Айнұр Ахметқалиқызы. Құлан жортқан құба дала

Фотосуретті автор ұсынған

ӘДЕБИЕТ
736

Шалқыма

Зәулім қалашықтан шығып, өзенге бірде жақындап, бірде алыстап келе жатқан машинаның терезесінен жан-жаққа көз салып келеді.

Жадында жаттаулы көріністер болса да, әр жолы көз жанарын талдырып қараудан танбайды, жалықпайды.

Оң жағында Алатеке таулары, ары қарай Секпілтай-Шаңқанның қат-қабат сілемі басталады. Бірінен-бірі шығандап, ентелетіп, ынтықтырған биіктің төбесіне шыққанда, төрт төңірек уысыңда қалғандай болады.

Ақ шулан, ал қызыл, боз ала мұнар сағым сайларда көлкиді. Биіктің төбесінде шымылдықтай дірілдейді. Көркі көз қамайтын, кемпірқосақтай алаулаған жалқын сәуле, көз жетер, қол жетпес нұр-шұғыла.

Зәулімнің қызғалдақтай қыз ғұмырының, бал махаббатының бесігі.

Екеуі бірге болған аяулы шақтар, аппақ ай, сүттей ұйыған дала, жусанның шырын иісі, еміренген жігіттің шоқтай ыстық құшағы... Күні кешегідей есінде.

Зәулім қатпарлы тау қойнауларында құшақтасып тұрып қалған қыз-жігіттен ойын зорға ажыратып, жеңіл күрсінді.

Бұл кезде Тайбурылдай айшылық жолды Зәулім де басып келе жатқан боз тұлпар Қарасеңгірді кенерелеп бара жатқан.

Қарасеңгірдің шоқыларына көз салуы сол екен, сансыз иректер адам бейнесіне айнып қоя берді. Әне, біреуі шалқасынан жатқан ақсақал рәуішті, анау жүгініп отырған бала бейнесіне келеді, ана бір шоқы жігіт сыңайлы, неғып жатыр, сірә?

– Апыр-ай!

Зәулім басын бұрып алды.

– Бұл ауыруы тағы басталды-ау. Ауыру емей немене? Кейде... кейде емес, көбіне-көп жолға шықса болғаны, тау, бұлт, ағаш, түтін – бәрі адам бейнесіне көшеді.

Тау қашанда жалғызсырап, жабығып жатқан немесе ауыр ұйқыға кеткен ер тәрізді, ал бұлт, бұлттар айтар жыр көп. Ұланғайыр даланың ертеден қазірге дейінгі бітпес хикаясын шертеді.

Жер бетінің ертегісін аспанға жел көшіре ме, Зәулімнің ертек аңсаған санасы көшіре ме, өзі де білмейді. Бұлт Зәулімнің ойын айнытпай таба ма, әлде Зәулім бұлт ойынын жазбай түсіне ме? Қалықтаған аспан көшпенділерінің қайсысына бірнеше дақыл көз тіксе-ақ, оларға сурет бітеді, тіл шығады.

Ертегіні бұлт айта ма, тіпті өзі айтып жүр ме, осы!?

– Қойшы өзі.

Зәулім мойнын уқалап, орындыққа шалқалай отырды.

– Не болды, әпеке?

– Мойным талып кетті.

Бауыры Көкен сылқылдап тұрып күлді.

– Өзіңіз де тап бірдеңе көріп келе жатқандай, мойныңызды өлердей создыңыз.

Зәулім үндемеді, тау мен бұлт айтатын хикая туралы не айта алсын.

Машинада үшеуі ғана. Артқы орында ағасының орта мектепте оқитын ұлы бір құлағына тыңдағыш салып, телефон ойынын ойнап әуре.

– Мекіш, құлағыңдағыны алсаңшы, мына әндерді тыңдасаңшы.

Мекіш көз әйнегін көтере қарап, жымиды да, өз әлеміне қайта ден қойды.

Зәулім Көкенге қарап басын шайқады, Көкен иығын қиқаң еткізіп, музыкаға ілесе ыңылдады.

– Күт мені, сұмбыл шашың ағарғанша,
Қап-қара мөлдір көзді ақ алғанша...

Жолға шыққалы әлденеше сөзге тартса да, Мекіш осы қалпынан жазар емес.

Зәулімге Мекіштей балалар әлі есеймегендей, мәңгі ержетпейтіндей көрінеді.

Ата-аналары да бұлар үшін осылай алаңдады ма екен? Зәулім мен Көкендер ауыр жұмыс істеп, аштықтың азабын тартқанын айтатын әкесіне күлетін.

– Әке, ол сіздің заманыңыз, біздің заман басқаша, бай-бақытты, – деп дауласатын.

Өгізге туған күн бұзауға туар деп ойлап па онда.

Шіңгілдің жаны, сәні болған сұлу өзен алдарынан кесіп өтті. Бұлаңдай ирелеңдеп, мың толқып кеп, Шағанғол, Бұлғын сынды екі баласын бауырына қыса, жалт бұрылып, сылдырай ағып, сыңғырлай күліп тартып барады. Қарт Үліңгірді аңсап ынтыққан жүрекке ұзыннан ұзақ жол, бұйра құм, ойдым-ойпат, қобы-қолат, қағыр шөл бөгет бола алмапты.

Жоңғардың шетсіз, ен даласы. Дегенмен Көкендердің тұлпарлары үшін шексіз емес.

Ол жылдары Зәулімдер жолда екі қонып, үшінші қонақта әрең Үрімжіге ілінетін. Тұңғыш рет оқуға аттанып бара жатып, Қарамайлының өркеш-өркеш төбелерінің арасында тығылып тұрған шағын Деңге қонғаны бар.

Бірге кетіп бара жатқан досы екеуі маңайды көруге шығып, сүйектен өтердей желден жасқанып, кішкентай дөңесті ықтады. Ық дегенде ықтасын болардай жер жоқ-ты. Тентек жел төбелерді айлана ұйтқып, маза таппайды.

Екеуі бір-біріне жабыса отырып, батар күнді қызықтады. Жүздері гүлдей жайнап, жарқын болашақтарын елестетіп, жастықтың тойымсыз қиялына батты.

Зәулімнің көзі аяқ астындағы тырнақтай көкшіл гүлге түскен. Қыркүйек орталаса да, шешек атып тұрған құм гүлі. Ызғарлы желден толассыз дірілдесе де, тамыры тастай берік тәрізді, мызғыр емес. Өскен ортасы кенжелеп гүл ашатын тағдыр бұйыртқанымен, ұзақ ғұмыр сыйлағандай.

Сол шақта қара қошқыл адырларына, суық желіне, сор суына мұрын шүйірген Дең – мәңгілік сағыныш Деңіне айналыпты. Қаншама жылдар әрі-бері өткенде, уақыт толқынында жермен-жексен, топырақ төбеге айланған Деңді іздейді. Енді бір мәрте табанын тигізуге дәм тартар ма, қара мақпал түнге, жаһұт жұлдыздарға басын иіп, саумал самалына кеудесін төсер ме, шөл гүліне марапат айтар ма?

Алайда ешбір көлік мұнда тоқтамайды, қонбайды. Ежелде құс қанаты талған шөлде жанға сая Деңге бұл күнде бәрі селқос.

Зәулім еріксіз аспанға назарын бұрды. Аспан ашық, тек жаздың бұлтындай аппақ бұлттар жүзіп барады. Көз салғаны сол екен, мамық бұлттар сыр айта бастады...

Алыстан Арманты тауы көрінеді. Арманты – Бәйтік тауына қосыла алмай, Алтай тауына жете алмай жетімсіреп тұрған арманды тау. Аңыздан жаралып, аңызға айналған арман тау.

Көлік жондары жұқалтаң қардан жалаңаштанған, белінде ши мен селеу селкілдеп, қаңбақ домалаған сары жазықтан өтіп, тас-қиыршықты төбелерге, адырмақ белегір-белестерге сұғынып келеді.

– Мекіш, қарақұйрықты қара, көрдің бе? Суретке алып, достық шеңберіңе шығармаушы ма едің?

Кішкентай қарақұйрықтарын шошайтып, еш алаңсыз жайылып тұрған жапан түздің еркелері зымғап жатқан көліктегілердің қызыға, сұқтана қарағанын елең қылмай, маңқиып тұрғаны.

– Бөкен деп те атай ма өзін? – деді Зәулім. – Қандай сұлу, сүйкімді аң.

– Иә.

– Мекіш, тәлейің келсе, керқұланды көріп қалуың да мүмкін, байқап отыр.

– Біздің Мекішке керқұландар сәлем бере келсе жөн еді, Мекіштің арқасында көріп қалар едім, осы жолды қанша таптадым, керқұланға кезігіп көрмеген екем, а, Мекіштай, – деп апайы бауырына қулана мысқылдады.

– Құлан бөкендей аңқау, момын емес, адамзаттан көрген көргілігін ұмыта қоймаған да. Құрып кете жаздаған тұқым ғой.

– Көке, – деді Мекіш кенеттен, – керқұлан шы шымы?

Екеуі Мекішке бұрыла қараған. Зәулімнің жүрегіне біреу біз шаншып алғандай шым ете қалды.

Көкен сәл аңырып қалып:

– Ие ма, ие ма, – деді есін жиғандай тілге келіп.

– О, Жоңғар ие ма, та ижиң миежуе лы.

Екеуі шұғыл бұрылып, Мекішті жаңа көргендей тесіле қалыпты, бала қызарып, төмен қарады.

– Иә, иә, айта бер, осы ойпатта үйір-үйірімен жортып жүрген құландарды не дейсің?

– Ол шетелден кіргізілген құландар.

– Жерлік құлан емес пе?

– Жоқ, жерлік. Шетелге апарылған құландардың ұрпақтары. Жоңғарда тұқымы құрып кеткен соң, қайта әкелінген.

– Ой, жарайсың, – деді Көкен, – граждан құландар десейші.

– Прожелевский жылқысы туралы материалды оқыған ғой, – деді әңгімеге алаңдай құлақ түріп отырған Зәулім.

– Иә, біздің там-тұмдап жылдар бойы жинайтын білімімізді бірер минутта-ақ интернеттен көре алады.

– Мәселе әңгімені баспа-бас хабардай қабылдай ма? Аңыздай әдемі хикаядағы сезімді, махаббатты қалай сезінеді деші.

– Алаңдамасаңызшы, әр дәуірдің өз үні, өз тәсілі бар.

– Мен керқұланды алыстан үнемі көріп жүретінмін, бір жолы құлынын да құшақтадым. Ол жылы қар қалың, жұт болды. Мекеменің кадрлері ой тауға барып келе жатқанбыз, анадайда бір үйір керқұлан үйіріліп тұр. Шиырлаған іздеріне қарағанда, бірер күн тұрып қалғандай. Сүйтсек, бір құлыны ауырып, жүре алмай қалыпты. Керқұландар құлынды тастап кете алмай жүріпті. Төбе-төбе орайды аңдып анталаған қасқырлар екені белгілі ғой. Біз таяғанда құландар үркіп, оқыранып шыр айналды, әйткенмен қашып кеткен жоқ, бізге сенді. Құлынды ішікке орап, машинаға салып алдық. Керқұлан үйірі желе-жортып, бізбен еріп келе жатты.

Бастығымыз қартаң адам еді: – құлыншағым, керқұланым, кертұлпарым, – деп еміреніп келеді. Көзіне жас толып, дауысы дірілдейді. Төртеуімізді сирек ұшырасатын байырғы тұқым, асылдың сынығы, әрі адам бол, аң бол, өзгермейтін ана махаббаты толқытып, тілімізді байлап тастағандай, ұзақ уақыт дыбысымызды шығара алмадық, сөйлесек, көзімізден жас ытқи жөнелетіндей...

Мың бір машақатпен келе жатқанда, қорық қызметкерлеріне кезігіп, құланды тапсырып кеттік. Олар да күзде ұстатпай кеткен үйірлерді байқастап жүргені екен. Бір айдан кейін құлынның қатарға қосылғанын естіп, алақайлап тост көтеріп құттықтадық, – деді Көкен. – Бұл да жылқы тектес, өз тұқымына шаппайтын киелі хайуан ғой...

Иықтасып, қол ұстасып жатқан жон-жота, жал құмдардан тас тұяғы тиген жерін ошақтай ойып, құлан үйірлері шыға келмес пе екен деп үміттенген үшеу үнсіздікке көшкен.

Неге екені, Зәулімнің жылағысы келді, құланды көрсем, жалынан бір сипасам деген ежелгі арман бұлқына бас көтерді.

Зәулім зарыға күткен дала тағылары ақыры бой көрсетті.

Құба жон, бөрте құмнан, мұнар сағымнан керіле шыққан кереге жал, керқұландар зеңгір көкте арқырай кісінеп, жосыла зымырады.

– Алтайдың керқұландары-ау, амансыңдар ма?
– Жел қанатты тұлпарлар-ау, сендерді соншалық жақсы көремін!
– Жылқы баласының түп аталары-ау, өсіп-өнген байырғы мекеніңде, жаннат өлкеңде алаңсыз өмір сүргейсің.
– Сайын сахараның желден жүйрік, желдей еркін серілері-ау, әрдайым аман болыңдар.

– Әпеке, – деді Көкен, – не көріп келесіз?

– Ааа, әншейін, ештеңе көрмедім.

Құлан үйіріне қарап еді, көрінбеді, орнында бір қора қой жайылып жатыр, жоқ, қой емес, бөкен екен, бөкен. Жел иесі Мырқайдар дамыл алған ба, бөкендер тапжылмай оттап тұр.

Алдыңғы жақ тұманданып келеді.

Зәулім анау қырқа-қыраттардың ар жағынан биік қорғандарды, әлде қандай ескі шаһар үйлерін көргендей болып, анықтап көз салғанша, шаһар көз ілестірмей зымырап, құмға сіңіп жоғалды.

Бұлт көкпеңбек аспан мен көкжиекті тұтастырып, шәйі орамалдай керіле қалып, сәлден соң паршалана бастады.

Бұлттың тәңірісі де, жауы да – жел ғой.

Буалдыр тұман арасынан Боғда бой көрсетті. Шарапатты, абыз қариядай, бүкіл Жоңғарға күн сала қарап, сонау-сонау алыстағы Алтай замандасына қол бұлғап тұрғандай.

Күн Тәңір тауының үстімен жүзіп, еңкейіп барады. Тұманнан көзі ашылмаса да, бал-бұл жайнап, асыр сала ойнақтайды.

Тұманның қалқасында көз қаратпас айбарынан айырылған күн нұры әйнектен өткенде әлсірей түсіп, Зәулім еркін қарауға мүмкіндік алып келеді.

Бір табақ лепілдеген сынаптай, төгіліп кете жаздап, мөлт-мөлт еткен жасыл күн.

Ғажайып сұлулықты қимай, жас саулаған жанарын қыса, Боғда тауының төбесіне келгенде миллион жылдық сабырынан айырылғандай шолжаң албырттыққа басқан күнге ұзақ телміріп отырғанында, күнмен жарысып келе жатқан сайгүлік жиырма бірінші ғасырдың Ұлы Жібек жолына түсіп үлгірді.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мұхтар Шаханов Арыстанбаб кесенесінің жанындағы зиратқа жерленетін болды, деп хабарлайды MadeniPorta...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Оқиға Түлкібас ауданының орталығындағы «Береке» базарында болған, деп хабарлайды MadeniP...