Тоқырау кезіндегі қазына мүлкі талан-таражға түскен шақта, қолында билігі барлардың барлығы төңірегі...
Елімізде 15 наурызға өңірлерде дауылды ескерту жарияланды
Фото: Pixabay
Синоптиктер 2026 жылғы 15 наурызға арналған шұғыл мәлімдеме жасады. Еліміздің басым бөлігінде көктайғақ, боран және қою тұман болады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz «Қазгидромет» деректеріне сілтеме жасап.
Мегаполистерде ауа райы тұрғындарға біршама қолайсыздық сыйлайды: Астанада көктайғақ болып, мезгіл-мезгіл тұман түседі. Жолдарда абай болыңыздар!
Шымкент пен Түркістан облыстарында түнде және таңертең қою тұман күтіледі. Алматы облысында өңірдің солтүстігі мен оңтүстігінде тұман, шығысында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Павлодар мен Өскеменде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ пен жаяу боран болады.
Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан облыстарында қыс қайта оралғандай. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде қар жауып, жаяу боран соғады. Күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Көшеде – көктайғақ.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында өңірдің басым бөлігін қою тұман басады. Жезқазған мен Қарағанды қалаларында көріну деңгейі төмендейді. Абай облысы мен Семейде күндіз көктайғақ пен жаяу боран күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с дейін жетуі мүмкін.
Еліміздің батыс өңірлерінде ауа райы басқаша «мінез» танытады. Атырау облысында күндіз өңірдің батысында шаңды боран көтеріледі. Жел екпіні – 15-20 м/с. Маңғыстау облысында Ақтауда жел күшейеді, ал облыстың солтүстік-шығысында тұман болады. Қызылордада күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін барады.