Жан Поль СартрЖан Поль Сартр шығармашылығын толық баяндау мүмкін емес, себебі, ол – әркімнің і...
Айымкүн Сәбитқызының жыр шумақтары
Фото: Автордан
Айымкүн Сәбитқызы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Балалық шағы табиғаты сұлулыққа тұнған, көлі егіндей жайқалған Егіндікөл аулында өтеді. Әкесі Сәбит осы ауылда мал дәрігері болып қызмет етсе, анасы Гүлшара медбике болып талай жылдар адал қызмет атқарып, бүгінде екеуі де зейнеткерлік жастағы үлкен құрметке ие жандар. Егіндікөл орта мектебін «Алтын белгімен» аяқтап, Алматы қаласындағы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түседі. «Бауыржан» қайырымдылық қорында жұмыс жасай жүріп, түрлі жобаларды ұйымдастыруға көмектеседі. Оқуды бітірген соң, Астана қаласындағы Есіл университетінен оқытушылық қызмет жолын бастайды. «Мемлекеттік жастар кадрлық резерві» республикалық жобаның қатысушысы болып, жоба шеңберінде ұйымдастырылған арнайы курстарды оқиды. Орал қаласындағы облыстық «Ақжайық» телеарнасында тілшілік қызметте тәжірибеден өтеді. Бүгінде студент тәрбиелеп, оқытушылық қызметін жалғастырып жатыр. Жолдасы Бейбіт екеуі балаларын тәрбиелеуде.
Айымкүн бала кезгі арман жетегінде кей кездері қалам алып, өлеңдер жазады. Кітап жазып, көпшілікке тың туынды ұсынуды мақсат етіп жүр. Бастамасы ретінде «Балдырған» балаларға арналған қазақ дәстүрімен негізделген танымдық ойын кітапшасын жазып шығарды. Айымкүн Сәбитқызының шабыт келіп, қалам тербеген сәтте туған «Адамның кейбір кездері» атты топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
«Адамның кейбір кездері,
Жүректе қалған іздері...
Ақ параққа сақталды,
Бар сырымды ақтарды...»
А.Сәбитқызы
ҰНАЙДЫ...
«Мен» дегеннен, «Біз» дегендер ұнайды,
«Сен» дегеннен, «Сіз» деп тұрса ұнайды.
Жүзі жылы, жаны сұлу жандардың,
Күлімсіреп салған сәлемі сондай ұнайды...
Дара адамнан дана адам ұнайды,
Қалалықтан ауылдықтар ұнайды.
Барын беріп, төрге сүйреп тұратын,
Жадырап құйған шайлар сондай ұнайды...
Шапшаңдықтан шыдамдылық ұнайды,
Жасандыдан шынайылық ұнайды.
Айтқан сөзін екі етпейтін Адамның,
Орындалар уәдесі сондай ұнайды...
Күпірліктен шүкір еткен ұнайды,
Көз тимесін, «түкір» десе ұнайды.
Бәрін айт та, бірін айт, ағайын,
Өз орнын білетіндер сондай қатты ұнайды...
(Ұнайды-ау, маған бәрі ұнайды,
Көңіл шіркін жылулықты қалайды.
Маған мына ұнап тұрған дүниелер,
Бәріне де ұнап тұрса Ұнайды...)
АҚПАРАТ
Ақпарат, ақпарат, айналдыра ақпарат,
Адамдарды шатыстырып, бұл қайда апарат(ды)?
Анығы қайсы, тұнығы қайсы таппайсың,
Әйтеуір басыңда бәрін оның сақтайсың...
Сақтайсың, сатпасың бәрін неге жаттайсың,
Жалған айтқан жандарды өзінше даттайсың.
Ақпарат ау, ақпарат білесің ғой бәрін сен,
Іріктеп ап тек шындықты неге бізге айтпайсың?
Ақпараттың дұрысын біздер таңдап алайық,
Жақсыларын іздеп жүріп ерінбей табайық.
Әлеуметтік желіні «қоқыс» қылмай ағайын,
Жақсы жақсы жаңалықты жарқыратып салайық...
КӨРІС КҮН
Көктем келді, көңілді көріс келді,
Көңілменен көпшілікке көріс енді.
Ақ тілектер жүректен ақтарылсын,
Жаратқаннан баршаға бақ дарысын.
Әкешіммен амандасып алайын,
Анашымның бауырсағын салайын.
Амандасып үлкенменен жаспенен,
Ықыласпен ақ батасын алайын...
КӨҢІЛІМДІ КІРЛЕМЕШІ...
Ақ көңілімді кірлемегін,
Кірлемегін сен оны ірлемегін.
Дұрыс болар одан да сен оны,
Жылы сөзбен, құшақпен емдегенің..
Бүгін саған күлгенім шынайы емес,
Шынайы емес, жай ғана шырайлы елес.
Шып шып етіп сөздерің шымырлатты,
Том том болып жазып жатыр мына бір ес...
ТІРШІЛІК ТҮЙІТКІЛДЕРІ
Тіршіліктің күйбің тірлік тұйтқылдары,
Білмеймін мені сонша тұтқындады.
Тура басып, тік жүріп келген едім,
Жүрек шіркін өз кеудемде бұлқындады...
Бұлқындады бір кезі бұлқынбады,
Тіршіліктің түйіткілімен салқындады.
Тулап келген, шулап келген бар жігерім,
Содан кейін неге екен алқынбады...
Қолыма қалам алдым жылдар салып,
Қалыпты жазбағасын қолым талып.
Бір құдірет жетелеп алып келді,
Арамызға керемет жанды салып...
ӘКЕ МЕН АНАҒА
Аппақ көңіл, ашық мінез Әкеміз,
Жаныңызда аяулы асыл Анамыз.
Өздеріңдей жандардан тәлім алып,
Жақсылыққа толы бүгін санамыз.
Адамдарды ешқашан даттамайсыз,
Аманат пен уәдеден аттамайсыз.
Ең жақсы қасиет сіз ешқашан,
Кек пен реніш кеудеде сақтамайсыз...
Денсаулықты ең бірінші байлық дейсіз,
Келмей жатсақ жас балаша елеңдейсіз.
Тума туыс ағайын бауырларға,
Шын көңілмен шапқылап өбектейсіз...
Немере жиендер өсе берсін,
Шөберелер артынан ере берсін.
Ата анамыз шаттанып ортамызда,
Әр күніңіз шаттыққа тола берсін.
БАУЫРЛАРЫМ
Бауырларым бар жанымды түсінеді,
Сен мұңайсаң бірге өзіңмен күрсінеді.
Тулап жатқан, шулап жатқан жанымды,
Сендерден артық айтшы кімдер түсінеді?
Бауыр бүтін болсын деген ұлы тілек,
Болайық бір бірімізге мықты тірек.
Ата анамыз аман боп жанымызда,
Жүрейік бұл өмірде әркез демеп...
АЛМАТЫМ АЛАҢДАТТЫ
[Қаңтар оқиғасы кезінде]
Ағы қайсы, қарасы қайсы білмейсің,
Ойлап кетсең, көзіңді еш ілмейсің.
Қазақтар қазақтарға жау болды деп,
Шулап жатқан «интернетке» сенбейсің.
Аналардың жүрегі жараланды,
Алматының түні сондай қараланды.
Адамдар адамдарға оқ жаудырып,
Ешкімге де мейіріммен қарамады.
Көз жастан неге сен қорықпадың,
Кең дүниеде қалайша тарыққаның.
Әр қазақ бір біріне бауыр деген,
Нақыл сөзді қалайша ұмытқаның...
ТАҢҒЫ ОЙ
Ойлаймын,
Ойға мен тоймаймын.
Әр нәрсені бір ойлап,
Мен бәрібір қоймаймын...
Қоймаймын,
Соны мен ойлаймын.
Арасында жыр жазып,
Өзімше бір тойлаймын...
Неге мен сондаймын...?
ЕРЕКШЕ КҮН
Кеше күн ерекше болды жарық,
Қара жер аппақ қарға болды қарық.
Көзім тоймай айналаға қарадым,
Көңілім де жадырады бір шалқып.
Кеше күн ерекше болды әдемі,
Әдемілік жанымды бір емдеді.
Мейірімге толы болды жүрегім,
Осы сәтті сондай күтіп жүр едім...
ТЕҢІЗДЕН СОҚҚАН САМАЛ ЖЕЛ
[Қызыл теңізге арнау]
Теңізден соққан самал жел,
Ойымды менің қозғап кел.
Жаныма жайлы дем беріп,
Аспанмен асқақ самғап кел.
Теңізден соққан самал жел,
Көңілге шуақ шаттық бер.
Күннің ыстық нұрымен,
Күлімдеп жайнап есе бер.
Теңізден соққан самал жел,
Сезімге мені бөлеп кел.
Көк аспанмен сырласып,
Ақша бұлтты жарып кел.
Теңізден соққан самал жел,
Тоқтамай талмай есе бер.
Жағалай жатқан жерлерге,
Жақсылық жырын төге бер...
Түйгенім
«Көрпелер» бар қонаққа жайылмайтын,
«Тағамдар» бар дастарханға қойылмайтын.
Барға шүкір, жоқты бар қылатын,
«Пейілдерді» жақсы көрем тарылмайтын...
Айымкүн Сәбитқызы
Орал қаласы