Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ...
2027 жылдан бастап Қазақстанда басқа өңірге көшкендерге ақша төленеді
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі жаңарады. Бағдарлама аясында қазақстандықтарға көшу шығындарын өтеу, баспана жалдау және тұрғын үй сатып алу үшін қаржылай көмек қарастырылған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жаңа қағидаларға сәйкес, мемлекеттік қолдау жұмыс күші артық аймақтардан маман тапшылығы байқалатын өңірлерге қоныс аударған азаматтарға бағытталады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы еңбек ресурстарын теңгерімді бөлу, жұмыссыздықты азайту және халықты тұрақты жұмыспен қамту.
Қай облыстарға көшкендер субсидия алады?
Қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Абай, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары көрсетілген.
Ал бағдарлама бойынша көшіп шығатын өңірлерге Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары жатады.
Дегенмен аталған облыстарға өз бетінше көшіп барған әрбір азамат автоматты түрде субсидия ала алмайды. Мемлекеттік қолдау алу үшін қоныс аудару бекітілген бағдарлама мен тиісті талаптар аясында жүзеге асырылуы қажет.
Кімдер мемлекеттік көмекке үміткер бола алады?
Жаңа қағидалар бойынша бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, сондай-ақ қандастар қатыса алады.
Қоныс аударушыларға жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасу және әлеуметтік бейімделу бойынша қолдау көрсету көзделген.
Қоныс аударғандарға қанша ақша төленеді?
Бағдарламаға қатысушылар үшін бірнеше қаржылай қолдау түрі қарастырылған.
Біріншіден, көшіп бару шығындарын өтеу мақсатында отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі.
Екіншіден, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын өтеу мүмкіндігі қарастырылған.
Үшіншіден, баспана сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты берілуі мүмкін. Оның ең жоғары мөлшері 1 625 АЕК деңгейінде көзделген.
Сертификатты алу үшін қоныс аударушының жаңа жұмыс орнында кемінде 12 ай еңбек етуіне қатысты талап қарастырылған.
Төлемдердің теңгемен есептелетін нақты мөлшері 2027 жылға белгіленетін АЕК көлеміне және қолданыстағы талаптарға байланысты болады.
Қоныс аударуға қалай өтініш беруге болады?
Бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтар көші-қонға арналған Enbek электрондық платформасы арқылы ақпарат алып, өтініш бере алады.
Онда қоныс аударуға болатын өңірлер, бос жұмыс орындары және мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәліметтер ұсынылады.
Азаматтар өтініш берген кезде өздерінің бағдарлама талаптарына сәйкестігін және таңдаған елді мекенінің қоныс аударушыларды қабылдау тізіміне енгізілгенін тексеруі керек.
Айта кетейік, қабылдаушы өңірлер мен елді мекендердің нақты тізімі мемлекеттік жоспарлау құжаттарына сәйкес нақтылануы мүмкін. Сондықтан субсидия алу үшін көшпес бұрын 2027 жылға бекітілген талаптармен танысқан жөн.