Қазақстан халқын Иван Кириллов есімді бір жазушының "Қазақтарды қалай басқару керек" деген кітабы аш...
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап кітапханасы
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы төл тарихының тамыры 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылғаннан басталған. Алғаш кітапхананың кітап қоры 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1920 жылы кітапханада кітапхана меңгерушісі, кітап түптеуші кітапханашы қызмет атқарған. 1930 жылдары кітапхананың кітап қоры 12 мың данаға көтеріліп, балаларға арналған басылымдарға көңіл бөліне бастаған. Осы жылдары оқырмандардың кітап қорын толық және дұрыс пайдалануы үшін сонымен қатар кітапхана ісін жетілдіру мақсатымен алғашқы жүйелі каталог құрылған.
1940 жылы 7 наурызда Жамбыл облысы құрылғаннан кейін кітапхана қызметіне айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Жамбыл облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитеті және облыстық халыққа білім беру бөлімінің бұйрығымен кітапхана қорындағы балалар әдебиеті толығымен жаңадан ашылған кітапханаға бөлініп берілген. 1965 жылы кітапханаға қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілген.
1970 жылы кітапхана Ы.Сүлейменов көшесінің бойынан арнайы соғылған екі қабатты ғимаратқа көшірілген.
Кітап қорында ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы сирек қолданыста болатын басылымдар жинақталған. Тарихи құнды басылымдар мұқият сақталынып, жаңа басылып шыққан басылымдармен толықтыру жан-жақты зерделеніп жүргізілуде.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – маңызды ақпараттық, мәдениеттік, өлкелік білім алатын орталық, Жамбыл облысында басып шығарылған басты баспа туындыларының және өлке туралы әдебиеттердің, облыс кітапханалары үшін ғылыми-әдіскерлік орталық қоймасы. Кітапхананың әдістемелік бөлімі 1960 жылдардан бастап құрылуына байланысты ауыл аймақтардағы мемлекеттік кітапханаларға әдістемелік көмек көрсете бастаған..
1970 жылдары республика көлемінде кітапхана ісін дамыту негізінде орталықтандыру жүйесін құру басталды. Облыс көлеміндегі 15 орталықтандырылған кітапхана жүйесін құруға облыстық кітапхана басшылық жасап жетекшілік етті. 1996 жылы облыстағы 354 кітапхана жабылып, 1997 жылы 21 кітапхана жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2000 жылы «Мәдениетті қолдау» жылына орай кітапханалар қайта ашылып, Жамбыл облысы әкімінің мәдениет басқармасы бұйрығына сәйкес аудандық кітапханалар қайта орталықтандырылған кітапхана жүйесі болып құрылды. Бүгінгі күні облыста аудандық 277, қалалық 8, облыстық 3, барлығы 288 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда облыс бойынша кітап қоры 3445409 дана, оның 2720645-сі ауылдық кітапханалар үлесінде. Мемлекеттік тілдегі әдебиеттер 1648188 дананы (ауылдық жерде - 1412876) құрайды. Оқырмандардың саны – 261280, кітап берілімі 4788289, өткізілген көпшілік іс-шаралар – 13688, Интернетке қосылғаны 245, компьютер саны 647-ге, 607 кітапхана қызметкерлері оқырмандарға мәдени қызмет көрсетеді.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітап қоры – 238306 дана болса, оның ішінде мемлекеттік тілде 65071 дананы құрайды. Оқырман саны – 17695, кітап берілім саны - 426530 дананы құрайды. Кітапханада атқарылған мәдени іс-шаралар саны 195-ке жетті. Облыстағы кітапханалар тарихында қандай өзгерістер болмасын облыстық кітапхана өзінің әдістемелік жұмыс жүргізу, көмек көрсету мақсатты бағыттармен қызмет атқарып келеді. Кітапхана жаңа ғасыр талаптарына сәйкес оқырмандарға қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатымен жігерлі де ынталы ізденістер үстінде. Жыл сайын әдістемелік, библиографиялық құрал шығарып, облыстық тәжірибелік семинарлар өткізіп, кітапханашылардың кәсіби шеберлік мектебі мен білімін жетілдіру курстары жұмыс жасайды.
1973-1974 жж. Жамбыл облысы Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында да депозитарлы қор ашылған. Қорға:
- Алматы,
- Қарағанды,
- Павлодар,
- Өскемен,
- Атырау,
- Шымкент облыстарынан сирек кітаптар жинақталды.
Депозитарлы қордың аса құнды 600 кітаптың атаулары Алматыдағы «Кітап мұражайының» каталогына енгізілген. Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының қорына 27 дана сирек кездесетін кітаптардың электронды нұсқасы жіберілді.
2005 жылы «РАБИС» бағдарламасын сатып алуға байланысты кітапханалық процесстерді автоматтандыру, кітапхана жұмысын түбегейлі өзгертті. Кітапхана қорына ағымдағы түсімдер туралы ақпарат енгізуде электрондық каталогты қалыптастыру бар қарқынмен жүргізілуде. Қазіргі уақытта кітапханада 68 автоматтандырылған жұмыс орны бар. 2000 жылы интернет желісіне қосылды. Автоматтандыру секторында 2007 жылы электрондық зал ашылды. Автоматтандыру секторында оқырмандардың керек ақпараттық деректерін интернет қызметі арқылы пайдалануына мүмкіндіктері бар. Халқымыздың тұрмыс салтын, дәстүрін, мәдениетін, әдет-ғұрпын өскелең ұрпаққа барынша толық насихаттауда, кітапхана жанынан қызығушылық «Қаламгер», «Дәстүр», «Жас саясаткер», «Tower» клубтары жұмыс жасайды. 2010 жыл кітапхана өміріндегі елеулі жыл болды. Кітапханаға «Жол картасы» бағдарламасы негізінде 110,0 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Кітапхана дизайні жаңартылып, заман талабына сай жаңа жиһаз бен компьютерлер жиынтығы алынды.
2013 жылы Тараз қаласы «Кітапханалар Астанасы-2013» болып танылып, «Жаңа қоғамдағы кітапханалық инновациялар» атты республикалық конференция өтті.
Республикалық конференция барысында «АХЫСКА» түрік этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Түрік мәдени бұрышы» ақпараттық-қор орталығы ашылды.