Бекжан Әшірбаев. Жылжиды жылдар оранып айды, қоштастық сөніп от бірде...

Фото: anatili.kazgazeta.kz

ӘДЕБИЕТ
169

Рәміздер аясындағы тебіреніс

Қайғысыз ішілген айналдым шай-судан,
Отанын сүйеді болса да қай туған.
Балаңды бақшаға таңертең тез апар,
Кешігіп қалмасын Әнұран айтудан.

Рухты әуен бойдағы жазар бар сырқатты,
Туған жер жұпары – аймалар жыр тәтті.
Айдаушым, жол берші кептеліс жасамай,
Жүрекпен сезінсін бүлдіршін бұл сәтті.

Білімге ынтызар шарласын көкті арман,
Сыныпта отырсын жанарлар шоқтанған.
Торғайкөз сауыттар мұраң боп қалсын тек,
Күн түскен терезе сынбасын оқтардан.

Айтылып әңгіме алдағы той жайлы,
Бүгінім қуантсын, ұмыт боп мол қайғы.
Жағасын кірлетпей жүретін оқушы,
Ауласын таза ұстау керегін ойлайды.

Мейірім танытып баланың тый жасын,
Шынығу жасайды ойын да миға шын.
Армансыз әткеншек тепкізіп әкелер,
Аспанға ұшудың ләззатын сыйласын.

Көктемде бүр жарып қайтадан алшын маң,
Тап-таза кеудеңмен дем алшы ар тұнған.
Суретке түскенде самайын ақ шалған,
Анаңды көрейін әрдайым қасыңнан.

Алдымнан ашылар қаншама тұр есік.
Жеңіске ұмтылу жіберер тың етіп.
Туымды жоғары көтерген ұл-қызым,
Биіктеп кетесің өзің де ілесіп.

Бақ сынар сәттерде сөйлемес тілім кем,
Көңілі нұрпейіс достармен бір іргем.
Елтаңба ілінген қабырғам құламас,
Шегемді мықтауға асығам бүгіннен.

Арзанға алданбас жандарды сағи де,
Гүлім бар сыйлайтын көңілі нәбиге.
«Рәміздер күнімен құттықтап келер»,
– деп,
Дастарқан жаюлы тұрсыншы әр үйде!

 

Жарты ғасыр

Жасаймын аспандағы құсқа құрмет,
Сүйемін еркіндікті күшті, әділ деп.
Адамды анығырақ тану үшін,
Алдымен ойша аламын сканерлеп.

Қу тірлік тапқызбайды тыным қазір,
Айтады ажал сәті түбінде әмір.
Жадымда жаңғырады кейбір сәттер,
Болғандай бұл өмірде бұрын да бір.

Ақырын өтті жылдар, алыстады,
Бүгінім кешегіден қалыспады.
Ұнатам бұрыштағы асхананы,
Татқызған бала күннен таныс дәмді.

Үмітім қайта қаулап алшын шөптей.
Ататын балғын шақта таң суреттей.
«16 +» деген киноларға,
Кіруге тұрушы еді жасым жетпей.

Сәл ғана бұрынғыдан артып ақыл.
Түс ауып, сағат тілі алтыда тұр.
Армысың, менің екі жиырма бесім,
Атасам шын атыңды – жарты ғасыр!

 

Жаһандану жеңісі 

немесе «Z ұрпақтың» зердесі

Әлем тұрар қозғалыс пен қимылдан,
Адамдарда істеп кетті ми жылдам.
Қыздың жиған жүгінде еді әсемдік,
Заман келді енді бәрін ЖИ қылған.

Атып-ақ тұр жасандының ақ таңы,
Енді оларға табиғидың жат бәрі.
Үйірімен сыйып кетті қорапқа,
Шыңғыс ханның хат тасыған аттары.

Нейрожелі, тіл бітірдің мұз-отқа,
Маған құсап ойланасың күн-апта.
Сен мен үшін өмір сүріп кеткенмен,
Қабірімде жатпайсың ғой бірақ та.

Құлға айналдым құлап бастан тәж бірде,
Дайын мәтін – өз жаныңнан жаздың не?
Сыйқыршыдай көріп алды жұрт сені,
Дағдымыздан жаңылдырдың аз күнде.

Жаһандық күш келтіргенмен ыңғайға,
Жалын ертең қалдыратын күлді ойла.
Бағдаршамның түсі қате жанды да,
Бұрыларын білмей қалды кім қайда.

Тәуекелге алғанымен бекіп іш,
Ертең өмір сүре ала ма ел тыныш?
Бойға кірген жынның барын, о, тоба,
Шыққанында ғана білген өкініш…

 

Тоқсаныншы жылдар жайлы элегия

Шығандадым ойнап бойда ерке қан,
Тосты аузыма сұрасам да не тағам.
Мені «Алатау» пойызымен ап келіп,
Алматыға ғашық қылған екі ағам.

Сұлулықтың атын қойып жаңадан,
Субұрқағы жердің төсін сабаған.
Жұмақ жайлы айғақ таптым бұлтартпас,
Алма бақтың ішіндегі қаладан.

Боз даланың бетін жуып шық күміс,
Бізді алға сүйреуші еді мықты күш.
Қазіргілер айтып жүрген аңыз қып,
Тоқсаныншы жылдар еді тып-тыныш.

Адамдары айыратын зат парқын,
Сағынамын сол кездегі сәтті алтын.
Бір жылылық сезілетін шәріден,
Көпіршіген тек квасы сап-салқын.

Ақын жанға әкелсін бе түн үрей?!
Жыр туатын сарай жақтан сыр үдей.
Кейін білдім ескерткіші екенін,
Мен Абайды көрген едім тірідей.

Басталғандай ағайынды айттар күн,
Өзін қонақ сезінеді сәт балғын.
Сенген бәрі сәл өтірік қоссам да,
Ауылыма зор әсермен қайтқанмын.

Тамаша сол өткен күндер тұр жадта,
Естеліктер сыймайды екен бір хатқа.
Төбелерін ай күзетіп қалақтай,
Екі ағам да көшіп кетті қыр жаққа.

Барлығына тамсанады жүйрік көз,
Сүйе білсең, алдан шығар сый бітпес.
Қай перронда қалып қойдың қоштасып,
Тұрғындары құстарындай бейбіт кез?!.

 

Өмір өлшемі

Мәңгі тұрмас үстем күйің,
Айтуға оңай – істеу қиын.
Кемеңгер қып жібереді
Келген ақыл түстен кейін.

Түседі ойым жиі торға,
Көңіл берген үйі тарға.
Алма басқа құлағанмен,
Айналмадым Ньютонға.

Сыйлассам да алыс тұрып,
Тобыр шулар тағы ысқырып.
Тағдыр деген гид ағайым,
Жүр өмірді таныстырып.

Аспан бәрін тұр бақылап,
Ақыныңды тыңда, құлақ!
Сен жалықсаң күнде көріп,
Жарықты аңсар зынданы зәк.

Әлем басқа тапты ереже,
Оқ атылды ақ кемеге…
Бір күн мен боп жасап көрші,
Терім саған шақ келе ме?!..

 

Жан үлгісі бар адамдар


Айналып қалпы аңызға,
Ашылар төрде гүлдей.
Ұлылар ортамызда,
Жүреді өлмегендей.

Жандар бар жалмаңдар тым,
Мазмұн жоқ, түрі көркем.
Қозғала алғандардың,
Бәрі де тірі ме екен?!

Атанып құрметті адам,
Болмасаң гүлсіз көктем.
Еске алар жүрдек қоғам,
Бір минут үнсіздікпен.

Жүреміз наразы боп,
Налытса нарық қоғам.
Өлшейтін таразы жоқ,
Көңілді арықтаған.

Тірлікте шақ таяр сан
Азаяр ар өлшемі.
Диқандай баптай алсаң,
Бақшаңда бәрі өседі.

Уақыттың сырын ұғын,
Тоқтамас су ағатын.
Жырланар жұдырығың,
Бар кезде жуан атың.

Сөз көпте сыр арзандар,
Аз білдік маңызды біз.
Заманы бір адамдар,
Бір шығар жан үлгіміз?

Берген көп сыйы бізге,
Төбеге айт тобаны жүз.
Қайтатын үйімізге,
Өмірдің қонағымыз!..

 

Құрақ көрпе

(Жайсан әжемнің рухына)

Бала көңіл жүгірер құшақ көрсе,
Кітаптардан іздедім мұратты ерте.
Ұсақ мата ысырап болмасын деп,
Менің әжем тігетін құрақ көрпе.

Ойын қуып кетеміз кейде түз деп,
Бізге үйретті жасауды үйге қызмет.
Орамалға қыстырған басындағы
Сақтандырып жүретін инені іздеп.

Көрген жоқпын таққанын балаға айып,
Тиын берсе, мәз болдық шала байып.
Жыртық шұлық кигенді жаратпайтын,
Қайта жамап қоятын жаңадай қып.

Шаттық әні жүректе шырпы жағып,
Қалаушы еді шыққанын күлкің анық.
Үлестіріп беретін бәрімізге,
Тығып қойған қалтаға құртын алып.

Балғын сәттің жылынам көрпесіне,
Сағыныштың гүл егем өлкесіне.
Киімімді шаңынан сілкісе де,
Қол тигізіп көрмепті еркесіне.

Сүйемін де суретін құшырлана,
Сезінемін беретін күшін жаңа.
Адамдарды жұмақтық қылар едім,
Мейірімді болғаны үшін ғана.

Дос сиреді ерген көп көшке бірге,
Ада қылған айтамын өкпе кімге?
Күні кеше күшік боп шәуілдеген,
Алабайдың білмеппін өскенін де.

Қамшы тимесе қалады тыншып ат та,
Көкейдегі жауап жоқ мың сұраққа.
Жылдам өтіп кетеді өмір деген,
Отырғандай азғана күншуақта.

 

Қатыра күні туған ой

Жататын көк майсасын төсеніш қып,
Туған жер – маған қымбат ол кеңістік.
Мемлекет ауыстыру былай тұрсын,
Көрінер өзің тұрған көшең ыстық.

Баруға қорықсаң да түн жарымда,
Жатыр көп жергілікті тұлға мұнда.
Тазалап қабыр басын ағайын-жұрт,
Қатыра күні өтеді жылда ауылда.

Алдыға айларыңды апта сүйреп,
Қалады раңдап тұрған ат та әлсіреп.
Ескерткіш қоям тырма, сыпырғышқа,
Жер бетін әдемілеу патшасы деп.

Айтшы, дос, тәуекелге бардың қанша?
Киерсің күз киімін жаз ұрланса.
Жүресің есіктерге кіріп-шығып,
Есімің жақша ішінде жазылғанша.

Адамдар қызықпай-ақ тәж, жақұтқа,
Қуанса алдындағы бар қатыққа.
Армансыз ауа жұтып, жерді басып,
Қаратпа сөз естіген аз бақыт па?!

Билейді қараңғылық шам жанғанша,
Басылған көтерілген шаңдар қанша.
Актердың ойынынан ғана көріп,
Ешкім де өлмес еді таңдау болса!..

Алмасар ақ пен қара – жалғас әлем,
Жүресің кең алаңмен, тар көшемен.
Таңырқап, тәубе айтып әр күніңе,
Бергенге не жетеді таңға сәлем?!

Жанаспай аузыңдағы күлшеңді үптер,
Жиналсын айналаңа бір сендіктер.
Ертең де есендікте жолығайық,
Уақытты шегіндірген кіші ерліктер!

 

Күнделік

Жылдар-ай бағасы ұлы,
Сағынтар әр сәт дара.
Казгудың қалашығы,
Бесінші жатақхана.

Үзер кез бақтан гүлді,
Бал көктем есік ашып.
Қағып ап батқан күнді,
Жүр ойнап екі ғашық.

Айнала шын көрікті,
Туған ай жарық берді.
Сен жазған күнделікті,
Бір досым алып келді.

Кім мұны аз мехнат дер,
Жылға-жыл жалғаныпты.
Қап-қалың екі дәптер
Тек маған арналыпты.

Әр жолың мұра бүгін,
Тастаған тастай қалап.
Жібермей бір әрібін
Оқыдым бастан-аяқ.

Төзімің темірді иіп,
Әлдилер таңғы ырғақсың.
Барлығын өзің сүйіп,
Маған түк қалдырмапсың.

Тұп-тұнық су бетіне
Тұнғандай нұрлы шырай.
Үш те төрт суретіңе
Сезімің тұрды сыймай.

Тоңдырар сындыр мұзды,
Жазбайық ерте естелік.
Көрсек те бір жұлдызды,
Жүзбе-жүз кездеспедік.

Бір жанға көңіл жібу,
Бір жанды тойтара ма?
Қиын ғой болып жүру
Бақытты ойша ғана.

Жүк болар жүз кемеге,
Қоңыр мұң тапшы әдемі.
Сен мені іздегенде,
Көңілім басқада еді.

Бұл сезім кеш гүлдеді,
Жылдар да толқи ақты.
Өмірде ешкім мені
Сүймепті сен сияқты.

Жүзіңнен күн күледі,
Мен қалай жерге түсем?!
Ей, нәзік қыз жүрегі,
Жұқара бермеші сен!

 

Бақыт жарнамасы

Атымды жазған кестелеп алғаш,
Көңілім іздеп сені алаң.
Күтуден ұзақ ештеңе болмас,
Өмірің ғана тең оған.

Жылжиды жылдар оранып айды,
Қоштастық сөніп от бірде.
Бақыттың қандай болары жайлы,
Жарнама жасап кеттің бе?!

Жылытты жанды отың тоңғанда,
Батырдың енді бал мұңға.
Кемпірқосақтан көпір салғанда,
Аспанға шығып алдың ба?!

Таңдарым қайда алтын арайлы,
Жанарда ойнар жас арман.
Тауларға таулар жақындамайды,
Тағдыры солай қашалған.

author

Бекжан Әшірбаев

АЙТЫСКЕР

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Индира Елемес Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Әнші күйеу...

PESTEL

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания ба...