(әңгіме)Батыста қай істі қалай істеу керектігін түсіндіретін нұсқау-кеңес кітаптар қап-қап болып шығ...
Бүгін – жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған күні
Фото: ашық дереккөзден
Бүгін – қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, қазақ прозасының классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 102 жыл толып отыр. Бұл мерейтой қазақ әдебиетінің тарихында ғана емес, жалпы қазақ мәдениетінде ерекше орын алады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі қазақ халқының рухани болмысын терең зерттеп, ұлт тағдыры мен адамның ішкі әлемін эпикалық деңгейде суреттеген шебер ретінде мәңгі есте қалды. Оның шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиет әлемдік кеңістікке қанат жайып, қазақтың болмысын шет елдерге танытады.
Туған жері және отбасы
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанның халық жазушысы, ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан қоғам қайраткері ретінде танымал. Оның ата-тегі Арал маңын ежелден қоныстанған Жақайым руынан басталады. Жетінші атасы Тайқожа батыр, Қалдан, Арғынбай би, одан өз заманында байлығымен танылған Сыланбай, ал Сыланбайдан Нұрпейіс болыс тарайды. Әбдіжәмілдің әкесі Кәрім, Нәжім, Қали үшеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан, бірақ соғыстан аман оралғаны тек Әбдіжәміл ғана болды.
Әкесінің өмірі де жазушы үшін ерекше мәнге ие. Кәрім ауылнай қызметін атқарған адам болған. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеп жүріп, 1944 жылдың 21 сәуірінде Тернополь түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Жазушы өзінің туған күні туралы сұрағанда, әкесі нақты күнді айтпай, «қараша болуы мүмкін» деп жауап бергені есінде қалған.
Білім жолы
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің балалық шағы қиындықтарға толы болды. Ашаршылықты көріп өскен ол алғашқы білімін ауылдағы қарапайым мектептерде алды. Жазушы мектептегі оқудан қол үзіп қалып, 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда аяқтады. 5-сыныптан бастап сабақты дұрыс оқып, 10-сыныпты оқып жүргенде әдебиетке құштарлығы оянып, повесть жазуға бел буды. Бірақ әскерге кеткеннен кейін оның жазғандары жоғалып кеткен.
Әскери қызметі
1942 жылы орта мектепті тәмамдай сала Әбдіжәміл Нұрпейісов армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Қысқа мерзімді курстарды бітірген соң ол Оңтүстік және Прибалтика майданында миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін жазушы әскери қызметін 1946 жылы желтоқсанда аяқтап, елге оралды.
Әскерден оралған соң ол өзіне соғыстан қалған естеліктерін қағаз бетіне түсіруге кірісті. Соның нәтижесінде «Курляндия» романы дүниеге келді. Бұл туындысы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты иемденді.
Әдебиеттегі алғашқы қадамы
Соғыстан кейінгі кезеңде 1946 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, бір жыл оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Әдебиет саласындағы алғашқы қадамы «Курляндия» романы болса, бұл кітап кейінірек «Қан мен тер» трилогиясына негіз болды. Жазушы ретінде оның шығармаларына соғыс пен адам тағдыры, ел мен жердің күресі секілді терең тақырыптар арқау болды.