Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы көптеген қызықты деректер бар.1. Желтоқсан айының 24 күні...
8 наурызға арналған ең үздік құттықтаулар мен тілектер (2026)
Alash.kz
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған құттықтаулар топтамасы
Құрметті аналар!
Көгілдір көктемнің ең шуақты мерекесі – аналар күні құтты болсын! Ана – әр шаңырақтың алтын діңгегі, шуақ шашқан шамшырағы, бірлік пен берекенің ұйытқысы. Ол бір отбасының ғана жебеушісі емес, бүтін бір қоғамның тәрбиешісі. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің мәні осында. Мынау дөңгеленген дүние мен тынымсыз тіршілік тек аналармен ажарлы. Барша аналар қауымына зор денсаулық, сарқылмас бақыт және ұзақ ғұмыр тілейміз!
Аяулы Анашым!
Осы бір көктемнің шуақты күні әлемдегі барлық ізгі тілектер Сізге арналады. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, Сіз барда төрт құбыламыз түгел, көңіліміз көтеріңкі. Сіз – қиындықты қайсарлықпен жеңетін сарқылмас күштің иесі, мейірімділік пен риясыз жақсылықтың жаршысысыз. Шаңырағымыздың өшпес шамшырағы, ағайын-туыстың берекесі болып аман жүріңіз. Әр күніңіз қуанышқа толы болсын!
Мейірімі – күннің алтын шуағы,
Тіршіліктің таусылмайтын бұлағы.
Қуанышын баласының көргенде,
Ана көңіл күлім қағып тұрады.
Қадірлі әйел-аналар мен арулар!
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын! Табиғаттың жаңаруымен қатар келген бұл мейрам – Сіздерге деген шынайы құрметтің белгісі. Сіздер – сұлулық пен әсемдіктің нышаны, парасат пен даналықтың үлгісісіздер. Өмір Сіздермен мәнді де сәнді. Көктем мерекесі көңілдеріңізге нұр, жүректеріңізге жыр, құшақтарыңызға гүл толтырсын!
Ардақты әже!
Сіздің жүрегіңіз – кең даладай, көңіліңіз – саф алтындай таза, құшағыңыз – күн шуағындай жылы. Қуанғанда шаттығымызды бөлісетін, қиналғанда ақ батасымен жебейтін асыл қазынамызсыз. Немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, денсаулығыңыз мықты болып, ортамызда алаңсыз ғұмыр кеше беріңіз!
Құрметті бауырым!
Анаңды құрметте, анаңды аяла! «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөздің тереңіне бойлай біл. Бұл әлемде анаңдай жанашыр, анаңдай тілекші адам жоқ. Ол сені қандай жағдайда да, қандай болсаң да риясыз сүйеді. Ана үшін ең үлкен бақыт – сенің амандығың мен жетістігің. Көзі тірісінде жылы сөзіңді аяма, қадіріне жет. «Жәннат – аналардың аяғының астында» екенін жадыңда ұста!
Қазақтың аяулы арулары мен сіңлілері!
Мерекелерің құтты болсын! Қазақ қызы қай заманда да ақылына көркі сай, нәзік те қайсар болған. Жан сұлулығымен айналасына нұр шашып, еліктің лағындай сүйкімді болмысын сақтаған. Бойларыңдағы осы асыл қасиеттерді жоғалтпай, гүлдей құлпырып жүре беріңдер! Жүздеріңнен күлкі, көздеріңнен бақыт нұры кетпесін!