Біз кітабымызды өте көне, «топан суға дейінгі» деп аталып кеткен заманнан бастайық деп о...
Ақын Дәулет Жадырасынның өлеңдері
автордан
СУРЕТ
(микропоэма)
І
Екі, екі, жердегінің бәрі екі,
Тілек екі, жүрек екі, жол екі.
Қақ бөлініп Донбасс қалды, түтіндеп,
Қара албасты тұтатқандай темекі.
Ібіліс тұр қала үстінде масайрап,
Жесір қалды жасыл аймақ, жас аймақ.
Босағада жылауық жел боздайды,
Шерлі шаһар шат тірліктен босай қап.
Бұлт астында балқып жатыр сайқал-Күн,
Сайқал-Күнің нөсер болып айтар мұң.
Қарқылдайды қақ бөлінген қалада,
Асыранды қарғалары Шайтанның.
Саябақ та сәби сынды кекілді,
Жұбатқысы келеді жел жетімді.
Елегізген оралар деп екі ұлды,
Кәрі ананың соңғы үміті секілді
дірілдейді тұла бойы көп талдың.
Ортасында отыр кемпір жоқ-бардың.
Соқыр түнде шамы сөнбес шешейдің
Санасына тас атады сотқар мұң.
Екі есімді айтады ана күбірмен,
Екі сурет қабырғада ілінген.
Кәрі ананың соңғы үміті секілді,
Жалғыз шамның жалыны тұр дірілдеп.
Екі, екі, бір де – екі, бәрі – екі,
Қарт ананың қайғысы екі, зары екі.
ІІ
Қыртыс маңдай, қатқыл дауыс командир
маңғаздана шегіп болып темекі,
«Қанды» өмірдің соңғы әмірін жеткізді,
Жаны құрсау сарбаз дабыл қағарда:
«Қаймықпаңдар қас дұшпаннан, бар алға!
Аяушылық жасамаңдар адамға.
Қашар болсаң, жасар болсаң кері қадам,
Өз-өзіңді атып өлтір одан да».
Екі Отанның ерегесіп ерлері,
Екі мүдде кескілесті алаңда.
Ұңғы біткен күткен сынды бұйрықты,
Оқтар ұшты жұлдыздардай құйрықты.
Алаң үсті «алақайлап» Ажал жүр,
Ат қып мінген уақыт дейтін жүйрікті.
Кеңкілдейді кеуделерден жан жұлып,
Алақ-жұлақ қос көзіне қан жүріп.
Сөніп жатты білте шамның отындай,
Өліп жатты жанмен бірге мәңгі үміт.
Ұрыс іші бірін-бірі көрді айқын,
Екі сарбаз көрінбейтін жаудай тым.
Екі жанар іздеп тапты бір-бірін,
Екі жанар бір-бірінен аумайтын.
Жатқанымен жүректерге сыз кіріп,
«Дұшпан көзде» тұнып тұрды ізгілік.
Қақтығысқан қалың әскер ішінде,
Қарайды үнсіз екі жанар үздігіп.
Екі жанар, екі мүдде, ел екі,
Қан майданда болмайды ешбір жол екі.
ІІІ
Екі Отанда егізі бар есейген,
Бір ай бұрын хабар келді шешейге:
Украина сарбаз қыпты біреуін,
Бір сыңары сап түзепті Ресейде.
Бұдан асқан қайғы бар ма тірлікте?
Тірлікте бар бұдан асқан сұмдық не?
Екі Отан шідерлейді екі ұлды,
Екі мүдде жібермейді бірлікке.
(Қолдамайды, қорғамайды кім елін?!)
Келген хабар қақ бөлді ана жүрегін.
Қан майданда болмайды ешбір жол екі,
Бірі өмір сүруі керек, бірі – өлім.
Жылайды ана: үміті – екі, мұңы – екі,
қай Отанға білмей жеңіс тілерін?!
Нәзік демі шам отындай дірілдеп,
Елжірейді екі есімді күбірлеп.
Енді қайтіп, қалай көзі ілінбек?
Қабырғада қос сурет тұр күлімдеп.
IV
Темекінің тұқылындай таптаған,
Оты сөніп, шала бықсып жатты алаң.
Қан жылаған секілді анау сайқал-Күн,
Жердің беті өлекселер қаптаған.
Қан майданнан аман қалған халықты,
Таң қалдырған бір қызық жайт болыпты:
Өліктерді көміп жүріп бір пақыр,
Қос дұшпаннан бірдей сурет тауыпты.
Пақырыңның саусақтары дірілдеп,
Дұға оқыды көк-сұр ерні күбірлеп.
Екі дұшпан сақтап жүрген суретте
Жалғыз ана қарап тұрды күлімдеп.
Қаралы жұрт қарап таңдай қағады,
Қос сарбазға сұлап жатқан тәні өлі,
Тұлғасы бір, әлпеті бір, бәрі бір,
Бөлегі – ту, иықтағы погоны.
Сонда пақыр көргеніне шыдамай,
Ағытылып ағыл-тегіл жылады-ай:
«Сұм соғыс-ай, бірге туған бауыр да,
Сен деп дұшпан бола ма енді, бұ қалай?
Асып түстік хайуандық жолақтан,
Кешір бізді, Адамзатты, Жаратқан.
Егіз ерлер - бір-біріне оқ атқан,
Егіз елдер - бір-біріне оқ атқан.
Екі ұлы үшін жылайды үнсіз кәрі ана,
Екі ел үшін жылайды үнсіз Жер-Ана.
Бірін-бірі жұтады олар тоқтаусыз,
Ажал қарнын тойдырады арада.
Тұл анаға қос төсбелгі ап келер,
Қос төсбелгі бір жүректі қақ бөлер.
Украина ерлігі үшін даңқ берер,
Ресей де ерлігі үшін даңқ берер.
Қос төсбелгі құлпытастай екі ерге,
Шейіт болған шыбын жан-ай бекерге.
Сен де сыяр, мен де сыяр едім ғой,
Жер дейтұғын ғаламшарға, мекенге.
Ел болды ма көр көбейтіп көгерген,
Жер көбейтіп, адам санын шегерген?
Біз, бәріміз – егіздері тұл Жердің,
Нәсіл бөлек, ұлтым басқа дегенмен.
Сонша бауыр – жойылған ұлт, нешеме ел,
Жеңіс – жоқтау! Ал жоқтаудың несі өнер?
Құдай «бармын!» дегенменен, ұқпадық,
Ал қайтеміз Құдай «Жермін!» десе егер?
Ажал қарнын тойдырады арада,
Болған күні халық дұшпан, ел ала.
Үнсіз қайғы жұтар енді кәрі ана,
Жансыздарды жұтар енді Жер-Ана.
Бейіт басы ана қалар қаралы,
Кім өлсе де, ана болар жаралы.
Ей, Адамзат, жылатпа Жер-Ананы,
Күнәларды кешірмейді ол әлі..."
V
Бұлт артынан сығалайды ерке Күн,
Әнші құстар қайта оралды көркем үн.
Қала үстінде Ібіліс тұр шаттанып,
Қалай қызық етемін деп ертеңін.
Ұмыт бәрі - туған сынды ел жаңа,
Ылди жақта ыңырсиды жел ғана.
Жылауық жел босағада боздайды,
Қайдасың? -, деп, - қасіретті, шерлі ана.
Бәрі орнында - болмағандай кеше күн,
сөнбегендей жарық шамы көшенің.
Ылди жақта жалғыз үй бар. Сол үйдің
өшкен шамы жанбағалы неше күн...
БІЗДІҢ ҒАСЫР
Келдік біз де дүниеге адамзаттың көшімен,
Тағдыр бізді ендігі таңғалдырар несімен?
Бір сұлулық керек боп жаралдың-ау, сен осы,
Бір сұлуға құмартып келгенмін-ау, осы мен.
Қанша қауым сүрді өмір, дәуір кешті не түрлі,
Осы ғасыр – тек біздің ғасырымыз секілді.
Осы жылдар әдейі екеумізді тосқандай,
Осы жолдар әдейі екеумізді қосқандай.
Осы көше қиылысып, өттің, сірә, жанымнан,
Осы қала әдейі екеумізге салынған.
Бақыт берді – сезі ндік,
қайғы берді – қамықтық,
Сағынсын деп жаратты-ау
Ғаламшарды алып қып.
Жаралмаған ғаламда тектен-текке түк те осы,
Бақыт деген - жолдардың қиылысқан нүктесі.
Құдіретті Құдайдың санамызда сауалы,
Сауалының, жан сәулем, табылады жауабы.
Саусағың мен саусағың түйіскенде табылар,
Ерінің мен ерінім сүйіскенде табылар.
Құдай қазір тылсымды, сенші маған, ғашығым,
Жүрегіме жыр қылып жазып жатыр жасырын.
Сезе тұра неліктен қымсынасың, асылым,
Мынау – сенің ғасырың, мынау – менің ғасырым.
Осы ғасыр – тек біздің махаббаттың ғасыры!
ҚАДІР ТҮНГІ ҚҰПИЯМ
Есімде қалғаны бірнеше жайттан,
Ешкімді сендіре алмай есе қайтқан.
Құптанға құлағалы тұрған уақыт,
Құлаққа құйып ал деп шешем айтқан:
«Балам,
менің емес, ел-жұрттың бұл дерегі:
Сәлден кейін киелі түн келеді,
Қалауыңды сұрасаң шын береді.
Қадір түні көз ілмей күткен адам,
Көреді дейді әйтеуір «бірдеңені».
«Бірдеңені», - деді анам көңілдене,
Сұрамадым: «Кім Қадір, не «бірдеңе?»
Қадір деген ақсақал шығар мүмкін,
Аңыздарда жүретін небір көне.
Нұрланатын: «Алла», - деп анам талай,
Мұңданатын: «Алла», - деп анам талай.
Менің бала көңілім сонда ұққаны,
Құдай деген – не сараң, не мәрт ағай.
Бала көңіл білмеді не көрерін,
Бала көңіл біледі не керегін.
«Бірдеңені» көрмей-ақ сездім іштей,
«Бірдеңеден» көсегем көгерерін.
Күткен түнім келді ақыр. Үй қараңғы.
Анам айтқан әлгі сөз мида қалды.
Тереземнен төгіліп әппақ сәуле,
Бөлмем бір сәт ерекше күйге оранды.
Әппақ нұрға айналды қара түнек,
Періштенің құшқандай қанаты кеп.
Күбірлеймін ішімнен қолым жайып,
Ерінімде елжіреп бала тілек.
Сол әппақ нұр сәл тұрып, өшті ақырын,
Өшті ақырын, дегендей: «Қош батырым!»
Қараңғыда мен қалдым, пердені де
сырғытуға жетпеген еш батылым.
Сүйіншілеп айтқанмен ертеңіне,
Ертеңіне сенбеді ел «ертегіге».
Солай құйттай құпия болып қалды,
Сенбегені жанымды өртеді де.
Сол құпиям кеудемде сақталды көп,
Қынжыламын мөп-мөлдір шақ қалды деп.
Қуанамын және де қабыл болып,
Әппақ нұрдың алдында айтқан тілек.
Көрінбеді қайталап сол «бірдеңе»,
Қадір түні бөлмеме қонғыр неме!
Ақ сәулені жоғалтып алғаныммен,
Ақ ниетті адамдар толды іргеме.
Сый күтіп ең дегендей енді қандай,
Қамықтырды қанша түн «белгі» болмай.
Бүгін, сезем, бір бала көреді оны,
Сосын елді жүреді сендіре алмай.
ЕПСІЗ ҰЛ
Өзге ештеңе ұстамаған қаламнан,
Қолым менің қолапайсыз жаралған.
Сезем ертең өлетінін неше өгіз,
Сезем ертең сынатынын сан арбам.
Көрсеткенмен көзге қанша өнеге,
Бола алмадым дүниеме еге де.
Қолдан талай сырғып кетті балталар,
Балғам талай тимей қалды шегеге.
Қаншама рет айға қарап қалды ауыз,
Жұрт ұлындай бола алмадым жалмауыз.
Шаң басқалы қанша уақыт сарайды,
Жалғаспады шебер әкем салған із.
Пайдасына жол таппаған жеңілден,
Небір құқай көріп келген өмірден.
Менің әкем ұстасы еді ауылдың,
Өрнек өріп, түйін түйген темірден.
Жалғыз ұлы сұрап алған Құдайдан,
Шаруаға қырсыз болды жылайман.
Алданатын қиялына қайдағы,
Нан табатын секілденіп түбі ойдан.
Есімде әлі, көлік сынған күн еді,
«Көмекшісі» қиял қуған ұл еді.
Таба алмаған кілт-құралын сұратқан,
Шеберіңнің орындалмай тілегі.
Кілт екен ол естіген де көрмеген,
Көз ашқалы көргенім де болды өлең.
Сол сәт, әке, тұрғаныңда қол созып,
Жүрегіңнің кілтін таппай келген ем.
Есімде, әке, таппай керек затыңды,
Тіл қатқансың қабағыңмен қатулы:
«Сен Шәкәрім бола алмайсың, Абай да,
Ақын болма, ақылды бол, ақылды!»
Содан бері сан жыл өтті, өзгердім,
Өзгергем жоқ, өзің айтқан сөзге ердім.
Ұқтым, солай, ауырлығын темірден,
Темірден де қатты екенін сөздердің.
Сол бір сөзден жүрек оты алды екпін,
Алдаспандай алауға бір шөлдеппін.
Дұрыс, әке, бола алмаймын олардай,
Мен Шәкәрім, Абай да емес, Дәулетпін.
Кешір мені, бола алмаса тең іргем,
Тіл табыса алмай қойдым өмірмен.
Сен нұсқасаң үйрен, қызық, ізден деп,
Мен нәзіктік іздеп тұрдым темірден.
Қанатымнан тістелеп жүр қасқыр күн,
Нәзік қой деп маңдайымды тасқа ұрдым.
Жұрт ұлындай бола алмадым жалмауыз,
Мен олардан басқа ұлмын.
Балтасыз да, балғасыз да, күрексіз,
Бізге де бір күн келеді түнексіз.
Мына адамзат боп кетпесе жүрексіз,
Бір дәуірге жаралады бір епсіз.
ӘКЕ. ҮНСІЗДІК.
Өкініш, әке, көп екен бізде,
Сезбеппін өткен кезді онша.
Ағыл да тегіл сен екеумізде,
Айтылмай қалған сөз қанша…
Біздегі сырды білмеген әркім,
Білсе де, біздей ұқпайтын.
Кеудемде қырсық бірдеңе бар-тын,
Сіресіп сыртқа шықпайтын.
Ел сөйлегенмен, мен үнсіз қалдым,
Ей, менің момын ғұмырым.
Дақпыртпен соққан дарынсыздардың,
Қарашы биік тұғырын!
Қырсық шалды да, мен үндемедім,
Жеткенмен бірақ білімім.
(Сіресіп маған берілмеп едің,
Бейуақта қара жібуін).
Алыс кетпеді әлі қасымнан,
Қаралы біткен күз былтыр.
Білесің бе, әке, дабыра-шудан,
Артықтау екен біздің тіл.
Басталды менің дүмпу қанымда,
Ендім бір ерен кейіпке.
Ұлыңа сөйлер Күн туғанында,
Айналдың Айлы бейітке.
Білмеймін енді кімге сөйлеуді,
Сөздерді қайтем жан қысқан.
Аңсадым үнсіз тілдесулерді,
Шаршадым талас-тартыстан.
Кеш мені, жаздым, жаңылдым, әке,
Даурыққан күннен жауырмын.
Үнсіз кездерді сағындым, әке,
Үнсіз сөздерді сағындым.
ЖЫЛАУЫҚТӨБЕ
Алыс жол емес еді шығыны ауыр,
Жиендерін аңсататұғын ауыл.
Нағашылар еліне себеп тауып,
Баратынбыз әйтеуір жылына бір.
Көкжиекке Күн барып құлағанша,
Жөнелеміз көлікпен жұма болса.
Төркінін сағынатын анам менің,
Төркіншіл емес еді бірақ онша.
Бала едім, ойын қуған, кешпейтін мұң,
Арасында оянып кешкі ұйқымның.
Жол үстінде айтылған әңгімеден,
«Жылауықтөбе» жайлы еститінмін.
Қадымдай жер қалғанда төбе таман,
Көзге жас алады екен кенет анам.
Көңілді толқытатын осы маңды,
Сонда әкем «Жылауықтөбе» деп атаған.
Мен де мұны киеге келдім балап,
Сәттер өтті, себебін көрдім қарап:
Сол биікке шыққанда нағашымның,
Көрінеді ауылы менмұндалап.
«Менмұндалап ауылы көрінгенге,
Соған бола анашым егілген бе?!»
сол төбеге сіңдіріп анам жасын,
Кіріп бара жатамыз көңілді елге.
Мен сенбеймін, тұтас жер десе бірдей,
Өлшенбейтін Тәңірдің есебіндей.
Көне төбе сіміріп алған жасын,
Көрсетпейді еліне шешем ылғи.
Жылауықтөбе дегенде Жылауықтөбе,
Жылауықтөбе мен үшін тұрақ көне.
Мен де анамдай аңсаймын ауылымды,
Жыламаймын көргенде бірақ неге?
Жыламаймын неліктен ел көргенде,
Сезім сөніп немене шер де өлген бе?!
Әлде соңғы Сағыныш – шын Сағыныш,
Сол Жылауықтөбеде жерленген бе?