Ким Ки Дук. «Біртүрлі» қалпымда қалсам деймін

КИНО
4443

Иесіз үй  

(Пустой дом)

Ким Ки Дук бұл дүниенің жүзінде жауыздық жоқ деп ойлайды. Бірақ, адамгершіліктің із-түссіз жоғалатынына сенеді. Өз өтірігінің, өз құпиясының отына шарпылған күрделі тағдырларды суреттеу - режиссёрдің сүйікті ісі. Пенденің кеудесінде булыққан ашу-ыза кемерінен асқанда шынайы бейнесі көрінетінін көрерменге жеткізгісі келеді.

Өткен өмірдің санадан өшпей қоятыны бәрімізге мәлім. Естеліктер мен ескі таныстардың естен кетпейтінін де білеміз. Оның фильмдерінен енді мүлде оралмайтын сәттерге қамала бастаған санасын құтқарып қалудың жолын таппай аласұрған жандарды, өзімді көремін. 

 Ол мені Пак Чжан Укпен, Ли Чжан Донмен таныстырды. 

 Пак Чжан Уктың "Балық аулаған түні" (Ночная рыбалка) мен Ким Ки Дуктың "Аралындағы" (Остров) қармақпен тәнін жаралағандар – жанын ауыртқан, жүрегінде сақталған сезімді сыртқа шығара алмайтындар. Ал, мистикалық сюжеттер кісіні ойдың шыңырауына сүйрейді. 

Вонг Кар-Вайдың "Өлген уақыты" (Праx времён) мен Ким Ки Дуктың "Қайта оралған мезгілін" (Весна, лето, осень, зима… и снова весна) қараған адам екі фильмнің арасында рухани үндестік барын сезеді. Кезекпен мезгіл ауысқан сайын оқиға шиеленісе түседі. Көктемнің қайта оралуы – қос туындының шарықтау шегі. Жүзбелі үйден ұзамайтын монах пен есегі байланған ағаштың қасында сүйіктісін күткен қыз – мұратына жан қиярлық құмарлықпен ұмтылғандар. Ал, ғашығынан қол үзгендерден бақтың баста мәңгі тұрмайтынын байқаймыз. 

 "Адамның болмысы – орманға ұқсас. Бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани мыңдаған қасиет бар. Егер ішкі жан шаһарыңда қасқыр үстемдік ете бастаса, қасқырға айналасың. Жақсылық пен жамандық жасырын жолдармен жүрекке енеді. Сәт сайын адамның жұмыр етінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті пенде кейде – жақсы, кейде – жаман сипатқа енеді",- дейді Руми.

Жан түкпіріндегі арпалысты тоқтатудың жолын іздесеңіз, Ким Ки Дуктың фильмдерін көріңіз! 

M.timeout.ru сайтында 2004 жылы жарияланған сұхбатты қазақшаладық. Оқыңыз, мархабат!


 

Ким Ки Дук

 –  "Иесіз үйдегі" гольф таяғына жасырылған нендей сыр?!

–  Былтыр күзде жарнама парағына қарап, ұзақ ойландым. Рас, көздің жауын алатын қағаздар есік тұтқасынан түспесе, үйде ешкімнің жоғын аңғартады. Бұл пікір мені бос кеңістікте ғұмыр кешетін адамның бастан кешкен жайттарына апарды. Гольф сырғытпа таяғының атауы - 3-іron. Аталмыш спорт түрімен жиі шұғылданатындар бұның сирек қолданылатынын жақсы біледі. Қымбат былғары футлярдағы жалғыз темір таяқ - жақыны жоқ жанның, қаңыраған үйдің бейнесі.

– Әсерлі поэтикалық метафора! Ғажап!

– Көрермен баяндаған хикаяларымды боямасыз шындық, бұлтартпас ақиқат ретінде қабылдағанды ұнатады. Әрине, қатты қуанамын. Кез-келген фильмді сеніп, сүйіп, беріліп қарау ләзім! Шындық жайлы әңгіме өрбіткендегі мақсатым - реалист атану емес. Туындыларымда өзім үшін маңызды дүниелер көрініс табады. Бұны көптің байқамайтынын тілге тиек етсем, қателеспеспін. Барлығы көгілдір экрандағы агрессияға толы әлеміме, қолға үйретілмеген жабайы аңға ұқсайтын кейіпкерлеріме ғашық.

– Поэзияға қатыгездіктің көлеңкесін түсіресіз бе сонда?!

– Сұхбатымыздың көркін кіргізе бастаған ғаламды қатігездікке баламаймын. Әркез өмір сүруді жаңа ғана үйренген, шаштары бұрқыраған мергендер мен тұзағына түскен олжасын отқа қақтаған балықшылар жайлы, малшылар жайлы, жалшылар жайлы, құм мен толқынның астында қалған ғажайыптар мен келмеске кеткен ғасырлар жайлы, жасындар мен тасырлар жайлы ойланамын. Әлімсақта ешқандай заң болған жоқ. Халық қағидаларға қамалып, тығырыққа тірелмеді. Қалай сөйлеп, қалай жүріп–тұратыны әркімнің өз еркінде еді.

Уақыт өтті. Керуен көшті. Адам да, заман да өзгерді. Кореяда қолыңда дипломың болмаса, ештеңемен айналыса алмайсың. Тіпті, тірі екеніңе сену қиындайды. Қоғамға пайдаңды тигізуде белсенділік танытудан қаласың. Осы тақырыпқа соқпай кету мүмкін емес. Бізді өзіне бағындырып қойған бір жапырақ қағаздың құдіретін қарашы! Өскелең ұрпақтың келешегіне алаңдаймын. Көкейімде жүрген күрмеуді шешпейінше, тынбай ізденуді, талмай еңбектенуді тоқтатпаймын.

– Қиялыңыздағы қара түсті ақ түс алмастыра бастаған секілді. Соңғы фильмдеріңізден жазаның, кінәнің, кектің ізін байқамадым. Әлеуметтік мәселелер де қозғалмаған.

– Дұрыс айтасың. Өз-өзімді сынадым. Көркем фильмдерді де, көпшілікке арналған фильмдерді де түсіруге қауқарымның жететінін дәлелдеуге асықтым. Халық бұл ісімді құптамай, ортаңқолдар қатарына қосып қоймаса игі. "Біртүрлі" қалпымда қалсам деймін. Көбі кез-келген туындыма міндетті түрде енгізетін сенімдерім мен ұстанымдарым туралы сұрайды. Жауап беруден бас тартамын. Жан дүниемдегі құбылыс - өзіме ғана аян. Ол жұдырықтай жүрегімде тып-тыныш ғұмыр кешуде. Корей қоғамының қараңғы һәм тартымсыз тұстарын көрсетуден қорықпайтыным – ішкі толғанысымның көрінісі.

Сұхбатты орыс тілінен аударған Марлен Ғилымхан



author

Ким КИ Дук

РЕЖИССЁР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...