ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Басшысы Максим Споткай Жолдауда айтылған бағыттарға тоқталып өтті,...
Қазақстан армиясы жаңаша жұмыс істейді: Президент маңызды тапсырма берді
Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында әскери реформа мәселелері қаралды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Отырыстың негізгі тақырыбы – Әскери реформа жоспарының жобасы. Президент елде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеп, Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзім ішінде заманауи, мобильді және технологиялық тұрғыдан дамыған армия құрудың маңыздылығын атап өтті.
«Қарулы Күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Бұл басқару жүйесіне, әскери қызметшілерді даярлауға, кадр саясатына, әскери білімге, қорғанысты жоспарлауға және технологиялық жарақтандыруға қатысты. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, басқару мәдениетіне, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға ерекше назар аудару қажет. Армия мен қоғам арасындағы өзара байланысты да өзгерту керек. Бұл – кешенді реформа. Мұнда жартыкеш шешімдер қажетті нәтиже бермейді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әскери реформа тек қару-жарақ пен техниканы жаңартумен шектелмеуі тиіс. Өзгерістер әскерді басқару жүйесін, әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын, командирлердің жауапкершілігін және қорғаныс саласындағы ресурстарды пайдалану тиімділігін де қамтуы қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамның армияға деген сенімін нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Осылайша, жоспарланған реформа Қазақстан Қарулы Күштерін жан-жақты жаңғыртуға және елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталмақ.