ӘМІРЖоғалған ғасырдың жүзінен тіріліп,Беймәлім сезімге танытып ірілік.Сіз қайда кеттіңіз?!...аяулы ж...
ДӨҢ КӨБЕСІНДЕГІ ШЫҢ (қосалқы эссе)
Фотосуреттер ашық дереккөзден
417
Жуырда ғана Ресейдің ұлы жазушысы Михаил Шолоховтың (1905-1984) төрт томға түгел жүк болған: ғаламдық санатқа енген, ғаламда теңдессіз саналған эпопеясын ақтарып, қайта қарап отырғам-ды. Моңғолдың атақты аудармашысы Дорнод аймағының Чойбалсан елді мекенінде туған малшының баласы дара талант Базаргарьдын Дашцэрэн (1921-2000) тәржімалаған еді. Аудармашының орысшасы да қытайшасы орасан күшті болған. Мәсекуде Шығыс Ленинград (Санкт-Петербург) университетінде оқыған. Борис Яковлевич Владимирцов (1884-1931) «Чингис-Хан» (1922) кітабын тәржімалаған-ды.

ХХ ғ. 1912-1922 жылдарда Дон (Дөң) көбесінде болған күрделі саяси әлеуметтік таршаң өмір, азаматтық соғыс кезеңіндегі жадау- жайдақ жайсыз тірлік, қилы дәуірдің кейіпін керемет суреттеген классикалық туынды. Шолохов әуелгі кезекте небәрі 26 жасында 1921 жылдар шамасында бастап біртіндеп жаза бастаса керек. Бұрындары жастық шабытпен шабан шалағай сын-сықақ фельетондар жариялады. Соңынан қадамы да қанаты да қабағат ашылып, баршаға кең танылды әрі өрескел жылдам өсіп, өңгеше шыңдалған. Нәсілі жағынан казак та емес өзі деревниялық бір ауқаттының баласы. Оның ғұмырнамасы да өзгеше.
Шолоховтың Бірінші және екінші бөлік ктабы 1928 жылы жазылса – үшінші кітабы 1929 жылы тәмам болған, төртінші кітабы шамамен – 1937-1940 жылдары бітіріліп, әшкере суыт және ғажайып жәуһерлеп жазылған бәдіздей. Оқшау бағаланған аса құнды дүниенің түрені де төтен. Қазақ оқырмандарына 1950 жылдан етене таныс. Замананың заңғары Сәбит Мұқановпен досжар, қазақ дастаханынан дәм татқан әулие жазарман.
Ұлы жазушы осы шығармасы үшін ешкім естімеген неше түрлі қаңқуды естіген, күмән мен жалаға толы тақсыретті де талай мәрте көрді, бөгет, бөгесіндерді басынан кешті. Дейтұрғанмен оны орыс оқырмандары төбесіне тік көтерді, қалың орман орыс халықының ақадал арашашы болуына болар: арқылы да ардақты арқалы ұлы абыз амантүгел қалды.
Өрледі, – КСРО ҒА-ның академик (1939) болды, билікте биік бағаланды, – КСРО Мемлекеттік сыйлық (1941) алды. Күн көсемнің деңгейіндегі мәртебенің мәресіне де жалғыз өзі еге ілінді – Лениндік сыйлыққа (1960) лайық саналды. Жан Поль Сартрдың алқауымен әлемдік әдебиет марапаты Нобельге (1965) де жетті. Ұлы жазушы туралы түрлі мақала, сын, монографиялардың саны осы тұстағы жылдарда бір миллион жарымнан асып саналған.
Кеше ғана іңірде құдыретше әлеуметтік желіде Моңғолия Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы аса талантты прозайк Балжирын Догмидтің жазбасы (подкаст) жарияланыпты.

Мұнда жазушы: Ұлы Михаил Шолохов туралы ойларымен қоса баяғыдағы Ресейдің әйгілі кинорежиссёрі Серегей Аполлинарович Герасимовтің үш сериялды «Тынық Дон» фильмінің кейіпкерлері Григорий Мелахов, Аксинья Астахова туралы толғаныстарымен қоса осы фильмдегі Аксиньяның рөлін сомдаған Ресейдің айтулы да дара актрисасы РСФСР-ы Халық әртісі Элина Авраамовна Быстрицкаяға (1928-2019) деген ілтифаттық сезімге толы жазбасы қолымызға келді.
Әрине жазушы Балжирын Догмид бұл инклюзивті толғауы мүмкін 2019 жылдары жазды деп топшыладық.
Біз төменде осы тамаша жазбаны тәржімелеп көп оқырманға ұсындық.

Моңғолияның Халық жазушысы Балжирын Догмид
КӨЗСІЗ СҮЮДІҢ ЛӘЗЗАТЫ
Бұдан шамамен алпыс жыл бұрын болуы керек: біздің әйгілі шебер тәржімәгер Базаргарьдын Дашцэрэн орыстың ұлы жазушысы Михаил Александрович Шолоховтың – «Тынық Дон» романын ана тілімізге аударып, оқырман қауымға тарту етті. Бүткіл әлемнің барлық дерлік тілінде сөйлетіліп, көп елдерде жарық көріп, кеңінен тараған ғаламға мәшһүр классикалық туындының моңғолша нұсқасы.
Бұл туынды даңқты жазушыны моңғол халқына таныстырып қана қоймай, қаламгерлер мен күллі өнер иелерінің көзайымы болды. Сонымен бірге, рухани әлемімізе біртұрлі төңкеріс жасалғандай таңғайып әсер қалдырды деп ойлаймын.
Осы шағын эссені жазып отырған менің өзім орта мектептің қабырғасында оқушы шәкірт кезімде-ақ «Тынық Донды» құмарта оқып едім. Мінеки сол уақыттан бері алпыс жыл бойы оны үстел кітабымдай қастерлеп келемін бүгінге шейін. Қайта-қайта тәптіштеп парақтаған сайын туындының жаңа бір қырын ашыппын. Адуын шабыттың ақ тұлпарының тізгінін тежеп ұстағандай күйге бөленіп, іштей қатты қуанып, көңіл шіркін бір серпіліп сала берер-ді. Құдыретті туындының әр бетіндегі жолдарда қанды жорықтар мен қасапты майданын көретінмін. Шайқастың шаң-тозаңына қақалып, көкірегі көмілген хас жауынгердің ащы тері, олардың шашы мен сақалына сіңген оқ-дәрінің кеңсірік жарған күлімсі иісі мүңкіп, ту даланы турап өткен тұлпардың тұяғының дүбірі құлаққа келетіндей еді...
***
Романдағы оқиғалар: Дон сағасындағы қияндағы бір қонысты елді мекен – Татарск қыстауындағы Григорий Мелеховтар әулетінің шаңырағынан басталып, империалистік соғыс майданына шейін, төңкеріс дәуіріндегі Петроград пен Мәскеуге ұласып, ақыры қайтадан айналып Дон өлкесіне оралып түйінделеді. Жазушы бұл романда шамамен алты жүзден астам кейіпкердің бейнесін сомдайды. Солардың қатарында көркем қиялдан туған образдармен бірге жанкешті төңкерісшілер басыбайлы казактар тбының өкілдері, сондай-ақ ақгвардияшылардың нақты өмірде болған тұлғалары да молынан кездеседі.
Романдағы алты жүзден аса кейіпкердің ішінде шығарманың бас кейіпкері Григорийдің сүйікті жары Аксинья Астахова. Бұл кейіпкер ұлы жазушы Шолоховтың ғажайып талантының нұрлы шуағы, жүрегінен төгілген алтын әуезі іспетті.
Өзгенің отбасын ойрандап, өз қара басының қамы үшін жанындағы серігіне опасыздық жасаған жеңілтек Аксиньяны Шолохов төрт томдық романында бірде-бір рет жек көріп жағымсыз жағынан айыптамайды да тіпті ол туралы бір ауыз жаман сөз айтпайды. Керісінше, кей тұстарда ұлы жазушының өзі де оған ес-түссіз ғашық болып қалғандай әсер қалдыратын үздіккен сөз сөйлемдері ой орамдары оасан ұшырасады. Шығармашылық иесіне тән зәуде бір ғажайып құбылыс байқалмақ әрине: өзі тәңіріндей көріп, жүрегінің төріне әбден қондырған кейбір әйел бейнелеріне бегдеп берілу, сахнадағы оның рөліне соншалықты берілген кәсіби актердей етене бауыр басып кетеді де, көшеде көптің арасыда жүріп бара жатып, сол бейнені сұлу әйелдердің арасынан көзбен іздеп сансырап кететін әдеттері де болады.
Махаббат сезіміне шексіз адал Аксиньяның әуелгі кемел жасы келісіп, әдемі тәні толысқан, уыздай жас аруға тән ақыл, қайраты, байыпты барақат ажары, балғын сұлулығы, жан тамырыңды оятар, бойдағы ыстық қаныңды қайнатар сезімге толы кербез де көркем бейнесін ұлы Шолохов әйтеуір небәрі жиырма жасында ғана тамаша сомдап үлгергендей.
Бұл жерде мен ұлы жазушының өз сөздерінен шағын үзінді келтіріп, орайы келгенде оған өз жүрегімнің де айдын айнасында көрінген, аялы сезілген ғайыпи елестерім туралы қысқаша қисынмен, тәпсірлі түсіндірме қоса кетуді ойлы оқырманға жөн көрдім.
***
Гришканың бадырайған қап-қара тұңғиық көздерімен жан төзгісіз мейіріммен, ыстық сүйіспеншілікпен қарайтыны нәзік Аксиньяға ерекше етене жақын, жанға тымжайлы сезілетін. Таң сәріде оянғанда, сиыр саууға шыққанда ол бұның не себепті екенін өзі де түсінбей әрі-сәрі күй кешіп, әредік жалғыз өзі жымиып қана қоятын.
«Бүгін бір өзгеше жайма шуақты күн сияқты өтті ғой. Иә, не болып еді өзі?! Григорий… Гриша…» - деп жиі ойлай беретін болды. Санасы мен жүрегін түгел иемденіп түгел бойын билеп алған осы ай жаңалы жамали сезімінен Аксиньяның өзі де іштей именіп, сәуірдегі жұп-жұқа қабыршық мұзы қабырай қатқан тұлай Дон өзенін жұлығымен кешіп өтердей, әр қадамын аса сақтықпен аңдып басатын күйге де түсті...
Ресейдің көне шекаралық өңіріндегі өзгеше бір қиыс қияндағы мүйіс, шалғай қыр қыстақта өсіп, маскүнем әкесінің қым-қуыт арсыз да қорлыққа толы қылығы мен тауқыметінен өлімнен қашып құтылуға асыққан жандай барынша күйгелектеніп тырысып бақты. Ойпырым-ай, қатыгез, наданның жары атанған тағдыры өз алдына бір хикаят! Аксиньяның жүрегінде енді жуырда ғана жасырын танысқан сүйікті мойыл көз қара торы жігіт – Гришкадан өзге ештеңе қалған жоқ-ты.
Аңсаумен жолығып, бір-бірінің махаббат отына жылынып, сезімге өлердей өртеніп, қатты ынтыққан ыстық жүректі әйелдің табысуларын егей еңсегенін, тіпті күннің тез батып, іңірдің қараңғылануын, ымырттың жылдам қоюлануын асыға күткен іңкәрлі сәттерін Шолохов бір екі ауыз сөзбен де тура меңзеп, тікелей ашып жазып қалдырмаған. Сөйтетұра етегі желге желбіреген әйел затының бейнесін сөзбен кестелеп, оның қимылын мінез-құлқын көз алдыңа төгілтіп әкеліп, айқын суреттеп берген. Бүгін осы Гришкамен бір рет болса да жүздессе, ертең күйеуінің қолынан қаза тапса да арманы жоқ деген бекем ойды Аксиньяның жанарында айқын жазылып тұрғанын жазады жазушы. Ол оқиғаны мүмкін оқырман да толық аңғара алмай қалуы да ықтимал. Солай...
Әйгілі режиссёр Сергей Герасимов түсірген «Тынық Дон» (1957-1958) фильмінде Аксиньяның рөлін сомдаған Ресейдің айтулы актрисасы РСФСР-ы Халық әртісі Элина Авраамовна Быстрицкаяның перизат бейнесі – Шолоховтың жүрегінде елестеген, сүйікті Аксюткасының өзі еді. Ол – бүткіл өнерпаз баршаға мәлім әйгілі сұлу Татьяна Самойловамен теңесіп түсетін хас сұлулықтың иесі, өзіне шектен тыс сенімді, теңдессіз тәкаппар да өктем көрікті әйел болатын. Тіпті «муза жұлдызының астында туған» ұлы Сергей Бондарчуктың өзі де оған ес-түссіз ғашық болып, межнүндік әбігерге түскені жайлы керемет аңыздар жетеді.
…Григорий шекпенінің өңірін айқара ашып, ыстық демінің лебі бұрқыраған Аксиньяның иілгген талшыбықтай жұмсақ денесін жүндес кеудесіне жапсыра құшақтай алды.
…Аксиньяның кеш оянған, албарынды ащы да алапат махаббаты шегіне андағайлап жеткен дер шағы. Ол, ол бұрынғыдай басын шәлі орамалмен тұмшалауды қойған-ды. Көзінің айналасы жасаурап, қас-қабағы қайғының оймақтай ғана таңбасындай сәл қарауыта кіреукеленіп, маңайы болымсыз ғана ойысылып, көлбіреп ісіңкіреп, алабұртқан құмарлыққа толы томпыш еріні тынымсыз бүлкілдеп қымс етсе жымиып жүретін күйге түсті.
Жасырын ашына ғашық болып, жолығуға жойдақсыз асығып, бір-бірінің нәр дәмін татып, әбден әлсіреп, шерменде бір дертке шалдыққандай ынтығып, есеңгіреп талай түнді ұйқысыз өткізген ер мен әйелді Шолохов күндіз-түні пошта шабарманының атындай дамылсыз шапқылап, зорығып титықтаған жануарға теңейді. Алайда ұлы жазушының өзі де көзедегі шарап пен көзі күлімдеген әйелге бірдей құмартқан сыңайлы. Әрине өзгеден асып түспесе де кем түспейтін «құдайы берген» өңгеше дарыны да бар-ды. Ол зәті әйелдің сыртқы сұлулығымен қатар ішкі жан дүниесінің кілтін де таба білген. Расында Ра тәңірінің дене мүшелерін бас бармағымен басып, сұқ саусағымен шұқып, алақанымен сипап көргендей дәл таниды. Тіптен ең нәзік тұстарын ес-түссіз мас кезінде де дөп басып, сезімін қоздырып, қозғай алатын өзгеше қабілетті, «қаны қызу» жаны ғажайып дейді....
«...Сені ұрып-соғу да аздық еткен екен. Баламның басын қатырма!» – деген Григорийдің әкесінің сөзін Аксинья көзін төмен салып сәл тыңдап тұрған да, кенет ұялу, арлану дегенді ысырып тастап, кең етегін серпе сілкіп, әйелге тән әтір иісін аңқыта оған оқты көзін қадап тұрып, көкірегіне кеудесін тірей жақындап келіп:
- Сен кімсің өзі? Әһә? Менің қайын атамсың ба?.. – деді ақырып.
- Жоғал, көзіме көрінбей-ей! Аксинья тас-талқан ашуланып қалшылдап бар дауысымен айқай салды.
- Қаласам бар ғой, Гришканы сүйегімен қоса жұтып қоямын. Сонда да сендер менен түк те дәметіп, ештеңе өндіріп ала алмайсыңдар. Мен Гришканы өлердей сүйемін!..
Қарсы алдындағы қайын атасымен осылайша хайуандыққа өрескел жақын өжеттікпен өшіге сөйлескен шалғай ауылдың шайпау әйелінің аузынан шыққан бұндай зәнталақ ащы сөздер естір құлаққа жағымды естілмесе де, еге махаббатына адал, хас райынан қайтпайтын қайсар жанның қайран да асқақ мінезі ап-айқын көрінген еді. Ұлы Шолохов осынау шытырман жолдарды жандүниесімен беріле жазып отырған сәтінде Аксиньяның көзінде ұялаған зілді ызғарды бірден аңғарып, от жағып, ошақ басында дамылсыз күйбеңдеп жүрген бекүнә шүйкебастың ғана емес, алдына алжапқыш таққан жұп-жұмыр денелі жұқана жүзді жас келіншектің бейнесін, оның бүткіл қимыл қозғалысын қоса шеберлікпен сомдағандай болады.
Аксиньяның көкайыл айбарынан көзі алайып, жүрегі шайлығып, жаны жасып қалған қарияны өр көкірегімен итеріп, оқты көзімен атып өртейтіндей қарашығын қарағаны: одан сайын өршеленіп, шектен шыққандай долырып, жарақатты тырнап өтер ұстарадай сөздермен аяусыз төпелегенде: қайтпайтын қаншырдай қатының ойық жағалы көйлегінің өңіріндегі тордағы бұлдырықтай бұлқынып, бұлтиып дірілдеп тұрған қос томпақ омырауы жайлы абыз ойлы ақылман Шолоховтың дәлме-дәл еш оғашсыз көркем суреттеуі – кино фильмдегі экранда сөзбе-сөз, тіпті әр әрпіне дейін қимыл, қиысымен айна-қатесіз көрініс тапқан.
Бұрынада бірде-бір бөтен-бастақ жас айғырдың сойқан арындап арқырағанын көрмеген, асау да еркін бітімді сойталдай, сұңғақ та сымбатты бедеу Аксинья Григориймен танысқаннан кейін әбден жетілген. Ол енді әлсіз бір жай ғана салпы етекті жуас әйел емес, күші бойына сыймайтындай торалып жұтынып, жұмырлана түскен керіскедей келіншек еді. Бұрынғыдай теке сақалды, жуан білекті дөрекі күйеуінің де ұрып соққан тепкісінен де именбейтін болған-ды. Ол кексе күйеуі бірнеше айға әскери лагерьге машыққа кетіп, қайта оралғанда сәт сайын алдынан кердеңдеп, көлденеңдеп, тұрпайлықпен әдейі шамына тиіп, сөдегей сөйлеп, басынғандай түрткі салып, бәлелі жалалы жанжалға икемдеп, жоқ жерден керек іздейтін халге шейін жетті.
Степан қария беліне байлаған қайқыбас жатаған қылышының сабынан қысып. уысынан шығармай, ауладағы шағын қақпаға қарай ақырын аңдып басып жақындап келе жатты.
Әбден қалжырап, қажып жүдеп-жадап, тіпті сақал мұрты өсіп танылмастай өзгерген Степан есікті ашып, босағада сілейіп тұра қалды. Аксинья ақшуландай созылып отырған орнынан баяу көтеріліп, буылтықтанған етжеңді ірі бөксесін теңселте алға шықты да:
- Ал, ұр! - деді әрі зілді үнімен баяу ғана.
- Күнәмді еш жасырмаймын Степан. Мені ұр,-деп қарсы алдына келіп оның көзіне тік қарап тұрып алды. Өлімнен де қорықпастай әбден батылданған оның өшпенділікке толы қос жанары Степанға қадалып тайсалмастан шақшиып қадала қалды.
…Степан да өте дөрекі қап-қарала саусақтарымен әйелдің аузын бүріп ұстап тұрып екінші жұдырығымен беталды пергілеп, жаныштап ұра бастады. Гришкамен қалай, қашан жақындасқанын айтқызу үшін ентігіп, тергеп, біржола ар мен ұялуды да білмейтін ессіз күйге түскен... Тісін қайрап тұрып, екі езуі көбіктеніп әйелінің суық тер иісі сезілген көкіргегі, опа сіңген омырауын қатты мыжып, қысып, оңды солды жұлғылап бұрай береді. Алжасқан кәрітеміс шал ашумен «ә, албасты ауырып жатыр ма!?» - деп қабағын түйіп ырсылдап жұлқылай береді.
Кексе күйеуімен баяғы өз төсектерінде итше сүйреліп, күйреп жатқаны... Осы түнек түннің өзі ол үшін түрменің тозағындай. Аксинья осындай хас надан, тасжүрек аяр адамның қолынан түні бойы соққы жеп, жан төзгісіз азап көрсе де, оған жалбарынып бір рет те «ойбайай!» деп тіс жарып, еш дыбыс шығармайтыны аянышты һәм өте-мөте бейдауа қайсарлықтың белгісі іспетті. Оның екі беті өліктей қуаң тартып, сұрланып азу тісін қышырлата бергені, түйілген қабағы мен жағының бұлшық еттері сіресіп тұрғанын хайуан Степанның алақаны анық сезді ме екен!?.
Ал ертеңіне Гришкамен жолыққанда, Аксинья еңіреп жылап тұрып:
- Шыдай алмаймын, Гриша… құрыдым, біттім мен, - деп өз көйлегінің ішкі өңірін айырып айпара тартқанда, жас әйелдің балғын да аппақ омырауының үстіндегі жыртқыштың тырнағы тілгілеген күрең-қызыл, бұдыр-бұдыр қанды жолақ іздері сайрап жатқан...
- Неге екенін білмейсің бе? Күнде тоқпақтап сабап жатыр. Қанымды ішіп, жанымды сорып, сорымды қайнатып бітті…
- Гриша, сен де уайымсыз, әлде табансыз бір бейқам жан екенсің. Итше арсылдап талап, арпалысып жатқснда ештеңе дей алмайсың!?
- Мені ойрандап, барынша ластап алып, тастап кете беретін сендер еркектердің бәрі бірдейсіңдер, - деп налиды.
Әлі де үстіңгі ерніндегі түбіт мұрты толық қырылмаған балаң жігіт Гриша өзінен жасы өте үлкен, тұрмыстағы әйелді иектеп, онымен ашына байланысып, ғазиз басын ешқашан босатпайтын алып дар ағашының салбыраған арқан ілмегіне өз еркімен кіріп кеткенін енді ғана кенет сезгендей алдында ақтарылып тұрған Аксиньядан көзін тайдырады.
…Аксинья өксіктен тамағы түйіліп, шәйі орамалының ұшын дағы қысқа шетін шайнап еңіреп келеді. Ол үйінің босағасынан енді ғана аттаған сәтте-ақ еденге құлай түсіп, ішін аяздай қарып, қалың мұң басқан жалғыздықтың қасіретінен қара жамылып, өкіріп, өксіп жылай берді...
***
Ресейдің Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік және осы тұстағы Лениндік сыйлықтарының иегері, ұлы жазушы М. Шолохов 1965 жылы әлемдік әдебиеттің ең биік марапаты – Нобель сыйлығына лайық делініп, аталмыш мұраттың иегері болған-ды. Осынау ұлы жазушы Шолоховтың ғажайып дара талантымен, есе көркем сомдалған, ерен тірі ежелгі типтен де кем түспейтін мәңгілік аңсары болушы асқан сұлу Аксиньяның жарқын бейнесін жер әлеміндегі текті оқырмандар арасына қайта тірілткен атақты актриса – Элина Быстрицкая еді.
Неліктен екенін қайдан білмейін, әйтеуір осы таңғайып музаның бейғайып кескін-келбетіне, кереметтей болмысына қай қырынан қарасам да, көз алдыма Аксинья ару елестейді әр кезде. Шынымды айтсам кейде оған хат жазғым да кететінін оқырман сіздерден жасырып қалудың да қажеті жоқ па деймін... Жуырда ғана мен кездейсоқ ресейлік телебағдарламадан Элина Быстрицкаяның Ай дидарын көрдім. Уақыттық ғұмыр мен қарттық жасқа бағынбайтын нағыз хас сұлулық деген осы екен: оның қас-қабағынан, жанарынан бір ғажайып нұр төгіліп тұрғандай. Кино фильм арқылы осыдан тура отыз жылдан астам уақыт бұрын тұңғыш рет көрген арайлы Аксинья мінеки сол перуей ханышаның төл қалпында көз алдымда тұрды.
Аңсарым ауып, қашанғы сөне бастаған санамдағы сағыныштарым қайта тірілгендей болды.
Күзгі күннің көзінде әбден қызыл жемістей балғын, қып-қызыл шиедей еріні, меруерт ақық тістерін көрсетіп әлсін-әлсін жып-жылы жымиюы, көзі күлімдеп ойнап, сәл дірілдеген өңірінен бір жарық шуақ, тәңіри сәуле тарап жандүниеңді баурағандай бір құбылысты күй кешесің. Быстрицкая ару сол бір дәуренді 1955 жылы жиырма жеті жаста болған, бүгінде жасы алпыстан асса да тал бойында бір мін жоқ, үстіне киген ақ жібектен киген неке көйлегі де оған жат көрінбей жарасымды ажарын ашып – бар болмысы мен хас сұлулығын жоғалтпай мәңгі сақтап қалғандай еді.
Тіпті оның сәл қабақ шытқанының өзі ерекше көз тартарлық көркем: оттай өткір де сұсты жанары кірпігін қаққанда қынаптан суырылған қылыштай жарқ етеді. Айдың нұрындай әппақ жүзіндегі қарлығаштың қанатындай қалам қасы нәп-нәзік. Меруерт тістерін бүркеген раушан дір етіп, қою қара бұрымына сәйкескен пері кірпігі аласы көп аялы да тас қара бота көздеріне бек жарасқан. Аяулы арудың жанары ақпанды қыстың қыраулы жәудір аязындай лағыл.
Мықынын салалы саусақтарымен тіреп, өр көкірегін болымсыз алға тосып, кеудесінде бұлтиған балғын да бұла толық анары бұлқынтып, өрнектің өті, оқтың қиюындай түп-түзу танауын кегжите көтергенде оның келбеті жаңа ғана оттыққан жас еліктің лағын елестетеді. Оның ауыр күрсінгені де тереңнен тартып тыныс алуы да жұпарғайып. Еркіңнен тыс ұмсынып бір рет қана құшақтап құмарыңды қандырып алғың келетіндей.... Тым тәкәппар, шыңырау асқақ, табиғи сұлу, әсем…
Мінеки ұлы жазушы Михайл Шолоховтың адамзат руханиятына ұсынған: Дон дариясы көбесінде мекендеген ежелгі ертектегідей шағын шәрі – қияндағы Татарск қыстағының аяулы музасы көрікті ару Аксиньяның теңдессіз сұлу сомдалған портретіне мен осылайша бірнеше ғана қарапайым сөйлеммен өз ниетімді қостым.
Махаббат тәңіріне көзсіз берілген сайын – ләззатті…
Сұраған Рахметұлы