Қазақта жабайы деген сөз бар. Бірақ, неге екенін өзім де түсінбеймін, орыс тілінде айтылатын варвар...
Абылай Мауданов: Алты ай бойы Астанадан пәтеріңе төлер ақша таба алмау...
Фото: ашық дереккөз
Жасасын, жемқорлық!
«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді. Дәл осының дұрыс сөз екеніне білдей бір университеттің журналистика факультетінің студенті атанған күні көзім жеткен еді.
Сөзімнің сықпытына қарап біздің әкейді дөкейлердің бірі екен демеңіз. Жоқ, әкем әліпті таяқ деп білетін шығар, бірақ саналы ғұмырының 4 жылын қозы бағуға, қалған 44 жылын қой бағуға жұмсаған шопан-тұғын. Баяғы сапқоздың көп қойынан тігерге тұяқ қалмай, жұрт айға қарап қалғанда, әкем пайға балап жүз тоқты алды. Жүз тоқты бас-аяғы бес жылда он есе өсіп, дүркіреген директорлар тезек теріп кетуге шақ қалғанда, біз тіліне тікенек кіргір «Көк түйнек» ауылының айтуынша «миллионер» болып шыға келдік. Ауылға кім келеді, мың болғыр аудан әкімі жетелеп Көктүйнекке, Кәрібай шалдың қарақосына сүйрейді. Аудандық «Арайлы аймақ» пен «Өскелең өңір» газеттері нөмір аралатып әкем мен шешемді, ағам мен жеңгемді, немере-шөберелерін кезек-кезек беріп тұрады. Несін айтасың, атақ жөнінен апам Алла Пугачевадан, көкем Киркоровтан кем түспейтін болды. Сөйтіп жүргенде, «шалғайдағы шаруасы шалқыған» Көктүйнекке облыстық газеттің тілшілері келе қалмасы бар ма?! Атқосшысы – аудан әкімінің орынбасары.
Ауданнан келген тілшіге тоқты сойып үйреніп алған әкем, облыстың тілшісіне қашар бауыздауға қомсынып, бие сойсын! Қобыланды Қыз Құртқаны әкелгенде, Тоқтарбай да мұндай той жасамаған шығар. Не керек, әлгі тілшіміз, жәй тілші ғана емес, университетте деканның орынбасары, газетте ай сайын айқарма бетке өлеңі шығып тұратын ақын ағамыздың өзі екен. Келесі күні құла биенің құлыны қоса сойылып, еті аудан әкімінің «волгасына» теңделіп, деканның орынбасарының үйіне қарай дедектеді. 11 жылдықты «әні-міні» бітіремін деп, «айы-күні тақалып отырған» мен «журналистика» факультетіне түсетін болдым. Судыратып мақала жазбақ түгілі, жәй сөзді былжыратып әрең жеткізетін жазған басым, сөйтіп журфактың студенті атандым.
Құдай дес бергенде, қасымдағылардың көбі өзім сияқты иісалмастар екен. Біреуі түйе, біреуі бие, қайсібірі қой беріп түскен кілең «дөкейдің» балалары болып шықты. Сабақ үстінде «қотыр ат пен соқыр ат, қасынысып отыраттың» кері, оқып жарытқан жоқпыз. «Қазақстандық БАҚ-та жұмыс істеуде қиындықтар болдырмаудың теориялық негіздерін қалыптастыру» сабағын баяғы ақын ағамыздың өмірден көрген құқайы мен трагедияға толы тағдыры жайлы өлеңдерін тыңдаумен өткізетінбіз. Өлең нәрсіз бе, болмаса менің өлеңге деген қабілетім әлсіз бе, әлгі сабақтан үнемі қашып-пысып жүрдім.
Есесіне, әкейдің тарапынан «сыйлық» ретінде сессия сайын семіз құлынның еті декан мен «замының» балконынан табылып тұрды. Оқу сапасының төмендігіне налып, кәріне мінген декан басқаларды жерден алып, жерге салып жатқанда, маған тура қарап сөз айтып көрген емес. Қайта, «Кәрібаеч, қалың қалай? Жатақханаң жайсыз тиіп жүрген жоқ па?» деп жымиып сала беретін. Декан демеген балаға «дені сау» ұстаз бірдеңе деп көрген бе?! Әне, «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөздің ақиқат екеніне сонда-ақ иланғам.
Алайда біздің әкейдің шапағаты 40 жыл емес, 4 жылдан аспай қалды. Журналист деген табақтай дипломды алып, салып ұрып теледидарға бардым. Бала күнімде қошқар сүзген қисық тұмсық алдымнан кесе көлденең шықты. Желпілдеп радиоға жеттім. Дарылдаған дауысымды ұнатпады ма, дүрдиіп отырып алды дикторың. Газетке бар дегендерге безектеп: «мақала деген пәлені атама!» дедім. Ақыры, әкейдің араласуына тура келді.
Бастығының босағасына көк биені көгендеп, ақыры Шегірткеге қарсы күрес басқармасының баспасөз хатшысы болып шікірейіп шыға келдім. Содан бері көресіні журналистерден көрдім. Қит етсе болды, «пресс-релиз» сұрап шыға келеді. Ақ тер, көк тер болып оны да жазасың-ау. Бір әрпі қисаймай келесі күні газет бетінде тұрады. Оқуға өзім ұяламын.
Өткен жолы қалалық «Жарқын Заман» газетін бір топ қасқа бас «боршалап» отыр екен. Жалма-жан құлағымды салбырата қойып едім, құлағым құрғырдың құбылаға батып бара жатқан күннен бетер қызарғаны-ай.
«Шегірткемен күресте шыдамды болайық» деген тақырып бола ма?!», -деп ақырып тұр бір қасқабас. «Өй, мына сөйлемді қара», - деп өңмеңдейді өгіздей біреуі: Тыңдаңдар, қызығы алда: «біздің шегірткеге қарсы күрес басқармасы мемлекеттік мекемесі, ұжым басшысы Сақтапберген Салпаңқұлақовтың арқасында өткен жылы саранчаның санын сегіз процентке азайттық. Зиянкестердің тұқымын тұздай құрту мақсатында шегірткелер шауып жүрген шабындықтардың бәрі өртелді. Ал «шегірткеден қорықсаң егін екпе» деген емеурінді елемеген дихандардың өз обалы өзіне...»
Қасқамның тоқтайтын түрі жоқ. Кабинеттің іші гу-гу.
«...Жалпы, шегірткемен күрес – жауапты міндет! Оған мемлекеттік деңгейде назар аударылуы қажет. Зиянкестердің саны аспанда жұлдыздан, жерде жемқордан көп десе де болғандай. Жемқорлардың жегенін желкесінен шығарып, шегірткелерді шетінен шыбынша қырмай, еліміздің болашағы өркендей қоюы екіталай. Ендеше, ағайын, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп атам қазақ айтпақшы, жемқорлар мен шегірткеге қарсы шынайы күресте шыдамды болайық! Бұл ретте айтарымыз, шегірткенің Отаны – шабындық болса, жемқорларды жемдейтін – пара беруші. Олай болса, жемқорлықпен күрес басқармасына айтар кеңесіміз мынау, әріптестеріңізден үлгі алып, біз шабындықты өртесек, сіздер алдымен пара берушіні пара бермей тұрып, тұтқындаңыздар. Сонда ғана...»
Шекемнен суық тер бұрқ ете түсті. Сыртқа атып шықтым. Өйткені мақаланың соңында «материал Шегірткеге қарсы күрес басқармасы баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенді» деген баттиған жазу тұр еді. Оны да қойшы, көп болса, жұрт күлер де қояр. Ай, өзім де байқамай жаза береді екем ғой. Бәрін айт та бірін айт, парасыз өмір бар ма? «Крышамның» балконындағы көк биенің еті бітсе, менің күнім не болмақ... Осы пара болмаса, мен оқуымды бітіре алар ма едім... Құдай сақтасын!
Жасасын, жақсы әкелер!!!
Жасасын, жемқорлық!!!
Кредиттің күйретуі
Ерте, ерте, ертеде... шалғай жатқан шалажансар өлкеде, өлмелі бір кемпір менен шал бопты, баққаны мал бопты. Шал мен кемпірдің шиеттей алты баласы, малының ішінде соғымға соймаған, саудагерге сатпаған алты жасар атан ала өгізі бар екен. Күндердің күнінде алты баласының үлкені ата-анасынан алыс жол жүрмекке мұрсат сұрапты. Мақсаты Астанаға барып, күректеп ақша табу...
Байғұс әке-шеше үлкен ұлды батасын беріп, зейнатақысынан жырымдаған ақшасын қалтасына салып, шулы қалаға ақ үмітпен аттандырады.
Арада аттай шауып алты ай өтті. Жұлдыздың беті жетінші айға ауғанда шалғай ауылға Астанадан хат келді. Хатта қалаға кеткен ұлының банктен несие алып, қарызға белшесінен батып, «қара тізімге» кіргені баяндалған екен. Банк жіберген «төртбу» конверттегі бес орынды «сипыр» бұл отбасы үшін Отырарды Шыңғыс хан шапқаннан кем әсер еткен жоқ. Кешікпей желпілдеп қалаға кеткен үлкен ұл да оралды салы суға батып...
Олардың ортасындағы әңгіме шайырлардың қаламына ілігіп, дабыралы дастанға айналған деседі. «Отырардың күйреуіне» ұқсас осы оқиға бүгінге былай жеткен екен... ауыздан ауызға жеткен «қиссаны» қағаз бетіне түсірген – Абылай Мауданов. Әлқисса...
«Кредиттің күйретуі»
немесе ала өгіздің ажалы жайлы дастан
(М.Шахановтың ізімен)
– Банкiң кайда?!
(хош көрмеп ем),
Бір-екi апта «төске өрлеп ең»,
Алты ай бойы өзің алған несиеңді жаба алмау,
Алты ай бойы Астанадан пәтеріңе төлер ақша таба алмау...
Зейнетпұлын шиырлатқан,
Шалғай шетте сиыр баққан,
Менің байғұс отбасыма зор таңба,
Тұрмысыма салмақ түсті, мына сенің арқаңда! –
деп әкесі баласына жасты көзін қадады:
– осы өкінініш мені де өртеп барады,
Бірақ, әке, жүргенім жоқ аянып,
Қанша үмітті желге ұштырдым,
Қанша фирма жер құштырды?!
Қала жатыр кризиске «боялып»...
Дағдарыстың тигеннен соң салқыны,
Бірер айға «ұмытып» ем банкіні,
Кешір, әке, жаза басқан ұлыңды,
Үстемақы сағат санап өсті де,
Гүлдей күнім нілдей болып бүлінді,
(әуел баста алмап едім тіліңді...)
Ұмыттырам десең ұлдың қапасын,
Бір өгізді таңдап әке, сатасың, –
деп, баласы әкесіне мөлиді.
– «артты» қысып тыныш жүрсең сол игі,
Сорлы балам, ойламапсың артыңды,
Байғұс әкең деп ойлап пе ең Банкіні?!
Есің кетсе естіге кіріптарсың,
Қара тізім барын сен ұмытқансың,
Ахуалың қалай болар, ал, түбі...
Алдың ба әлде, ала өгіздің сорына,
Ақшаңды ертең берем санап қолыңа,
Байғұс балам, жолама енді жарнаманың торына, –
деп әкесі күйзеле бір тіл қатты,
әр сөзінде атан түйе үйелердей мұң жатты!...
...Банк кімге күліп берсе басында,
Процент те жүрмек аңдып қасында,
Білгір банкир соны жазбай таныпты,
Қай кезде де айла кескен нарықты.
– Адам аз ба, несие алып адасқан,
Банк қатал, ұлым оған таласпан,
Несие алмай тыныш жүрсе болмай ма,
Соны білмей халық бекер сорлайды, ә?!
P.S. Бағаласаң өз шамаңды бағала,
Жағаласаң өз әкеңді жағала...
...Келесі күн ала өгіздің терісі,
Жайрап жатты жағада!!!
Демократия дерті
Арғы атамыз Ебелек батыр – батырлығымен қоса аңқаулау кісі болыпты. Марқұмның сөзге ергіштігі жанда жоқ екен. «Аттан» десе арқасы қозып, айқұлақтанып шыға келетін ақкөз батыр ажалды да албырт мінезінен тауыпты. Жаздың қоңыр кешінде жайлауға жыршылар келіп, «Қобыланды батырды» тыңдап отырмай ма, жыр айтушы Қобыландының «қырық үш күндік» кемшілігіне қарамай, Тайбурылды мініп, Қараманды қуатын жеріне келгенде, жарықтық аруағы қозып, орнынан «Аттан!» деп атып тұрыпты. Атып тұрған қалпында (жасының жетпістен асқанына қарамай) желі маңында үйездеп тұрған жылқының ішінен бір бурылдау тайға қарғып мініп, құбылаға қарай шаба жөнелсе керек. Онымен қоймай, «сеңгір таудан секіртемін» деп алдында кездескен тік жарға турасынан қойып кетіп, ат-матымен қоса «ана дүниеден» бір-ақ шығыпты.
«Текте бар нәрсе теппей тұрмайды» деген ып-ырас қой, бабамыздың осы мінезі атамызға дарыпты. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген ұранды естіп, жалғыз ұлына сауын қылып отырған соңғы сиырын «мойынсерікке» өткізгенін ауылдың шалдары аңыз қылып айтатын. Ұлы Отан соғысында, қанды бір майданда «Сталин үшін!» деп ұшып тұрып, фашисттің шебін шолақ мылтықпен бұзып кіргені жайлы жазған жергілікті ақынның ұзақ дастаны да бар.
«Қасқа айғырдан құрығанда төбел құлын туады» деген, мұндай аңғал мінезден әкем де құр емес. Өткен жолы ауылға келе жатып, бір бума газет сатып ала салдым. Газет оқитын ғұламалық – менің қанымда жоқ қасиет, әйтсе де, әкем бір мезгіл баспасөзге көз жүгіртпесе ішкен асы бойына тарамайтын. Газет сатушы «нағыз қаны сорғалаған шындықты жазатын, шенеунік біткеннің шек-қарынын ақтаратын басылым» дегесін бір бумасын бір-ақ алдым. Қайдан білейін, соңынан «сойқан» болатынын.
Шал-кемпірдің амандығын біліп, сәлем-сауқат, базарлығымды үлестіріп, қайтадан қалаға кеттім. Әкем әсіресе, мен әкелген пәшкі-пәшкі «поштаға» айрықша разы болды.
Арада апта өтпей шешемнің «әкең жынданып кетті, тез жет» деген суыт хабарын естіп, сол сәтімде ауылға қарай құстай ұштым. «Құс келіп, құс кететін» мезгіл емес, не болды екен деп ішімнен алаңдай бердім. Сексенге аяқ басты демесең, шалым тың еді. Санасы да сергек, шаруаға мығым болатын. Аяқ астынан қандай албасты басты екен?..
Есікті аша бергенімде ас үй жақтан екілене шыққан әкемнің ашулы дауысын естіп, жүрегім солқ етті.
«Осы уақытқа дейін бар байлығымызды сорып, қамсыздығымызды пайдаланып, қанап, қандаладай қанымызды сорып келгені аздай, енді қару қолданып қыра бастады ма?! Шейіт болған жастардан менің жаным ардақты емес, ал, Отан үшін кеудесін оққа тосқан ардагердің ұлы, соғыс жылдары масақ теріп, колхоздың тесік өкпе өгізі боп еңбек еткен, қырық жыл сапқозда қой баққан менен оның жаны қымбат емес, білдің бе?! О дүниенің барын ұмытқан екенсің, көзіңе шел бітіп. «Елу миллионға жеткіземіз» деп елеуреген қойдан тігерге тұяқ та қалмады. Тоз-тоз болған далаң анау, Батыстың қоқыс тастайтын туалеті болған қалаң анау, сол қалада алпауыттардың құлы болған балаң анау!!! Немене, менің балаларым қайыр сұрауға шақ жүргенде, шетелде, хан сарайында, алтыны азған айдаһардай ерігіп жататын оның балалары кімнің шікәрасы?! – деп әлдекімді жерден алып, жерге салып жатыр. «Сорлы-ау, қойсаңшы енді» деген шешемнің шарасыз дауысын тыңдайтын түрі жоқ, қайта: «Сайтанымды ұстатпа менің. Үйін билей алмаған елді билеп жарыта ала ма, «қарамасаң қатын кетеді» деген, «баланы – жастан...» ісім сендермен болсын», - деп үні тіптен үдеп бара жатқасын шыдай алмадым. Қанша қорықсам да тәуекел етіп асүйге кірдім.
Әкемнің жынданғаны рас екен...
Қуықтай ғана кухняның тап ортасында, үстелге шығып алыпты. Басында кепкісі (есі дұрыс адам үй ішінде кепкі кие ме), сақалы шошаң-шошаң етеді. Қолына өзім әкеп берген газеттердің бірін бүктеп алған. Қазан-ошақтың қасындағы шүйкедей ғана шешемді бір уыс қылып, «митингі» өткізіп жатыр. Басқа бала-шаға безіп кеткен шамасы... «Мас» дейін десең, әкемнің арақ деген пәлеге қаны қас. Мысықтабандап кірген мені шал аңғарған жоқ.
«Отбасы – шағын мемлекет... Бүгіннен бастап бәрің тек қазақша сөйлейсіңдер, балаң бар, келінің бар, немерең бар, никакой орысша. Хуатить, осы шыдағаным! Енді ешкімнің қас-қабағына қарай алмаймын.
Ей, Құдай мен Қытайдың арасына делдал болған байғұстарды көрсетші көзіме.., – деп шешеме төне бергенде, «сабап тастай ма» деп арашаға ұмтылдым.
– Сабыр, әке, сабыр! Тыныштық сақтап, сәл төзім етіңізші енді, – деп білегіне жармасқан мені көрген әкемнің «жыны» одан сайын қозып кетсін: – ей, мен немене деп сабыр сақтаймын. Ұлтымды ұлтарақ еткен бүйткен тыныштығыңның енесін ұрайын. Төрімнен көрім жуық қалғанда көрем дегенім осы ма?! Өй, оңбағандар, тілім анау босағада бейшара болған. Дінім мынау – қырық пышақ, дүдамал. Дәстүр-салтың ол да оңып тұрған жоқ. Перғауынның мазарын салатындай пері дуалап кетті ме бастарыңды?.. Осының бәрін сезіп-біліп жүріп, осы уақытқа дейін айтпаған сен сорлысың, – деп «сойыл-газетті» маған қарай сілтегенде, қанша жерден «батырдың ұрпағы» болсам да жан тәтті ғой, есіктен атып шықтым. Менен қалмай шешем, шешемнің соңын ала асүйдегі ыдыс-аяқтар атқып-атқып шыға бастады.
Бас амандық керек, көшеге қаштық. Соңымыздан әкемнің «Білім мен денсаулықты бизнес қылған бездім бұл қоғамнан» деген даусы дүңкілдеп біразға дейін естіліп жатты. Әкем қоғамнан безді екен деп, шешем шалынан, мен әкемнен безе алмаймыз ғой. Етпісірім көшеде сенделіп жүріп, ақыры ауданнан «жәдел жәрдем» шақырттық. Қазбалап сұраған дәрігер-диспечерге «әкемнің диогнозы – есі ауысқан» деген өз болжамымды айттым. Медбике бір мыңболғыр екен, қасына психологты ертіп әкеліпті.
Біз кірсек, шал шалжиып ұйықтап жатыр екен. Дәрігерім білдіртпей «демидрол» салып тастап, қызуын өлшеді – қалыпты. Қан қысымын тексерді – бәрі дұрыс. Денсаулығынан ақау таба алмай аң-таң болған олар шешемді сұрақтың астына алды. Шешем байғұс қалбалақтап бар білгенін айтып жатыр. «Бұрын мұндайы жоқ еді, өткен жолы мынау ұлым мына газеттерді әкеп беріп еді, соны оқығалы бері осындай елерме күйге түсті», – деп мен әкелген газеттері дудыратып ортаға тастай салды. Оларды шетінен асықпай қарап шыққан психолог: түсінікті, – деді, – диагнозы – «демократия дерті». Ақсақал білуге болмайтын ақпараттарды шектен тыс қабылдап қойған. Ол жүйке жүйесіне әсер етіп, сіздер куә болған оқиға болған. Осы бастан ем қабылдамаса, асүйді қойып, көшеге шығып кетуі мүмкін. Байқамаса, бұл ауру өте жұқпалы...
– Тек, - деп шошып кетті шешем, – енді қайттым?
– Жылдам мына жердің ауасын тазартып, аурасын өзгерту қажет. Кәне, «фортечканы» ашыңыз. Және мына газеттердің көзін құртып, орнына облыстық газеттерді, өнер жұлдыздары жайлы журналдарды қойыңдар. Тек мемлекеттік телеарналар ғана қосылып тұрсын. Сосын «нөмірі бірінші партияның» адамдарымен ғана пікірлессін. Қашан өз-өзіне келгенше тұрмыстық мәселемен миын ашытпаңдар. Сондай-ақ жылдам сауықсын десеңдер, өз ақшаларыңнан қоссаңдар да зейнетақысын молырақ беріңдер, - деген кеңесін айтып, дәрігерлер тайып тұрды.
Дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындадық. Шал келесі аптада «тәубә, әйтеуір бас аман, заман тыныш. Амандыққа не жетсін» деп насыбайын шырт түкіріп отыратын болды.
Есесіне, көрші үйдің кемпірі (өткендегі газеттерді өртеуге қимай көршіге бере салып едім) есіріктенетін «ауруға» ұшырапты. Оның да сөзі біздің шалдың сөзінен аумайтын көрінеді. Байғұс, оған да «демократия дерті» жұқты ма екен...
Масқара-ай!!!
Көтібар көкемнің «крутой» ұрпақтары
Менің көкемнің аты – Көтібар. Сенбесеңдер, төлқұжатын тексеріп көріңдер, мөрмен куәландырылып, тайға таңба басқандай Котибар деп жазылып тұр. Өзінің айтуынша, бұл ныспыны марқұм ата-әжеміз ырымдап қойса керек. Бірақ нені, неге, не үшін ырымдады, ол жағы мен түгілі, Көтібар көкемнің өзіне дүдамал.
Аты «арт жақпен» тікелей байланысты болса да, көкем артта қалып көрген кісі емес. Көсем де өзі, шешен де өзі, тоқетері – нағыз «крассавчик». Жұбайы Ұлтуған жеңгемнің жігіттің жайсаңына жар болу үшін жаратылған жан екеніне шүбә келтірудің өзі күнә. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар. Бар айыбы – «аздап модныйлау». Жеңгем де тумай жатып ырымға «ұрынған» екен. Құда-құдағилар қызылшақа қызын «соңынан атұстар ала келсін» деген үмітпен атын Ұлтуған деп атай салыпты.
Екеуінің де есімі ырым-жырымға мықтап шырмалғандық па, көкем де, көркем жеңгем де балаға ат қою дегенге аса мұқият жауапкершілікпен қарайды. Тұңғыш қыздарының аты – Света. Бұл ныспы қарындасыма бекерден бекер берілмеген, тыңдап көрсең, тарихы «тереңде».
Сонау бір жылдары біздің ауылда тоғыз күн бойы тоқтамай боран соғады. Ақтүтектің алапаттылығы соншалық, аудандағы барлық электр желілерін жел ұшырып кетеді. Жарықтан жұрдай болған перзентхананың ішінде тұмса жеңгем арқанға асылып отырып аман-есен босанады. Долы боран бейне жеңгемнің босануын күтіп тұрғандай күрт басылып, жарық біткен жанып, ауданның халқы бөркін аспанға атыпты. Әсіресе, тұмсығын бөкебайға тығып жіберіп, тұңғышының исін емірене жұтқан «құйрықты көкем» елден ерек қуаныпты.
Көтібар көкем болашақ баласына «ұл туса Боранбай, қыз туса Борангүл» қоямын деп іштей жорып жүрсе керек. Алайда «модақұмар» жеңгеме жарық дүниеге жарық ала келген нәрестеге Света деген есім қолайлылау көрінеді. Ол заман Совет кезі болғандықтан ба, әрі шырағданнан құтылып, көзі шырадай жанып, шілдехана тойының қызығымен жүрген ауыл тұрғындары баса мән бермеді ме, басқа қазақы есім еске түскенше, ауылсовет баланың аты-жөнін туу туралы куәлікке «Света Котибаровна» деп бадырайтып жазып тастайды.
Осындай-осындай «болмашы әрі кездейсоқ» себептермен коммунист-Көтібар көкемнің үйінде Лиза, Эльмира, Индира, Венера, Гита, деген Светаның сіңлілері «пайда болды». Қазып көрсең, бәрінің «тарихы тұнып тұр». Құдай қош көріп, Ұлтуған жеңгеміз ұлды да қаптатты. Бір қызығы, інілерімнің есімі де ерекше. Эрнест, Мэлс, Тельман, Викторлар біздің әулетке бір-бір бас болып қосылды. Бүгінде бәрі үйлі-баранды, Көтібар көкем мен Ұлтуған жеңгеме жыл сайын бір-бір немереден арқалатып отыр.
Кешегі коммунист көкем – бүгінде бір ауылдың ақсақалы. Күн ашық болса да «тіпа, тіпа, тәуелсіздіктің арқасы» деп ырымдап отырады. Немерелерінің есімдері де ырымнан құр қалмапты. Жақында үйіне барып шықтым.
– Мынау жиенім сегізде, сабырлы болсын деген ырыммен атын Сабыркүл қоймақ едім, жеңгең «модный емес» деп, ақыры «Сабрина» деп азан шақырдық, – дейді аса бір риза жүзбен.
– Мына бір тентек Тимур, Тимур Эрнестович. Білесің ғой, баяғыда Алматыда партшколдың оқуына барғанда Эрнест есімді неміспен екі ай бір бөлмеде жатқанымды... Бұл немеремнің атын өзім қойдым, Тимур дейік деген келінге көнбей, темірдей мықты болсын деп ырымдап, Темір қоямын деп қырсығып отырып алып едім, куәлік жазатын жердегі жетпегір бәрібір Тимур деп жазып жіберіпті, - деп, нағашысына тартқан шойқарадан насат көңілмен «насыбай атып» қояды Көтібар көкем.
Қысқасы, Көтібар көкем немереден кенде болмапты. Жасмині келесі жұмада жетіге толады екен, жеңгем туған күніне шақыруды ұмытпады. Алинасы алтыға енді келеді, танауынан тамған «ақбозатты» алаңсыз жалап отыр.
Беккер мен Бериваны бесте, Таркан мен Томирисі төрт жасар, есімі есіңді шығарып, тіліңді теріс бұрап жіберетін тағы 4-5 боқмұрын бір бөлмеде «банды ойнап» әуре.
Көтібар көкем кішкентай тентектерін таныстырып жатқанда, телесериал әртістерін түгендеп, әншілер әлеміне бойлағандай әсер алдым. «Соларға тартып танымал болсын деп ырымдадық» дейді жеңгем.
«Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деуші еді, аты аспандағы жұлдыз болғанмен, заты Көтібар ғой» деген кекесін көмейімде кептеліп тұрса да көкемді ренжітіп алармын деп үндемедім.