арылады. Осы тұрғыда Мерей мен эскортшылар бір-біріне теңеле бейнеленгенін байқамау қиын. Бұл басты кейіпкердің амалдауы болғанымен, эскортшылар үшін басқа келбет жамылу – мұқтаждық. Сондықтан, эмоциялардың тежелуі Мерейдің қабылдау үрдісіне тікелей байланысты. Онымен қатар, психологиялық жарақаттың зардабы ретінде перманентті дереализацияның ықпалдасу факторын да ескерген жөн.

Екіншіден, механикалық ойын ды да, жоғарыда атап өткен графикалық көріністерден алшақтауды да бір мақсат байланыстыра алады. Ол – аудиторияға тікелей триггерге жүгінбестен әсер ету.

Осылайша режиссер фильмді шешіміне жақындата отырып, нүкте немен қойылатынын жасыра қоймайды. Мерейдің оқиғасы «жыртқыштардан» қашып құтылумен аяқталмайды. Нұрланның тапаншаның шүріппесін басқандығы әділетсіздік салтанатын орнатты. Тыныштықты бұзған қол-шапалақ кульминацияның эффектісін максималды деңгейге жеткізген тәріздес. Бәлкім теміржолдың ар жағынан байқалған жедел жәрдем көлігі жәбір көрсетушілердің кінәсі мен қорқынышының кескіні де шығар. Десек те, таң атуымен түнде болған жайт құпия болып қала береді. Осының арқасында фильм отандық кинематографиядағы әйел режиссерлердің үнін нығайтып қана қоймай, халықаралық фестивальдердегі сұраныстың да негізін ашады.

 

Әзиза Қуандық

Киносыншы

КИНО

Танымал актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Актер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...