Таусыншақ күн, ақыр сөз... Ажал – түсінікті. Түсінікті емес, тоқтамсыз. Ал соңғы лепес... Қанд...
Байыт Қабанұлы. Армысың, Алмас абыз арқадағы
Фотосуретті автор ұсынды
(Өнер жолында табысып, өмірдегі досыма, сырлас ағама айналып кеткен Алмас Алматов Нұрмұқанұлы туралы ой толғау)
Қиыр жайлап, шет қонып, ата жұрттан басқа елде өмір сүріп жатқан шетел қазақтары біз үшін басың аман, малың түгел болса да, ішкі жандүниең үнемі бір нәрседен кемдік көріп, көңіліңе медеу болар бірдемелерді іздеп жүресің. Әсіресе мен сықылды ойдың адамында ойламайтын ой, толғамайтын толғам болмайды. Соның ең бір биік шыңында әлемнің түкпір-түкпірінде шашырап жүрген барша қазақтың бір-біріне деген сарғайған сағынышы тұрады.
Солардың бір көзге көрінер жетістіктері мен жаныңды ауыртар қасірет-қайғысы үздіксіз құлағыңа естіліп, көзіңе көріне береді. Әлемнің қай ел, қай жерінде жүрсе де, бір-біріне деген сағыныш жоқтауын ән, күй, өлең... дегендей, нендей бірдемемен жеткізіп жататын үндер дүниенің басқа шуынан бұрын жетеді жүрегіңе.
Ал бүгінгі әлеуметтік желі деген аса қуатты құралдың аспандап тұрған шағында әлем кішірейіп, алыста отырсаң да сол жан-жақтағы қазақтың кімінің болса да қайда, не істеп жүргенін естіп-көріп отыру тіпті де қиын болмай кетті.
Бұрын іштей ғана: «Әттең, сол адамға бір кезігіп, сұқбаттасам-ау», — деп армандайтын кімге болмасын осы кәзір өз үйіңнің төрінде отырып-ақ сол адамның жанында отырғандай сөйлесе беретін халге жеттік.
Менде де сондай «Әлем қазақтарының арасынан әттең бір кезіксем» деген талай-талай тарлан қазақтар бар. Біразына кезіктім, біразына кезіге алмай ана жаққа жіберіп қойдым. Әлі де ол әлемнің бір шетінде, мен бір шетінде болып, кезіге алмай келе жатқан азаматтар бар. Дәл сондай кезіксем деген бір адамым атақты жырау Алмас Нұрмақанұлы еді. Ол кісінің алғаш жырларын естігеннен кейін солай армандай бастадым.
Соңынан осы баяғы әлемжелінің арқасында Алмастың нұр жүзін телефоннан көрдік. Сосын ойымда жүрген бір естелікті жазып жариялаған едім. Ол төмендегідей.
КҮЙТАБАҚ
Менің әкем жыршы адам болды. «Алпамыс», «Қобланды», «Қыз Жібек», «Арқалық батыр», «Еңлік — Кебек», «Қалқаман — Мамырдан» бастап, Абай, Шәкәрім, Ақыт қажы, Ақтан, Иманғали, Мінәп атамызға дейінгі ақындардың жазған үлкенді-кішілі 300-ге тарта жырды жатқа айтатын. Сосын қайда қандай жаңа кітәп, жыр кезіксе, соны оқып, өзіне ұнаған жырды жаттап алатын. Содан сол жаттаған жырларын үйде отырып, ат үстінде келе жатып, қой жайып жүріп... қойшы, әйтеуір кез келген жерде өзінен-өзі сарнатып айтып кеп жүретін. Ол тұрмақ, кешке бәріміз жатқаннан кейін де төсегінде айтып жататын. Шешеміз:
— Зарланбай қойшы енді, түн болды ғой, — десе де, ештеме естімегендей, өлең-жырларды бірінің артынан бірін шұбыртып айта беретін, айта беретін.
Сөйтіп біз кешке сол әкемнің жырымен ұйықтап, таңертең сол әкемнің жырымен оянатынбыз. Кейін сәл ес кіріп, өлең-жырдың мәнін түсіне бастаған кезден бастап, әне жер, міне жерден бұрын-соңды естімеген жыр кезіксе, мен де жазып алып, әкеме жеткізетін болдым. Ол кезде бұл күнгідей емес, әр нәрсе тапшы еді ғой. Магнитофон деген нәрсе біздің Алтай тауларына сексенінші жылдардың аяғына ала келе бастады...
Ал менің ұстазым Жапарқан деген кісі болды. Әкемнен бірнеше жас кіші. Қазақ тілі, әдебиет мұғалімі әрі біздің класс жетекшіміз еді. Абай, Махамбеттен бастап қазақ поэзиясының інжу-маржандарын ол кісі де жатқа айтатын. Сол ұстазымның Қуандық, Тіләш деген балалары сол кездегі елдің айтуынша «сырттан» оқыды. Енді ойласам, Орыстан ба, Қазақстаннан ба оқыған шамасы. Сол сырттан оқыған балалары әкесіне күйтабақ ойнатқыш (проигрыватель грампластинок) әкеліп беріпті, сәл соңғы шыққан, қуаттандырғышпен (батарейка) жұмыстайтын түрі. Жапыш мұғалім үйрететін қазақ тілі, әдебиет деген екі сабақ болса да, ол кісі сол екі сабақты араластырып үйрете беретін. Үйретті дегенде де анау сондай, мынау мұндай дегендей тәптіштеп бірдеме айтпайды. Шәкірттерімен бірге отырып, кәдімгідей әңгіме-кеңес айтатын. «Ер Төстіктен» бастап батырлар жырын тыңдататын, тапсырма беріп, кітәп оқытатын. Болды. Ал біздің класс оқушылары қазақ тілі, әдебиет пәнінен, жалпы қазақылықтан, адамилықтан ерекше болып қалыптасты. Бүгін бір-бір шал мен кемпір болып кетсе де, кластастарыма әр кезіккен сайын әрбірінен сол Жапарқан мұғалімнен қалып қойған бір ерекшелікті көрем де тұрам.
Бір демалысқа кетерде сол ұстазымнан анау күй ойнатқыш аспапты оншақты күйтабағымен бірге аттай қалап алып, әкеме әкеп екі апта бойы тыңдатқаным бар. Ол енді сонау көк тіреген орқаш-орқаш таулардың арасында жатқан малшы ауыл үшін тым-тым таңсық дүние еді, адамдар қатты әсерленгені есімде. Ауыл адамдары күндіз кешке дейінгі күйбең шаруаларын бітіріп, ел орынға отырған кезде бәрі жиналып біздікіне келеді. Сосын:
— Ал, Байыт, әлгі өлең-жырларыңды қой, — дейді.
Кейбір жырларды қайта қой деп айнала тыңдайды...
...Кейінірек мен сол Жапыш мұғалімнің үйінен жаңадан келген тағы бір оншақты күйтабақ тыңдағанымның бірі АЛМАС АЛМАТОВ деген жас жігіттің «Жыр керуен» атты күйтабағы еді. Ғажап енді. Мен сол күйтабақтағы термелерді магнитофонның кассетасына түсіріп, әкеме әкеп бердім. Әкем оны апама табақ-табақ ет асқызып қойып, алыс-жақындағы үлкен-кішінің бәрін үйге шақырып алып тыңдатқаны бар.
Сондағы шалдардың айтқандары:
— Дәл ет пен сүйектен жаралған адам баласының дауысы осындай болуға мүмкіндік бар ма?..
— Әй, ондай болу қиын, жай адамның дауысын орыстың жасаған техника аспабы арқылы осындай етіп жазған болуы мүмкін.
— Алла тағаланың құдіреті күшті ғой, осылай етіп жаратқан да.
— Өзі жап-жас жігіт екен, дәл қасына барып ұстап көріп, ортамызға отырғызып қойып, тірідей тыңдар ма еді-ә... — деген сықылды әңгімелер болды.
Әкем жарықтық Алмас ағаның дауысына шын таң қалып, әне жер, міне жерде:
— Сондай да адам баласы жаралады екен-ау, — деп қайта-қайта айтып отыратын еді.
Бүгін ойласам, ол дағы сол: «Зер қадірін зергер біледі»нің қайыры екен ғой...
Кәзір Алмас ағаның термелерінің ең таза аудио, видео жазылымдарын тауып тыңдауға мүмкіндік бар, әрине. Бірақ тура күйтабақтан жазылған, аздап сырылдағы болса да, ауыл ақсақалдарының анандай әдемі естеліктерін бойына сіңіріп тұрғаннан кейін бе, әйтеуір ерекше бір жылы сезіледі, анда-санда тыңдап отырамын. Алла қаласа, сонау қариялардың арманын орындап, Алмас ағаны бір «ұстап көріп, тақ жанынан тірідей тыңдайтын» уақыт болар деп те ойлап қоямын.
Содан бері қаншама жылдар өтті. Жарықтық аталарымның көбі көрінбес жаққа жол салды. Ал ЖЫР КЕРУЕНІ тоқтаусыз әлі көшіп келеді.
Бұл жазылымды мен 2018.03.10-ында жазып, желіге қойдым. Қанша мың адам оқып, неше жүз адам астына өз пікірлерін жазып жатты. Енді тек сол пікірлерді жинақтап жазып шықсаң, жыр және жырау туралы, күйтабақ туралы кішігірім бір кітәп етіп шығаруға болар еді. Сол көп пікірлердің арасына әлгі атақты жырау Алмас ағам да:
«Құрметті Байыт бауырым! Мұзарт шыңның қиясындағы, ақиық құстың ұясындағы — тегеуріні темірдей тұқымнан қалған тұяқ едіңіз. Мен де қаһарлы, қайсар, мөлдіреген нәзік жырларыңыз арқылы өзіңізбен әлдеқашан бір туысып кетіп едім. Мына жазған жаңалығыңыз тосын сый болды! “Тау менен таудың ұшар шыңы алыс тұрғанымен, етегі жақын жатады” дегендей, ақын мен жыраудың да қиял құсы қатар жайлап, бірге қыстар “Жыр керуенінің” қонағымыз. Алла ортақ тілегімізді беріп, аман-есен қауыштырғай!..» — деп сөз қалдырыпты.
Көрдіңіз бе, ол кісі де мені сырттай өлеңдерім арқылы таниды екен.
Сөйтіп армандап жүрген адамыма желі арқылы болса да осылай «араласып» бастасам да, сол «кезгермін» деген арман қалпынша қалды. Сөйтіп Орхон даласында тағы да бір алтын күз келіп, табиғаттың болып-толып тұрған ғажайып шағында әлгі ағам телефон арқылы хабарласып:
— Екі-үш күнде Монғолияға, Улаанбатар қаласына іссапармен баратын болдым. Атақты ЖАҢҒЫР эпосының халықаралық жиын-тойы болады екен. Соған барамын, күтіп ал, — дейді.
Ал қош, көктен тілегенім жерден табылды. Барыс деген ақын бауырым екеуміз күтіп алып, Ұланбаатардың Шыңғыс хан аэропортында жыраумен қуыштық. Ең кереметі — біз алғаш кезігіп тұрсақ та, неше жылдар бойы бірге жүрген аға-інілердей, жан дүниеміз еш жатырқамай, бірден шұрқырасып табысты.
Монғолияның жер-жерінен, Қытайдың ішкі Монғол аймақтарынан, Орыстан Буриад, Қалмақтар, Қырғызстаннан, Қазақстаннан... дегендей, қаншама елден келген жыраулар өнер сайыстырды. Біз Алекеңнің шашбауын көтеріп, өмірбаянын монғолшаға аударып таратып, бірге жүрміз. Ол кісі Жаңғырын да, басқасын да бастан-аяқ аңыратып жіберді дейсің.
О жақ, бұ жақтан келген қаншама жыраулар ауыздары ашылып, таң қалысты. Ол ол ма, оның сыртында Алекең 40, 50 мың жолдан тұратын атақты ШЫҢҒЫСНАМАның кітәбі мен жырлап жазып тастаған күйтабағын (диск) сыйға тартып, таныстырып өтті. Мен монғол тіліне аударып жеткіздім. Нағыз таңқалыс сонда басталды. Сол жерде отырған жыраулар таңдай қағысты, оның сыртында Монғолия елінің бүгінгі заманында өмір сүріп жатқан азғана абыз ақсақал ақындары бар. Солардың Тагадын Галсан деген халық ақыны, Еңбек Ері қария мен Чойсүрэнгийн Давагдорж деген Еңбек Ері абыз ақсақалдар сол көпшіліктің алдына шығып:
— Біз бүкіл бүтін бір ел болып, қаншама білім академиялары, зерттеуші, ақын-жазушылар... бәріміз бірігіп жасай алмаған ісімізді мына Алмас деген қазақтың бір-ақ азаматы жасап тастапты ғой. Бұған Монғол елінің Еңбек Ері атағын беру керек... — деп жар салып, қайта-қайта қошемет-құрмет көрсеткені бар.
Тіпті ол жиын біткеннен кейін де бірнеше үлкен жиындарда және теледидар, радиолардан сол ақын, ғалымдар сол пікірлерін қайталап айтып жатқанын мен талай естідім.
Монғол деген халық неше мың жылдыққа кететін тарих-тағылымы бар, көргені көп көне халық. Енді сол ортадан өсіп-өнген жаңағы мен атағандай атақты дарынды ұлдары кішігірім ана-мынаған албаты таң қалып, сөз шығындай бермейді. Күнді күнге жалғап, түнді түнге жалғап жыр соғатын жыраулар бұларда да жетіп артылады. Ал Шыңғыс туралы әңгіме, жыр-дастанды бұлардың жырауы емес, кез келген малшысы жетер жеріне жеткізіп айтады. Сондай елдің бетке ұстар ғұлама абыздарын соншалықты таң қалдырған Алмас жыраудың қандай дәрежедегі абыз екенін өздеріңіз ойлай беріңіздер. Міне, сол жиында қаншама елден келген, өз-өз елдерінде «МЕНМІН» деген қаншама атақты жыраулар Алекеңмен бірге болуға, сурет алдыруға, әңгіме-жырын тыңдауға талпынып, айналасынан шықпай, айналсоқтай бергенінің өзі бірдеме түсінетін адамға біраз сыр шерткендей еді...
Барыс бауырыма машина ұстатып, біз екеуміз оншақты күн күн-түн демей Орхонның даласын аралап, әңгіме-дүкен құрдық. Не айтылмады. Бұрынғы анау арманымды орындап, мен де Алекеңді тыныш отырғызбай, домбырасын қолына беріп, ертелі-кеш аямай жырлатып, құлағымның құрышын бір қандырдым. Біздің үйге келіп, бір еркек қойдың басына бата істеген жырау майы аққан семіз жамбасты қиғаштап, бесті қымызды сіміріп отырып жырлағанда, менің жарымның мәпелеп-баптап салған төсегіне де ұмытып, таң атқанша жырлағаны әлі есімде.
Иен далада сап-сары күздің кигіз сарысына малдас құрып отырып, мен өлең оқып, Алекең бебеулетіп домбыра тартып, аңыратып жыр жырлағанда, қарт Орхонның тасқын ағысы жайлатып, сарқыл-күркірі ішіне тартып, үнсіз сырғып жатқандай еді. Атақты Білге қаған, Күлтегін батырдың алтын мүрдесі мың жылдардың ар жағынан жыраудың күрілдеген көмейінің зарын тыңдап, ескі жарасын қайтадан бір сипап өтті ме екен деймін.
Шынында да, Алмас жыраудың кеудесінен бері көтеріліп келіп, көмейінен сыздықтап, сызылып, бүлкілдеп төгілетін тым-тым көне үн көк көңнің үстінен көтерілген ежелгі тағдыр тамырымның үлпілін еріксіз аялап әлдилей бастайтынын мен анық сезген едім сол жолы. Бұл сезімді иә сол көк көңнің үстіне түскен көмескі тағдырдың иелері ғана сезеді. Ал көң қадірін білмейтіндер көшпенді көңілдің көні мен көбігін қайдан білсін...
Алмас ағаны жырлатпай-ақ, жай әңгіме айтқызып қойсаң да, құлағыңа жыр естіледі.
Бұрын мен сонау «Бес ғасыр жырлайдыны» оқып отырып: «Осылар дәл қандай адамдар екен?» — деген сықылды бір орынсыз ойда болатын едім. Өйткені оларды жай өзіміз сықылды адам деуге сәл келіңкіремейтін сықылды бола беретін. Сол жолы Алекеңді көріп: «Осы», — дедім. Жүрген-тұрғаны, сөйлегені, жырлағаны, отырғаны, күлгені, әр нәрсені көріп ойлау мәнері... дегендей, қай жағынан қарасаң да, «Жырау деген осы екен ғой» дейсің.
Жалпы, ол жеке бір адам емес, сонау неше ғасырдан бүгінге дейінгі қазақтың күрсініс-шаттығын сол қалпымен бойына сіңіріп тұрған ерекше бір әлем. Бүкіл бүтін көшпенді дүниенің толық бітімі. Бағзыдан бергі қан мен тері қатар төгілген дана да дархан бабалардың соңғы сарқыны сықылды.
Орхон бойын аралап жүргенде ежелгі елден қалған ескіден ескі есткерткіш балбал тастардан да Алмас жыраудың көмейінен шығатын көне де қоңыр үн естілгендей болады маған. Сол мұңлы да мұнарлы қоңыр үн балбал тастардан Алмастың кеудесіне көшті ме, жоқ, Алмас сықылды ежелгі жыраулардың кеудесінен балбал тастарға ауысты ма — оны мен айта алмаймын. Бірақ сондай бір ауыс-қуыс бар екені анық енді.
Оның не туралы айтып отырғанына мән бермегеннің өзінде, әңгіме айту мәнері, сөйлеу түрі, сөзден сөз туғызу қасиеті бұрынғы менің бала күнімдегі Алтай тауларының арасында қара қоста отырып әңгіме айтатын ежелгі шалдардан аумайды. Сол қалыпты көресің де:
«Япыр-ау, неше ғасыр бұрынғы көненің көзі бүгінгі мына біреуді біреу білмейтін алыпқашпа, аласапыран, алауыз заманда не ғып жүр? Қайтып, қалай сыйып жүр екен?» — деп таң қаласың.
Осы жасымызға дейін қазақтың талай ақын-жазушы, ғылымгер, білімгерлеріне кездесіп, сырласып жүрміз ғой. Солардың көбінің бір мінезі — басқаларды жамандап, өзін мақтай беретіні. Ал Алмас жыраудан бір байқағаным: ешқашан, еш жерде басқалардың жаманын, өзінің мықтылығын айтып мақтанбайтыны. Монғолдың атақты ақыны Бавуугийн Лхагвасүрэн деген кісінің:
«Өзің туралы өзің әңгіме айтпа, оны сенің жасаған еңбегің айтсын», — деген сөзі бар еді.
Жаман адамның да жамандығын бетіне басып, артынан әңгіме қылмай, өзін-өзі әспеттемей... Былайша, өзгенің етегіне жармаспай, өздігінен өрге шығу... Іс етсе де, сөз сөйлесе де өзінше болу. «Сөз сөйлеу шеберлігінің өр биігі — өзгенің көңіліне тимей сөйлеу» деген мағынада өзінің бір сөзі есімде қалыпты.
Міне, бұл да ұлылықтың бір айнымас белгісі болса керек.
Бұл сөзді мен бос мақтау үшін айтып отырғам жоқ. Кеудесінде көзі бар кім болмасын нақтап тыңдап көрсең, нағыз жыраулардың көмейінен мен естіген көне дыбысты сен де естисің. Алекеңнің бойынан мен көрген бөгдеден бөлек бөлтіріктің сиқын сен де көресің. Жаралы бөрінің ұлыған озанын тауып тыңдайсың.
Мұндай түр-тұлғасы басқа болмысты тек көне жырлар ғана қалыптастыра алады.
Иә, мен нендей бір зерттеуші, танушы емеспін, сондықтан Алмас ағаның өнбойындағы бұл ерекшелік — менің тек ақындық көзбен ғана байқағаным. Ал оның ақындығына қаратып айтарым жоқ. Егер ол туралы айтсам, кішігірім бір жазылымға симайтын дүние болады. Тек маған арнап жазған бір өлең хатын ғана сіздерге оқытайын.
БАЙЫТ АҚЫНҒА ХАТ
Айдаһар жал, «Дэлүүн» таудың
Найзалы тұмсық тұсында
Ай мүйізін, ақ сәлдедей ораған,
Атар таңға құз биіктен қараған
Құлжадай бейнең мұнартып,
Жалғыздыққа мұң артып,
Арыстан жалды
Жартастай сұсты жүзіңмен
Маң далаға құмартып,
Жүрекке салмақ жүк артып,
Құлаштап жыр оқыған —
Жырдан кілем тоқыған,
«Құлагер» інім, саумысың?!
Бабадан қалған
Естеміс, Білге Қағанның
Орда жұртын жайлаған,
«Орхонның» суы — бөрі ойнақ салып,
Қара жердің күре тамырындай қайнаған,
Тау мен тасты тіліп өтіп, жол салып,
Сағасынан жаңылмай,
Арнасынан айнымай
Сар даланың төсін бұлап созылған,
Салтанатына тамсанып,
Қос уыстап
Ернеуінен су ішіп ем
«Мейірім сонша қансын!?» — деп,
«Баба рухы —
Салқын тартқан жүрегімде,
оттай лаулап жансын!?» — деп,
Сол тілектің қабыл болған белгісіндей,
Бүгін досым — өзіңе арнап хат жаздым.
Даналық пен даралықты ұлықтар
Жырларыңа қанықтым,
Ғасырлардан бізге жеткен несібе —
Шарықтағы өгіздей,
Шыр айналып, қайталап,
сөзін айтар халықтың...
Қасиетін кемел ойды сақтаған
Ақын, жырау десе егер,
Халық — шын!?
Саулықта бол
Қағанаттың қарауылы,
Ата мекен, сары даланың сардары,
Отбасыңа тілеріміз —
Бақ-береке, шұғылалы жарық күн!
Алмас Алматов.
13.01.2019.
Бұл өлеңді оқып отырып, өзін дардаймын деп жүрген талай ақынның өнбойынан табылмайтын көп дүниені табасың. Жалпы, ұлылық деген қарапайым болатынын еріксіз түсінесің. Ішінде қаншалықты қуатты тасқын арнасына симай тасып, өзегіндегі өрті өршеленіп, өрге шапшып жатса да, сыртқы сыр бермес тыныштығын бұзбай, қалпынша сақтау жөп-жөкім адамның қолынан келмейтін шеберлік қой. Бұл деген ҰЛЫ болу үшін ҰЛ болып жаралу керек екенін айқындап тұрған көрініс.
Иә, осындай өлең жетті бізге. Оқыдым, оқыдым дағы дереу жауап жазып жіберейін дедім. Басқаны шыдамасам да, өлең жазып шыдаймын ғой, әрине. Құдай маған ақындықты аямай берді, әрине. Сөйтіп бірнеше өлең жаздым, өзіме ұнамады. Сосын тастадым. Бірақ мойынымда бір жүк артулы қалды.
Содан міне, биыл Алекеңнің жетпіс жасы тойлана бастағанда бұрынғы жазған естелігімді толықтырып, қысқаша бір мақала жазуға отырып едім, төмендегідей өлең де келді. Өлең керемет төгіліп келмесе де, өріліп келді.
Бұл күнде біреуді біреу түсінетін заман ба? Ешкімге сөз айтпайтын да болдық қой. Ал енді біреуге бір сөз айтуға болатын болса, Алмасқа айтуға болар деген ой еріксіз ақтарып жіберді. Сеніміме жарай, сөз төркінін жырау түсінер, басқа да сөз сіңіретін зерде болса, әрине, мархабат.
АРМЫСЫҢ, АЛМАС АБЫЗ АРҚАДАҒЫ
Аспан көкке бой тіреген басы мұнар қарлы шың,
Жон арқасын тең қажаған жотасы асқақ нар мүсін.
Күңірентіп қазағымның домбырасын, қобызын,
Бес ғасырдың бізге жалғап ақиқатын, аңызын,
Көмейінен өлең емес, өрт төгілген абызым,
Көрмегелі көп болды ғой, халің қалай, армысың!!!
Білесің ғой, мен бір ақын, өзіне-өзі дей алмайтын: «Ал, тыным!»
Медеу тұтып Қарақорым тұманы мен Орхон судың сарқырын.
Сарқып ішкен бабалардың сағыныш деп аталатын сарқымын,
Күлтегіннің жұртындағы кеудесінде жарасы бар жалқымын...
Елдің, жердің, ертеңгінің жамаймын деп жыртығын,
Мен де жаздым тұщы сөздің түр-түрін.
Енді бүгін адамы да, заманы да өлең сөздің көрін қазып жатқанда,
Тым алыстан елеңдетіп естіледі сенің кеуде күркірің.
Сөйтіп желге қақтырып сол тымағымның сеңсеңін,
Емін іздеп отырғанда көтерілмей қойған мына еңсенің,
Бабалардың жоғалтып ап, таба алмаған баға жетпес асылының бөлшегін
Сенің дауыс ырғағыңнан тауып алып, бақ пен сорды өлшедім.
Сонан кейін сейілмейтін ақ тұмандай мұң бақтым,
Бурхан-Халдун тауына кеп Шыңғыснама дастаныңды жырлаттым,
Ұлы рухқа басымды иіп, Шыңғысханға үш күн бойы тыңдаттым.
Сенің көрік көмекейіңнен шыққан үнмен
Сегіз ғасыр алдындағы бабаларға үн қаттым.
Өткен күннің зіл батпандай жүгін артып жон арқаға, желкеге,
Шыңғыс хан да үндемеді, үндемеді Өлүн ана, Бөрте де.
Шыңғыснама шырқырады. Тыныш жатты Хэнтэй, Хаңғай даласы,
Мен де үнсіз қарап тұрдым қан да сіңген, жан да сіңген өлкеге.
Сонан кейін құлақ салдым ары жағыма, бері жағыма, тың-тыңдап,
Кең пішілген жарғағымның жаға-жеңі кімнен, неден жыртылмақ.
Байқасаңыз, барша қазақ жатыр бүгін мұң ақтарып тұр-тұрлап,
Әлем күнде бара жатыр көбік шашқан бура сынды бұрқылдап.
Алмас, Алмас, ұғасың ба, оңай емес ғасырлардың ылайының тұнуы,
Аңсағаным — бауырластың жүрегінен бір-біріне шашатұғын жылуы.
Сондықтан да Алтай таудың ар жағынан ертелі-кеш құлағыма естіледі шуылдап,
Аяғында қақпаны бар анамыз бір ұялас көк бөрілердің ұлуы.
Мен нетейін, зарланғанда көкейімде көкөрім жыр көктейді,
Айтқандарым адамы жоқ көлбеңдеген көлеңкеге өтпейді.
Әлсіздігім қылышыма қол салғызбай, ерлігімді шектейді,
Азан-қазан ұлысам да, қақпандағы ұяласқа менің даусым жетпейді.
Ағаларым ішіп-жеуден шаршаса да, арам асқа ашкөздері тоя алмай,
Шашы ағарған «қарындастар» шайтани сол қылықтарын қоя алмай,
Мен басымды иетұғын махаббат та малға айланып кеткен соң,
Бұл жалғанның күндері де өтер сөйтіп, бет-бейнесі оңалмай.
Арғы Алтайда қақпандағы көк бөрі,
Бергі Алтайда қонарға тау тарлық еткен жалқы қыран шеттегі,
Ал Арқада ботасы жоқ боз інгеннің боздауындай мұңлы жыр —
Кім біледі, тағдыр кімді ертең қалай етпегі...
Бәрін айтып не қылайын, өзегімді өртеп жүрген арманым мен мұңымды,
Басқа амал жоқ, арғымақ қып баптап жүрмін бүгін туған құлынды.
Сенің дағы ұлағатың ұл мен қызға дарысын,
Жылқы аунаса түк қалады, алғыр жырдан қыран қалсын тұғырлы.
Солай, Алмас, бізден дағы сізге арнаған осындай бір сөз болсын,
Өнер тек бір қисықтарды түзететін тез болсын.
Жанарсызға қажеті жоқ жарықтың,
Керуен сөздер кеудесінде көзі барға кез болсын.
2026.03.30
Монғолия