Рахымжан Отарбаев. Тұрсын, перінің қызы және мен

Фото: ашық дереккөз

ӘДЕБИЕТ
71

(Қаз-қалпында)

Түнімен үзіліп-жалғанып түс еніп, ұй­қым қашады. Көретінім қоздап жанып, қо­ламтасы қалған балалық шағым-дағы. Шы­ғар күннің шуағына шомылып, баяғы қы­зыл алтындай балқитын иен шағылдың ішін­де жүремін. Алдымды әлдебір елес­тер кес-кестейді. Жөн таппай адасамын кеп. Жоқ жерден бойымды ұят буады. Ал­­қымым іседі. Даусым қарлығады. Құ­ла­ғыма алыстан талып жеткен сыбызғы үні келеді. Сыңсып жылаған қыз екен дей­мін.

***

Қыр жайлап қонған үш үй едік. Қы­ры­мыз шағыр мен жусанға бөккен қоңыр­лық. Ара-арасында шөккен нардай боп сұ­лап жататын аспа-түспе шағылдар. Таң­ғы шық қалың түссе беті жол-жол боп жен­тектеледі. Оқушының сия тамбаған жа­зу дәптеріндей еді.

Шағылдың орта шеніндегі тақырлау тұс­ты көздеп кеп құдық қазылатын. Асып кет­се кісі бойы қол созым.Тұс-тұстан кү­міс инедей жылтырап аққан судың мөл­дір­лігі керім. Сімірсең көкірегіңді ашады.

Таң­ғы ауасы тынысы бардың бәріне дәру-тін.

Иә, бар-жоғы үш үй едік. Дайыр шал мен Уәсила кемпір және бойжеткен қызы Тұр­сын. Шал момындықтан шөккен түйе­ге міне алмас. Басындағы жиегі ақжем та­қиясына қос құлағының ұшын қыстыра киіп отыратын. Уәсила — адуын қара кем­пір. Секпіл бет сары қыз оған өгей. Шал­дың бұрынғы кемпірінен қалған қарға.

Адуын қара кемпірді долылық қысса Тұр­сынға күн жоқ. Қашан көрсең де нан жа­барда ұн елеп, елек көзінен өтпей қал­ған ақбас құртты домалатып отырғаны. Ал қолтығына қап қыстырып, тезек тере шық­са, өз-өзінен нұрланып қайтатын.

Әке-шешем ылғи да алыс сапарда. Ерік өзімде. Ертеңді-кеш екі көршіні еркін жағалаймын. Әсіресе, Зәйдаш шешеме үйірмін. Кіндігінен жарылған толық кейуана. Теңселе басып жүргенде кішкене киіз үйі қалшылдап кететіндей көрінетін. Оның да үкілеп отырғаны – жалғыз қыз. Ай­дар таққыш жұрт – Перуша десетін. Шын атын ұмытыппын. Қиылған қасы, әдемі қыр мұрыны. Жаңа жауған жас қардай ақтығы. Ал, дөңгелене біткен қара көзде …үнемі балқып, маздап жатар бір тылсым бар-ды. Әй, бұл адам нәсілі емес деген қаңқу рас та шығар.

Зәйдаш шешем қызының төбесінен құс ұшырмайды.

– Өзім таптым. Семіз қатынның бойына бала біткені біліне ме? Әрі толғағым жоқ. Осы жұрт та.., – деп сөз аяғын жұта қоя­тын.

Жұрт көңілі – таразы. Есе жібере ме?

– Байдан жастай қалған. Осы маңда ұш­қан қарғадан басқа жан иесі жоқ. Ер­кек мекіренбеген байғұс қайдан жерік бо­ла қойсын. Перінің қызы да, – деген сөз ай­наланы желді күндей ұйтқытады.

Десе дегендей. Қаншама сұлу болса да тілсіз әрі құлақсыз еді. Тек анда-санда қылдай нәзік дауыспен уілдеп қана жы­лай­ды десетін. Сол кемістігін өзі де елең қылмайтын сынды. Жүздескен жерде ал­­дымен жымиятын. Сосын басын оң иы­ғына сәл құлатып, көзін ашып-жұмар-ды. Үнемі балқып, маздап жатар әлгі тылсым күллі сұрағыңа үнсіз жауап беретін.

– Зәйдаш кешкі ақ пен қызылдың ара­сында құдықтан су тартыпты. Қараса жа­нындағы шағылдың етегінде осы қыз ша­шы жалбырап ойнап жүр дейді. Тілін кә­лимаға келтіріп, шелегін тастай қашқан екен. Ізінен еріп, соңынан қалмапты. Үйі­не бірге келіпті. Пері көшетін кез ғой. Үйі­­рінен адасып қалған да, – деп отыратын Дайыр шал әуес көрген келім-кетім­ге.

– Таза перінікі емес, – дер еді Уәсила кем­пір шалына көзін оқтап. – Әкесі қазақ шы­ғар. Перінің қыз-қатыны біздің еркек­тер­ден тұқым алуға құмар десетін. Содан туған да. Баға алмаған соң тастап кеткен.

– Пәлесінен аулақ! – дейді осы әңгіме ай­тылған сайын момын байғұс өзінің ол іс­ке қатысы жоқтығын қайта-қайта сез­ді­ріп.

Екі бойжеткен жақын құрбы да емес, бір-бірін жат та көрмейтін. Тұрсын қолы қалт етсе ескі матаның жібін сабақтап суы­рып, кесте тоқыр. Кестені қолға алса баяу ән бастайтын. Ондайда Перуша жа­ны­на кеп алдымен жымиятын. Сосын ба­­сын оң иығына сәл құлатып, көзін ашып-жұмар-ды.

Көре қалса Уәсила кемпір: – Өнбес іс­ті өне­ге қылуын! Осылар қатын боп, қа­зан ұс­тап жарытпас. Кеше тезек қораның ау­­зын жаппапты. Бүгін бұзауды жамыратты. Саууға барсам енесін қақтап еміп тұр. Қой, бұл қаншықты, қой, – деп қаралай тұ­­лан тұтар. Соны күткендей кішкене киіз үйін қалшылдатып Зәйдаш шешем де шы­ғар.

– Әй, қарғанба! Шәй қатықсыз қалған кү­нің бар ма осы? Ертеңді-кеш сүтті бұ­лақ­тай ағызып отырсың. Кім ішіп жатыр соны? Бұзау емсе – несібесі. О, несі-
ай! – деп қайырар. Көрші кемпірдің көңіліне ке­лер демейді. Теңселе басып сол үйге бет­тейді. – Қуырдағың пісті ме? Таң ат­қа­лы нәр сызбадым. Ыстылай әкеле ғой. Әлгі Дайыр қайда?

Кешкі шәй баппен ұзақ ішіледі. Тас­құ­ман жыңғыл шоғына бауыр төсеп, түкірік атып тұрар. Қойны-қоныштарын қуалаған ағыл-тегіл тер алуан әңгімені айдап шы­ға­рар. Күндізгі томаға-тұйықтық жайына қалар. Әйтеуір бір аталары он екі қанат киіз үй тігіпті. Уығын ат үстінде жүріп бай­лап­ты. Әйтеуір бір аталары бәстесіп самаурынды қағаз ақшамен қайнатыпты. Әйтеуір бір аталары…

Шығандап кеткен әуе­зе ақыры былтыр қайымай қалған сары інгенге де жетіп әреңдеп жығылар. Он­дайда Дайыр шал: – Баяғы заман бол­са. Орынбор мен Тұзтөбенің жылқысын үйірлеп айдап әкелетін. Жері шүйгін. Көк майса. Сойса қазысы табан шығар ма еді? – деп бір желпініп қалар.

– Ибай, барымта неңді алған. Былтыр сиыр­дың шикі жапасына тайып жығылып, то­бығыңды шығарып алғансың. Қой, тыныш отыр, – деген кемпірі түскірдің сөзін ес­тіп барып есін жияр.

Ай табағы аспанда дөңгеленіп, тас тө­беде тұрып алар. Суық сәулесін себелер. Ондайда шөккен нардай боп сұлап жа­татын аспа-түспе шағылдар да байыз та­бар. Лүп еткен жел де тыншып, айналаны ұйыған жым-жырт тыныштық басар. Ан­нан-мұннан секек қағып қосаяқ қана жү­гіретін. Түнгі салқынмен екі бойжеткен ша­ғыл басына көтеріледі. Қосаяқ қуып жа­рысады. Жәй ермек үшін. Секек қақ­қан неме жеткізе қоя ма? Сынық сүйем құй­рығымен алдап жөңкиді кеп. Бор­пыл­дақ құмға тобықтан батып алдымен Тұр­сын алқынады. Қиқулап шауып мен де бол­дырамын. Тек Перуша ғана табаны құм баспай көз алдымызда есіп бара жа­тады. Көрініп-жоғалып тұңғиыққа бата бе­реді. Содан ізім-қайым! Үміт үздіріп ба­рып ай астында еркін қалқып, қанатсыз қа­лықтап оралатын.

Бір күні таңертең:

– Ибай, мынау әлгі Сандыбайдың жү­гір­мегі ме? Кәдімгі сиыршы, – деген Зәй­даш шешемнің самбырлаған даусынан оян­дым. – Әрмиден келдім дейсің бе? Киі­­мін қарай гөр. Сымдай тартылып тұр. Әс­­кер мұндайларды адам қылмай жібере ме?

Әлдекім қымсына күледі. Есік көзіне жү­гіре шықтым. Кәдімгі – Жігер. Өңірін-дегі өңшең жез көз ұялтады. Тіпті, жез түй­месі де жарқырап тұр. Екі бойжеткен де соларды қызықтап әлек. Қыр адамына бәрі таңсық. Алақан жүгіртіп сипай ма-ау. Жұрт­тың соңынан басындағы жиегі ақ­жем тақиясына қос құлағының ұшын қыс­тыра киіп Дайыр шал да жетеді.

– Балама батамды берем, – деп жете бере алақанын кең жаяды.

– Қайдағы бата? Жұрт кетерде берер еді. Бұл әскерден келіп тұр. Алжымасаң ішкен асың бойыңа жұқпай ма? – деп Уә­сила кемпір қаралай шаршап қалады.

– Е, аман-есен жүрсін де…

Жігер шыжыған шілдеде де әскер киі­мін тастар болмады. Картузы қоқырайып құдық басынан шықпайды. Аңдығаны екі апам. Алма-кезек су алуға келгенде жұ­ғы­сып қалуға құмар. Сосын үлкендерге қа­расын көрсетпей шөккен нардай боп сұ­лап жатқан шағылдардың ара-арасына сіңіп жоғалар.

Перушаның маған дегенде ықыласы бө­лек-тін. Жапан даладағы жалғыздығын менімен толтырғандай еді. Тілсіз сөйлесер ек. Ол да көп сырын айтатын. Үнсіз жы­миы­­сымен. Үнемі балқып, маздап жатар көзқарасымен. Мен де біраз әңгіменің бұ­рау басын шалатынмын. Ойша. Кей тұ­сын ыммен. Дауыстап айтсам кемістігін әшкерелеп тұрғандай көрінетін…

– Қай апаң жақсы? – дер келесі жолы келгенінде менен сол Сандыбайдың жү­гір­мегі.

– Екеуі де, – деймін бойым аттың те­бін­гі­сіне жетпей тұрып.

– Сонда да.

– Перуша.

Сосын қолыма бір сом ақша қысты­ра­ды.

– Менен сәлем де!

Айта алмадым. Бірақ ол бәрін сезді. Жы­миып кеп құшағына ап, бетімнен сүй­ген. Ерні тиген жер өртеніп бара жатты.

Апта айналмай жатып Жігер қолыма та­ғы бір сарықұлақты қыстырады.

– Перушаға сәлем айт. Мына тәпішкіні апа­рып берші. Сыйлығым. – Оралған қа­ғаз­ды қойныма тыққыштайды.

Жылжып кішкене киіз үйге беттеймін. Ал­дымнан иінағашқа екі шелегін іліп Тұр­сын шығады. Бәрін көріп-білген де. Жүзі қызарып, секпілі бетінде қалқып тұр.

– Жігер не деді?

– Ештеңе.

– Шыныңды айт. Қойныңа тыққан не нәрсе?

– Тәпішкі.

– Маған ба?

– Жоқ.

– Бере ғой. Перуша бәрібір ондайды тү­сін­бейді. Мә, мынаны ал, – деп бір уыс кәм­пит ұсынады. – Жеп көрші, дәмі кере­мет…

Сол күні Перушаға жоламай қойдым.

Келесі де Тұрсынға деп берген күміс сыр­ғасын Перушаға ұсындым. Ықылассыз алған.

Сөйтіп, көрші апаларымды алма-ке­зек сата бердім. Сандыбайдың жүгірмегі бі­реуін алып кетсе, оңай олжадан қағы­ла­тынымды білдім. Маған деген екі жақ­тың да зәрулігі мектепте сабақ бастал­ған­ша жалғаса берсе дейм. Арғы жағын кө­рер өздері…

Күміс сырғаны Зәйдаш шешем құла­ғы­на тақты. Күмістелген шашымен кере­мет­тей үйлесіп тұрды.

Перуша содан бастап өзгере берді. Ша­шы жалбырап ойнап жүрді дейтін ша­ғыл­ға кеп, батар күннің бояқ сәулесіне қа­рап мұңға шоматын. Әлдекімдерді күт­кен­дей… Әлдекімдердің елесіне за­рық­қандай…

Тұрсын сол тәпішкісі түскірді тезек қо­раның түкпіріне тыққан. Уәсила кемпір та­уып алыпты.

– Қаншық мұны кім берді?! Неге жа­сы­расың? – деп қызын құдық басына дейін қуып жүріп сабаған. – Байға қаш­қа­лы жүрмін де? Зар күйіңе жеткен екен­сің. Көрсетейін саған!

– Әй, тоқтат! Жетімекті неге сонша ба­­сы­насың, – деп алдарынан теңселе ба­­сып Зәйдаш шешем шыққан. – Осыдан бар ғой…

– Азғырып жүрген әлгі Сандыбайдың жү­гірмегі. Оңбаған неме! Құтыла алмай отырсаң бер өз періңді!

– Тіліңді тарта сөйле! Ал, берем. Алтын асықтай бала. О, несі-ай!

Құдық басындағы даудың мәнін ұқпа­ған Дайыр шал: – Батамды берем, – деп жат­ты.

Сол түні Тұрсын апам Жігердің атының артына мінгесіп кетіпті. Көрші ауылға келін боп түсіпті. Тақасы қисайған ескі төп­лиін құдық басына лақтырып кеткен. Іші­не құм толтырып, қайық қып шағылда жүздіріп ойнап жүрдім. Кешқұрым Перуша су алуға шыққан. Бос шелегі иығында тер­беледі. Әдеттегідей жымимады. Басын оң иығына сәл құлатып, көзін ашып-жұмбады да. Тек үнемі балқып, маздап жататын жанарын маған тіктеп аз тұрды да, жанымнан өтіп жүре берді.

Тілі барлардың қулық-сұмдығын тү­сін­бей қойды-ау, жазған.

***

Түнімен үзіліп-жалғанып түс еніп, ұй­қым қашады. Көретінім қоздап жанып, қоламтасы қалған балалық шағым-дағы. Шығар күннің шуағына шомылып, баяғы қызыл алтындай балқитын иен шағылдың ішінде жүремін. Алдымды әлдебір елес­тер кес-кестейді. Жөн таппай адасамын кеп. Жоқ жерден бойымды ұят буады. Ал­қымым іседі. Даусым қарлығады. Құ­лағыма алыстан талып жеткен сыбызғы үні келеді. Сыңсып жылаған қыз екен дей­мін… Жыласа жылаған шығар…

author

Рахымжан Отарбаев

ДРАМАТУРГ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жол ережесін бұзған 32 жастағы жүргізушіні полиция қызметкерлері тоқтатады, деп хабарлайды MadeniPor...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға кей өңірлерде әкімдік жергі...