Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының және оған қарасты өңірдің бас кітапханасы Ғ, Сланов облыстық ғылым-әмбебап кітапханасы бастаған кітапханалар желісі мен облыстық халық шығармашылығы ұйымдастырған бұл іс-шара сан алуан кітап көрмесі мен думанды іс-шаралар тізбегіне ұласты. Жергілікті ақын-жазушылар өз кітаптарын қолтаңбасымен ұсынып, руханият пен оқырман бір арнаға тоғысқан күн апта бойы сәтті жалғасын тапты.
Атырауда өткен кітап мерекесіне қазақтың қазіргі таңдағы белгілі ақын-жазушылары мен баспа үйлері арнайы шақырылды. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ерлан Жүніс, белгілі бестселлердің авторлары Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбілқайыр, Әлішер Рахаттар бірнеше күн бойы атыраулық оқырмандармен кездесулер өткізді. Ғ.Сланов кітапханасында өткен кездесуге болашақ филологтер мен журналистер, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатынасты. Кездесу барысында Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір», Әлішер Рахаттың «Үнсіз көлеңке» романдары оқырман назарына ұсынылды. Еліміздің ең ірі өндірістік оқу орны С.Өтебаев атындағы мұнай газ университетінде «Бесқонақ. Кітапқа ғашық ету амалы» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Болашақ мұнайшылар үшін ақын-жазушылармен кездесу – екі түрлі әлемнің тосын түйісуі секілді: бірі жер қойнауын зерттесе, екіншісі адам жанының тереңін қазиды. Бірақ осы екі бағыттың түпкі мақсаты бір — мән іздеу, ақиқатты табу. Формулалар мен техникалық есептердің арасында жүретін студент үшін көркем сөз – ойды кеңейтетін, қиялды оятатын басқа бір кеңістік ашады. Мүмкін, дәл осындай кездесулер олардың тек кәсіби маман емес, ойлы, сезімтал тұлға болып қалыптасуына әсер ететін шығар. Өйткені мұнай өндіру үшін жерді түсіну керек болса, қоғамды алға жылжыту үшін адамды түсіну қажет.

Жергілікті ірі сауда үйлері мен кітап баспалары арасындағы ынтымақтастық меморандумы – сауда мен руханиятты қарсы қоймай, керісінше, бір арнаға тоғыстыруға жасалған батыл қадам. Кітап енді тек кітапхана сөресінде ғана емес, күнделікті өмір ағымының ішінде, адамдар көп жүретін кеңістіктерде көріне бастайды. Бұл – оқырманды кітапқа шақырудың емес, кітапты оқырманға жақындатудың жаңа тәсілі. Мұндай бастама кітапты «ерекше дүние» мәртебесінен түсірмей, керісінше, оны өмірдің табиғи бөлігіне айналдырады. Сауда орталығы – тұтыну символы болса, кітап сол кеңістікте ойлану мәдениетін енгізеді. Осылайша, қоғамда материалдық және рухани сұраныстың тепе-теңдігі қалыптаса бастайды. Атыраудағы «Насиха», «Сыйлық», «Атырау». «Тамаша» сауда-ойын-сауық орталықтарында енді «Sana Publishing», «Steppe&World», ТОО «Көкжиек-Горизонт» баспа үйі және «Mazmundama» баспаларының өнімдері қойылатын болады. Бұл ынтымақтастықтың жаңашылдығы – кітапты насихаттаудың дәстүрлі шеңберінен шығуында. Әдебиет өз оқырманын күтпей, оның күнделікті маршрутына енеді. Ал мұндай қадам ұзақ мерзімде оқырман санын ғана арттырып қоймай, ойлау сапасын да өзгертетін ықпалға ие.
Кітапханашы – кітап сақтаушы ғана емес, уақыт пен ойдың арасындағы дәнекер. Ол оқырманға жай ғана кітап ұсынбайды, кейде адам өзіне керек дүниені таппай жүргенде, соған апаратын жолды сезеді. Бір қарағанда оның жұмысы тыныш көрінеді, бірақ дәл сол тыныштықта ең маңызды таңдау жасалады: қандай кітап, қандай ой, қандай бағыт. Кітапханашы – назар аудартпай әсер ететін мамандық. Ол пікірін міндеттемейді, бірақ дұрыс сұраққа жақындатады. Қоғамда көп айтылмайтын, бірақ терең өзгерістер дәл осындай үнсіз еңбектен басталады. 23 сәуір тек Кітап мерекесі ғана емес, кітапханашылар мерекесі болып та бекітілгені - әдемі үйлесім. Осы мерекеге орай Ғ.Сланов кітапханасында өңір кітапханашылары Облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә. Жоламанов, облыстық мәслихаттың депутаты Ф.Төлеева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қ.Бисалиевтер қатысқан салтанатты жиында кітапханашы мәртебесі туралы әсерлі ойлар айтылды.

Кітапхана түні – уақыттың әдеттегі тәртібі бұзылатын ерекше сәт: күндіз үнсіз тұрған сөрелер түнде «сөйлей» бастайтындай әсер қалдырады. Қарапайым оқу залы бір мезетте ой мен қиял тоғысатын кеңістікке айналып, адамдар кітапқа емес, өзіне жақындай түседі. Түнгі тыныштықта оқылған бір сөйлем кейде күндізгі жүз ойдан терең әсер қалдырады. Сол себепті бұл тек мәдени шара емес, адамның ішкі әлемімен бетпе-бет келетін сирек мүмкіндік. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы қабырғасында өткен «Кітапхана түні» бұл жолы да әдеттегі форматтан асып, ерекше атмосферасымен есте қалды. Кеш басталысымен-ақ оқу залдары тіріліп, кітап пен оқырман арасындағы байланыс жаңа реңкке енгендей болды. Іс-шара аясында кітапханашыларға құрмет көрсетіліп, олардың елеусіз еңбегі көпшілік алдында лайықты бағаланды. Бұл сәт – тыныш еңбек иелерінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін еске салған символдық көрініс еді. Сонымен қатар, ұйымдастырылған куиз ойындары мен интерактивті бөлімдер жастарды тартып, кітап әлемін ойын арқылы қайта танытты. Әрбір қатысушы тек көрермен болып қалмай, осы рухани қозғалыстың бір бөлігіне айналды. Іс-шараға жиналғандары кітапхана басшысы С.Ізмұханбетова құттықтап, кітапханамен дос болуға шақырды. Осылайша, «Кітапхана түні» тек шара ретінде емес, ой мен мәдениетті біріктіретін тірі кеңістікке айналды.

23 сәуір – Ұлттық кітап күні Сұлтан Бейбарыс алаңы бұл жолы жай мереке емес, түрлі буынның бір кітап айналасына жиналған рухани тоғысу алаңына айналды. Алаңда өткен жәрмеңке мен мәдени іс-шаралар, концерттер мен мюзиклдар, автограф-сессиялар бір кеңістікте тоғысып, 8000-ға жуық көрерменді өзіне тартты. Елдің 8 баспасы әкелген 5 мың кітаптың 4 мыңнан астамының оқырман қолына өтуі – сөздің әлі де сұраныста екенін айқындаған тірі дәлелдей әсер қалдырды. Сахна төрінде облыс әкімі Серік Шәпкенов жыл үздік оқырмандарын марапаттап, кітапқа деген адалдықтың жаспен өлшенбейтінін тағы бір мәрте көрсетті. Марапат мінберіне 7 жастағы баладан бастап 87 жастағы қарияға дейін көтерілуі – кітаптың уақытқа бағынбайтын құндылық екенін сездірді. Ал отбасымен бірге оқып, бірге оқырман атанғандар бұл үрдістің жеке әдет емес, ортақ мәдениетке айналып келе жатқанын дәлелдеді. Ерекше әсер қалдырғаны – бір жылда 60 кітап оқыған он жасар баланың да, 150 кітапты еңсерген зағип жас жігіттің де сахнаға шығуы еді. Бұл сандар құр статистика емес, ерік-жігер мен ішкі әлемнің өлшеміне айналды. Көпшілік олардың жетістігін тыңдай отырып, кітаптың адам мүмкіндігін кеңейтетін күш екенін қайта сезінгендей болды.

Алаңдағы кеңістік бір сәтке кәдімгі қала емес, кітап ішіне енгендей әсер берді: декорациялар мен сахналар, сөрелер мен шығармашылық бұрыштар бір үлкен «оқырман әлемін» құрады. Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің қатысуы бұл мерекені тек әдеби емес, тұтас мәдени синтезге айналдырды. Ал кешті Төреғали Төреәлі бастаған концерттік бағдарлама түйіндеп, мерекеге серпін мен эмоция қосты. Осынша үлкен әсер қалдырған кештең артында сахна сыртындағы үлкен шығармашылық, техникалық топ тұрғанын айта кетпеске болмайды. Облыстық халық шығармашылығы орталығы - түрлі дәрежедегі фестивалдерді жоғары дәрежеде өткізуге жанын салатын кәсіби де іскер орталық.
Біз жылдамдықты дамумен шатастырып алдық: тез оқу емес, терең оқу маңыздырақ. Кітапқа бөлінген уақыт – өнімсіздік емес, керісінше, ойдың пісіп-жетілетін кеңістігі. Асықпай оқыған адам ғана асықпай шешім қабылдайды. Кітапханалар – жай ғана сөрелер жиынтығы емес, үнсіз диалогтар өтетін орын. Мұнда әркім өз уақытымен сөйлеседі: біреу өткенмен, біреу болашақпен. Ал кітапханашы – сол үнсіз әңгімелердің көзге көрінбейтін үйлестірушісі. Кітап оқитын өңірде дауыс қатты шықпайды, ой тереңірек жүреді. Ондай жерде пікірталас айқаймен емес, дәлелмен өрбиді. Бәлкім, шынайы мәдениет дәл осыдан басталатын шығар.